Софы ақынның оқырманға тартуы

Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде белгілі жазушы, ақын, сөз зергері Софы Сматаевтың жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті. Автор бұл еңбегін «Ағаларым-жағаларым, інілерім-ірілерім» деп атапты.

Абылай ханға һәм замандастарына арналған бүкпесіз шыншыл, көркем шеберлікпен өрілген дастандарының қай-қайсысы да өз оқырманын тапқан. Ақынның қаламынан туған жырлары бұған дейін еліміздің белді басылымдарында («Жас Алаш», т.б.) газетінде жарық көріп келді. Қазақ оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген бұл шығармалар «Мен – тірімін!» деген атпен жарық көрген болатын. Ал тұсауын кескен «Ағаларым-жағаларым, інілерім-ірілерім» еңбегі аты айтып тұрғандай, еліміздің қоғам, мәдениет, өнер, тарих саласында айтарлықтай із қалдырған аға, інілерін аңсаудан туған. Мысалы, «Тектілік немесе бір өкініш, бір өксік» (Сәбит Мұқанов рухына), «Қимас адам – Димаш ағам», «Қасым Қайсенов ағаның қайрауы», «Іздеймін аңсап ағамды» (Ә.Нұршайықовқа), т.б. ірі тұлғалар туралы терең толғана жазған жыр-дастандарынан ұлтты, Отанды, туған елді сүюге, ана тілін құрметтеуге үндейтін патриоттық леп есіп тұр. Софы Сматаевтың өзі:

«…Рухы көктен үңілер

Ағалар!

Қайран інілер!

Өлмеген.

Мәңгі тірілер!

Сендермен шуақ оралар,

Сендермен шындық тірілер.

Қадірі күнде білінер

Сағындым бүгін,

Ірілер!…» деп жырлағанда, өлеңнің суретпен салған сөз саптасына тәнті боласың.

Тұсаукесер рәсіміне арнайы келіп, ағалық, інілік лебіздерін білдірушілер көп болды. Ақын Аян Нысаналин қазақтың басындағы қасіретті аша білген «Елім-ай» трилогиясын өмірге әкелген қаламгердің кез келген шығармасы оқырманның жүрегіне жол тартатындығын айтса, жазушы Ғаббас Қабышұлы: «Сөзі өткір, айтар ойы мығым, бүгінгі күннің мәселесін қаламына арқау еткен ақынның дас­тандары, поэмалары қашан да құнды, өзекті. Біз Софы екеуміз айтатын пікірімізді бүгіп қалмай, ақтарып тас­таймыз. Бұл біздің табиғатымызға жақын» дегенді айтты.

Әсерлі кеште Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері жазушы, ақын Софы Сматаевтың дастандарынан арнайы композиция оқыса, әнші Ерлан Рысқали дәстүрлі әннен шашу шашты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Back to top button