ДYНИЕНI ДYБIРЛЕТКЕН ТYРКIЛЕРДIҢ ДЕНЕ ТӘРБИЕСI
ДYНИЕНI ДYБIРЛЕТКЕН ТYРКIЛЕРДIҢ ДЕНЕ ТӘРБИЕСI
"Қолына олимпиялық алауды ұстаған халық оның жалынын әрi қарай шалқыта түсуге тиiс"
Бiздер қазiргi кезде мекендеп, ғұмыр кешiп отырған Қазақстан Республикасының аумағы бұрынғы көне дәуiрде Скифия (Сақстан), Тұран, Дештi-Қыпшақ даласы, Қазақ даласы (яғни Қазақстан) аталған. Бұл жерлердi байырғы ата-бабаларымыз сақтар мен ғұндар мекендеген.
Ерте күнде, отты күннен Ғұн туған,
Отты Ғұннан, от боп ойнап мен туғам.
Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi.
Туа сала жалынменен мен жуғам.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзiмде күн нұры бар.
Мен келемiн, мен келемiн, мен келем –
Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар,
– деп шабыттана жазады, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев. Мiне, ежелгi Тұранды мекендеген, суыққа да шыдамды, ыстыққа да төзiмдi Алтай таулары мен Атырау теңiзiнiң арасында ұшқан құстың қанаты талар ұлан байтақ кең жердi мекен еткен ата-бабаларымыз мықтылығын, жауынгерлiгiн дәлелдейтiн құжаттар туралы әңгiмелейiк.
Қазақ халқының бойындағы өзiнiң кең даласындай шексiз дархандық, сауықшылдық, шаршы топты көрсе делебесi қозып, бәсекеге түскiсi келiп елеңдеп тұратын қызуқандылық сияқты бағзы заманалардан берi ата-бабаларымыздан қанымызға сiңiп, басқалармен салыстырғанда бадырайып көзге ұрып тұратын қасиетiмiз бар. Бала кезiмiзде "бiздер жетi жұрттың жұрағатымыз" деген сөздердi талай рет көнекөз қариялардың ауыздарынан естiгенбiз. Осы сөзге мән берiп, кейiн зерделеп қарасақ, ата-тарихтың бастауында тұрған Сақ, Ғұн тайпалары жылқыны қолға үйретiп жолға шықса көлiгi, жауға шапса көлiгi, той жасап, ас берсе бәйгеге шабар сәйгүлiгi еткен екен. Ер-тұман, ат әбзелдерiн де ойлап тапқап көшпелiлер, жаратып қазанат мiнiп, шарболаттан құйған қайқы қылыштарын үзеңгiге тiреп ер үстiнде шiренiп тұрып сiлтегенде, кiрiстен шыға ысқырған сұр жебелер көздеген жерге қадалып жатқанда құйындай ұйытқыған әлгi сақтар мен ғұндардың мұрагерлерi түркiлерге ешбiр дұшпан төтеп бере алмаған.
Қара теңiздiң солтүстiгiндегi далаларға алғаш келген, байырғы эллиндер көшпендiлердi Кентаврлар деп атап, көргенде үрейлерi ұшты. Олардың "киiз үйде тұрып, жылқы асырап, қымыз iшетiнiн" тарихтың атасы – Геродот жазды. Төрткiл дүниенiң тең жартысын жаулап алған ұлы жиһангер Ескендiр Зұлхарнайынның (Александр Македонский) елшiлерi сақтарға келiп: "Бiздер жеңiлу дегендi бiлмейтiн ұлы патша Александр Македонскийдiң елшiлерiмiз" – деп өздерiн таныстырғада, сақ елшiлерiнiң басшысы: "Сендерде жеңiлмейтiн тек патшаларың ғана, ал бiздерде әрбiр сақ жеңiлмейдi" деп қасқайып тұрып жауап бередi. Бұл сөздiң бекер айтылмағанын Ботақан балуан да, Сейхун дариядан өтiп қасиеттi жерлерiне табандарын тигiзген грек әскерилерiн тас-талқан еткен сақ сарбаздары да дәлелдедi.
Тәртiп пен дәстүрге, қалыптасқан жаттығу тәсiлдерiне негiзделген дене тәрбиесiнiң жүйесiнсiз мықтылық өзiнен-өзi келмейдi. Көшпелiлер көлеңкеде жатып, жемiс шайнап, мамыражай тiршiлiкте өскен халық емес, "адамның жаны – мал" деп төрт түлегiнiң соңында қыста қара суыққа, жазда аптап ыстықта шынығып өскен халық. Сән салтанатында көкпар тартып, бәйге шауып, қыз қуып бiлекте күшiн бұрқыратса, бейнетiне қарай зейнетi бар, ұлан-асыр қызығы мол тұрмыс елiн, жерiн сүйгiзiп жанын жарқыратты. Кең даланың топырағына табаны тиген жатжерлiк кейуана жиһанкез әлдебiр елшi болсын оны мекендеген халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-дәстүрiн таңдай қағып, тамсанып тұрып жазған.
Көне дәуiрден "Жердi ұстап тұрған үш тiрек бар, олар – Ұрым, (Рим империясы), Тұран және Иран" – деген сөз қалған екен. Соның Тұраны мына бiздер өмiр сүрiп отырған қазiргi Қазақстан мен Орта Азия республикаларының солтүстiк аумағы.
Қазақ халқының ата-бабалары туралы 1832 жылы Бұхара қаласынан табылған, авторының аты-жөнi белгiсiз "Худад әл әлем" атты араб тiлiнде еңбекте жан-жақты жазылған. Кiтап 1930 жылы атақты ғалым Бартольдтың басшылығымен орыс тiлiне аударылып, Ташкентте басылып шыққан.
Бұл кiтапта Мауреннахрдың солтүстiгiндегi далаларды мекендеген көшпелi тайпалар туралы айтылады. Атап айтқанда: "Оларда қала жоқ, киiз үйлерiне сан жетпейдi, шеттерiнен батыр әрi батыл, қолдарындағы қаруларын ешқашан тастамайды, ұрыс десе жандарын салады, күш пен ептiлiк сыналатын бәсекелерге өте құмар. Олар көбiнесе оңтүстiктегi көршiлерi мұсылман шаһарларын шауып алады да, тез-тез жиналып, далаларына қайтады, iлезде көзден ғайып болады. Олар бастарына iс түскенде, қуаныш пен қайғыда, басқа бiр жағдайда бiр-бiрлерiнен шалғайда көшiп жүрсе де әрқашан өз руластарының қасынан табылады", – деген пiкiрлер бар.
Күнде көзiмiз көрiп жүрген қазақтың бауырмалдығы.
Рим папасы Инокентий төртiншiнiң тапсырмасымен монах Плано Карпани 1243 жылы Ватиканнан шығып 1246 жылы Қарақорымға Күйiк қаһанға жеткен едi. Карпани тек қазақ жерiнiң өзiмен түстене-жастана жүрiп отырып бiр жылдан астам уақыт сапар шектi. Осы сапар жайлы жолжазбаларында ол көшпендiлердiң сол кездегi тұрмыс-салты туралы жан-жақты мол мәлiметтер қалдырды. "Жiгiттерi шетiнен мерген, нысанаға алғандарын қалт жiбермейдi"– дей келе Карпани–"Балаларын екi-үш жасында атқа отырғызады, қыздары мен әйелдерi де атқа жақсы шабады. Олардың жылқы түлегiне деген сүйiспеншiлiгi мен көзқарастары ерекше, басқа мал түлiктерiн де жақсы күтедi, ер-тұман мен ат әбзелдерiн әшекейлеуге ерекше назар аударады, әйелдерi садақты жiгiттерден кем тартпайды, еркектерiнiң қару-жарақ жасау мен малға қараудан басқа жұмыстары жоқ. Кейде аң аулайды. Бiр ғажабы олардың еңбектеген балаларынан бастап еңкейген қарттарына дейiн шетiнен аңкөс, әрi мерген. Әсiресе, ат үстiнде ұзақ жүрудегi шыдамдылықтарына таңқалмасқа болмайды, мұнда да әйелдерi ерлерiнен бiрде-бiр кем түспейдi" деп жазады.
Кемеңгер бабамыз Қорқыттың заманында түркi тайпалары кең далаға сыймай бөлшектене бастаған. Сарыарқаны жайлаған қыпшақтар Сейхун мен Жейхун дарияның бойындағы Оғыз бен Салжұқ түркiлердi атақоныстарынан ығыстыра бастады. Салжұқтардың бiр тобы Атырау теңiзiн айналып барып "Аз болсам да ер, бай жанмын" деп мақсаттанып Әзiрбайжан атанды. Кейiн хан жорығынан кейiн Әзiрбайжанды билеген түркi жалайырлардың, Иранның шахы болған арғын Ұзын Хасанның оларға ешбiр жаттығы жоқ түбi бiрге түркiден едi. Сейхун дарияның бойынан көшкен ислам тарихындағы әдiл төрт халифтың үшiншiсi Оспан Аффанның дәйегiне бас иiп, оның ұстанған жолын қуаттаған оғыз түркiлер Осман түрiктерi атанып, кейiнiрек әлсiреген Византияны құлатты, Констаниопольды басып алып, оның атын Стамбул деп өзгерттi, ұрымдықтармен, эллиндермен қан араластырып, түркi әулиетiнiң жапырақ жайған алып бiр бәйтерегi – түрiк ұлтын қалыптастырды. Сондықтан "түрiк" пен "түркiнi" шатастырмай; тегiмiз түркi-ұлтымыз қазақ немесе өзбек, түрiк, әзiрбайжан, түркiмен, қырғыз тағы басқа деп айтуымыз керек.
Мiне, осылайша әрқайсысы өз отауын тiгiп iргелерiн алшақтата бастаған тұста араб саясатшысы Ибн Батута қазiргi қазақ елi жайлаған жерге, қыпшақ даласы атанған Дештi Қыпшаққа келедi. Ол түркi-қыпшақтар туралы: "Үйiрден ат ұстау керек болған жағдайда, жiгiттердiң бiреуi қолына құрық алып, атқа салт мiнедi де, бей-жай жайылып жатқан жылқыларға жәйiмен жақындайды. Соған кейiнгi әлгi жартылай тағы жылқының мойынына қолындағы құрықты немесе бұғалықты тастап жiберiп, өзiне қарай тартып, қапталына әкеледi де, сауырына қарғып мiнедi. Содан соң астына мiнген бұрынғы атын бос қоя берiп, асаудың арқасына жабысып құйғытып шаба жөнеледi" деп жазады.
Жылқылы ауылға барғанда бүгiнгi күнi де аңғаруға болатын көрiнiс.
1740 жылы қазақ даласында, Әбiлқайыр ханның ордасында болған ағылшын көпестерi Томпсон мен Гогганың мiндетiне тек сауда-саттық жұмыстары ғана емес, жер байлығы, ел тiршiлiгi, қазақтардың күш-қуаты мен әскери мүмкiндiктерi жайлы барлау мәлiметтерiн жинау да енген болатын. Гогганың: "Олардың тойлары мен өлген ата-бабаларына ас беру рәсiмi бiрнеше күнге созылады, өлең айтады, би билейдi. Бiрақ ең қызығы – ат жарыстары. Сәйгүлектерiн бәйгеге қосады, көкпар тартысады, садақты алысқа атысады, күресiп күш сынасады. Жеңгендерге жүлделер тiгiлiп киiм, мал үлестiрiледi, сый-сияпаттан ешкiм де құр алақан қалмайды", деген күнделiгiндегi жазбалар айна қатесiз бiздiң уақытымызға жеттi емес пе?
Вице-канцлер Биронның үкiмiмен Орынбор әкiмшiлiгi 1973 жылы Қазақстанның батысына немiс этнографы Паллас бастаған ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастарады. Осы топтың құрамында швед ботанигi Фалк, немiстiң табиғат зерттеушi ғалымы Георги, грек Берденес сияқты өз уақытындағы белгiлi оқымыстылар болды. Өзiнiң жазбаларында Паллас: "Қазақтардың арасында мал шаруашылығы мен аңшылықтың қатар жүретiнiн, олардың көптеген жыртқыш құстарды да қолға үйрететiндiгiн, сонымен бiрге аран қазып, қамыстың ұшын өткiрлеп, қалың көптiң арасынан қадап қойып киiк ұстайтын" деп жазады. Ауқатты қазақтар аңшылықты көңiл көтеру, бой жазу үшiн ермек ететiнiн айта келiп: "Бұдан олар қажет десе көп пайда түсiредi, негiзiнен, қасқыр, түлкi, борсық, сүгiн, қарақұйрық, барыс, тарпаң, бұлан, жолбарыс аулайды" деп жазады Георги. Ал қазақтардың қабан, шошқа аулағаны туралы еш жерде мәлiмет кездестiрмедiк. Бала кезiмде бұлаққа құлар жолда қазған аранына бiрнеше рет қабан түсiп кеткенде әкем темiр жол стансасында тұратын орыс достарына хабар жеткiзiп, әлгiлердiң арандығы қабанды атып алып кеткенiне талай куә болғанмын. Демек ата-бабаларымыз «кәпiр жейтiн доңыз» деп жабайы шошқаларды ешқашан ауламаған.
Ал, Фальктың аңшылық жайлы жазғаны мынау: "Бұл пайда табатын, сол арқылы баюды мақсат етуден гөрi, қазақтардың көңiл көтеретiн ермегiне көбiрек ұқсайды. Солай бола тұра ұсталған аңның етi мен терiсi де далада қалмайды. Мұны көбiнесе өздерi тұрмыста пайда¬ланады. Киiм-кешек жасайды, артылғанын сатады, басқа заттарға, мүлiкке айырбастайды, Қасқырды, түлкiнi, қарсақты атпен қуып жетiп қамшымен, сойылмен соғып алады. Қазақтардың аңшылықта iзiне ертетiн иттерi көбiнесе тазы тұқымынан болып келедi, қарулары көбiнесе садақ, ара-тұра бiлтелi мылтық. Кейбiр қазақтар орыс ұсталарына қақпан жасатып аңдарға құрады. Бiрақ барлығынан қызықтысы – бүркiт салу. Жыртқыш құстардың балапандарын ұядан ұстап алған саятшы оларды бiр жасқа дейiн үйретедi, әр күн сайын далаға шығып жаттықтырады. Iшiне сабан тыққан терiнi олар «шырға» деп атайды. Ал шырғаға түскен құсына азғантай ет берiп, мақтайды. Күн сайын осылай, бүркiттi түлету төрт-бес аптаға созылады…".
"…Қыс айларында семiрiп кетпес үшiн бүркiттiң астына мұз қояды. Жемдiк еттi де шағындап берiп, ашықтырып ұстайды. Ашынған, қатты ашыққан бүркiттiң кейде иесiне де түсетiн кездерi болады. Қолға үйренген бүркiт жетi-сегiз жыл саятқа жарайды. Жақсы бүркiттiң бағасы екi түйенiң құнына пара-пар. Қазақтар бүркiттен басқа тұрымтай, ителгi, сұңқар, қаршыға, бөктергi, бидайлық сияқты саят құстарын аң-құс аулауға үйреткен. Жыртқыш құстармен аң аулаудың осыншама тәсiлдерiн бiлетiн басқа халық туралы естiген емеспiн" деген жазбаларының маңызының өте зор екендiгiне ешкiм де күмән келтiре қоймас.
Қашаннан көршi тұрып аралас-құраласқан орыс халқы да қазақтардың дене тәрбиесiне көңiл бөлген. Ит жүгiртiп, құс салу, ат баптау жөнiнен олар қазақ саятшылары мен сейiстерiнен көп нәрсенi үйренедi. ХIХ ғасырдың орта шенiнде өздерiнiң германдық гимнастикасын көкке көтерiп, тым қатты мақтап жiберген, немiстердiң ұлттық дене тәрбиесiнiң негiзiн ғылыми жолға түсiрген Гутс Мутс және Вит дегендерге қарсы революцинер-демократ Николай Александрович Добролюбов: "Өкiнiшке қарай байырғы Грекиядағы спорт жарыстарын көрудiң мүмкiндiгi болмағандықтан, германдықтардың ұлттық гимнастикасына бас июшiлер бiздiң қырғыз (бұл арада қазақты айтып отыр – автор) немесе Башкирияға келер ме едi?! Мұнда өзiндiк олимпиядалық ойындар iспеттi күрес пен сырыққа өрмелеу, жүгiрiп жарысу сияқты дене тәрбиесiнiң жүйесi кең қанат жайған" деп жазады. Осылайша таңқалу қазақ жерiнде болған басқа ғалымдардың еңбектерiнде де жеткiлiктi, сондықтан олардың барлығын жiпке тiзiп келтiре берудi осы шағын мақалада жөн деп таппадық.
Күнiмiз күлiп, айымыз оңымыздан туып, тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен берi, бұрынғыдай Мәскеудiң елегiнен өтпей, халықаралық олимпиядалық комитетке, түрлi Халықаралық спорт қауымдастықтары мен бiрлестiктерге мүше болған Қазақстанның олимпиадалық ойындар мен әлем, Азия чемпионаттарына қатысқан спортшыларымыздың ұлт байрағын биiкте желбiретiп, Әнұранымызды орындатып жүргенiн жұртшылық жақсы бiледi. Мұның барлығы тау мен даланың арда ұлы, көңiлi көл-көср дарқан халықтың жас ұрпақтың денсаулығының мықтылығы мен дене тәрбиесiне қашаннан ерекше көңiл бөлгендiгiн көрсетедi.
Халықаралық ақпарат академиясының корреспондент-мүшесi