“БТА” БАНКIНIҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ

“БТА” БАНКIНIҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ

“БТА” БАНКIНIҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ
ашық дереккөзі
362

Үстiмiздегi жылы "БТА Банкi" АҚ-ының "Мұстафа Шоқай жолымен" атты жаңа жобасы жүзеге асырылатын болады. Ұлы тұлғаның туған жерi Қызылорда өңiрiнен бастап, қызмет еткен жерлерiне бiр топ журналистер мен зиялы қауым өкiлдерiнiң жолсапары басталды.

Жуырда осы үлкен жобаның бiрiншi бағыты бойынша қаламгерлерден құралған топ адам Өзбекстанның Ташкент, Ферғана, Қоқан қалаларына аттанды. Топ құрамында тарих ғылымдарының докторы, белгiлi шоқайтанушы, ҚР Бiлiм және ғылым министрiнiң кеңесшiсi Дархан Қыдырәлi, белгiлi қаламгер, республикалық "Қазақ әдебиетi" газетiнiң Бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, республикалық "Жас қазақ" газетi бас редакторының орынбасары Есей Жеңiсұлы, "Қазақстан" ұлттық телеарнасының редакторы Еркiн Үсенбаев, осы телеарнаның операторы Нұрдәулет Жақсыбаев, суретшi Әбiлқасым Сәрсенбаев, "БТА Банкi" АҚ-ның жоба менеджерi Сәуле Нұрғалиевалар бар. Топ жетекшiсi "БТА Банкi" АҚ бөлiм бастығы, белгiлi ақын Қасымхан Бегманов.

Сондай-ақ аталмыш жоба бойынша жылдың соңына дейiн Мұстафа Шоқайдың жүрiп өткен, қызмет еткен елдерi – Ресей, Әзiрбайжан, Грузия, Түркия, Франция, Германия елдерiне жолсапарлар ұйымдастырылмақ. Жоба аясында зерттеу мақалалар, телесюжеттер түсiрiлмек. Қаламгерлер мен зиялы қауым өкiлдерi белгiлi тұлғаның Берлиндегi бейiтiне барып Құран бағыштап, Париждегi аяулы жары Мәриям Шоқайдың әруағына тағзым ететiн болады.

Осынау игi жоба аясында қазақ халқының ұлы перзенттерiнiң бiрi Мұстафа Шоқайдың қалтарыста қалған, тарих қойнауында жатқан архивтерi ашылып, тың деректер жарияланбақ.

Е.БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары