АСТАНА МЕН ТБИЛИСИДIҢ АРАСЫ АЛЫС ЕМЕС
АСТАНА МЕН ТБИЛИСИДIҢ АРАСЫ АЛЫС ЕМЕС
Ресей Сыртқы iстер министрлiгi наурыздың 6-сында ТМД атқару комитетiне Абхазияға қатысты шектеу ережесiнен шығатындығын мәлiмдеген ресми нота жiберген болатын. "Абхазия орталығы Сухумидiң грузин-абхаз шиеленiсiн реттеуде барлық қадамдарға барып, қолынан келгенiнiң бәрiн жасауда, ал Тбилиси оған жауап ретiнде ешқандай шара қолданып отырған жоқ.
Бұл жағдайда Абхазияға қатысты шектеулердi әрi қарай жалғастыра беру мәнiн жояды, әрi Абхазия халқының ТМД елдерiнен көмек ала алмауы дұрыс емес" делiнген аталған нотада. Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгi ТМД-дағы мемлекеттердiң алғашқысы болып, Ресейдiң бұл қадамын қолдамайтындығын бiлдiрiп, ресми мәлiмдеме жасағалы да он күн өттi.
7-сәуiрде Қазақстан Сыртқы iстер министрiнiң ресми өкiлi Ержан Ашықбаевтың бұл мәселеге орай ресми мәлiмдемесiнде "Бiз Грузияның тәуелсiздiгiн және территориялық тұтастығын құрметтеймiз. Абхазияға қатысты жағдайдың жақын арада бейбiт түрде тараптардың мүддесiн ескере отырып реттелетiндiгiне сенемiз. ТМД-ның басқа мемлекеттерiнiң бұл мәселеде қандай шешiм қабылдайтындығы өздерiнiң ұлттық мүдделерiне байланысты болмақ" делiнген.
Бұған дейiн Ресейдiң айтқанына жүрiп, айдауына көнiп келген Қазақстанның аяқасты мұндай шешiм қабылдауы, әсiресе, Ресей сарапшыларын ойландырып тастаған секiлдi. Көп басылымдар Қазақстанның ресми мәлiмдемесiнен өзге мәселенi ашық айтпаса, "Время новостей" газетiнiң 9-сәуiрдегi Аркадий Дубновтың "Абхазия расколола СНГ. Астана фрондирует Москве" атты мақаласында бұған байланысты екi түрлi болжам айтылған. Оның бiрi Қазақстанның Грузиямен арадағы байланысына сызат түсiргiсi келмегендiгi жайында болса, екiншiсi Ресей саясаткерi, Ресей Думасының Халықаралық iстер жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Константин Косачевтiң "Мәскеу Сухумидiң тәуелсiздiгiн мойындамайды. Мәселеге терең үңiлетiн болсақ, оның жолын қууға кiмдер талаптанбайды дейсiз" деген пiкiрi Астананың Ресейге қарсы бағыт ұстануына түрткi болды дейдi автор. Әрине, Дума депутаты Ресейдiң өзге елдердегi шиеленiстiң ошағындағы қоламтаны үрлеп, аумақтық тұтастығына қол сұғуының соңы, Ресейдiң өзiндегi Чешенстан, Татарстан, Дағыстан секiлдi республикалардың бас көтеруiне әкелiп соғатындығын меңзеп отырса керек. Ресей, бiреуге ор қазам деп, сол орға өзi жығылып қалатындығын сезбейдi дейсiз бе?
Автордың Қазақстан Грузиямен арадағы қарым-қатынасты үзгiсi келмейдi деуiнде үлкен мән бар. Кавказ елдерiнiң iшiнде Қазақстан Грузиямен аса тығыз қарым-қатынаста. 2006 жылдың өзiнде Қазақстан инвесторлары Грузияға 150 миллиондай инвестиция құйды. Сонымен қатар, Қазақстанның Грузиядағы басты инвесторлары "ҚазМұнайГаз" бен "ТұранӘлемБанкi". Демек, Қазақстан Абхазия үшiн Грузиямен арадағы байланысты үзсе, бұл экономикалық климатқа жақсы әсер етпес едi.
Екiншiден, автордың Ресей Думасы депутатының пiкiрiне бола Қазақстан Ресейге қарсы бағыт ұстанды деуi қисынға келмейдi. Өйткенi, Константин Косачевтiң пiкiрi белгiлi бiр ресми жиындарда айтылмағандықтан, оны субьект пiкiр деп қабылдаған абзал. Ал, 17 жылдық даму тарихы бар Қазақстанның сыртқы саясатта өзiнiң жеке даму үрдiсi бар мемлекет екендiгiн көрсетiп, ұлттық мүддесiне сай әрекеттерге баруына Ресейдiң жекелеген саясаткерлерiнiң субьект пiкiрi әсер етедi деу асылық болар деп ойлаймын.
Қалай дегенмен де, Қазақстан ТМД мемлекеттерi арасынан алғашқы болып Грузияның тәуелсiздiгiне нұқсан келтiрмейтiндiгiн батыл айта алды. Астананың соңынан мұндай мәлiмдемелердi Украина мен Әзiрбайжан жасады. Әзiрге ТМД-ның басқа мемлекеттерi үнсiз.
Аталған келiсiм 1996 жылдың қаңтар айында ТМД мемлекеттерi басшылары кеңесiнiң шешiмiмен "Грузия мен Абхазия шиеленiсiн реттеу жөнiндегi шаралар туралы" деген атпен қабылданған болатын. Бұл келiсiм бойынша ТМД мемлекеттерi Абхазиямен мемлекеттiк деңгейде көлiк, қаржылық, сауда-экономикалық қатынас жасауға тыйым салынған едi.
Грузияның Сыртқы iстер министрi Давид Бакрадзе Қазақстан, Әзiрбайжан, Украина мемлекеттерiне Абхазияға қарсы бағытталған экономикалық санкциядан бас тартпағандығы үшiн алғыс бiлдiрiп, ризашылық танытты. "Ресейдiң Абхазияға қатысты келiсiмiнен шығу туралы шешiмiмен кейiн Грузия да ТМД мемлекеттерiне өтiнiш жасап, аталған келiсiммен шықпауын сұраған едi. Соның нәтижесiнде бiрнеше мемлекеттiң Ресейдiң соңынан ерiп кетпейтiнi жайлы ресми көзқарасы айқындалды. Олар Қазақстан, Украина, Әзiрбайжан. ТМД-ның тағы бiр топ мемлекетi осы мемлекеттердiң жолын таңдайтыны жайында мәлiметтер де бар" дедi ол ресми мәлiмдемесiнде.
Грузин ақпарат құралдарының жазғанына қарағанда, Ресейдiң Әдiлет министрлiгi мойындалмаған Абхазия Республикасына танылмаған республика мен Ресей заңдық ведомстволары арасында қарым-қатынас орнату туралы ресми хат жiберген. Онда Абхазия территориясында ұсталған 35 Ресей азаматын Ресейге қайтару туралы ұсыныс та бар. Осыған орай Грузия әдiлет министрi Ника Гварамия 8-сәуiрде Ресей iс-шараларына қарсылық бiлдiрсе, Сыртқы iстер министрi Давид Бакрадзе Грузиядағы Ресей Федерациясының елшiсi Вячеслав Коваленконы шақырып, аталған хатқа орай қарсылық нотасын тапсырды.
Ресейдiң шовинистiк пиғылын оның ең жақын одақтасы Қазақстан да қаламайтындығын Абхазияға байланысты саясаты арқылы танытты. Қазақстан қандай жағдайда да, қай мәселеде де сепаратизмнiң кез-келгенiн қолдамайтындығын бiлдiрдi. Өйткенi, кеше ғана тәуелсiздiгiн жариялаған Қазақстан үшiн, сепаратизмнiң кез-келген көрiнiсi жат. Қазақстан қай мемлекеттiң де аумақтық тұтастығына қол сұқпауды мақсат етедi. Мемлекеттердiң тәуелсiздiгiн саяси ойынға айналдыру iсiне қарсы.
Есенгүл Кәпқызы