Еуразия ұлттық университеті Қытайда 3 бірдей білім беру бағдарламасын іске қосты

/
Еуразия ұлттық университеті Қытайда 3 бірдей білім беру бағдарламасын іске қосты
ЕҰУ баспасөз қызметі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастығын кеңейтіп, мамандарды тікелей Қытайда даярлауды бастады. Наньнин педагогикалық университетінің базасында сәуір айында екі жоғары оқу орнының бірлескен білім беру жобасы – Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебі ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа оқу жылында 270 студент ЕҰУ-дың үш білім беру бағдарламасы – «Бейорганикалық химия», «Органикалық заттар мен полимерлер химиясы» және «Биология» бойынша білім ала бастады. Үш бағдарламаның барлығы да Қытай Халық Республикасы Білім министрлігінің ресми аккредитациясынан өтті.

Оқу қорытындысы бойынша түлектер екі университеттің дипломын алады.

Білім беру үдерісі ЕҰУ-дың білім беру стандарттары негізінде ұйымдастырылған. Университеттің Жаратылыстану ғылымдары институтының мамандары оқу жоспарларын, білім беру бағдарламаларының құрылымын және студенттерді даярлау сапасына қойылатын талаптарды әзірлеуге қатысты.

Мамандандырылған пәндердің шамамен 30 пайызын ЕҰУ мамандары оқытады. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Қалған пәндерді қытайлық тараптың оқытушылары жүргізеді.

Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебінің ашылу салтанатында ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Абзал Талтенов жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамыту ЕҰУ халықаралық қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Бірлескен білім беру жобасы отандық университеттің халықаралық бастамаларға қатысып қана қоймай, жаңа білім беру институттарын құруға, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты академиялық байланыстарды қалыптастыруға толыққанды серіктес ретінде атсалыса алатынын айқын көрсетеді», – деп атап өтті Абзал Талтенов.

Ынтымақтастықтың келесі кезеңі бірлескен зерттеу топтары мен зертханаларын құру болуы мүмкін. Олардың қызметін тек химия және биология салаларында ғана емес, сонымен қатар перспективалы бағыттар – биотехнология мен экология бойынша да дамыту жоспарланып отыр.

Бірлескен бағдарламалар аясында алған білімдері мен кәсіби құзыреттері түлектерге химия, мұнай-химия және фармацевтика салаларында, сондай-ақ биотехнология мен инновациялар бағытында кәсіби қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар олардың кәсіби қызметінің ықтимал бағыттарына ғылыми-зерттеу жұмыстары, аналитикалық және экологиялық зертханалардағы қызмет, сараптамалық ұйымдар мен өндірістік кәсіпорындардағы жұмыс жатады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар