Қытайдағы қазақтар: КӨШIП КЕЛУДIҢ МАШАҚАТЫ
Қытайдағы қазақтар: КӨШIП КЕЛУДIҢ МАШАҚАТЫ
Қытай жағы таратып отырған мәлiметтерге сенсек, Қытай жерiнде бiр миллион бес жүз мыңға тарта қазақ тұрады. Бұл арада Қытайдағы әр жылғы мәлiметтерге сүйенсек, 1949 жылы, яғни коммунистiк Қытай қазақтарға өз үстемдiгiн жүргiзе бастаған кезеңде онда 443700 қазақ болған. Бұл сан әр жылы шамамен 20 мыңдық қарқынмен өсiп отырған.
1960 жылға келгенде қазақтардың саны 541600-ге жеткен. Осыдан екi жылдан кейiн, атап айтқанда 1962 жылға келгенде қазақтардың саны 487400-ге құлдыраған. Демек, екi жылдық туу санын қосқанда 100 мың адамның кемiгенi жасырын емес. Бұл 1962-жылғы ұлы көш және көштен кейiнгi қолдан жасалған аштықтың салдарынан екенi айдан анық. Осыдан кейiнгi жылдарғы өсу салыстырмасы кей жылы 20 мың, кей жылы 30 мыңдық қарқынмен артып отырған. Сөйтiп, 1990 жылға келгенде ондағы қазақтардың саны бiр миллион екi жүз мыңға жеткен. Бiр қызығы, осыдан кейiнгi мәлiметтер аса айқын емес. Әсiресе, 1995 жылдан 2007 жылға дейiнгi мезгiлдегi өсу салыстырмасы айқын көрсетiлмеген. Бiр миллион екi жүз мың халықтың әр жылғы өсу салыстырмасы бойынша қарасақ, 1990 жылдан 2007 жылға дейiнгi 17 жылда кемiнде 500 мың адам қосылады екен. Сонда Қытайда кем дегенде 1 миллион 700 мың қазақ тұрады деген сөз. Демек, бұл ресми емес деректердегi Қытайда екi миллион қазақ тұрады дегендi терiске шығармайды.
Қытай елiнiң қазақ секiлдi аз санды ұлттарға ұстанған саясатында автономия түзiмi бар. Ол мемлекеттiк заңдарға да енген. Iле, Алтай, Тарбағатай өңiрiн құрамына алған Iле қазақ автономиялы облысы атты әкiмшiлiк орган бар. Бұдан басқа Шынжаң жерiнде Мори қазақ автономиялы ауданы, Баркөл қазақ автономиялы ауданы, Шынжаңмен көршiлес Гансу өлкесi қарамағындағы Ақсай қазақ автономиялы ауданы бар. Шындыққа жүгiнер болсақ, автономия саясаты 1954 жылдан бастап атқарылып, 1980 жылдарға дейiн бiршама сақталғанымен қазiргi кезде ауыз жүзiнде ғана айтылады. Тiл, жазу, мектеп, университет жағдайында ешқандай автономиялық жоқ. Жергiлiктi үкiмет органдарыңда қазақтар бiрiншi бастық түрiнде тағайындалғанымен партия басшысы аталатын қызыл мөрдiң иесi барлық тiзгiн-шылбырды өз қолына алған. Мемлекеттiк құзырлы органдар түгелдей қытай тiлiнде құжат жазып, қытай тiлiнде жиналыс жүргiзедi.
Қытайдағы қазақтардың қоныстанған жерлерi — Тәңiр тауының (Тянь-Шань) солтүстiгiндегi Еренқабырға, Алтай, Тарбағатай таулары, Iле өңiрi секiлдi аса көркем жерлер. Онда Iле, Ертiс өзендерi Қанас, Үлiңгiр, Сайрам көлдерi бар. Жалпы Қазақ жерi асқар таулармен асау өзендерден құралған көз сүрiндiретiн көркем аймақ.
Мейлi Қытай жазбалары, мейлi басқа тарихшылардың жазба деректерiне үңiлгенде аталған жерлер ежелден қазақ ұлтын құраған ұлыстардың мекенi болған. Бiздiң заманымыздан бұрынғы I-II-Ш ғасырларда өмiр сүрген Сақтар, Үйсiндер, Ғұндар мекендеген осы байтақ далада бiр мезет Батыс Түрiктер, Түркештер, Қарлұқтар iлгерiндi-кейiндi хандықтар құрған. Хандықтар құрамындағы Қаңлы, Үйсiн, Алан, Дулат, Түркеш, Қарлұқ, Оғыз тайпалары, көне көк түрiктердi құраған Найман, Керей, Жалайыр, Қоңырат, Меркiт, Уақ тайпалары қазiргi Моңғолия жерiнен Iле, Ертiс өзендерi аралығына дейiнгi бай даланы мекен еткен. Тек Шыңғыс хан заманына келгенде тозғын күй кешумен бiрге бiртiндеп қазақ ұлтын қалыптастырған.
Ендеше, Қытай қазақтары қоныстанған жерлер ежелден олардың атамекенi, қасиеттi күл төгерi екенi шын. Бүгiнгi бәз бiреулердiң айтқанындай ондағы қазақтар ешқандай "қашып" барғандар емес, зұлмат жылдардың қанды қасiретiнен шекара атанған қызыл сызықты олай-бұлай кесiп өтуiне себеп болған замана қылмысының құрбандары.
Олай болса, бүгiнгi күнде ондағы қазақтардың сол сүйiктi мекенiн тастап, Отанына — қасиеттi қазақ шаңырағына көшуiне не себеп болды?
Ең басты себеп, ұлттық мүдде мен әлгiнде айтқан автономия саясаты аяқасты етiлдi. Дiнiнен, тiлiнен айырылудың қатерiне ұшырады. Екiншi себеп, жан санының артуымен жердiң тарылуы.
Қытай жерiндегi қазақтар қоныстанған өңiрге Қытай ұлтының кiру тарихы онша ұзақ емес. Нақты айтқанда, саяхаттап немесе қонақтап келiп-кетушiлердi айтпағанда, ресми қоныстануы 1800 жылдардан бастау алады. 1867 жылы көтерiлiстен жеңiлген Қытай армиясы Тарбағатай, Алтай өңiрiне алғаш қадам аттап, бiр бөлiмi сонда қалған. Оларды қазақтар бастабында "қызыл аяқтар" деп қабылдаса соңынан "құржалықтар" деп еркелетiп, өздерiне сiңiрiп әкеткен. Ал онан кейiн 1930-1940 жылдар iшiнде Гоминдаң партиясы аталатын қара қытайлар кiрсе, 1949 жылдан бастап қызыл қытайларға есiк ашылды. Сөйтiп, ендiгi жерде қытай ұлты қазақтар мекендеген өңiрлерде олармен қоныстас, көршiлес бола бастады.
Қытайдағы қазақтардың көбi егiн салып, мал бағумен айналысады. Ондағы жер саясаты бiздiкiнен жақсы. Анықтап айтқанда, жер иелiгi жекенiң мүддесiне емес мемлекеттiң пайдасына шешiлген. Оны жекелерге беру-бермеу мәселесiн үкiметтiк органдар шешедi. Жердi түбегейлi сатып бермейдi, 5-10 жылға қысқа мерзiмдiк жалға алуға болады. Бұл саясат сырттан ағылып кiрген қытайларға (өз сөздерiмен айтқанда iшкергi өлкелерден Шынжаңға келген халық жұмыскерлерiне) аса тиiмдi, ежелден сол жердi пайдаланып келген қазақтарға тиiмсiз. Екiнiң бiрiнде "Жер мемлекеттiкi" деген дөң айбатпен мемлекеттiк ұлтқа еншi бөлуге жомарттық көрсетуге дайын тұрады.
Жақын жылдардан бергi қазақтардың жайлаулық жерлерiн әртүрлi сылтаулармен тартып алып жатқаны да соның бiр дәлелi.
Бұл арада Қытайдағы жағдай мұншама ауыр болғанда ондағылар неге түп қопарыла көшпейдi? — деген сауал тууы да мүмкiн.
Қытай саясаты барынша жiңiшке жолмен атқарылады. Ешқашан айғай немесе қатыгез бұйрық түрiнде емес, қанжарын балға орағандай жұмсақтық ұстану олардың ата дәстүрi. Сол үшiн де олар рухани дүниенi, ақпаратты, мәдениет, өнер жағын барынша мықты ұстайды. Бiз Қазақстанда отырып қазақшаға жарымай жүргенде ондағы қазақтар екi қазақша телеарнаны көредi. Қазақ радиосы тәулiгiне 18 сағат қазақша сайрайды. Ахмет Байтұрсынұлы жазуы үлгiсiндегi төте жазумен шығатын жиырмаға жуық газет-журналы бар. Мемлекет қызметкерлерi күнiне 8 сағат, аптасына 5 күн жұмыс iстейдi. Артық iстесе үстеме ақы алады. Зейнетке шықса еңбек ақысы толығымен берiледi. Жұмыс орындары үймен қамдауға, несие алуға жәрдемдеседi, азық-түлiк, киiм-кешек барынша арзан. Осындай тиiмдiлiктерi жағынан тұрмыс-тiршiлiгiн ойлағандар жылы орнын суытқысы келмейдi. Ал кеткiсi келген кедейлердiң қолында не төлқұжаты жоқ, не ақшасы жоқ, төлқұжат жасату үшiн табанынан таусылып шаршайды, қалтасы қағылып дәрменi құриды.
Бiр ғажабы, барлық шетелде азаматтық куәлiкпен қоса шетке шығу төлқұжатын берсе де, Қытайда олай емес. Әсiресе, қазақ сынды аз санды ұлт өкiлдерiне келгенде "ананы әкел, мынаны әкел" деген әуресi таусылмайды. Төлқұжат алып туысшылап келу үшiн кемiнде 2-3 ай уақыт өтедi. Көшiп келуге бiрнеше жыл керек.
Қырық тесiктен өтiп қолына төлқұжат тигеннен кейiн виза аламыз деп әлденеше ай сарпалдаңға түседi, кезекке тұрып кенезесi кебедi. Кеденге келгенде кедергiсiз өте алмайды. Сөйтiп "арық атқа қамшы ауыр" дегендей керуеннiң бұйдасы үзiлерге жетедi. Онсызда Қазақстан мен Қытай арасында көшi-қон, еңбек шартымен, бiлiм алу жолымен дейтiн ешқандай мемлекеттiк келiсiмшарт жоқ.
Ал, ондағы жағдайы жақсы қытаймен құшақтасып күн көрiп отырған қазаққа ақы берсеңiз де келмейдi. Баласын қытайша оқытып, қытайша тәрбиелейдi. Бiздiң 70 жыл орысты құдайдай көргенiмiздей қытай ұлтын ғана мәдениеттiң көкесi санау— ондағы ұрпақ санасына ұялай бастаған ең ауыр iңдет.
Бүгiнгi күнi Қазақ — Қытай мемлекеттерiнiң аталмыш достығына қарағанда, Қытай жағы Қазақстан мүддесiне жат әрекетке бармайды.
Қытай мүддесiне жат қылық көрсе оған бiрлiкте қарсы тұрады. Сол үшiн де Қазақстан жағы Қытайдағы Шынжаң өлкесiн "Шығыс Түркiстан" деп айтуға аузы бармайды. Ол түгiлi Қытайдағы ежелгi Қазақ жерiн қазақтiкi деуге де қорқамыз.
Ал, қытайлар ше? … Мақұлға жауап жоқ дегендi басты назарында ұстанған олар алдымен тiсiнiң ағын сыйлап жылы сөйлеуге бейiм тұрады. Және де жаулыққа асықпайды. "Қырық жылда қайтқан кек — тез қайтқан кек" дегендi сол үшiн айтады. Оқулықтарында Зайсан Балқашты өз iшiне алып, Ыстық көлге дейiнгi 440 мың шаршы шақырымды "Өзiмiздiң жер" деп белгiлеп, күнi бүгiнге дейiн ұрпағының санасына құюы — соның бiр айғағы. Ал бiздiң саясаткерлер мен дипломаттарымыз: "Қытаймен алты алас бес бересiмiз жоқ, екi ел басшысы шекара келiсiмiн жасасқан, ол бiздiң дос көршiмiз" деп өз-өзiн жұбатады.
Қазiргi Қытай, Ресей, Өзбекстан жерiндегi бiраз жердiң ежелден қазақ жұрты екенiн ескерсек олар ешқайда оралып отырған жоқ. Қайта өзiнiң ата жұртында отырып-ақ қуғын-сүргiнге ұшырауда. Туған жер, өскен өлкесiн тастап босқындық күй кешуде. Әсiресе, Қытай территориясындағы Iле, Алтай, Тарбағатай өңiрi атам заманнан қазақ жерi. Тек шекара аталатын қызыл сызықтың арғы-бергi жағын паналатқан зұлмат жылдар оларды тағдырдың тәлкегiне ұшыратып отыр. Өткен күндерге лағнет айтпай-ақ бүгiнiмiзге назар бұрсақ ел тiзгiнiн ұстаған естi азаматтардың өзi: "Оралмандар — кеше отанын сатқан қашқындар, опасыздар" немесе "Құлдыққа үйренген бодандар" — деген бейбастық сөздерге барды. Сөйтiп, тентiреп келген қандастардың хал-күйiне үңiлуден көрi олардың тырнақ астынан кiр iздейтiн үрке қарау сезiмi туа бастады.
1990 жылдардан басталған көш жағдайына келер болсақ, ең алғашқы көшке мұрындық болғандар студент жастар мен зиялы қауым өкiлдерi болды. Қазақ-қытай байланысының 1989 жылдан басталған оң қадамы екi арадағы тоңды жiбiтiп, көне сүрлеудi жаңалады. 1991 жылғы тәуелсiздiк ондағы қазақтардың арманына қанат бiтiрдi. Сол жылдан бастап әртүрлi себептермен келе бастады. 1993 жылға келгенде Жақсылық Сәмитұлы бастаған бiр топ зиялы қауым өкiлдерiнiң келуi ондағы қазақтар санасына жаңа жол ашты.
1991-1992 жылдан басталған көш қазiрге дейiн жалғасып келе жатыр, десек те соңғы жылдардағы аяқ алысымыздың баяулығы жасырын емес.
Қазақстан — Қытай екi ел арасында мемлекетаралық ешқандай көшi-қон және бiлiм алмасу шартының болмауына байланысты көптеген қиындықтар туып отыр. Атап айтқанда, Қытайдан Қазақстанға көшiп келуде Қытай жағының қырық тесiктен өткiзетiн "қиямет" жағдайын айтпаған күннiң өзiнде Қазақстан жағының кедергiсi де аз емес.
Оның бастыларына тоқталар болсақ, сыртқы iстер, iшкi iстер, кеден комитетi және көшiп келу квотасына енгiзу жағдайы төңiрегiнде бiраз мәселелердiң сақталып отырғанын ашық айтуымыз керек.
Сыртқы iстер министрлiгiнiң құзырына бағынышты болған Қытайдың Бейжiң қаласындағы консулдық басқармасының Шынжаңдағы iс басқару орны — Үрiмжiдегi бөлiмшесiнiң қазақтардың виза мәселесiн күнi бүгiнге дейiнгi түбегейлi шешiлуi өкiнiштiң бастауы болып отыр. Бұл мәселе газет, теледидар бетiнде бiраз әңгiмеге мұрындық болып, аяғы "шешiлдi" деген жеңiл жауаппен тәмамдалған едi. Жақында ғана Қытай жағынан келiп түскен мәлiметтерге қарағанда, қандастарымыздың виза мәселесi әлi де "кезек күтуден" құтылмаған түрi бар. Шынжаңның жер-жерiнен, алыс аймақта тұратындар бiр мың километрден астам жол басып Үрiмжiге келiп, тез болғанда екi апта, әйтпесе айлап жатады екен. Бұрын жылдап жүрiп виза ашқызғандар қазiргiсiне тәубамен қарайтын көрiнедi. Ал, қалтасы тоқ пысықайлар немесе үкiметтiк орган жағалаған зиялы қауым өкiлдерi өз жұмыстары тез бiтiп жатқандықтан өзгелермен санаса бермейдi. Қашанда зардап шегушiлер, қара халықтан шығады.
Екiншi кедергi, кеденде кезiгедi. Қытай-Қазақстан арасындағы сауда-саттық iстерiнiң дамуына байланысты, кеденшiлер көп жағдайда көш қайсы, тауар қайсы — осыны айыра алмай, кiнәсiздердi шырылдатып жатады. Бармақ басты, көз қысты, жең ұшынан жалғасқан ұсақ жемқорлық көш үшiн емес, саудагерлер үшiн жұмыс iстейдi. Сол себептi де көш көлiгiнiң шекарада қамалып қалуы жиi жүз бередi екен.
Мейлi көшiп келушi болсын, мейлi жеке сапармен келушiлер болсын тағы бiр қиындықты iшкi iстер органынан көредi. Тiркеу және виза ашудағы құжат бастылық пен басқа да қиындықтар салдарынан екiнiң бiрiнде жолынан қалып жататындар жиi ұшырайды. Көп жағдайда тұрақты тiркеу немесе үй кiтабы сұралады. Ел мен жердiң жағдайына қанық емес, жаңадан келушiлер бiрден үй кiтабын таппайды. Сөйтiп, жолаушыларымыз iшкi iстер басқармасының көшi-қон полициясы төңiрегiнен делдалдар iздеуге мәжбүр. Олардың "сауда" үшiн кесiмдi бағасы бар. Қазақтар зар илеп тентiреп жүргенде доллар санаған қытай және басқа да ұлт өкiлдерi өз жұмыстарын оп-оңай бiтiрiп алады.
Үшiншi кедергi, Көшi-қон комитетi және оның оралмандарға бөлетiн квотасы төңiрегiнен кезiгедi.
Қытай жағында бiр жарым миллион қандастарымыздың отырғаны ешкiмге күдiксiз мәселе. Ал осы бiр жарым миллион адамға жылына 1065 отбасылық квота ғана беру жүннiң арасына тары шашқандай iс. Бұл сан ондағы қандастардың көшi-қон мәселесiне ешқандай оң өзгерiс әкеле алмайтыны бәрiмiзге аян. Осымен бiрге 2007 жылдың 29-қыркүйегiндегi Үкiметтiң №858 қаулысымен бекiтiлген "Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу ережесi" де ондағы қандастардың бүгiнгi тағдырына түбiрiнен үйлеспейдi.
Анығын айтар болсақ, "мамандығы мен бiлiктiлiгiнiң болуы, бiлiм деңгейi және кәмелетке толмаған балаларының саны" деген өлшемдер Қытай қазақтарының мүддесiне қарама-қарсы қойылғандай көрiнедi.
Себебi, Қытай қазақтарындағы зиялы қауым өкiлдерi негiзiнен келiп болды деп айтуға болады. Ал келмекшi болған ендiгi бiр бөлiм зиялы қауым өкiлдерi алдыңғылардың ауыр халiн көрiп тоқырап қалды. Мұнда келген қарттардың зейнетақыға қол жеткiзе алмауының өзi талай жанның ертеңгi үмiтiне көлеңке түсiрдi.
Бұл елге қарағанда Қытай елiнiң зиялы қауымға жасайтын көмегi әлдеқайда жақсы. Зейнетақысының өзi еңбекақы деңгейiн сақтайды. Демек, алдыңғы докторлардың ала дорба көтерiп базарда жүргенiн көрген олар ендiгi жерде жылы орнын суытқысы келмейдi. Келгiсi келетiндер қолында көк тиыны жоқтар немесе дипломы жоқ егiншi, малшы қауымы. Сонда "ереже" қараша қауым үшiн қызмет етпейтiн болғаны ма?
Қытайда төрттен көп балалы болу дегенiңiз жоғалғанына жиырма жылға тартты. Олардың "Жоспарлы туу" саясаты ондайға жол бермейдi. 1990 жылдан кейiн үйленгендер дерлiк 2-3 баламен шектелген. Ендеше "төрт балаға — 5 балл, көп балаға — 10 балл" — деу олар үшiн айтылмаған тәрiздi.
Тағы бiр айта кетерлiк жағдай, мұнда келгеннен кейiнгi жергiлiктi әкiмшiлiк органдардың оралмандарға қаратқан көзқарастары да әртүрлi. Кейбiр әкiмдер оралмандарға құшағын ашып, оларға жер телiмдерiн сыйлап шама шарқынша көмегiн тигiзiп отырса, кейбiреуi жау көргендей үрке қарайды. Айталық, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Ақсеңгiр ауылындағы 200-ге тарта оралман отбасы аудан әкiмi мен ауыл әкiмiнiң есiгiн тоздырып егiстiк жер ала алмай жүргенiне үш-төрт жылдан асқанын өз көзiммен көрдiм.
Қытайдан келген оралмандардың екеуiнiң бiрiнiң айтары жер. Мұндағы себептердiң бiрi, Қытай қыспағында жүрiп, жер тапшылығын көруiнен десек, екiншi себеп жер емшегiн емiп, адал жолмен нанын тауып жеудiң қамы. Сондықтан да олар ең әуелi үй салатын орын iздейдi. Онан соң егiстiк жер сұрайды. Үшiншi, малына жайылымдық қарастырады. Егер Қытай қазақтарына: "Сендерге беретiн бiр тиын ақшамыз жоқ, үй салатын жер, егiстiк пен жайылым берейiк" десе олар қуана келiсер едi. Қуана келiскенi былай тұрсын аз жылда-ақ шаруашылығын дөңгелетiп, әлгi жердi гүлдендiрiп отырғанын көрер едiңiз. Демек, олардың бойында қытайлардан үйренген еңбекшiлдiк рухы басым. Әсiресе, жер жағдайында тiптен солай.
Бұдан туатын ой, бiздiң бейiмделу орталықтарымыз немесе көшi-қон басқармаларымен жергiлiктi әкiмдер олардың қажетсiнуiне қарай өмiр сүру ортасын жасап берсе тiршiлiгiн жандандырудың тiзгiнiн өз қолдарына алар едi. Немiс пен орыстың өз қандастарын жинау тәжiрибесi бiзге көп нәрсенi ұқтырады.
Олай болса жер бетiнде жетiмдiк көрген бауырларымызды қолтығымызға тартсақ, басынан сипасақ, Алла бiздi, қазақ деген қасиеттi ұлтты басынан сипап, бағын асырар едi деп ойлай алуымыздың қажеттiлiгiн онан ары сезiнемiз. Сезiнген сайын әлгiндей кедергiлердi жұлып тастағымыз келедi. Ол бiрiншiден Аллаға, екiншiден құзырлы органдарға тапсыратын ақ жүректiң аманаты болмақ!!!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы, журналист