ЖОЛДАМА YШIН ЖАН ТАЛАС

ЖОЛДАМА YШIН ЖАН ТАЛАС

ЖОЛДАМА YШIН ЖАН ТАЛАС
ашық дереккөзі
450

Дзюдо – жұмыр жердiң бетiне тамыр жайған күрес түрi. Олимпиадалық спорт түрi болғандықтан да бұл күреске буырқанған жастардың ықыласы ерекше. Орыстың самбо күресi қанша беделдi болса да олимпиадалық спорт түрi емес. Қазақ жастарының көбiсi самбоның әдiс-айласымен ауызданып, шеберлiк мектебiнен өткен соң дзюдоға ауысып кетедi. Қазiргi дзюдода жүргендердiң көпшiлiгi – самбодан ауысқандар.

Қазақ топырағында дзюдо күресiнен өтетiн ең үлкен дәстүрлi жарыс – Санжар Жандосов атындағы турнир. Қазақстан дзюдо федерациясының тұңғыш президентi Санжар Жандосовты еске алуға арналатын бұл турнирдiң беделi жоғары. Жыл сайын дәстүрлi жарысқа қиырдағы Жапониядан бастап төңiректегi күрессiз той өткiзбейтiн елдердiң бура сан балуандары келедi.

Өткен сенбi, жексенбi күндерi Алматыда дүбiрлi жарыс үлкен тартыспен өттi. Екi күн бойы 12 елдiң балуандары жанталаса сiлкiлестi. Өйткенi осы жарыста алған ұпай саны Олимпиадаға жолдама беретiн ұпай қоржынына қосылады. Ең көп ұпай жинап Пекин Олимпиадасына жолдама алған балуандардың есiмi үстiмiздегi жылдың сәуiр айында Кореяда өтетiн Азия чемпионатында белгiлi болады.

Жарысқа қатысушыларды Қазақстан дзюдо федерациясының президентi Мәжит Есенбаев, Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов, Санжар Жандосовтың қызы Жанар Жандосова құттықтады. "А" класындағы лицензиялық дүбiрлi турнирге құрметтi қонақ ретiнде Халықаралық дзюдо федерациясының спорт директоры Армен Багдасаров қатысты.

Қазақ елi кейбiр салмақтарда 4 балуаннан кiлемге шығарды. Сондықтан да кiлемде кейбiр сәттерде қазақтың қос балуан қызы, екi қазақ жiгiтi жанталаса айқасып жатты. Балуан Шолақ сарайының төрiнде жайылған қос кiлемнiң бауыры бiр суымады. Жарыстың алғашқы күнi жiгiттер төрт салмақта, қыздар үш салмақ дәрежесi бойынша сынға түстi. Асхат Житкеев, Максим Раков, Шолпан Қалиева сияқты топжарған балуандар ә дегеннен қарсыластарынан басым түстi. 52 келi салмақтағы Шолпан Қалиева мен Ленария Минғазованың ақтық айқасы өте тартысты өттi. Көпке дейiн бiр-бiрiне алдырмады. Ақыры Шолпан Ленарияны сүрiндiрiп, алтын медальдi олжалады. Аты-жөнiмен де найзағай қимылымен де көзге түскен – вьетнамдық балуан қыз Ван Гог. Сузуки, Утишиба сияқты Олимпиада чемпиондарын, қос бiрдей олимпиаданың алтын тұғырына шыққан Сайтоны шығарған Жапон елi дзюдо күресiмен жұмыр жердi мойындатты. Жұмыр жердiң бетiнде дзюдо күресiнен үш дүркiн Олимпиада жеңiмпазы болған жалғыз даңқты балуан Намураны айтсайшы!

Жапондар бұл жолы екi ауыр салмақтағы балуандарын ғана әкелiптi. Жапон елiнiң қос балуанының да қарқындары сұрапыл едi. Ақтық айқаста 100 келi салмақтағы Хидекаши Иноматадан бiздiң топтан озған балуанымыз Асхат Житкеев соңғы секөнттерде ғана бағын асырды. +100 салмақтағы төртбақ Сатоши Ишил ешкiмге есе бермедi. Ақтық айқаста бойы көк тiреген атан түйедей алып иран Миранфашанди Махмодты көтерiп ұрғанда, жанкүйер iшiн тартты. Осы аса ауыр салмақта жерлесiмiз Елдос Ықсанғалиев қола медальға қол жеткiздi. 81 келiде 19 жастағы қазақ балуаны Тимур Болат өз салмағында ешкiмге дес бермедi. Болашағынан үлкен үмiт күтетiн балуан екен. Максим Раков өзбек Рамшиддин Саидовқа ұтылып, күмiс медальдi қанағат тұтты.

Жарыстың екiншi күнi жiгiттер үш салмақта, қыздар төрт салмақта белдестi. Дзюдо күресiндегi қазақтың белдi балуандарының бiрi – Азия чемпионы, Азия ойындарының күмiс жүлдегерi Базарбек Домбай. Тәжiрибелi балуан ақтық айқасқа дейiнгi қарсыластарын қирата жықты. Ақтық айқастағы қарсыласы өте қарулы моңғол балуаны Ганбат едi. Жанкүйер қауым демдерiн iштерiне тартып, ұзақ арпалысты айқасты күттi. Ұстаса кеткен сәтте Ганбат оң аяғын iлгерi басқаны сол едi, қас-қағым сәтте Базарбек қырқадан шалып қос жауырынымен түсiрдi. Таза жеңiс. Бар болғаны 27 секөнт.

66 келi салмақтағы жүлделi үш орынды да қазақ балуандары иелендi. Саят Әлмұқашев – алтын, Дастан Үкiбаев – күмiс, Қуанышбай Шпанов қола медальдi жеңiп алды. 73 келi салмақта да тұғырлы үш орын қазақ балуандарының еншiсiнде. Мәди Құрымбаев мойнына алтын медаль тақты. Екiншi, үшiншi орындар Мақсат Мәзiбаев пен Рашид Құлбаевтың қанжығасына байланды. Осы Мәзiбаев корей балуанына "вазариге" ұтылып жатып, белдесу уақыты бiтуге 45 секөнт қалғанда "иппонға" түсiрдi. Қайтпас қайсар мiнез, шеберлiк деген – осы!

Қыздар да қарап қалған жоқ. 63 келi салмақта жүлделi үш орынды қазақ балуан қыздары ешкiмге бермедi. Алтын медаль Қалжан Тайжанованың еншiсiнде. Гүлзат Оралбаева – күмiс, Зарина Әлжiкова қола медальға ие болды. 70 келiде Жанар Жанжутова топ жарды. Мәриям Ордабаеваның еншiсiнде – күмiс медаль. 78 және +78 салмақтарда моңғол, өзбек, қырғыз, тайпей қыздары бiрiншi, екiншi орындарды өзара бөлiстi.

Алматы турнирiнде әр балуан барынша көп ұпай алуға жанталасып бақты. Алда – Азия чемпионаты. Пекин олимпиадасына баратын балуандардың есiмдерi ендi сол жерде белгiлi болады.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары