ҚАРЖЫЛЫҚ ШИРЫҒУ МЕН ШИЕЛЕНIС

ҚАРЖЫЛЫҚ ШИРЫҒУ МЕН ШИЕЛЕНIС

ҚАРЖЫЛЫҚ ШИРЫҒУ МЕН ШИЕЛЕНIС
ашық дереккөзі
253

"Жер шарындағы банктер мен қаржылық ұйымдардың былтырғы қаржылық дағдарыстан шеккен шығын 3 триллион доллар көлемiнде". Осылайша мәлiмет таратқан Халықаралық қаржы қорының өкiлдерi тығырықтан шығар жолды бiрлесе қарастыруға үндеуде. ХҚҚ ипотекалық несиелеуден басталған дағдарыс жекеменшiк жылжымайтын мүлiк пен тұтынушылық несиелеу мен корпоративтiк қарыздарға тарағанын тағы ескерттi.

Ал ҚР Премьерi Мәсiмов қазақстандық қаржы нарығындағы тұрақтылық сақтау үшiн банктерге қойылатын талаптың күшейтiле түсетiнiн қадап айтты.

Өткен аптада Вашингтонда бас қосқан "үлкен жетiлiктiң" қаржы министрлерi мен орталық банк басшылары былтыр қаржы нарығының астаң-кестеңiн шығарған дағдарыстың ұзаққа созылатынын мойындады. Бастапқыда "рецессия" сөзiнен қашқақтаған Федералдық қор жүйесi еуропалық шенеунiктердiң қорытындысымен келiсуге мәжбүр боп отыр. Халықаралық мамандар бұған дейiнгi "2008 жылдың соңына дейiн қаржылық нарық қалыпты жүйеге түседi" деген болжамдарын қайтып алуда. Өйткенi, Америкадан басталып, күллi әлемдi меңдеп алған "ипотекалық дағдарыс" дертi ұзаққа созылмақ. Ақ Үйдiң өкiлдерiмен кездескен батыстық қаржыгерлер несиелiк дағдарыстан шығудың ұзақмерзiмдiк жоспарын бекiттi. Осыдан екi апта бұрын дағдарыспен көптеген елдер үкiметтерiнiң бiрiгiп күресуге шақырған Халықаралық қаржы қорының жетекшiсi Доминик Стросс-Кан қаржылық қиындық тек Американың ғана басына төнген қауiп еместiгiн айтқан. Ал ағылшындардың қаржы министрi Алистер Дарлинг бүкiл әлемдi 1930-жылдардағы Ұлы Дағдарыстан кейiн қайталанған ең күштi дағдарысты ауыздықтауға қатысты шараларды тез арада қабылдауға үндедi. Қаржыгерлердiң басым бөлiгi тиiмдi шаралардың бастысы ретiнде халықаралық қаржылық құрылымдардың әрекетiн қатаң бақылауға алу керектiгiн айтты. Халықаралық қаржы қоры қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшiн өте қатаң шаралар қолдану керектiгiн ескерттi. Халықаралық сарапшылар "Global Stability Report" деп аталатын баяндамада "орталық банктердiң әрекетi әзiрге нәтижесiз болғандықтан, үкiметтер түгел бел шеше кiрiсуi қажет" дейдi. Жаңа қаржылық құрылымдардың кесiрiнен "қаржылық спираль" (бiр мәселенi шешу барысында басқа проблемалардың пайда болуы) қаупi туындаған. Басқаша айтқанда, қосымша қаржы көздерiн табу арқылы несиелеу көлемiн қысқартуға мәжбүр болатын банктердiң кесiрiнен экономикалық көрсеткiштердi төмендететiн басқа қиындықтар туындайды. "Қаржы саласын қадағалау мен бақылауға қатысты шаралар инновациялық процестер мен бизнес-модельдердегi өзгерiстерден әлдеқайда кенже қалған. Бiрақ инновациялық процестерге керi әсер ететiн қадамдардан аулақ болған жөн. Өйткенi, қаржылық дағдарысты одан сайын ушықтырып жiбередi" (ХҚҚ). Халықаралық ұйымның ескертпелерiн қаперге ала отырып, күйреулерден сақтайтын шаралар қамтылған жаңа ереженi тез арада қабылдауы керек.

Америкалықтар мен батыстықтар көтерген мәселенi апта басында ҚР Үкiметi де сөз еттi. Министрлер кабинетi, ҚР Ұлттық банкi, ҚР Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттiгi, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен отандық екiншi деңгейлi банктер өкiлдерi қатысқан үкiметтiк кеңесте банк саласының бүгiнгi ахуалы талқыға салынды. Былтыр банктердiң қайтарған сыртқы берешегi 18 млрд. 600 млн. АҚШ доллары көлемiнде болса, биыл жыл басынан берi 6 млрд. долларды өтептi. Ұлттық банктiң төрағасы Ә.Сәйденов 2009 жыл қазақстандық банктер үшiн қолайлы болады деп болжауда. Қаржы нарығын реттейтiн агенттiктiң жетекшiсi Е.Бахмутова банктердiң төлем қабiлеттерi қанағаттандыратынын мәлiмдедi. Ал "ағымдағы нормалар мен қысқамерзiмдiк төлем қабiлетiнiң талаптарына қарағанда, iс жүзiндегi көрсеткiш тиiсiнше жоғары деңгейде". Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылдың қаңтар-ақпан айларында 623 млрд. теңгеден астам көлемде несие берiлген. Отандық қаржыгерлер қауымы халықаралық қаржылық нарықтағы шетелдiк инвесторлардың қазақстандық банктерге деген сенiмдерiне селкеу түспегенiн айтады. Осының арқасында банктер акциясы халықаралық инвесторлардың қызығушылығын оятып, жаңа қаржы көздерi табылуда. Демек, қазақстандық қаржы алаңына төнген қауiп жоқ. Әрине, кейiн опық жеп қалмас үшiн қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жалғасын таба берерi сөзсiз. Тек жыл басында кейбiр банкирлердiң "бiзге мемлекет қаржылық тұрғыда көмектеспесе, күнiмiз қараң болады" деп салық төлеушiлердiң қалтасына қол салмаққа неге ұмтылғаны түсiнiксiз.

Кеңес соңында премьер Мәсiмов банкирлер мен қаржыгерлермен арадағы келiссөздерден қашпайтынын, бiрақ банктерге қойылатын талаптың күшейтiле түсетiнiн қадап айтты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары