АҚЫН IНIМ, АЗАМАТ IНIМ

АҚЫН IНIМ, АЗАМАТ IНIМ

АҚЫН IНIМ, АЗАМАТ IНIМ
ашық дереккөзі
363

Мен Қасымхан iнiмдi алғаш рет Қазақстан Композиторлар одағының табиғаты әсем "Тау Түрген" аңғарындағы шығармашылық үйiнде көрдiм. Ол кезде мен Мәдениет министрлiгiнде репертуарлық-редакциялық коллегиясының бас редакторы едiм.

1986 жылдың дүрбелеңi әлi басылмаған, ел iшiнде соның себеп-салдары кеңiнен сөз болып, жер-жерде түсiндiрулер өтiп жатқан кез. Дәлiрегiнде, бұл – 87-жылдың қыркүйек айы. Аптапты жаздың алаңсыз шағы артта қалып, жабайы алмалардың қасаң тартқан көк жапырақтарына сары уайым араласып, сары-ала дүниенiң ой құшағына қарай ойыса бастаған кезi. "Махаббат ғадауатпен майдандасып" деп Абай айтқандай, әдiлет пен қиянаттың ашық майдан айқасқа түсiп, әдiлеттiң әлсiз дауысынан әдiлетсiздiктiң ащы айғайы басымырақ түсiп, қарапайым халық айналдырған екi құлағының қайсысына сенерiн, қай ауыздың соңынан ерерiн бiлмей дал боп тұрған шақ едi.

Осы оқиғалардың алғашқы әсерiмен "Аралдағы адамдар" деген драма жазып жатқан кезiм едi.

86-жылдың оқиғасына үш айдан соң бiр жыл толмақ. Сол толқудың бiр жылдығына орай, "Жастар алаңға қайта шығуға дайындалып жатыр екен" деген қауесеттiң де күшейiп тұрған шағы. Өткен оқиғаның жай-жапсарын түсiндiрiп, алдағы оқиғалардың алдын алу үшiн, Орталық Комитет ел iшiне, "Сананы тазалайтын" лекторлар тобын шығаруды ұйғарыпты.

"Сананы тазалайтын" сондай топ бiздiң шығармашылық үйiмiзге тiзгiн бұрып, әңгiме-дүкен өткiзудi ұйғарған екен.

Бәрiмiз шығармашылық үйдiң концерт залына жиналдық. "Бiздiң санамызды тазалауға келгендер кiмдер екен" деп төрге жайғасқан лекторлар тобына зер салсам — өңкей өрiмдей жастар. Бiразын бiр жерде көрген сияқтымын, ендi бiразының аты-жөндерi таныс секiлдi. Сол топтан есiмде қалғандардың бiрi – Қасымхан Бегманов деген ақын жiгiт. Оның өлеңдерiмен сырттай таныс болғанмен бұрын көрген жоқ едiм. Екiншiсi — Талғат Теменев. Оның әңгiме жазып жүретiнiнен де хабардар едiм. "Өздерi де көшеге шығып кетуге дайын жiгiттер бiздiң санамызды қалай тазаламақ екен?" — деп мен де олардың сара бағытта айтып жатқан әңгiмелерiн зейiн қоя тыңдадым. Жиналыс бiткенде залға қандай саяси ахуал ендi екен деп, шолып шықтым. Талғат болса балалық шағын, бала кезiнде қандай қиындық көргенiн, қаланың бейғам балаларынан жазушы шықпайтынын, көп жылдар әкенiң табысына марқайып ер жететiнiн, олардың арасынан елдiң, ұлттың қамын ойлайтын азаматтар шықпайтынын, олардың ұлттық сезiмнен, ұлттық тiлiнен тым алыс екенiн айтып, кеңестiк патриотизмдi насихаттаудың орнына ұлттық сананы нығайта түсуге тоқталып, сананы тазартудың орнына оны бұрынғысынан да бұлыңғырландырып жiбердi.

Келесi сөз Қасымхан Бегмановқа берiлдi. Сөз саптауынан аңғарғаным, бұл кезде ол министрлер кеңесiнде жауапты қызмет атқарады екен. Өзi менiң жерлесiм, Саттар Ерубаевтың бүгiнгi ұрпағы боп шықты. Iшiм жылып қалды. Ол да саясаттан аттап кете алмай, бүгiнгi жастардың отбасындағы тәрбиесiне көбiрек көңiл бөлудi, оларды төл мәдениетi мен әдебиетiнiң рухында тәрбиелеп, әлемдiк iлiм-бiлiм мен өнерден еркiн сусындауға бұрып отыруымыз қажет екенiн айтты. Сонан соң жаңа өлеңдерiн оқыды. Өлеңдерiнiң денi ескi тарихты тiрiлтуге, адалдық, достық, махаббат тақырыбын жырлауға арналыпты. "Отырар болып өксiдiм, желтоқсан болып зарладым, ұлттың қамын ойлар адам жоқ, күндердiң күнi болғанда, осындай ойды айтты-ау деп, менi бiреу еске алар" деген сарында шықты.

Жиналған жұрттың санасы бұрынғыдан да шатасып кеттi. Желтоқсан оқиғасын қолдау керек пе, әлде, қаралау керек пе? Жастар алаңға тағы да шыға қалса оларды тоқтату керек пе, әлде, қосылып бiрге шығуымыз керек пе?

Ешкiм бұл сұраққа нақты жауап ала алмады. "Сананы тазарту" жайлы тапсырма алып келуiн келгенмен, жұрт алдында жалаң ұран айтуға олардың азаматтық ары бармады, ол жайлы айтпайын десе ертең бастарынан сипамайтыны белгiлi. Сондықтан болар, не бастан сипамас, не маңдайдан шерткiзбестей мағынасы бұлыңғыр сөздер айтып, әркiм шығармашылық есеп берумен сөздерiн аяқтады.

Сонан соң бәрi жиналып менiң бөлмеме келдi. Сол жерде отырып кең сөйлестiк. Буалдыр перденi сыпырып тастап шын сөйлестiк.

Бәрi де елi үшiн қабырғалары қайысатын жiгiттер екенiн, барлық ниеттегi алаңдағы жастармен бiрге екендiктерiн айтып, елдiң ертеңгi болашағы не болар екен деген тақырыпта кең отырып сырласқан едiк.

Қасымхан ақынмен бұл менiң алғаш кездесуiм едi. Осыдан кейiн араласып тұрдық. Оның кiтаптарын, газет-журнал беттерiне шыққан өлеңдерiн жiбермей оқуға тырыстым. Кейде оның өлеңдерi мен топтамалары шыққан басылымдарды қолыма түсiре алмай қалам. Оның өлеңдерi басылған газеттiң дәл сол нөмiрiн ала алмай қалған кезде Қасымханның телефон соғатын әдетi. "Аға, өлеңдерiмдi оқыдыңыз ба?" дейдi. Детальдарын айтып жататын прозалық шығарма емес қой деп "иә… оқыдым" деп, басқа сөзге ауысып кетем. Қасымхан алысқа ұзата қоя ма, тамды бiр айналмай жатып ұстап алады да: "Аға, соны жөндеп оқып шығыңызшы. Жалпы, сiз менi бағаламайтын сияқтысыз" деп әбден састыратыны бар.

"Тау Түргендегi" кездесу кезiнде одан: "Өлеңдер жинағың жеке кiтап боп шығып па едi?" деп сұрағанымда, ол: "Иә, аға шыққан. "Қарашық" деген он тиындық" деп жауап берiп едi. Юморы бар адамды мен қатты сыйлаймын. Юмор – адам мәдениетiнiң, қала бердi ұлт мәдениетiнiң деңгейiн танытатын қасиет.

Мен оның өзi туралы да, қатар құрбылары мен өмiрдiң өзге құбылыстары жайлы да юмормен айтқан әңгiмелерiн жоғары бағалаймын. Қасымханның бұл қасиетiн көп көрдiм. "Ақсу-Жабағылы" қорығының бауырына сол қорықтың директоры, әрi лирик ақын, аңқылдаған азамат Аманбек Ақаев үй тiгiп, он шақты күн үй iшiмiзбен қонақ етiп едi. Өз машинасымен Қасымхан да бiрге барды.

Алматыдан шығып, Шымкентке қарай қара жолмен зуылдап талай өтiп жатсақ та "Ақсу-Жабағылы" қорығының, оның шың-құздарының, мәңгi қар басқан биiгiндегi ғажаптарға бiр көңiл аудармаппыз. Таудың шың басына шығып, ендi бұдан ары тiршiлiк жоқ шығар-ау, деп әрең жеткенде алдыңнан пейiштегiдей көк майса алаңқай шыға келгенде Құдайдың құдiретiне қайран қалып, есiң ауғандай демiңдi iшiңе тартып, сiлейiп тұрып қалады екенсiң. Ондағы бiз көрмеген неше түрлi гүлдер, неше түрлi құстар сұлулығымен, ауасының жұпар иiсiмен басыңды айналдырады.

Кинокамерамен сол алаңқайда ағылшын натуралистерi жүр. Одан әрiректегi мөлдiр бұлақ басында жартылай шешiнiп алған екi-үш ақ сирақ ағылшын еркегi әрi-берi дедектеп жүр. Олар мұнда неғып жатыр? – деп сұраймын Аманбектен.

— Ой, аға, бiздер шетелге құмармыз. Олар бiзге құмар. Бес-алты ағылшын осында жолдама алыпты. Атпен серуендейдi. Бiзге бiраз қаржы түсiрiп тұрған осы шетелдiктер, — деп жауап бередi Аманбек.

— Олар неге дедектеп жүр?

— Ә-ә, — деп күлiп қойды Аманбек. — Iштерi өтiп кетiптi. Дедектеп жүргендерi содан.

— Iштерi өткенi несi?

— Қорықта от жағып, түтiн шығаруға тыйым салынған. Тамақты ауылда пiсiрiп, осында тасимыз. Қымыз, шұбат, қауын-дарбыз, пiскен асқабақ, тiптi ашыма көжеге шейiн алдырамыз. Экзотикалық тамақ деп алғашқы қарқынмен бас салып кiрiскен екен, iштерiн өткiзiп алыпты. Дәретхана мен екi ортада шапқылап жүргенi сол. — Сонан соң ол құлағыма сыбырлап:

— Мұнда машинаның көтерiлуi қиын. Ердей келе жатқан соң кешкi тамақты да ала келуiм керек едi, олар бүгiн-ертең тамақ iшпеймiз деп астан бас тартыпты.

— Онда сенiң жүгiң жеңiлдеген екен ғой.

— Иә, — дейдi ол күлiмсiреп. — Бүрсүгiнге дейiн iштерi жазылса, қызметкерлер ыстық тамақ әкеп тастайды ғой.

Мынадай табиғат ақын Қасымханды шабыттандырмай қоя ма? Ол сол жерде күркiреп өлең оқыды. Ақын Аманбек одан қалыссын ба? Ол да өлең оқып, оған айызы қанбаған соң ән де салып жiбердi.

Iшi өткен ағылшындар дедектеулерiн бiр сәтке тоқтатып, бiзге аңырая қарап қапты.

"Ақсу-Жабағылыдағы" он күн, Мархабат Байғұтовтың туған жерi — Пiстелiде өткен бiр күн бiзге жұмаққа кiрiп шыққандай ғажап әсер қалдырды.

Осы оншақты күннiң iшiнде мен ақын Қасымханды, азамат Қасымханды таныдым. Құлай сүйген адамына құл болуға, көңiлi құламаған адамды айналып өтуге дайын мiнезiн таптым.

Одан соң оның ауылына барып, анасының қолынан дәм татып, ағайын-туыс боп араласып кеттiк. Түркiстандағы әпкем Бибiхалидiң үйiнде болып, ауырып жатқан жиенiм Сайраштың көңiлiн сұрап, оны да мәре-сәре етiп қайтып едiк.

Қасымхан жақсы көрген адамның iшi-бауырына кiрiп, ежелгi туысындай, күнде араласып жүргендей, олардың жағдайларына тез енiп, ең жанашыр адамға айналып шыға келетiнiн осы сапарда анық аңғардым.

Ағасының үйiнде қонақтап болып, екi жүк машинасы қатар сиятын даладай дарбазадан шығып келе жатқанымызда Қасымхан:

— Баяғыда, iшiп жүрген кезiмде, осы даладай дарбазадан мәшинемдi ағаларым шығарып берушi едi, — деп өзi күлмей, осында өткен өмiрiнiң бiр сәтiн әңгiме арасында қыстыра салады. Қалай күлмейсiң!..

Бұл күнде Қасымхан Бегманов қазақ халқының белгiлi ақынына айналды. Оның қанша кiтабы жарық көрдi, қаншасы беделдi сыйлықтарға ие болды, оны тәптiштеп айтып жатудың қажетi бола қоймас. Бiр Iлия Жақановтың өзi Қасымханның бiрнеше өлеңдерiне ән жазды. Дәулескер композитордың, сыншыл суреткердiң Қасымхан шығармашылығын ерекше бағалауының өзi көп нәрсенi аңғартса керек.

Баяғыда бiз келiп кеткен елуге Қасымхан да келiптi. Көп жазатын, өндiре жазатын кездерi аласапыран заманға тап келгенi болмаса, бұл ұрпақ та көштен қалмапты.

Анау Есенғали Раушанов, Аманхан Әлiмов, Маралтай Райымбеков, Әмiрхан, Әлiбек сынды, т.б. ақындар қазақ поэзиясының шоқ жұлдызына айналыпты. Қарашық сияқты сызаттан ағатын өзен бұл күнде дарияға айналыпты. Қазақ өлеңiнiң дарияға айналуында, оның шоқ жұлдыз боп нұрға бөленуiнде Қасымхан ақынның да еңбегi бар. Бұл күнде ол халқына сөзiн тыңдата алатын, жырсүйер қауымның жүрегiне мәңгi ұя салған, досын қуантып, дос еместiң оңаша қалғанда арын оятқан тұлғалы ақынға айналды.

Қасиеттi Хантағының биiгiне өлең жолдарың арқылы қаншалықты қиналып көтерiлсең, сол биiкте қала беру одан да қиын. Жаман ақынның кiтабы шығады, жақсы ақынның кiтабы дүниеге келедi.

Дүниеге келер өлең жолдарың сарқылмасын, ақын iнiм, азамат iнiм Қасымхан!

Дулат ИСАБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары