«ТИБЕТ – ҚЫТАЙДЫҢ IШКI IСI» СЫРТҚЫ IСТЕР МИНИСТРЛIГIНIҢ ҰСТАНЫМЫ ОСЫНДАЙ

«ТИБЕТ – ҚЫТАЙДЫҢ IШКI IСI» СЫРТҚЫ IСТЕР МИНИСТРЛIГIНIҢ ҰСТАНЫМЫ ОСЫНДАЙ

«ТИБЕТ – ҚЫТАЙДЫҢ  IШКI IСI» СЫРТҚЫ IСТЕР МИНИСТРЛIГIНIҢ ҰСТАНЫМЫ ОСЫНДАЙ
ашық дереккөзі

Косово – әлемдiк қауымдастықта жаңа проблеманың қылтиюына жол ашты. Әзiрбайжан мен Армения Таулы Карабақ үшiн оқ атысса, Ресей Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны өз қолтығына енгiзудiң амал – айлаларын iздей бастады.

Ал, алып Қытайдың бұғауындағы Тайвань, Тибет секiлдi жаралы арыстандар да күш көрсетiп, бұлқынуда. Тибет астанасы Лхасада 10 наурызда ламалар көтерiлiсi бұрқ еттi. Бұл қарсылық бiр аптадай уақытқа созылды. Тибеттiктер әлемдiк қауымдастықтың назарын өзiне аударып "Қытай – адам құқығын аяққа таптап отыр", "Тибетке – бостандық" деген ұрандармен бiрнеше қала мен ауданда плакаттар көтерiп шыққан. Ереуiлшiлер ең әуелi 1959 жылғы Тибет көтерiлiсiнiң 49 жылдығына орай алаңға жиналған. Алғашқы талаптары былтырғы күзде тұтқындалған ламаларды босату болды да, кейiн саяси талаптарға ұласып кеттi. Қытай полицейлерi бейбiт ереуiл шiлерге қарсы күш қолдануға көшкенде, оған жауап ретiнде Лхаса тұрғындары полицей автомобильдерiн өртеп, мейрамханалар мен қонақ үйлерге тас атып, жергiлiктi қытайларды соққыға жыға бастаған. Олар бұған дейiн тыйым салынған Тибет жалауын Қытайдыкiмен ауыстыруға әрекет еткен. Қытай билiгi бұған тiкелей кiнәлi Далай-лама деп отыр. Далай-лама 1959 жылдан берi қуғында, қазiр Үндiстанды паналаған.

Бейберекетсiздiк салдарынан адам шығыны орын алды. Ресми қытай ақпарат көздерi 10 адамның қаза болғанын мәлiмдесе, Нью-Йорктағы және Нью-Джерсидегi Тибет қауымдастығының ақпараты бойынша, 70 адам көз жұмған, 1000 адам тұтқынға алынған. Тибетте тәртiп орнату үшiн Қытай билiк орындары көзден жас ағызатын газ пайдаланған және әуеге оқ атқан.

Тибет қарсылығы тек Лхасада ғана орын алған жоқ. Ол әлемдi шарлап кеттi. Делидегi Қытай елшiлiгiн 30-дай тибеттiк басып алуға ұмтылған. Сиднейдегi Қытай консулдығы аумағына басып кiрген тибеттiктер қытай жалауын тибеттiкiне ауыстырмақ болады. Нью-Йорк пен Лондонда да тибеттiктер Қытай елшiлiгiнiң алдына жиналып, қарсылық акциясын өткiзген.

Жалпы, Тибетте болып жатқан оқиға жайында нақты ақпарат көзi жоқ. Лхасада интернеттi үзiп тастады, телефон байланысы өте әлсiз. Батыстың интернет сайттарының барлығын дерлiк жауып тастаған. Пекин шетелдiктердiң Тибетке баруына тыйым салып, оған жолы түскендердi тез арада керi қайтарып жатыр.

Тибеттiктердiң тәуелсiздiк үшiн тайталасы бiр бұл емес. 1959 жылы Тибет тәуелсiздiгiн талап етiп көтерiлiске шыққан Далай-лама бастаған бейбiт тұрғындар мен ламалардың әрекетiн Пекин аса қатыгездiкпен басып-жаншиды. Соның салдарынан Далай-лама шетелге қашуға мәжбүр болады. Ал, 1989 жылы тағы да олимпиада алауы жағылар сәтте тибеттiктер әлемдiк қауымдастықтың назарын өз проблемаларына аударту үшiн Лхасада ойран салды. Бұл әрекеттердiң бәрi – Қытай үшiн аса маңызды олимпиада өтер сәтте тұтануының өзi ресми Пекиннiң қытығына тимей қойған жоқ. Тибет халқы олимпиаданың Қытай үшiн аса маңызды екенiн сезедi, сезедi де, осы сәттi пайдаланып әлемнiң құлағына өз үндерiн жеткiзудi армандайды.

1911 жылға дейiн Қытай императорларының қол астында болған Тибет, әйтеуiр азаттығына қол жеткiзедi. Алайда, ол бақыт ұзаққа созылмайды, өткен ғасырдың 50-шi жылдары Қытай әскерлерi Тибетке басып кiрiп, оны "азат" етедi. Далай-лама өкiлдерi Қытай билiгiнiң қысымымен Тибеттi "бейбiт азат ету" келiсiмiне қол қояды.

Тибет үшiн әлемдiк қауымдастық – Қытайды талай рет кiнәлап, оларға тәуелсiздiк берудi немесе автономиялық мүмкiндiгiн кеңейтудi ұсынуда. Бұл жолғы оқиғаға әлем көз жұма қарап отырған жоқ. АҚШ Қытайды Тибет мәдениетiн құрметтеуге шақырып, болған оқиғаға өкiнiш бiлдiретiнiн айтты. Дегенмен, олар алдағы олимпиадаға наразылық жариялау туралы тiс жармады. Ал, Халықаралық Олимпиада комитетiнiң президентi Жак Рогге "Пекиндегi олимпиадаға ешқандай бойкот жарияланбайтындығын" мәлiмдедi. Ереуiлшiлердiң талаптарының бiрi де осы – Олимпиадаға бойкот жариялау едi.

Соған қарамастан, бiраз мемлекет Тибеттiң Қытайдан бөлiнуiне қарсы екендiгiн жариялап үлгердi. Олардың арасында Қазақстан да бар. Сирия және Эквадордың сыртқы iстер ведомствосы Тибеттi Қытайдың бөлiнбес бiр бөлшегi ретiнде санайтындығын айтты. Қазақстан Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Нұрлан Ермекбаев Қытай БАҚ-тарына берген сұхбатында "Тибет – Қытайдың iшкi iсi" екенiн мәлiм еткен. "Қазақстан Қытайдың автономиялы ауданда әлеуметтiк тұрақтылықты қамтамасыз ету үшiн жасап жатқан әрекеттерiн қолдайды" деген ол.

Демек, ресми Астана бөлiнiп кетуге құштар сепаратистер мен сепаратизм отын өршiтушiлердi қолдамайды. Өйткенi, бiздiң ел аумақтық тұтастықтың бөлшектенуiн қаламайды.

Есенгүл Кәпқызы