Елордада Ұлттық ұлан күні аталып өтті

/
Елордада Ұлттық ұлан күні аталып өтті
Ұлттық ұлан

Елімізде жыл сайын 10 қаңтарда ІІМ Ұлттық ұланы күні атап өтіледі. Айтулы мереке аясында ІІМ концерт залында Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі мен оркестрінің мерекелік концерті өтті.

Іс-шара сондай-ақ ҚР ІІМ «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

«Ұлттық ұлан – ел айбыны!» атты концерттік бағдарлама жоғары патриоттық рухта өтіп, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында күн сайын аянбай қызмет етіп жүрген Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне деген зор құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов ашты. Ол өз сөзінде жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі Ұлттық ұланның маңызды рөліне тоқталды. Сондай-ақ адал әрі мінсіз қызметі үшін әскери қызметшілерге алғыс білдірді. Салтанатты рәсім барысында үздік әскери қызметшілерге шен белгілері, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.

Мерекелік концертке әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ ішкі істер органдары мен өзге де күштік құрылымдардың ардагерлері құрметті қонақ ретінде қатысты.

Концерттік бағдарлама патриотизм, Антқа адалдық, Отанға қызмет ету құндылықтарымен, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен халық арасындағы ажырамас байланысты бейнелейтін көркем нөмірлермен толықты. Музыка, вокал және хореография арқылы көрерменге Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің елдегі тұрақтылықтың, заңдылық пен қоғамдық тәртіптің сенімді тірегі ретіндегі бейнесі ұсынылды.

Бағдарламада биыл құрылғанына 30 жыл толған ҚР ІІМ «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағының мерекесі де ерекше орын алды. Элиталық бөлімшенің өкілдері көрермен тарапынан ерлік пен жоғары кәсібиліктің, Отанға қалтқысыз қызмет етудің символы ретінде ыстық ықыласқа бөленді.

Мерекелік концерт ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздік жүйесіндегі маңызды құрылым екенін, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қоғамның күштік құрылымдарға деген сенімін нығайту жолындағы елеулі үлесін айқын көрсетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары