АҚШ ҰШАҒЫ АПАТҚА ҰШЫРАДЫ

АҚШ ҰШАҒЫ АПАТҚА ҰШЫРАДЫ

АҚШ ҰШАҒЫ АПАТҚА ҰШЫРАДЫ
ашық дереккөзі
417

3 мамыр күні түс ауа Қазақстан шекарасынан 10 шақырым қашықтықта, Шу облысының Панфилов ауданындағы Шалдабар (Чалдыбар) елді мекенінің маңында әуе лайнері апатқа ұшырады. АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің КС-135 әуе танкері Бішкектің «Манас» әуежайында орналасқан америкалық транзиттік жүктерді тасымалдау орталығынан Ауғанстанға 60 тонна жанармай алып бара жатқан. Ұшақ базадан түстен кейін сағат екі жарымда ұшып шыққан. Бір сағаттан сәл асқанда басқару орталығы ұшқыштармен байланыса алмай қалады. Көп өтпей батысты көздей ұшып барып, жоспар бойынша Шалдабар ауылының үстінен оңтүстікке – Ауғанстанға бағыт түзеген ұшақ Алатаудың асуына жетпей, Бішкек қаласынан бар болғаны 60 шақырым ғана ұзап, апатқа ұшырағаны мәлім болған.

Аспанда жарылған алып танкердің бөлшектері таулы қырқаның әр жеріне диаметрі 2 шақырымдық шеңберге дейін (кейбір деректе 20 шақырым) шашырап түсіпті. Тіпті, оның қанатының бір сынығы ауданның Фрунзе ауыл үкіметіне қарайтын Чорғоло ауылының жайлауындағы қойшының қорасының ортасын ойып кеткен.

Аталған ауыл үкіметіне қарасты Шолақ Арық ауылының қырда мал жайып жүрген тұрғыны Самат Оңобасов ұшақтың жарылып, үшке бөлініп кеткенін өз көзімен көрген. Жарылыстан кейін сол тұс қара түтінге оранып ештеңе көрінбей қалған.

3 мамыр күні, ұшақ құлап түскеннен кейін апат болған жерге барған «Ата-Жұрт» партиясының төрағасының орынбасары Данияр Жанықұлов журналистерге жерде ашылып жатқан парашютті көргенін, бірақ ұшқышты көре алмағанын білдірді. Ол «керосин ағып, ұшақтың сынығы өртеніп жатыр, төңіректі милиция қоршап алыпты» деп айтты.

Абырой болғанда, апаттан қырғыз азаматтарынан зардап шеккен адам жоқ, сол күні бір кісінің екі ірі қара малы өрістен қайтпапты. Иесі оларды өртеніп түскен ұшақтың сынықтарының астында қалған шығар деп болжалдауда.

Қырғызстанның төтенше жағдай­лар министрлігінің алдын ала таратылған алғашқы хабарламасында ұшақтың экипажы 5 адамнан тұрады деп айтылған болатын, артынша 3 ұшқыш деп түзету жасалды. Америкалық авиабазаның ақпараттық қызметі де алғашқы ақпаратында ұшқыштардың қанша адам екенін жария еткен емес.

Америкалық базаның қыз­мет­кер­лері құтқару-іздестіру істерінің барысында 4 мамыр күні таңертеңгі жетіде ұшақ сынықтарының арасынан өртеніп кеткен екі адамның сүйек­терінің қалдықтарын тауып­ алған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне қарағанда, сүйектерді америкалықтар өз авиабазасына алып кеткенге ұқсайды. Сол күні Қырғызстанның азаматтық авиация агенттігінің қауіпсіздік басқар­масының бастығының орынбасары, ұшақтың құлау себебін саралау мақсатында құрылған үкіметтік комиссияның мүшесі Төленбек Арпашиев экипаждың үшінші мүшесінің де сүйегі табылды деп мәлімдеген болатын, бірақ бұл ақпарат жаңсақ болып шықты. Фрунзе ауыл үкіметінің басшысы Құралбек Қамалиевтың айтуында, америкалық әскерлер осы күні ұшақ құлаған жерлерді қоршап алып, ішке ешкімді өткізбей, сол маңның бәрін сүзіп, үшінші адамды іздеген.

АҚШ авиаорталығы табыл­ған екі адамның сүйегін, оның кім­ екенін тексеруге, ДНК тәсі­лі­мен сараптауға қырғыз тарапқа рұқсат берді. Үкіметтік комис­сия­ның ұйғарымымен сүйектің түйір­шіктері Мәскеуге жіберілмекші. Қыр­ғызстанда мұндай сараптау зертханасы жоқ.

Қырғыз Республикасының заңна­ма­ларына сәйкес, әуе апатының себебін анықтаумен қырғыз тарапы айналысады. Қажет болса, іске АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің және «Манас» транзиттік жүктерді тасымалдау орталығының мамандары тартылады. Қырғызстанның көлік прокуратурасы республиканың Қылмыс кодексінің «Теміржол, әуе және су көліктерінің қозғалу және пайдалану ережелерін бұзу» бабы бойынша іс қозғап, оны тергеу органдарына өткізді. Апат үш түрлі себептің бірінен болуы мүмкін деген болжал бар: адам факторы, техникалық ақау және жанармайдың сапасыздығы.

4 мамырда таңертең төтенше жағдайлар министрі Қуатбек Боранов ұшу орталығы мен ұшқыштардың сөйлескен сөздерін жазып отыратын «қара жәшіктің» де табылғанын ақпарат құралдарына мәлімдеген болатын, түс кезінде министрлік жетекшілігі бұл мәліметтен бас тартты.

Бұған дейін, кейінгі жиырма жылда, Қырғызстанда әуе көліктерінің талай қырсықтары болды. АҚШ ұшағы атап айтқанда, әскер ұшағы апатқа бірінші рет ұшырап отыр. Бұл өзі АҚШ Қарулы күштерінің 1956 жылдан бері көптеген сынақтардан өткен, әрдайым жетілдіріліп тұрған әуедегі ең сенімді жүк лайнері. Ол аспанда ұшып бара жатып-ақ арнайы ыңғайластырылған екі ұшаққа бір мезгілде тиесілі көлемде жанармай құя алады. Тасымалданушы жанармай ыдыстарының сыйымдылығы 90 тонна 719 келіге дейін. Ұшақтың өзінің ұшуын қамтамасыз ететін жанармай ыдысының сыйымдылығы 43,5 тонна. Қажет уақытта тасымалданар жанармайдың көлемін азайтып, оның орнына 37 тонна әртүрлі жүктерді алып жүруге болады. Жалпы алғанда, 146 тонна 285 келі ауырлыққа дейінгі салмақпен ұшады. Аспанда бара жатып адамдарды басқа ұшаққа мінгізеді және өзіне де салып алады. Қалыпты жағдайда 37 жолаушының емін-еркін ұшуына жан-жақты мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге, аэромедициналық эвакуацияға пайдалануға қолайлы шарты бар. «Боинг» компаниясының өнімі. Орташа ұшу биіктігі – 9 километр 144 метр деңгейіндегі жылдамдығы сағатына 850 километр. 15 километр 240 метр биіктікке дейін көтеріле алады. 68 тонна жанармайды 2419 шақырым жерге дейін жеткізеді. 17766 шақырымға дейін жүксіз ұшып бара алады. Ұшақтың өзіндік құны – 39,6 млн. доллар.

«Манас» әуе базасы арқылы АҚШ-тан Ауғанстанға ай сайын, әрі-берісін қоса есептегенде, 25 мың әскер қызметкері, қару-жа­рақ­тар, жабдықтар тасымалданады. Ауғанстандағы халықаралық коалициялық күштердің 30 пайызының қажетін «Манастан» ұшып барған лайнерлер Ауғанстанның аспанында жанармай құйып, қамтамасыз етеді. Бішкектегі база, кем дегенде, С-17 Globemaster маркасындағы 4 әскери-көліктік ұшақтың, КС-135 Stratotanker маркасындағы 16 жанармай құятын ұшақтың тұруына лайықталған. Ендігі жылы бұл әскерлік базаның мұндағы орналасу уақыты аяқталады. Президент Алмазбек Атамбаев АҚШ-пен келісімді ұзартпауға бекем бел байлап отыр. Одан кейін «Манасты» басқа мақсатта, халықаралық азаматтық әуежай немесе хаб ретінде пайдалану бұл мүлде басқа мәселе болмақшы.

Әуе апаты және ол туралы кереғар пікірлер соңғы жылдары саясатқа көбірек бой ұрған қырғыз қоғамында әртүрлі ойларды тудырды.

Апат болған күні «Ата-Жұрт» партиясының өкілінен тысқары тағы бірнеше малшы парашютті көрдік деп айтқан. Ал енді АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің ресми сайтында КС-135 әуе танкерінде 2008 жылдан бері парашюттің қолданылмайтыны, бұл ұшақтың техникалық жақтан еш ақаусыз, ұшу мезгілінде өте сенімді екендігі жазылған. Оның үстіне кенеттен бірнәрсе болса, ұшқыштар парашютті пайдалануға үлгере де алмайды екен.

АҚШ-тың қорғаныс мекемесінің (Пентагон) әуе апатында қайтыс болған экипаж мүшелерінің – капитан Марк Восс, капитан (әйел) Виктория Пинкни және сержант Герман Маки есімдерін ресми түрде жариялауы және Президент Алмазбек Атамбаевтың АҚШ-тың Президенті Барак Обамаға көңіл айту жеделхатын жіберуі кейбіреулердің «ұшақты әдейі жарар алдында ұшқыштар парашютпен секіріп бой тасалаған болса керек» деген күдікті ойларын сейілтіп тастады. «2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркта жасалған лаңкестікті, жақында Бостонда болған қанды оқиғаны америкалық арнайы қызметтердің өздері әдейі жасады» деп шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын жар салып жатқанда, соның әсерінен ондай күдікті ойға иланған адамдар да кездесетін.

7 мамырда Қырғызстанның бір топ жастары «мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін америкалық әскери базаның ісіне жұрттың көңілін бұру» мақсатында Бішкектің адамдар ең көп жүретін көшелерін бойлап, жаяу жүріп өтті. «АҚШ-тың май құятын әскери ұшағының құлауы – «Манас» халықаралық әуе жайында әскер ұшақтарының орналасқанының дұрыс емес екендігін дәлелдеді. Ұшып жүретін әуе танкері Бішкекке не елді мекеннің біріне құласа немесе әуежай жарылысқа ұшыраса қайтер еді?», – дейді іс-шараның қатысушылары.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»

Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары