ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КYРЕСЕ МЕ, ЖОҚ ӘЛДЕ...

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КYРЕСЕ МЕ, ЖОҚ ӘЛДЕ...

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КYРЕСЕ МЕ, ЖОҚ ӘЛДЕ...
ашық дереккөзі

— Жергiлiктi әкiмдер жемқорлыққа қарсы күресудiң орнына өздерi сыбайлас жемқорлықты ұйымдастырады, — деп салды сәрсенбi күнi Парламент мәжiлiсiнiң жалпы отырысында Мәжiлiс депутаты Сағымбек Тұрсынов мырза.

— Бюджет қаражатын ұрлау сыбайлас жемқорлықтың ең негiзгi дертi екенi белгiлi. Әсiресе, денсаулық сақтау және бiлiм беру саласындағы, жол және ауыл шаруашылығы саласындағы жемқорлық өрiс алуда. Бұлар мемлекеттiк билiк жүйесiнiң құлдырауына, оны кемiтуге ықпал етiп, шенеунiктер үшiн бiртiндеп қылмыстық өмiр қалыпқа айналып бара жатыр, қорытындысында халық мемлекеттiк билiктiң жоғарғы институтына, оның iшiнде депутаттарға да сенiмiн жоғалтуда.

Мысалы, Павлодар облысында 60 шақырым темiр жолын салуда қажеттi жабдықтар ұрланып, нәтижесiнде 1,5 миллиард теңгеден астам мемлекетке залал келгенi анықталған. Республикалық Астана — Бурабай автожолын салу кезiнде, мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген 12 миллиард теңгенiң қомақты бөлiгi талан-таражға түскендiгi туралы мәлiмет бар. Жамбыл облысындағы Амангелдi кен орнында 17 газ ұңғымасын салу кезiнде 416 387 691 теңге бюджет қаражаты ұрланған. Миллиардтаған, миллиондаған салықтық теңгелер кеден баждары мен төлемдердi төлеуден жалтарған, лауазымды адамдардың өз қызметтерiн асыра пайдаланған фактiлерi қаншама, — деп ренiшiн бiлдiрiп, республика бойынша барынша айқайлап жемқорлыққа қарсы күресiп жүргендердiң мардымсыз тiрлiктерi көңiл көншiтпейтiндiгiне мән бердi.

Соның алдында ғана "Нұр Отан" ХДП жанындағы жемқорлықпен күрес жөнiндегi республикалық қоғамдық кеңестiң екiншi отырысында атақты Нақыпбековтың iстеген тiрлiктерiн естiп суға салса батпайтын, өртке салса жанбайтынына көзiмiз жеттi. Бiр қызығы, осы қылмыстарын жалғыз өзi iстеген сияқты оның жемқор сыбайластары қайда? Сондықтан оның жазаланатынына ешкiм сене қоймады. Астана қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерi пара алып, кез-келген террористке, бандитке, жемқорға қалаған құжаттарын жасап беретiндiктерiн дәлелдедi. Бұл қылмыстық iстерге кеңестiң кейбiр мүшелерi бастарын шайқап отырса, мүмкiн бiреулерi "қуыстанып" отырған да шығар. Мәлiм болғаны, соңғы екi айдың iшiнде 218 адамға қатысты 382 қылмыстық iс қозғалған. Олардың 68-i "Нұр Отан" мүшелерi екенi анықталып, жемқорлықпен қылмыстық iске қатысты болғандықтан партия қатарынан шығарған 59 мүшесiнiң аты аталып, түрi түстелгенмен журналистердiң көңiлi толмады. Өйткенi жария болғандар жәй ұсақ түйек үшiн ұсталып қылмысты болғандардың 23-i мектеп директоры және жетеуi жергiлiктi әкiмдер мен 11 әкiмдiк қызметкерлерi, құқық қорғау, әртүрлi сала қызметкерлерi. Мемлекеттiң келешегi балаларымыздың болашағын қолдарына тапсырған мектеп директорлары жемқорлықпен елдiң алдына шығып масқара болса, сонда бiздiң балаларымызды кiмдер тәрбиелеп, оқытып отыр?

Ендi Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жанынан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес құрылатынын министр Ж.Түймебаев хабарлаған болатын. Бiрақ, бұл кеңестiң де қолынан iс келуi мүмкiн емес. Өйткенi облыс, аудан, қала оқу департаменттерi мен оқу бөлiмiнiң басшыларын, мектеп директорларын "жемқор әкiмдер" мен олардың орынбасарлары бармақ басты, көз қысты, пара алу арқылы тағайындалатындықтан бiлiм министрлiгiне бағынбайды. Сондықтан "тағайындалатын әкiмдер" бар кезде бiлiм саласындағы жемқорлықтың жойылмайтыны сөзсiз. Сонымен қатар ЖОО-ның жанынан жемқорлыққа қарсы кеңестер құрылатын болды. Одан кейiн, колледждер, мектептер жанынан құрылса, сонда жемқорлар кiмдер, күресетiндер кiмдер екенiн ажырата алмай қалатын түрiмiз бар.

Жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап кеткен "Нұр Отан" партиясының облыс, аудан, қала филиалдарының жанынан құрылған, жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестi басқарып отырғандар мен мүшелерi ешқашан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресе алмайды. "Нұр Отан" партиясының республикалық жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесiнен басқа не облыс, не аудан, қала кеңестерi құрылды деген аты болмаса заты жоқ кеңес, керiсiнше жемқорлықпен ұсталған шенеунiктердi қорғайтын органдарға айналып отыр. Өйткенi, "Нұр Отанға" мүше емес құқық қорғау орындары, салық, қаржы, кеден, iшкi iстер, әскери, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiндегiлер "өздерiнiң" жемқорларынан гөрi партия мүшелерi әкiм-қарарларды ұстағанды ұнатады. Сонда бұларға қарсы күресетiн "Нұр Отан" партиясы болып шықпай ма?

Бiр өкiнiштiсi, Қазақстандағы бүкiл жемқорлар мен парақорлардың "көкжалдарының" мекенi болып отырған Астана мен Алматы қалаларынан ешкiмнiң ұсталмауы бұл iстiң баянды болатынына күмән туғызады.

Парамен ұсталды деген Ж. Күлекеевтiң өзiн "топтар" арасында "жазықсыз құрбан болды" деп ақтап алу шаралары басталды. ҚР экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң (қаржы полициясының) төрағасы Сарыбай Қалмырзаев мырза:

— Бұған "тапсырыспен" жұмыс iстеп отырған БАҚ өкiлдерi кiнәлi, — дегендi айтады.

Иә, жемқорлыққа қарсы күрестiң айқайынан ат үркедi. Уақыт бәрiне сыншы, артын бағайық. Мүмкiн, күнiн көре алмай жүрген қарапайым халық жемқорлар шығар.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ