ОТАНДЫҚ ӨНДIРIС КӨМЕККЕ ЗӘРУ

ОТАНДЫҚ ӨНДIРIС КӨМЕККЕ ЗӘРУ

ОТАНДЫҚ ӨНДIРIС КӨМЕККЕ ЗӘРУ
ашық дереккөзі

Бүгiнгi таңда елiмiздегi металлургиялық өнiмдерге деген сұраныс көлемi азайған. Сарапшылар қауымы "бәрiне кiнәлi — қаржылық дағдарыс" дейдi. Қаржы тапшылығының кесiрiнен тұралап қалған құрылыс саласы — металлургияның негiзгi тұтынушысы. Құрылыс компаниялары несие беретiн банктерге тәуелдi. Ал үздiксiз дамып келе жатқан отандық металлургия саласы қосымша қаржы көздерiн табуды талап етедi. Оның үстiне, өнiмдердi тасымалдайтын жолдардың жүйелi түрде iске қосылмауы металлургия нарығындағы кедергiлер мен қиындықтардың ушыға түсуiне әкеп соқты.

Қара металлургия саласын дамыту Қазақстанда екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн қолға алынды. Әсiресе, шойын, болат, құрыш пен өзге де металлургиялық өнiмдер көптеп өндiрiле бастады. Сондай-ақ, ферроқорытпа саласы да жүйелi түрде жолға қойылған. Үкiмет бiрнеше рет тау-кен металлургия кешенiн дамытудың тұрақты жұмыс iстеуiн және стратегиялық басымдылығын ғылыми-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бағдарламаларын қабылдады. Жүйелi түрде жұмыс жасауға тырысуда. Бiрақ нарық талаптары мен бәсекелестiкке төтеп беруде ақсап жатқан тұстар баршылық. Мысалы, Қазақстандағы металлургиялық өнiмдердi қажет ететiн негiзгi тұтынушы — құрылысшылар, яғни, құрылыс саласы. Халықаралық қаржылық құрылымдардың несиелiк түрдегi көмегiнен қағылған отандық екiншi деңгейлi банктер құрылыс саласына бөлiнетiн қарыз көлемiн едәуiр қысқартқаны белгiлi. Осының салдарынан қызмет көрсету алаңы тарылған металлургтер шет мемлекеттерден серiктестер табуға мүдделi. Әсiресе, экономикасы ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Қытай мен Ресейден. Бiрақ мұның да өз қиындықтары бар. Мысалы, темiр-терсектi сыртқа тасымалдауда қытайлар алдарына жан салмайды. Демек, аспанасты елiндегi нарық қазақтар үшiн жабық. Нарыққа қатысты бәсекелестiктен туындайтын кейбiр тартыстар да ресейлiк және украиндық нарыққа енуде кедергi жасайды. Негiзi орыстар металлургияның 96 пайызын сырттан тасиды. Бiрақ қазақтардың өнiмiн iшкi нарыққа енгiзуге аса құлшынып отырған жоқ. Үкiметтiң "құлағына алтыннан сырға таққан" отандық өндiрiсшiлер кедендiк салық көлемiн азайтуды ескертуде.

Мамандар бәсекелестiктi қамтамасыз етумен бiрге кедендiк салықтарды ретке келтiру керек дейдi. Сонымен қатар өндiру көлемi жағынан халықаралық талаптарға сай бола тұра, қазақстандық өндiрiсшiлер өнiмдi тасымалдауда қиналады.Теңiзге шығар жол жоқ, сондықтан темiр жолмен тасиды. Бұл тауар бағасының қымбаттауына ықпал ететiнi белгiлi. Табиғи ресурстарға бай Қазақстанда кен орындарын игеруде алдарына жан салмайтын компаниялар өнiм көлемiн толыру мәселесiмен бас қатырмайтын көрiнедi. Отандық ғалымдар металлургия саласында тер төгетiн кез келген кәсiпорынның жұмысына баға беретiн және ұлттық геологиялық консорциум құруға ұсыныс жасауда. Сондай-ақ, металлургиялық кәсiпорындар жанынан ғылыми зерттеулермен шұғылданатын жаңа кәсiпорындар ашу қажет. Бұл өндiрiстiк технологияны жетiлдiруге жағдай жасайды. Ғалымдар қауымы дайындалып жатқан салық кодексi мен "Ғылым туралы" заң жобасында аталған мәселелердi қамтуды ұсынады.

Қазiрге кезде бiрқатар қазақстандық кәсiпкерлер ресейлiк нарықта еңбек етуде. Жақын күндерi Қазақстаннан орыстардың да металлургиялық кәсiпорындары ашылмақ.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгiнде жыл сайын қара металлургияның 200 млн. тоннаға жуық жартылай дайын және толық дайындалған өнiмдерi экспортталады. Бұл көрсеткiш уақыт өткен сайын төмендеп келедi. Мысалы, 1994 жылдары 224 млн. тонна көлемiнде экспортталған. Сыртқа тасымалдайтын елдер iшiндегi ең iрi экспортер-мемлекеттер арасында Жапония (20-35 млн. тонна), Германия (20 млн. тоннадан астам), Бельгия, Люксембург (15 млн. тонна), Франция, Италия және тағы басқалар бар. Кейiнгi кездерi Бразилия да iрi экспортерлер қатарына қосылды. Әлемдiк нарыққа шығарылатын қара металлургияның (мысалы, құрыштың) 2/5 бөлiгiн Еуропалық Одақ құрамындағы елдер өндiредi. Өндiрiлген өнiмнiң (90 млн. тонна көлемiнде) тең жартысы Еуроодақтың өзге мемлекеттерiне жөнелтiлсе, қалған бөлiгi тұрақты тұтынушы елдерге, әсiресе, АҚШ-қа импортталады. Құрышты сырттан ең көп тасымалдайтын Құрама Штаттар болып табылады. Сондай-ақ, еуропалық елдер Таяу Шығыстағы нарықты да кеңiнен жаулап алуда. Бәсекелестiк қабiлетi күштi және өнiм өндiру тұрғысынан алғанда, қауқарлы батыстықтар қазақстандық кәсiпкерлерге ысырылып орын бермесi анық. Демек, металлургия саласында еңбек етiп жүрген отандық кәсiпкерлердiң iсi тек үкiметтiк деңгейде қабылданатын құжаттардың арқасында өркендейтiнi анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ