“АҒАЖАЙ” АҒАТ АЙТЫЛМАСА ЕКЕН
“АҒАЖАЙ” АҒАТ АЙТЫЛМАСА ЕКЕН
Бiз ән мен әншi жағынан кенде емеспiз. Алайда, халқымыздың тарихымен бiрге туып, бiте қайнасқан тарихи әндерiнiң бұрмаланғанын көргенде үндемей қоюға дәтiңiз жетпейдi.
1937 жылғы қуғын-сүргiн, қызыл империялық бодандық ескi мұраларымызды тонап, есiмiздi шығарғанынан болар ән авторларын айтпау немесе жаңсақ айту барынша белең алды. Айталық, Қожаберген жыраудың әнi "Елiм-ай"-ды, Ақан серiнiң әнi "Балқадиша"-ны, Естайдың әнi "Құсни-Қорлан"-ды халық әнi деп, Мағжанның әнi "Сен сұлу"-ды көп өзгертiп, басқа бiреудiң атынан айтып келдiк. Тiптi, "Елiм-ай" әнi күнi бүгiнге дейiн халық әнi күйiнде айтылып келедi. Бұдан қалса кейбiр әндердiң сөзi өзгертiлiп айтылып, ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай бiзге жеткен халық мұрасы көзсiздiкпен бұзылып, бұрмалауға түстi. Өкiнерлiгi – ол қазақ елiнiң мемлекеттiк радио-теледидарларынан, сахналарынан, басылым беттерiнен өз ойынша орын алып жүр.
Сондай әннiң әуелгiсi "Ағажай".
Бала күнiмiзден бiздiң құлағымызға сiңген әннiң екi шумағы мынау:
Өр Алтайдан дүркiреп ел көштi ғой,
Ақ даланың төсiнен оқ естi ғой.
Қара арғымақ сүрiнiп қу томарға,
Қара нардың бұйдасын жау кестi ғой.
Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!
Елiм көшiп аңырап жерiм қалды,
Асқар асу шұрайлы белiм қалды.
Омырауын қарт анна жаспен жуып,
Қарай-қарай мекенге көзiм талды.
Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!
Бұл ащы мұң, өзектi өртер сағыныш, елiнен, жерiнен айрылған халықтың аянышты халi, омырауды жуған көз жасы, жүрек жарды жалыны…
Бұл екi шумаққа кейде:
Тауы да алтын Алтайдың, тасы да алтын,
Ескен желi Сауырдың қоңыр салқын.
Қиыр қонып, шет жайлап Қара Ертiстi,
Абақ Керей баласы ән салатын,
— деген тiркестер қосып айтылса, кейде:
Ауылым көшiп барады белден асып,
Белден асқан бұлтпенен араласып.
Немесе:
Аңсап сенi туған жер өлеңдетем,
Алтын бесiк Өр Алтай атамекен.
Ата-баба сүйегi жатқан жердi,
Дәм татып, о дариға-ай, көрер ме екем,
— деген шумақтар қосылады. Бұлардың әнге келтiрер алабөтендiгi шамалы. Ал, Майра орындаған нұсқада: "Асқар шыңын күн сүйген алтын Алтай…" деп басталады. Ел басына төнген ауыр күн, жаңбырша жауған оқ, оқ астында қанды көш — Алтайдан үдере көшкен, зар жылаған ел — әннiң құдiретi де осында. Ендеше, бұлт торлаған сүреңсiз аспан емес, қайдағы "асқар шыңын күн сүйген" деуiмiз жаңсақтық.
Қытайда 1966-1976 жылдар аралығында жүргiзiлген "Мәдениет төңкерiсi" тұсында "Қарабұлт", "Сары жапырақ", "Жау" деген тектес көлеңке жақты көрсететiн көп сөздiң жебесi компартияға тиедi деп қаралып, "жалған мәдениетшiлер" оған өзгерiс жасаған кез болған. Сондай талапайда "Ағажай Алтай", мұңлы Алтай болмауы керек, "Асқар шыңын күн сүйген алтын Алтай" болуы керек делiнiп, ән өзгертiлiп айтылатын едi. Әншiлердiң қолына түскенi сол "жүнi жұлынған" "мәдениеттi" шумақ болса керек. Бiрақ, одан бүтiн әннiң тарихына, болмысына көлеңке түсiп тұр.
Ал, "Ағажай" әнiнiң шығу тарихына келсек, қазiрге дейiн тұжырымды дерек, дәлел жоқ. Бiрақ, Алтайдан ауған елдiң әнi деген пiкiр басымдау. Шыңғысхан заманынан тартып алтын Алтай қойнауынан айрылғанда зар жылап, толарсақтан қан кешiп, босқын болған елдiң соңғы көшi 1870 жылдармен 1952 жылдар аралығында болған. Яғни, Алтай жерiнен Еренқабырға, Баркөл жерiне Моңғолияның Баян-Өлгей, Қобда өңiрiне көш басталып, оның аяғы Тибет жерiн басып, Үндiстан, Пәкiстан, Түркия елдерiне дейiн көшумен жалғасқан. Қариялардың айтуынша 1930-1940 жылдардағы қанды көшпен Алтайдан ауып бара жатқан ел арт жақтағы туыстары келiп қосылғанда, "Ағажаным-ай, Алтайым-ай, Алтайымдай жер қайда-ай" деп жылап көрiсiп, оның әнге айналғанын тiлге тиек етедi. Жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлының көзi тiрiсiнде осы әннiң қалай туғанын сұрап едiм. Ол кiсi: "Әннiң дәл қашан, кiм шығарғанын бiлмеймiн. Бiрақ, 1943-1944 жылдары алғашында ұлт азаттық көтерiлiсiнiң сарбаздары жағынан партизандар марш ретiнде айтып жүрдi. Одан бұрын ол әндi ешқайдан естiп көрмеп едiк. 1952 жылы Көктоғайда тұңғыш рет сахнада орындалды. Менiң ойымша, ол сол 1943-1944 жылдардың тумасы болса керек" — деп жауап берген едi. Бұл жоғарыда айтылған басқа қариялардың айтқан дерегiнен алшақ кетпейдi. Елдiң Алтайдан ауған қанды көшiнiң бiр шоғыры 1935-1940 жылдары болғанын ескерсек, әннiң осы тұста туғандығы шындыққа бiршама жақындайтын секiлдi. Қалай болған күнде де әннiң өзi айтып тұрғандай, ол Алтайдан ауған елдiң сағынышты зарынан туғандығына ешкiмнiң таласы жоқ.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы, журналист