ТАРАЗДАҒЫ СҰМДЫҚТАР

ТАРАЗДАҒЫ СҰМДЫҚТАР

ТАРАЗДАҒЫ СҰМДЫҚТАР
ашық дереккөзі

Ауылдарда ауыр қылмыстар жасалуда

Иiсi қазақ, жалпы алаш жұрты секiлдi әрбiр жыл сайын Наурызды ерекше ықыласпен тосып, күн мен түн теңесетiн Жаңа жылда, дүниенiң жаңғыру, көктемнiң жасару мерекесiнде ақ тiлек тiлеуi әрбiр жұмыр басты пенденiң әдетi. Мен де сондаймын. Биыл 22 наурызда Тараз қаласындағы достарым табан асты телефон шалып: "Шiдерлеп қойған аттай айналып Алматыдан шықпайсың. Жаңа жылда туған жерiң — Таразға келсейшi. Наурыз көже, бiздiңше жылы көже iшiп қайтсай, бiздiң жақтың жылы көжесi жүдә тәттi болады ғой", — деп наз айтқан. Табан асты таңдайыма бала күнiмiзде қомағайлана iшетiн наурыз көженiң дәмi келсiн.

Аяулы аналар жасайтын тәттi көже… Анамның аялы алақанының дәмi бар көже қандай керемет! Өзiмiз, маңайдағы көршi-қолаңның барша майда балалары таласа-тармаса iшетiн, алты айғы қытымыр қыстан жаурап шыққан адамдардың жүрегi мен жанына жылу беретiн қасиеттi ас. Оңтүстiктiң балажан ересектерi наурыз көженi үлкендер үшiн емес, шүпiрлескен балаларға арнап пiсiретiн секiлдi едi. Әрбiр отбасы, әрбiр үй әуелi маңайдағы балаларды шақырып, үйдегi бар ыдыстарға толтырып құйып беретiн. Ендi сол қоңыр ауылды, алыста қалған балалық шақты сағынасың…

Осылайша ойда жоқта автобусқа билет алып, сол күнi кешкiсiн бұрынғы Әулиеата, бүгiнгi Таразға қарай тартып кеттiм.

Бұрынғы момын, қой аузынан шөп алмайтын қазақтардың кейiнгi уақытта түбегейлi өзгергенiне бiржола көзiм жеттi осы қысқа сапарымда. Бiр-бiрiне құрметпен қарайтын, өзгенiң ала жiбiн аттауды өлiммен тең санайтын жұрттың, ең өкiнiштiсi, әсiресе ауыл адамдарының мiнез-құлқы, психологиясы қатты өзгерiске ұшырап, қатыгездене түскен. Әрине, мұны заманның, уақыт талабының өзгеруiмен түсiндiруге де болатын шығар, бiрақ осыдан жиырма-жиырма бес жыл бұрын ауыл адамдары естiп-бiлмеген, ондай болуы мүмкiн емес деп санайтын ауыр қылмыстар бiртiндеп ауыл өмiрiне ене бастағаны қатерлi. Осы орайда биылғы 8 наурыз мерекесi қарсаңында "Түркiстан" газетiне сұхбат берген белгiлi ақын Күләш Ахметованың: "Үшарал деген ауылым бар. Өте мейiрбан, қонақжай, есiктерiн iлмейтiн, есiгiне құлып салмайтын ауыл едi. Әнқұмар, жырқұмар, күй шертетiн, кездесе қалса бiр-бiрiне қазақы қалжың айтып тұратын шат-шадыман қауым бүгiнде томаға-тұйық. Нарықтың екпiнiне шыдай алмай шырайы кеткен сияқты. Таластың жағасына, сұлу табиғатқа шығайын десең, ол бiреудiң жерi дейдi. Ауылдағының бiреуi озық, бiреуi тозық. Халық жайбарақат. Ширақтық жетiспейдi", — дегенi де жерлестерiнiң тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туған күйiнiш сөздерi.

Сонымен аталмыш Үшарал баябан құмның жиегiндегi, момын жұрты төрт түлiк малымен күн көрiп отырған нағыз қазақы ауыл. Ал таяуда сол қоңыр ауылдағы орта мектептiң оныншы-он бiрiншi сыныптарында оқитын үш бозбала ауылды қақ жарып өтетiн үлкен жол жиегiндегi шеңгел арасында кешқұрым әңгiме-дүкен құрып отырады. Қара "Джип" мiнiп, қараңғы түндi жамылып бара жатқан әлдекiмдер кенеттен автокөлiктерiн кiлт бұрып, әлгi бейкүнә балаларға қарсы бейуақта мылтық атқан. Құдай қаққанда, машинаның өткiр жарығынан көздерiн алақандарымен көлегейлеген жастардың жанары жарақаттан сау, ал денелерiнде сау-тамтық қалмаған көрiнедi. Бiрiне 40 бытыра тиген, бiрiнiң денесiн 50 шақты бытыра шұрық-шұрық тесiптi. Наурыз көжеге жиналғандардың бiрсыпырасы: "Балалар әлгi машинаға тасадан тас лақтырған ғой. Содан кейiн атқан шығар", — дестi. Бiр қатар шошынған жұрт адамдардың қатыгез, қара жүрек бола бастағанына өкiнiш бiлдiрiстi.

Ең сұмдығы сол, ауылға келген әлгi белгiсiз қара "Джиптегiлер" өздерiнiң жазасыздығына толық сенiмдi болған. Яғни, ауыл адамдарын, олардың балаларын ату, өлтiрiп кету олар үшiн оп-оңай. Ал қазiргi ауылдардың тұрғындары ожар келiмсектердiң алдында мүлдем шарасыз, ең ақыры қорғанатын қарулары да жоқ. Нарықтық қатынастар — "Әркiм өз күнiн өзi көру керек" деген қағидат пен "Ол сенiң проблемаң" дейтiн принцип баяғы ауызбiршiлiктен де бiржола айырған. Бiр ауыз сөзбен айтқанда, қорғансыздың күнiн кешуде.

Бiр кездерi қазақы пейiл мен сыйластықтың мекенi болған Жамбыл облысында соңғы кездерi айырықша ауыр қылмыстардың етек алғаны байқалады. Тiптi, әйгiлi ағайынды Қырықбаевтардың түрмеден қашқан кезiнде де сондай қатыгездiк орын алған сияқты. Кезiнде ағалы-iнiлi Қырықбаевтар және тағы бiр жiгiт түрмеден қашып, 5 метрлiк биiктен қарғығандары туралы елiмiздiң ақпарат құралдарының көбiнде жарияланған және әлгi үшiншi жiгiттiң өлiмшi халде қайтадан қолға түскенi айтылған болатын. Қырықбаевтардың бiреуi кейiнiрек құқық қорғау органдарының қолына өз еркiмен берiлдi. Тараздықтардың кейбiрi әлгi жiгiттiң өлiмшi болып жарақат алуынан құпия астар iздеуде көрiнедi. Олардың айтуына қарағанда, ағайынды Қырықбаевтар әуелi байғұс жiгiттi биiктен лақтырып жiберiп, содан соң өздерi қатты жараланып, тұра алмай жатқан жiгiттiң үстiне қарғыған. Яғни, оларды жерге қатты соғылудан әлгi жiгiттiң денесi қорғап қалған iспеттi.

Осындай қатыгездiктердi жиi естiп-бiлiп жүрген тараздық жастардың да бiразы қылмыс жасаудың жаңа жолдарын ойлап табуға шебер бола түскендей.

Осы қаладағы колледждiң екiншi курсының екi студент қызы таяуда ақша табу үшiн "жорыққа" аттанады. Әлгiлер жол бойында көлiк тосып, ымырт жабыла машина айдаған бiр ақсақалды тоқтатып, қаланың шетiндегi ауылға апарып тастауын өтiнедi. Қаперiнде ешқандай қарау ой жоқ қария солай қарай бет алып, елсiз жерге келгенде әлгi бәлекет екi қыз алпыстың шамасындағы ақсақалдың мойнына қыл тұзақ тастап, өлтiруге әрекет жасайды. Жан беру оңай ма, жүргiзушi кiсi де қолдан келгенше қарсыласып, аман қалады. Қылмыскер қос құрбы қолға түседi. Жап-жас қыздардан неге адам өлтiрмек болғандарын сұрайды тергеушiлер кейiнiрек. Бұл оқиғадағы ең таңданарлық жайт әлгi екi қыздың жауабы. Олар: "Ол кiсi асарын асап, жасарын жасаған адам ғой. Бала сүйiп, өмiрдiң бар қызығын көрген шығар. Арманы жоқ шығар дедiк. Ол кiсiнiң ақшасын алып, колледждегi оқуымыз үшiн төлемек болдық", — деп жауап берген көрiнедi.

Не айтуға болады? Аңғал балалық па, әлде Әулиеата жерiнде жастар тәрбиесiмен ешкiм айналыспайтын болғандықтан осындай сорақы оқиғалар кең орын алуда ма? Ата-аналар да, мектеп те, тiптi студенттерден қомақты ақша алуды ғана бiлiп, басқаны жиып-терiп қойған колледж бен жоғары оқу орындарының ұстаздары да жастар тәрбиесiмен айналысуды бiржола қойған болар. Сондықтан бұл қаладағы студенттер мен мектеп оқушыларының арасындағы атыс, кiсi өлiмi туралы елiмiздегi БАҚ-тар жиi хабарлайды.

Осылайша жүгенсiз кетудiң салдарынан бұл қалада ешкiм өз өмiрiм қауiпсiз деп кепiлдiк бере алмайтын секiлдi. Тiптi, мемлекет, заң тарапынан қауiпсiздiктерiне мейлiнше кепiлдiк берiлген, қарапайым адам қол тигiзу былай тұрсын, қарсы сөйлеуге болмайтын сот судьяларының өздерi де Таразда өз өмiрлерi жарты күреш тиынға татымайтынына мойынсұнғандай. Таяуда әлдебiр жiгiт банктен қомақты несие алып, дер уағында қайтара алмайды. Iс сотқа жетедi. Әлгi азамат iстi әдiл шешпесе, судьяны ату үшiн сотқа жасырып шолақ мылтық алып кiредi. Судья жiгiттiң банкке 650 мың теңге берешек екендiгi туралы соңғы шешiм шығарып, үкiмдi оқып тұрған сәтiнде әлгi жас жiгiт мылтығын суырып ап, судьяны атуға әрекет жасаса керек. Қасында тұрғандар мылтықтың ұңғысын қағып жiберiп, алыс-жұлыс басталғанда мылтық атылып кетiп, жiгiттiң өзi ауыр жарақаттан қайтыс болады. Мiне, тараздықтар осындай әңгiмелердi айтады. Бiрi шошынып, бiрi күлкi араластырып, мысқылмен сөз қылады. Қалай болғанда да қаладағы, облыстағы қылмыстық ахуалдың ауыр екенiн жұрт iштей мойындайтыны сөзсiз. Ал мұндай алаңдатарлық жағдай бекерден бекер қалыптаспайды және бұл билiк басындағыларды онша ойландырып отырмаған да сыңайлы.

Осындай жағдайдың қалыптасуына себеп көп. Ең әуелi облыс тұрғындарының жұмыспен қамтамасыз етiлуi көңiл көншiтпейдi. Жамбыл облысы ұзақ жылдардан берi мемлекеттiк дотацияда отыр. Яғни, бұл облысқа бөлiнген ақшалар құмға құйған су сияқты, iз-түзсiз. Тiптi, бiр құрылыс компаниясы салынып жатқан көп пәтерлi үйдi аяқтамай, жұмысшыларға соңғы айларда мүлдем ақша төлемей, жоғалып кеткен. Ол ол ма, Тараз қаласындағы Орталық мешiттiң құрылысы да 5-6 жылға созылып, өткен жылы ғана әупiрiммен әрең бiттi. Алатау мен қарт Қаратаудың түйiскен тұсындағы жазиралы атырап, Қазақстан бойынша ең құнарлы жерге — түгiн тартсаң май шығатын алқапқа орналасқан Жамбыл облысының бұрын түрлi дақылдар өсiру, мал шаруашылығымен даңқы жайылса, қазiр мұнда бұрынғы дәстүрлердiң iзi де қалмаған. Кезiнде Одақ бойынша даңқы жайылған қызылша егу де ұмытыла бастады. Облыстың балалары қазiр тәттi қызылшаның дәмi қандай екенiн де бiлмейтiн шығар.

Соңғы жылдары елiмiзде жаппай дамып, өркендеген құрылыс саласы да бұл облысты айналып өткендей. Астана, Алматы, Атырау қалаларын былай қойғанда, Тараз қаласының сұлулығын, көркiн, өркендеуiн титiмдей Түркiстанмен де салыстыруға болмайды. Iргелес жатқан Оңтүстiк Қазақстан облысында iзденiс, жаңа iстерге жаппай ұмтылыс бел алып, бiрде жақсы ойлары жүзге асып, бiрде жоспарлары орындалмай жатса, ал Жамбыл облысында ондайдың бiрi де байқалмайды. Адамдарды бойкүйездiк жеңгенi соншалық, бәрiне енжар, әбден самарқау. Өмiрдiң ағынымен бiрге толқын бетiнде қалқып жүре беру, әрине, адамдардан, әсiресе облыс басшыларынан оншалықты көп қабiлет, iзденiстi талап етпейтiнi бесенеден белгiлi.

Есесiне, осындай жағдайлардың әсерiнен Қазақстандағы адам дамуы мейлiнше кенжелеп отыр.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (ПРООН) бойынша 1990 жылдан бастап жылма-жыл әлемде адам дамуы туралы баяндама дайындалатыны белгiлi. Бұл бүге-шiгейлi баяндаманы халықаралық тәуелсiз сарапшылар тобы дайындап, өзге де түрлi халықаралық ұйымдар мен агенттiктердiң есептерiн пайдаланады. "Адам дамуы" деген ұғым кең мағынасында жеке адам дамуын — оның денсаулығынан бастап, экономикалық, саяси бостандығының барлық салаларын қамтиды. Өткен жылы да осындай баяндама дайындалды. Қазақстандағы жағдай кiсi қуантарлық емес.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша түзiлген баяндамаларынан елiмiздегi адам дамуының екi кезеңiн бөлiп айтуға болатыны сөзсiз.

Бiрiншi кезеңде — 1990-1995 жылдар аралығында елiмiзде адам дамуының барлық көрсеткiштерi бойынша керi кету байқалып, Қазақстан осыған дейiнгi 54-орыннан 93-шi орынға бiрден құлдырауға мәжбүр болғаны мәлiм.

Осы кезеңде адам дамуына бiрнеше күрделi жайттар айтарлықтай әсерiн тигiзген болатын. Бiрiншiден, Қазақстаннан сыртқа көшушiлер көп болды. Екiншiден, тәуелсiздiк алған жылдары бала туу Орталық Азияның барша республикаларында азайып, 25-40 пайызға дейiн кемiгенi де белгiлi.

Үшiншiден, мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң бiржола күйреп, әлеуметтiк инфрақұрылымдарға жұмсалатын шығындардың азаюы де айтарлықтай ықпалын тигiздi.

1990-1995 жылдар аралығында Қазақстандағы адам дамуы индексiнiң төмендеуiнiң 52 пайызы адамдардың өмiр жасының қысқаруына байланысты болса, 37 пайызы жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмнiң төмендеуiнен, ал 11 пайызы оқуға тартылғандар санының азаюына тiкелей байланысты болды.

Адам өмiрiнiң ұзақтығы жөнiнен де Қазақстан көптеген елдерден, тiптi дамушы елдерден де кейiн қалып отыр. Дамыған, экономикалық әлеуетi жағынан алда тұрған елдерде адамның орта жасының ұзақтығы 78 жас болса, дамушы елдердiң бiрталайында 68,2 жас, ал Қазақстанда бұл көрсеткiш небары 65 жастың ғана шамасында.

Егер басқа аймақтарда да Жамбыл облысындағыдай, тiптi, Тараз қаласындағыдай адамдар бiр-бiрiн көктемгi жайылма суға қонған жабайы үйрекше жаппай мылтықпен атып жүрсе, бiздiң елiмiзде адамдардың өмiрi қалай ұзақ болмақшы?!

Таразға барып келгелi берi күнде ойға батамын. Үшаралда үш балаға қарсы оқ атқан кiмдер екен?! Қара "Джипке" мiнген сол қарақшылар ешқашан ұстатпай кете ме?! Сол қарақшылардың өз балалары, жасөспiрiм iнiлерi жоқ па? Тiптi, сол малғұндарда жүрек, адамшылық деген бар ма өзi? Әлде, малға айналып кеттi ме олар…

Жаңабек ШАҒАТАЙ