АЛАЯҚ КОМПАНИЯЛАР МЕН ҮМIТСIЗ ҮЛЕСКЕРЛЕР

АЛАЯҚ КОМПАНИЯЛАР МЕН ҮМIТСIЗ ҮЛЕСКЕРЛЕР

АЛАЯҚ КОМПАНИЯЛАР МЕН ҮМIТСIЗ ҮЛЕСКЕРЛЕР
ашық дереккөзі
268

Құрылыс компанияларынан ауыздары күйген кейбiр үлескерлер демократиялық тұрғыда дамыған елдерден саяси баспана сұрауға бел буыпты. Оған билiктiң нендей жауап қайтарары әзiр белгiсiз. Есесiне, елдегi "үлескерлер айқайы" мен құрылысы бiтпеген нысандар дауы уақыт өткен сайын күшейiп келедi.

Құрылысы бiтпей, талайдың жүйкесiн жұқартқан нысандар бiз үшiн таңсық емес. Алданып қалған үлескерлердi де кез келген елден кездестiресiз. Ресейде тiптi, құрылыс компаниялары сазға отырғызған үлескерлер мәселесiмен айналысатын арнайы комиссия құрылған. Жұмысы тоқтап, қаңырап қалған құрылыс нысандары тiзiмге алынып, үлескерлiк жобаларға қатысқан азаматтардың құқығын қорғайтын заң қабылданыпты. Демек, мемлекет жауапкершiлiктi белгiлi бiр деңгейде өз мойнына алған. Ал Қазақстан Үкiметi былтыр қаржылық дағдарыстың салқынын алғаш сезiнген құрылыс компанияларына (сонымен қатар банк саласы мен шағын және орта кәсiпкерлiкке) қаржылай көмек ретiнде 4 млрд. доллар көлемiнде қаражат бөлу туралы шешiм қабылдады. Оның 1 млрд. доллардан астамы 2007 жылдың соңына қарай бөлiндi де. Осы мәселеге қатысты бiрнеше комиссия құрылып, мемлекет тарапынан жәрдем берiлетiн компаниялар мен нысандардың тiзiмi жасалынды.

Өкiнiшке қарай, мақтануға тұрарлық iс-әрекет әзiрге жоқтың қасы.

Әсiресе, Алматы, Астана қалалары мен Алматы облысына қарасты аумақтағы үлескерлердiң наразылығы қатты. Бiр ғана Алматы қаласы бойынша 10 мыңға жуық үлескер бар көрiнедi. Бүгiнгi таңда мемлекеттен қаржылай көмек сұрап отырған мекемелердiң үлескерлерi 6,5 мыңға жуық. Республикалық бюджеттен бөлiнетiн 59 млрд. теңге осы алты жарым мың үлескердiң бәрiн бiрдей "жарылқай" алмайды, тек тең жартысын ғана. "Қара тiзiмiнiң" басында "Қуат" пен "КазСтрой" тұр. "Қуатқа" алданғандар тобы коммуникация жұмыстарын өздерi шешуге белсенiп отырғанмен, қаңтарылып қалған құрылыс алаңдарында тiршiлiк нышаны бiлiнер емес. "Жығылғанға – жұдырық", "Қуат" былтыр клиенттерiн сабырға шақыра алмай әлек боп жатқанда, компанияның өз жұмысшылары мен қаржылық тұрғыда көмектесетiн серiктестерi шу шығарды. "Қуаттың" қуаты мен қауқарына күмәнмен қарауы клиенттердiң де сенiмiне селкеу түсiрген болатын. Дәл осындай жағдай "АлматыИнвестстрой", "Верный-kz", BS Group, "Елiм-ай", "Ақ ауыл" құрылыс компанияларының төңiрегiнде де өрбуде. Айтпақшы, үлескерлерден кезiнде 20 млн. доллар жинап алған "Верный-kz" компаниясының басшысы мiндетiн өтеудi талап еткен үлескерлерге қоқан-лоққы жасаған көрiнедi: "Менiң үстiмнен неғұрлым көп шағым айтсаңдар, соғұрлым көп ақшаны тиiстi орындармен "келiсуге" жұмсаймын"… Ал "Ақ ауыл" құрылыс мекемесiнiң бұрынғы бастығы үлескерлер алдындағы жауапкершiлiктен тiптi, оңай "құтылыпты": экс-басшы – бүгiнгi Мәжiлiс депутаты. "Ақ ауылдан" ауыздары күйгендер: "Бiр мекеменiң шаруасын дөңгелете алмаған басшы бүкiл халықтың мұқтажын қайтiп шешпек?!" дейдi. Сорақысы сол, құрылыстың iргетасын қалап та үлгермеген 8 компанияның үлескерлерiне Үкiметтен соқыр тиын да бұйырмайды. Ал мемлекеттiк қолдауға ие болатын 18 мекеменiң арасында әлгi "Верный-kz", "ҚазКомИнжениринг", "АлматыИнвестрой", "КазСтрой" компаниялары жоқ. Үкiметтегiлер үлескерлерге "компаниялармен өздерiң соттасыңдар" деп "кеңес" берумен шектелдi.

Мемлекет тарапынан бөлiнген ақшаның кiмге бұйыратынын отандық екiншi деңгейлi банктер шешуi тиiс болатын. Жуырда қаражатты "Қуат", "Базис", "ЭлитСтрой", "АлматыГорСтрой" сияқты iрi құрылыс мекемелерiнiң өзара бөлiсетiнi анықталды. Бүгiнгi таңда астаналық құрылыстың ахуалы да мәз емес. Елордадағы "Арқа Құрылыс Компаниясы" ЖШС, "Астана Шебер", "Фабрика недвижимости", "Компания ТН Сервис" пен "Гранд Престиж Строй" құрылыс мекемелерi Астана қалалық экономикалық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi департаментiнiң қырына iлiктi. Қаржы полициясы аталған компаниялардың басшыларының үстiнен қылмыстық iс қозғады. Мәселенiң анық-қанығына көз жеткiзiлмей, нақты әрi кең мағлұмат жария етiлмесi белгiлi. Алайда, бейресми деректер дәл осындай қылмыстық жауапкершiлiкке әлi бiрталай компаниялардың тартылатынын айтады. Заң бұзғандар тиiстi жазасын алуы шарт. Бiрақ жемқорлардың сотқа тартылғанынан үлескерлердiң ұтары шамалы.

"Құрылыс алаңдарындағы дағдарыс неден басталды?" деген сауал көпшiлiктiң көкейiнде жүр. Кейбiр компаниялар барлық кiнәнi былтырғы әлемдiк нарықты әбiгерге салған қаржылық дағдарысқа жапқысы келедi. Шын мәнiсiнде олай емес. Әрине, қазақстандық екiншi деңгейлi банктердiң халықаралық қаржылық құрылымдардан алған өте арзан несиелер легi күрт тоқтап қалғанын, осының кесiрiнен банк саласында, әсiресе, құрылыс саласында қаржылық тапшылық пайда болғанын ешкiм жоққа шығара алмайды. Бiрақ құрылыс компанияларындағы ақшаны үнемдеп пайдалану мен менеджменттiң дұрыс жолға қойылмауы тұрғын үй нарығындағы дағдарысқа әкеп соқты. Бәрiнен бұрын өздерiн өздерi қаржыландырып, құрылысты да өздерi жүргiзiп жатқан мекемелерге қиын тидi. Банктердiң несие берудегi талабының күтпеген жерден күшейiп кетуi, тұтынушылық сұраныс деңгейiнiң күрт төмендеуi, соған қарамастан, ипотекалық несиелеудiң өсе түсуi тұрғынүй нарығындағы көптеген компаниялардың банкротқа ұшырауына әкеп соқты. Мемлекет тарапынан бөлiнетiн қаржылай қолдаудың өз мақсатына пайдаланылатынына күмән келтiретiндер қатары көбейiп келедi. Былтыр бiздiң Үкiмет дүниежүзiлiк нарықты шарпыған дағдарыстың алдын алу мақсатында 4 млрд. доллар бөлу туралы мәселе көтергенде экс-министр Н.Коржова банкирлерге, құрылысшылар мен кәсiпкерлерге мемлекет тарапынан қаржы бөлуге үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытқан едi. Сол кезде қаржы саласының құлағын ұстаған Наталья Артемқызы ұзаққа бармады, көп кешiкпей отставкаға кеттi. Ал қауiп пен қатерге толы қаржы нарығында шалыс басқандар қапыда қалды. Сол кезде Коржованың пiкiрiмен отандық оппозиция өкiлдерi бiрауыздан келiскен. Олар: "Республикалық бюджеттен бөлiнетiн халықтың қаржысы мақсатына жұмсалмайды, керiсiнше, кез келген нәрседен пайда табуды көздейтiн ат төбелiндей ғана мүдделi топтың "қанжығасында" кетедi" деп дабыл қақты.

Ортақ қазаннан қаржы бөлiндi, бiрақ шыққан нәтиже шамалы. Алданып қалған үлескерлер қол қусырып қарап отырмауға нық бекiнiптi. Жуырда арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген "Үлескерлер одағы" консорциумының өкiлдерi демократиясы дамыған елдерден саяси баспана сұрайтындарын мәлiмдедi. Мұнай мен газға, басқа да табиғи байлыққа кенде емес Қазақ елiнiң азаматтары атасы бөтендерге телмiрер болса, елiмiздiң абыройына нұқсан келерi айқын.

Тұрғын үй нарығындағы қиындықты шешуге келгенде сарапшылар мен мамандар пiкiрi екiге жарылады. Олардың кейбiрi қазынадан бөлiнген қаржы тағы да желге ұшады, пайда табуға мүдделiлер көмек көрсеткелi отырған мемлекеттi алдайды деген қауiп айтады. Қазiр тұтынушылық сұраныстың төмендеуi себептi тұрғын үй бағасының арзандай бастағаны белгiлi. Егер қатаң да ашық бақылау болмаса, сырттай жаны ашығанситын кейбiр "пысықай" Үкiметке арзан үйдi немесе пәтердi қымбатқа сатуы бек мүмкiн. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, "БАҚ арқылы "тұрғын үй нарығындағы қиын кезеңдi" жиi сөз ету, саяси ойындардың құрбаны болған үлескерлердiң проблемаларын шешуде билiктiң белсендiлiк танытпауы "жоғарғы жақта" отырған кейбiр шенеунiктiң "үлескерлер төңiрегiнде өрбiген даудың арқасында халықтың қалтасынан шығатын ақшадан жырып қалуды көздейтiндер бар екендiгiн бiлдiредi". Бiр анығы, "былай тартсаң – арба сынады, былай тартсаң – өгiз өледiнiң" керi келген үлескерлер мәселесi тиiмдi шешiмiн тез арада табуы тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары