Байыпсыз блогерге, кереғар коучке еліктейді: Депутат мемлекетшіл тұлғаларды ұрпаққа үлгі етудің маңызын айтты

/
Байыпсыз блогерге, кереғар коучке еліктейді: Депутат мемлекетшіл тұлғаларды ұрпаққа үлгі етудің маңызын айтты
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға қоғамда білім-ғылым культін қалыптастыру туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Халық қолдап-қуаттаған жаңа Конституциямызда мәдениет, білім, ғылым, инновация құндылығы ерекше жазылғаны мәлім.

Бүгінде ғылым мен инновация – жаңару мен елді танытудың маңызды тетігі. Ата заңда айшықталған құндылық пен басымдық енді өміріміздің мәніне, өзегіне айналуға тиіс. Әсіресе, ғылым мен инновацияның әліппесі мен негізі мектепте оқытылып, үйретіліп, бірте-бірте әрі елшіл, әрі технологиялық ізденіске құлшынған жас буын, Мағжан ақын айтқандай, «толқынан толқын туып», үзіліссіз жалғасуы шарт.

Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір байыпсыз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл – дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» бастауы.

Еліміз «Әділет!» деп жаңарғанда, бұрынғы-кейінгі тоғышарлыққа, орынсыз еліктеп-солықтауға жол жоқ!

Президент айтқан озық ойлы ұлт жақсы әрі жауапты оқитын баладан, сол баланың екі есе жауапты ата-анасы мен мұғалімінің маңдай терінен қалыптасады.

Әрине, кәсіптің жаманы жоқ. Алайда дәл қазір елімізге инженерлік, технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет. Сөз жоқ, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздіктің өзі – мәдени қазына, адастырмас темірқазық», – деді Д. Қамзабекұлы.

Депутаттың айтуынша, біз бүгін ХХ ғасырдың бас ширегіндегі инженер Мұхамеджан Тынышбайұлы, медик-биолог Халел Досмұхамедұлы, математик Ибадулла Ақбергенұлы, кеңес кезеңіндегі академиктер – инженер Қаныш Сәтбаев, энергетик Шапық Шөкин, микробиолог Мұрат Айтқожин, осы күннің академиктері – антрополог Оразақ Ысмағұлов, математик Мұхтарбай Өтелбай сынды жүздеген тұлғаларды мектеп оқушысынан университет студентіне дейін үлгі ете білуіміз керек.

«Мысалы, соңғы аталған қос абыздың толассыз ғылыми табысы мен отаншылдығы жастар түгілі, үлкендерге де өнеге дер едік.

Осы күні қоғамға пайда әкелетін ақыл-ой мен білім-білік қорын «адам капиталы» дейміз. Бізде ол болған және бола да береді. Тек ыждағат пен жүйелі іс үзілмегені жөн.

Сол үшін еліміздің ақыл-ой қорына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғаларды білім жүйесінің бар сатысынада үлгі ете білсек дейміз. Біздіңше, мемлекетшіл тұлғатанудың мәні де, мақсаты да осында», – деді ол.

Ол бұл бағытта ақпараттық жобаларды іске асырып, білім беру ұйымдарындағы ғылыми-техникалық үйірмелердің нәтижесін бағалау көрсеткіштеріне енгізуді ұсынды.

Ел Үкіметіне мынаны ұсынамыз:

  1. Ғалым, инженер, өнертапқыш және өзге де интеллектуал тұлғалардың қоғамдық бейнесін қалыптастыруға бағытталған жоба әзірленсе.
  2. Ғылымға, технологияға айрықша үлес қосқан бұрынғы-кейінгі тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында, цифрлық платформаларда үзбей кеңінен насихаттау жолға қойылса.
  3. Инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына талантты жасөспірімдер мен жастарды тарту мен баулу тиімді бағдарламалары жасалса.
  4. Орта білім жүйесінің, соның ішінде келешек мектептері мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесіне (КРІ) инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына қатысты конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің табысы жеке көрсеткіш болып енсе», – деді депутат.
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар