Асылы ОСМАН: ҮЙIМIЗ – ҚАЗАҚСТАН, ҰЛТЫМЫЗ — ҚАЗАҚ

Асылы ОСМАН: ҮЙIМIЗ – ҚАЗАҚСТАН, ҰЛТЫМЫЗ — ҚАЗАҚ

Асылы ОСМАН: ҮЙIМIЗ – ҚАЗАҚСТАН, ҰЛТЫМЫЗ — ҚАЗАҚ
ашық дереккөзі
389

Қазақстандағы ұлтаралық татулық, күн өткен сайын бояуы қалыңдап, салмағы мың батпанға айнала бастаған қазақ мәселесi — бүгiнгi зиялы қауымның басты бас ауруына айналды. Елдiң сөзiн сөйлер, тiл ұстар зиялыларымыз да күн өткен сайын күнделiктi күйбеңнiң көлеңкесiнде қалып қойып жатыр.

Бұл мәселеге орай, үнемi жарғақ құлағы жастыққа тимей, шырылдап жүрген ұлт жанашырларының бiрi — филология ғылымдарының кандидаты, «Мемлекеттiк тiлге құрмет» қоғамдық қозғалысының Алматы облыстық Әзiрбайжан мәдени орталығының төрайымы Асылы Османмен арадағы әңгiме осы бiрi толғауы тоқсан, түйiнi қиын мәселеге арналды.

«ТҰҒЫР» СӨЗIН ТЕК ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ ҒАНА ҚОЛДАНУЫМЫЗ КЕРЕК

— Асылы апай, соңғы кезде Қазақстан қоғамында үш тұғырлы тiл және қазақстандық ұлт мәселесi жиi ауызға алына бастады және оны қолдаушылар да көбейiп келедi… Сiздiң бұған көзқарасыңыз?

— Әуелi менi «үш тұғырлы тiл мәселесiн қолдаушылар көп» дегенiң таңқалдырып отыр.

— Көп демей қайтейiн… Осыдан бiраз уақыт бұрын 28 зиялы қол қойған Президенттiң атына жазылған Үндеу "Казахстанская правда" газетiнде басылды. Анау-мынау емес, ұлт серкелерi қол қойған. Сонда не жазылды дейсiз ғой? Қазақстандық ұлт, үш тұғырлы тiл мәселесiн қолдайтындықтарын бiлдiрген.

— Менiң түсiнiгiмде оны қолдаушылар тiлдi бiлгеннiң зияны жоқ деген мақсатта қолдап жүр. Мен де солай ойлаймын. Тiлдi қаншалықты көп бiлсек, соншалықты пайдалы деп ойлаймын. Дүниедегi мәңгi байлық осы — тiл. Сiз қанша тiлдi бiлсеңiз, сонша ұлттың өкiлiсiз. Бiрақ, бiз бұл жолы "тұғыр" деген сөздi дұрыс пайдаланбай жүрген секiлдiмiз. Түсiндiрме сөздiктен "тұғыр" деген сөздiң мағынасын қарап, жазып алдым. Оның өзi омоним екен. Тұғыр — 1 мағынасы: қолға үйретiлген саяқ құстың қоныстайтын орны. Биiктеу ағаш қондырғы. 2 ауыспалы мағынасы: бiр нәрсенiң астына қойылған тiрек, сүйенiш. Осы мағынаны "тiлдiң тұғыры" ретiнде қолдануға келедi. Бұл тұрғыдан келгенде — тұғырды қазақтың тiлiн өз биiгiне көтерiп, тұғырына қондырайық деген мағынада, тек қана қазақ тiлiне қолдану керек.

"Триединства языка" дегенiмiз — "үш тұғырлы тiл" дегенге келе ме? Бiз алдыменен қолданыстағы сөздiң мән-мағынасына жете мән берсек дұрыс болар едi. Елбасы Қазақстан халық ассамблеясының ХII сессиясында сөйлеген сөзiнде олай деген жоқ, "тiлдiң үш бағыты" деген болатын. Сондағы мәтiнге назар аударсақ, "Қазақтың тiлiн дамытайық, орыстың тiлiн сақтайық, ағылшын тiлiн меңгерейiк, үйренейiк" деген едi. Мен сол кездегi сөйлеген сөзiмде де айтқанмын. "Ең алдымен мемлекеттiк тiлдi өз деңгейiнде үйренiп, өз тұғырына қондырайық, қазақ тiлiн бүгiнгi орыс тiлiнiң деңгейiне жеткiзейiк, содан кейiн барлығын теңдiкте ұстайық". Бүгiнгi таңда басымдықты қазақ тiлiне — мемлекеттiң тiлiне беру керек. Өйткенi, ол тiлдiң басқа елде, жерде қолданылатын орны жоқ. Қазақ тiлiнiң бiр-ақ отаны бар, ол — Қазақстан.

Елбасымыз есiмi елге танылған азаматтармен жаңа жыл алдында жүздесуде: "Қазiргi өркениеттiк саясатты өзiмiздiң тарихымызбенен, ұлттық ерекшелiгiмiзбенен қыздың бұрымындай етiп, бiрге өрiп, жылдар бойы ұлтаралық татулықты нығайтуға күш салдық. Қазақстан халық ассамблеясынан бастап, елiмiзде өмiр сүрiп жатқан барлық ұлт өкiлiне тәрбие жүргiзу керек. Басқа ұлттардың барлығына қазақ халқының мемлекет қалыптастырушы ұлт, әзiргi барымыздың барлығын жасап отырған негiзгi халық қазақ халқы екендiгiн, қазақтың ұлттық мүддесiне оң көзбен қарау, қазақ тiлiн меңгеру, қазақ халқын құрметтеп, сонымен бiрге ұмтылу керектiгiн түсiндiруге тиiспiз. Мемлекетiмiздiң саясатын қазақтың салтынан, қазақ халқының мәдени ерекшелiктерiнен бөле жармай, бұдан былай бiрге өру керек" деген едi. Қазақстандық ұлт деген болмайды. Бiз бәрiмiз "қазақстандықпыз". Бiр ұлт — бiр тiлдiк жүйеге көшетiн күн әлi алыс емес. Менiң "Қазақ — мемлекет қалыптастырушы ұлт" деген тақырыпта бiр дөңгелек үстел ұйымдастырмақ ойым бар. Сол жерде қазақтың қасиетiн асқақтатып, бәрiмiз оның айналасында топтасуымыз қажет екендiгiн дәлелдемекпiн.

— Әрине, қазақ тiлiне заң жүзiнде басымдық берiлiп отыр. Алайда, iс жүзiнде бұл мүмкiн болмай тұр. Өткенде интернеттен бiр мақала оқыдым. Онда елiмiздегi тiлдiк ахуалға баға берiлген. "Саяси және әлеуметтiк, экономикалық өмiрде Қазақстанда орыс тiлi басым тұр, қазақ тiлi әзiрге ас үйден шығар емес" делiнген. Қазақ тiлiн — саяси айналымға енгiзу үшiн не iстеу керек деп ойлайсыз?

— Қазақ тiлiнiң саяси өмiрдiң құралы бола алмай отырғанына кiм кiнәлi? Әрине, алдымен өзiмiз. Қазiр қалалық әкiмшiлiкте жұмыс iстейтiндердiң 90 пайызы қазақ. Тiл басқармасынан басқа кеңселерге кiрсеңiз, ешқайсысы қазақша сөйлемейдi. Яғни, қазақ тiлiнiң тұғырына қонуына қазақтың өзi құлықты емес. Мен Ассамблея мүшелерiмен "қазақ тiлiн неге үйренбейсiңдер?" деп күнде сөзге келiп қаламын. Сонда олар: "Бұл тiлдiң айналысқа енуiне қазақтардың өздерi мүдделi емес қой" дейдi. Өйткенi, қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде қадiрлеп қастерлейтiн, оның қажеттiлiгiн арттыратын талап жоқ. Егер, бiздiң үкiмет басында отырғандарға "қазақ тiлiн бiлмесеңдер, мына орынтаққа жайғаса алмайсыңдар" десе, бәрi жапатармағай үйренiп алар едi. Бiзде ондай қажеттiлiк жоқ. Бiздiң елдiң тұрғындары "Қазақстанның болашағы — қазақтың тiлiнде" дегендi әлi сезiне қойған жоқ.

МЕН ОСЫ ҚАЗАҚ ТIЛIН БIЛГЕНIМНЕН ҚОРЛЫҚ КӨРIП ОТЫРМЫН

— Әрине, Елбасы "Қазақстанның болашағы — қазақ тiлiнде" дегендi айтуын айтады. Алайда, оның әрi қарай жүзеге асырылуына мүмкiндiк жасап, заңдық тетiктерiн ұсынып отырған жоқ.

— Қажеттiлiк бұрынғымен салыстырғанда, бар. Қазiр алға қарай аз да болса жылжып келемiз. Әсiресе, Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясынан кейiн, әжептәуiр бетбұрыс болды. Сол кезде елбасы мемлекеттiк тiлдi үйренген өзге ұлт өкiлдерiн ынталандыру туралы жақсы бастама тастады. Бiр жағынан ынталандырған дұрыс, екiншi жағынан Қазақ мемлекетiнiң азаматы бола тұра, ол елдiң мемлекеттiк тiлiн бiлмеуiңiз ұят. Оны бiлгенiңiздi бұлдауыңыз тағы да дұрыс емес. Мемлекеттiк тiлдi үйрену — азаматтық борышымыз.

Егер, мемлекеттiк тiлдi бiлгенiмiз үшiн ынталандыру қажет болатын болса, ол тiлде жақсы сөйлеп, оны жақсы меңгергендердi (мейлi қазақ, мейлi басқа ұлт өкiлi болсын) алға тартпадық. Мен осы қазақ тiлiн бiлгенiмнен қорлық көрiп отырмын. Халқымнан емес, жоғары жақтан.

Қазақ болмысынан таза, қиянаттан ада, ешкiмдi бөлiп жармайды. Қазақтың кең пейiлдiгi мен дархандығының арқасында елiмiзде тұрақтылық пен келiсiм салтанат құруда.

— Сiз қазақтың арқасында татулығымыз берiк деп отырсыз. Бiрақ, соңғы кезде ұлтараздығына қатысты бiрнеше оқиға орын алғаны мәлiм. Ұйғырлар мен қазақ арасындағы шиеленiстiң iзi суымай жатып, чешен мен қазақ қақтығысы орын алды. Билiк бұны сылап-сипап тұрмыстық кикiлжiңге жатқызғысы келiп едi. Бiрақ, оқиға арасы ұзамай жатып-ақ, күрд пен қазақ арасындағы мәселеге ұласты. Осы қақтығыстарға қалай баға берер едiңiз? Тұрмыстық кикiлжiң бе, жоқ ұлтараздық қақтығыс па?

— Жоқ, мен мұны ұлтараздығы деп түсiнбес едiм. Өйткенi, бүкiл қазақ бүкiл күрдке қарсы түрегелген жоқ. Я болмаса бүкiл ұйғыр бүкiл қазаққа қарсы болған жоқ. Бiр ауылдағы екi отбасының өзара кикiлжiңiнен орын алып отыр. Бiрақ, бұл ешкiмге жақсылық әкелер iс емес. Бiр күрдтiң баласы бұзақы болса, оған Қазақстандағы барлық күрд кiнәлi емес. Немесе, керiсiнше, бiр қазақ күрдке қарсы келдi деп, барлық қазақты кiнәлаған орынсыз. Бұндайда әр нәрсенiң мәнiне үңiлiп, себебiн тауып, кiнәлiнi көре бiлу керек. Неге бiр баланың бұзақы iсiне бола, менiң елiме қара күйе жағылуы керек. Бұл — елдiң қадiрiне жете бiлмегендiк.

— Осы Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесi, "Барбанг" күрд қауымдастығының төрағасы, академик Надир Надировтiң осы оқиға қарсаңындағы сұхбаттарын көп оқыдым. Әсiресе, Мәскеудiң газет-журналдарына берген сұхбаттарында, "Время" газетiндегi әңгiмесiнде бiздiң халықты кiнәлаған ойларға жиi жол берген. Оларды оқып отырып, "Свободный Курдистан" деген мемлекеттi Қазақстан басып-жаншып тастағандай әсер аласыз. Қазақстандағы күрд оқиғасы осының жалғасы iспеттi… Бұған не дер едiңiз?

— Ол кiсiнiң сұхбаттарын мен де оқыдым. Оған байланысты өз ойларымды баспасөз бетiнде айттым да. Мен ол оқиғаның басы-қасында болған жоқпын. Бiрақ, баспасөздегi ақпараттар мен сараптамаларға қарағанда, Надировтiң ол қылығы дұрыс болмады. Қазақ Надировтiң бетiнен қағып көрген жоқ. Оны академик дәрежесiне дейiн көтердi. Ал, халықтың ол жақсылығына қайтарымы ретiнде, Надиров өз жетпегiрiн жерлеп, күрд жұртының өкiлдерiне басу айтып, қазақтың алдында басын июi керек едi. Қазақ кешiрiмдi, сөзге тоқтай бiлген, кең дархан, адам баласының бойындағы қасиеттiң бәрi — қазақтың бойында бар. Алдына келген адамды кешiре алады. Надиров қазақтың топырағында дүниеге келiп, суын жұтып, ауасымен тыныстап отырып, тiлiнде сөйлей отырып, оларға топырақ шашады. Қазақ болмаса, Надировтiң Надиров аты шығар ма едi. Ел қолдамаса, билiк жақтамаса, ешкiмнiң де асып-тасып бара жатқан даналығы жоқ. Егер, даналығы болса, Құдайдан бiр жас кiшi халықтың алдында кiшiреюi керек едi.

Мен қазақты басқа ұлттармен салыстыра отырып осы ойларға берiлемiн. Қазақтың жақсылығын көрдiм, Мағжан Жұмабаев "Тұрандай жер жоқ, түркiдей ел жоқ" деген болса, мен "Қазақстандай жер жоқ. қазақтай ел жоқ" дер едiм. Ұлт болған соң, ел болған соң олардың арасында тентегi мен содыры болмай қоймайды. Бiр-екi шiрiген жұмыртқаға бола, бар қазаққа топырақ шашуға болмайды.

"ШАҢЫРАҚ" ХАЛЫҚТЫҢ БIТЕУ ЖАРАСЫ, ОНЫ ЖАРМАУ КЕРЕК, ЕМДЕУ ҚАЖЕТ

— Сарапшылардың пiкiрiне жүгiнсек, жоғарыда аталған оқиғалардың қай қайсысы да әлеуметтiк теңсiздiк салдарынан туындады дегенге саяды. Басқалармен салыстырғанда, қазақ әлеуметтiк тұрғыдан ең нашар қорғалған халық көрiнедi. Ауылда күн көрiс көзi қалмағаннан кейiн, қазақ қалаға ағыла бастады. Урбанизация тағы бiр әлеуметтiк проблеманың шетiн қылтитты. Ол ауылдан қалаға ағылған халықтың тағдыры. "Шаңырақ", "Бақайдағы" жұрттың баспана үшiн күресi.

— "Қазақта әдемi сөйлеген адам, әдемi емес, әдiл сөйлеген адам әдемi" деген сөз бар. Шынайы шындыққа қарайтын болсақ, "Шаңыраққа" жасалған қысым орынсыз. Мысалы, бiздi 1944 жылы жер аударғанда, зорлықпенен, бiр машинаға үш-төрт отбасын тиеп, мал секiлдi айдаған. Ерiксiз айдалдық. Бiрақ, мен ерiксiз айдалып, еркiн өмiр сүрiп жүрген бүгiнгi күнiме шүкiршiлiк етемiн. Сол кезде бiздi бiр түннiң iшiнде босқын қылды. Ал, бүгiн тәуелсiз елмiз. "Шаңырақтағы" жұртты неге түн iшiнде үркiтiп, түн iшiнде далаға айдап салмақ болдық? Бұларға қандай зорлық келдi. Жайшылықта барып, олармен келiссөз жүргiзiп, "мына салғандарың қаланың қазiргi бас жоспарына сәйкеспейдi, тұрғындар үшiн қауiптi жерде тұрып жатырсыңдар" деп неге түсiнiк жұмыстарын жүргiзбедi? Егер осының бәрiн ойластырып жасағанда, адам өлiмi де болмас едi, оған қатысы барлар түрмеге тоғытылмас едi.

— Ауылдың қалаға ағылғанынан түрлi әлеуметтiк проблемалардың орын алғанын айтып отырмыз. Қазiр үкiмет iшкi көшi-қон туралы заңды қолға алды. Онда ауыл халқын қалаға аудырмаудың амалдарын қарастырамыз деген. Кейбiр пiкiрлерге қарағанда, қалада халықтың 70-80%-ы қалуы керек, ауылда 10-15% тұрғын болса жетедi дейдi. Сiз бұған не дер едiңiз?

— Қалада тұрған жақсы, бiрақ, мына байтақ даланы сақтау керек. 1999 жылы Елбасына аманат та жазғам. Онда менiң ауылымды сақтау, тiлiмдi көтеру туралы айтып, ауылда ақсақалдар кеңесi болсын, ауылдың жағдайын сол арқылы бiлiп отырайық деген едiм. Мен қай кезде болса да, байтақ елдiң киесi даланы сақтап қалу қажеттiгiн айтып жүрмiн. Барлығымыздың кiндiгiмiз ауылмен байланысты. Бiрақ, қандай ауылды сақтауымыз керек. Құмның арасында екi-үш үй отырып, оның суыра соққан құм басып кететiндей жағдайда болса, ондай ауылдың қажетi жоқ. Мысалы, менiң ауылым "Жаңаталап" жайнап тұрған ауыл болатын. Екi таудың ортасында орналасқан. Суды бұлақтың көзiнен iшетiнбiз. Ауасы таза. Таяқ қадасаң тал болатын. Бұрын ауыл қаланы асырады, қазiр, керiсiнше, қала ауылды. Кезiнде ауылдар қиратылып, талан-таражға түсiп жатқанда, бүкiл елдiң айғайы оны сақтау болған едi. Бiрақ, бiз барымызды қираттық. Колхоз, совхозды өзгертiп, оны ұжымға айналдырып, сақтауымызға болар едi ғой. Менiң ауылымда Бекi дейтiн жер бар, сол жерде алма ағашы жылына екi рет жемiс беретiн. Түлкiбас ауданында Мичурин деген совхоз болды. Алмасы да, жүзiмi де жайқалып өсiп, бүкiл облыс жұртын қамтамасыз ететiн. Қайта құру дедiк, жекешелендiру дедiк, әйтеуiр, бәрiн құрттық. Сол себептi, бұдан былайғы жұмысымыздың барлығы жүйелi түрде жүргiзiлгенi дұрыс. Қаланы да көркейту керек, ауылды да сақтау қажет. Қазiр шынымен де әлеуметтiк теңсiздiк белең алып келедi. Әйтеуiр, қазақ қашан да төзiмдi, көнбiстiгiгiмен елдегi берекеге ұйтқы болуда.

Ауыл халқын қабылдайтын қаланың да мүмкiндiгi болуы жөн. Оны тағы да жүйелi түрде ұйымдастыру керек. Неге ауылдан келген бала базар маңын күйттеп, тек қана арба сүйреуi қажет? Дүниенiң барлығын бүлдiретiн де, қалпына келтiретiн де саясаткерлер. Саясат дегiнiмiз — ұлттың, мемлекеттiң тағдырын шешетiн тетiк. Ал мемлекеттiң құл болмауы да, тұл қалмауы да саясаткерлердiң тiрлiгiне тiкелей байланысты. Сағат Әшiмбаевтың: "Ақиқатты айтқан айыпты емес, оны көрiп тұрып, көзiн жұмып айналып өткен айыпты" деген жақсы сөзi бар.

Қазақ — бәрiне ұйтқы болуы керек. Қазақстандық өзге ұлт өкiлдерiнiң бойына қазақы реңктi қалыптастыра бiлуiмiз керек.

АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛЕРI ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫН ТҮСIНУI ТИIС

— Бiрақ, бiз бұл дәрежеге жете алмай отырмыз ғой. Өткенде сiздiң Астана телеарнасындағы Бигелдi Ғабдуллиннiң "Серьезный разговор" бағдарламасындағы сұхбатыңызды тыңдадық. Сiз қазақтың патриоты ретiнде, жаныңыз шырылдап қазақ мәселелерiн айтып отырсаңыз, ол "сiз әзiрбайжан ұлтының өкiлiсiз" деп сiздi кеудеден итергендей қалып көрсетедi. Қоғамда қазақ пен өзге ұлт өкiлдерiн интеграциялау мәселесi дұрыс жолға қойылмай отырған сынды.

Бiз қоғамды алдымен орыстiлдiлер мен қазақтiлдiлер деп бөлдiк. Одан кейiн көп ұлтты, көп дiндiмiз деп атойладық, есептеп отырсаңыз, Қазақстандағы өзге ұлт өкiлдерiнiң арасында саны 100 мыңнан асатыны небәрi 3-4-тен аспайды екен. Тiптi, алты адамнан тұратын этнос өкiлдерiн де сол көп ұлттың арасына қосып жiберiп отырмыз. Қазақстанды көп ұлтты, көп дiндi, көп тiлдi деп ара жiгiн ажыратуымыздың өзi қазақ қоғамының бiрiгуiне керi әсерiн тигiзуде. Бұрын Конституциялық дәрежесi болмаған, Қазақстан халықтары ассамблеясына былтыр күзде Конституциялық ұйым ретiнде мәртебе бердiк. Унитарлы мемлекетке мұндай конституциялық ұйымның қажетi бар ма едi?

— Қазақстан халық ассамблеясы дегенде ту баста қарсы болған едiм. "Бөлiнгендi бөрi жейдi, айрылғанды аю жейдi" деген қазекем. Сол сияқты, әрбiр ұлт өкiлiнiң бас-басына ұрып, "сен қазақсың, сен әзiрбайжансың, сен түрiксiң, сен орыссың" дегендi өз басым қаламаймын. Шетелге барсам, менi ешкiм әзiрбайжан демейдi, қазақ дейдi. Тiптi, әзiрбайжан десе қарсы болар едiм. Себебi, мен "қазақстандықпын". Демократияны жиi аузына алатын өркениеттi елдерде де ұлт мәселесi бiрiншi орынға қойылған.

Бiрақ, кейiнгi жылдары шетелдерден адамдар келедi, өзге ұлт өкiлдерiмен кездеседi. Сол кезде мына Қазақстанда барлық ұлт өкiлдерiне теңдiк берiледi дегенге бұл сай келедi екен. Тек қана ассамблеядағылар да өз мiндетiн сезiнуi керек. "Маған президент еркiндiк бердi. Мен ұлтым үшiн ғана қызмет етемiн" деген идея түбiрiмен дұрыс емес. Қазақ мемлекеттi қалыптастырушы ұлт болғаннан кейiн, сол ұлттың төңiрегiнде топтасуымыз керек. Сол ұлттың әдетiн салтын бiлуiмiз керек. Оның ең негiзгi ұйтқысы неде тұр? Тiлде тұр. Қазақтың тiлiн бiлген адам ғана, сол қазақтың болмысын, жан дүниесiн ұғады. Мұхтар Шахановтың 4 анасы бар ғой. Сол 4 ананы күллi қазақстандықтар ана ретiнде қабылдауы керек. Өзге елге немен таныламыз? Ұлтың болуы үшiн, тiлiң, мәдениетiң, тарихың, әдебиетiң болуы керек. Қазақтың химиясы немесе мұнайы бар демейдi, бар байлықты жоғарыда айтқан рухани қажеттiлiктерге әкеп тiрейдi. Осыны бiлуiмiз керек. семейлiк ақын Мерғали Ыбраевтың:

"Өлдi бәрi, өлмеген таңдайдағы тiл ғана,

"Ана" деген сөзге тiлi келмеген,

"Ана" болып жарытпайды қыз бала.

Сөндi бәрi, сөнбеген көмейдегi сөз ғана,

Сүйем деген сөзге тiлi келмеген,

Сүйiктiң боп жарытпайды ұл бала", — деген өлеңi бар. Бұл тек қазақтарға ғана емес, Қазақстанды отаным деп танитын барлық ұлт өкiлдерiне тән. Бiздiң ел қазiр соларға еркiндiк берiп отыр ғой. Әр қайсысы өз отбасында ана тiлiн, салт дәстүрiн, әдет ғұрпын сақтап отыр ғой.

Ассамблея конституциялық ұйым ретiнде мақұлданды, яғни болары болды, бояуы сiңдi. Бiрақ, бұл құрылым ендi қазақтың мүддесiне орай қызмет етуi керек.

— Әңгiме Ассамблеяның қазақ мүддесiне орай жұмыс iстеуi керек дегеннен туындайды. Өткенде чешен оқиғасы қарсаңында баспасөздердiң көбi "Махмахановтар Қазақстанды өздерiнiң екiншi отаны деп есептейдi" деп жазды. Махмахановтар Қазақстанға iрге теуiп, қоныс тепкеннен берi 50-60 жылдың жүзi болған екен. Содан берi олар Қазақстанды отаны ретiнде қабылдай алмай отыр. Сiздiңше, бiрiншi, екiншi отан деген болуы керек пе? Сiз өз басыңыз Әзiрбайжанды бiрiншi отаным, Қазақстанды екiншi отаным дер ме едiңiз?

— Маған сенсеңiздер, осы мәселенi мен баяғыдан көтерiп келемiн. Адамда екi ана бар ма? Екi анасы болмайтыны секiлдi, екi отан болмайды. Сiз қай жерде тұрсыз, қай жердiң суын iшiп, ауасын жұтып отырсыз, қай жерде түтiн тұтаттыңыздар — отан деген сол. Мен Қазақстаннан басқа отанды бiлмеймiн. Тарихи отан дегенге өз басым қырын қарайтын адаммын. Тарихи отаным шаңырақ тiккен елiм. Егер, Құдай оның бетiн аулақ қылсын, басқа елге қоныс аударсам, сол елдi отаным деп есептейтiн боламын. Әзiрбайжан президентiнiң алдында сөйлеген сөзiмде де осыны айттым. Ол президенттiң кереметтiгi, 2001 жылы дүниежүзi әзiрбайжандарының құрылтайында, 1 сағат 40 минут сөз сөйлегенде, тек әзiрбайжан тiлiнде тiл қатты. Сөзiнiң соңында әзiрбайжандарға: "Сiздер әр елден жиналғансыздар. Бiрақ, бәрiң әзiрбайжансыңдар. Қай елде өмiр сүресiңдер, сол елдiң заңын сақтаңыздар. Сол елдiң тiлiн бiлiңiздер. Сол елдiң әдет-ғұрпы салтыменен, сол елге не тән, соны тұтыныңыздар. Сол елдiң адал азаматы болыңыздар, бiрақ, әзiрбайжан екендiктерiңдi ұмытпаңдар" дедi. Ал, бiзде тұратын өзге ұлт өкiлдерi, тiптi, кейбiр қазағымның өзi осы елдiң заңын қадiрлеп, құрметтеп, асқақтата алып отыр ма? Қазақстанда тұрып, оны екiншi отаным дейтiн адамдарды мен ең бiрiншi жауым дер едiм. Өйткенi, олар Қазақстанда тұрғанын мақтаныш етуi керек, соның айбынын асқақтатуы керек.

— Тарихи отанға қырын қараймын деп отырсыз ғой. Қазақстанға соңғы 15-16 жылда оралмандар келiп жатыр. Олардың оралуына деген көзқарасыңыз?

— Оралмандар мен Қазақстанда 40-50 жыл тұрып, оны отаны ретiнде қабылдай алмай отырғандарды шатастыруға болмайды. Егер, мен Әзiрбайжанға немесе бiздi Грузиядан көшiрген, Грузияға қайта оралсам, өз тарихи отаныма қайта оралдым деп есептеймiн. Оралманның ошағы, ата-бабасы, тарихы осында. Қазақ деген халықтың Қазақстаннан басқа мекенi бар ма? Оралман мен ерiксiз айдалып, еркiн өмiр сүрiп жүрген жанды қатар қоюға болмайды. Оралмандар да Қазақстаннан шарасыз бөлiнiп қалған. Оралманға деген көзқарасымыз басқаша болуы керек. Оралман өз елi мен жерiне тәуелсiздiк алғаннан кейiн қайта оралып жатыр. Бiрақ, бiздiң оларға деген жанашырлығымыз бен қамқорлығымыз өз дәрежесiнде емес. Ең алдымен көшiрiп әкелуде жүйелiлiк жоқ. Оралмандардың көбiн қазағы аз солтүстiк өңiрлерге шоғырландыра орналастыру қажет болатын. Баяғыда бiздi айдап әкелгенде, әрбiр отбасына екi-үштен бөлiп берiп паналатты ғой. Қазiр, Құдайға шүкiр, тәуелсiз елмiз, өз қолымыз өз аузымызға жеттi. Яғни, бұл мәселенi жүйелi әрi кешендi түрде жүргiзе бiлу қажет.

— Әзiрбайжанша бiлесiз бе?

— Бiлем. Бiрақ, қазақ тiлiнiң дәрежесiнде бiрде-бiр тiлдi бiлмеймiн. Түркiтiлдес халықтардың тiлiнiң барлығын да ұғамын, түсiнемiн. Әзiрбайжанға барсам, әзiрбайжанша сөйлеймiн. Олар "менiң сөзiмдi түсiнемiз, бiрақ, сөйлеу екпiнiң қазақша" дейдi. Менiң түсiнiгiмде, тiлдi бiлген адам, ұлтты қадiрлейдi, қастерлейдi.

— Төлқұжатыңызда "әзiрбайжан" деген жазудың орнына "қазақ" деп жазатын болса келiсер ме едiңiз?

— Келiсем. Онда тұрған не бар? Келешекте түбi бiз де осыған келемiз. Қанипа Бұғыбаеваның:

Ұлтым менiң, қазақ деген ел болам,

Қонақ болып келем десең, кел маған.

Үйi тар-ау деп қорықпағың,

Менiң үйiм аспан асты, кең далам, — деген ғажап өлеңi бар. Менiң ойымша, бәрiмiздiң үйiмiз аспан асты кең дала — Қазақстан, ұлтымыз — қазақ.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары