ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ — ТЕГЕУРІНДІ АРМИЯ

ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ — ТЕГЕУРІНДІ АРМИЯ

ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ — ТЕГЕУРІНДІ АРМИЯ
ашық дереккөзі
197

7 мамыр Қазақстан Республикасы Отан қорғаушыларының күні. Былтыр құрылғанына 20 жыл толу қарсаңына орай, бұл атаулы күн ресми мереке ретінде бекітілді. Сөйтіп биыл ол алғаш рет мемлекеттік мейрамдар қатарынан орын алды. Сол себептен де биыл тұңғыш рет Қазақстан Қарулы күштері күніне орай әскери шеру ұйымдастырылды.

КЕҢЕСТІК АРМИЯДАН –

ҚАЗАҚ АРМИЯСЫНА

Әскери шеруде 86 ұшақ пен тікұшақ, 7 мыңдай әскери қызметкер, 400 броньдалған машиналар мен автомобиль қатысты. Бұған дейін бұндай әскери шерулер 30 тамыз Конс­титуция күніне орай ұйымдастырылып келген еді. Бұл жолғы мақсат – Қазақ әскерінің әлеуетін арттыру, халық алдындағы имиджін қалыптастыру болса керек. Осыдан үш жыл бұрын ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында: «Біздің Қарулы Күштер – баяғы Кеңес Одағының құрамында болған елдердің ішінде алдыңғы шептегі әскерлердің бірі», – деген екен. Ресей сарапшыларының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан Қарулы күштері посткеңестік кеңістікте алғашқы үштікке енсе, Орталық-Азия аймағында үздік деп саналады.

Интернет беттеріндегі ақпараттарға иек сүйесек (олай дейтініміз, ҚР Қорғаныс министрлігі туралы ақпараттар сараң және жасырын деуге болады), Қазақстанның тұрақты армиясы – 70 мың адам болса, бұдан тыс әскерилендірілген (Республикалық гвардия, Ішкі істер бөлімдері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметі және Төтенше жағдайлар министрілігі) 34,5 мың жауынгер бар.

Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен милиция Кеңестер одағынан мұраға қалғаны мәлім. Алғашында мем­лекеттің басты мақсаты елде саны 20 мыңнан аспайтын ұлттық гвардия жасақтау болды. Дегенмен, жылдар өте келе Қазақстан басшылығы өз ұстанымын өзгертті. Жаңадан қабылданған Әскери доктрина әскери-әуе күштері мен құрлық әскерінен және флоттан жасақталған қарулы күштерді құруды мақсат етті. Әскердегі офицерлердің басым көпшілігі славян ұлты өкілдерінен болуы да заңдылық еді ол кезде. Өйткені, қазақтың өз кадрларын даярлауда біріншіден билігі өз қолында болмады, екіншіден, 1999 жылға дейін әскери кадрлардың басым көпшілігі Ресейде даярланды. Тек соңғы он жылдықтың еншісінде ғана Қазақстанда өз әскери кадрларын даярлау мүмкіндіктері пайда болды. Қазіргі сәтте қазақ Қарулы күштеріне бөлінетін қаржының көлемі ІЖӨ (ішкі жалпы өнімнің) 1 пайызы. 2012 жылы Қарулы күштерге бөлінген қаржы – 84 миллиард теңгеге жеткен. Қазақстанның Қарулы күштерінің 20 жылдығына орай, Вашингтонда Атлантида кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Қазақстан-Америка дипломатиялық қатынастарының 20 жылдығы» атты конференцияда АҚШ-тың сыртқы саясат жөніндегі жетекші сарапшыларының бірі, бұрынғы дипломат Стивен Сестанович: «Қазақстанның Қарулы күштері Кеңестер одағынан мұраға қалғаны мәлім. Дегенмен соңғы жылдары ол өзінің ұстанымы мен менталитетін біртіндеп өзгертіп келеді және өзгерте беретін болады. Меніңше, бұл ұстаным – көп векторлы саясатқа барып тірелмек. Қазақстан бұл ұстанымын басқа салалар секілді асқан нәзіктікпен және аса сақтықпен жүзеге асыратын болады. Менің болжамымша, 20 жылдан кейін сіздердің қорғаныс құрылымдарыңыз ірілігі жағынан үлкен, жаңа әріптестеріңіздің ұстанымын бойына сіңірген мүлдем басқа құрылымға айналмақ», – деді.

Бүгінде әскери стратегия мүлдем өзгеше сипатта, бейбітшілік бағытта дамып келеді. Өзге де салалар секілді Қазақ әскері де ірі дағдарысты бастан кешірді. Әуелі қайраңда қалған кемедей сансырап қалғаны да рас. Тіпті 1999 жылға дейін әскер қатарына өткендерге келмеске кеткеніне он жыл болған КСРО-ның Қызыл әскери билеттері үлестіріліп келді. Әскерді тәуелсіз мемлекеттің, бүгінгі жаһандық талаптың дәргейінде реформалау тек 1999 жылдан кейін ғана қолға алынды. Мәселен, 1999 — 2001 жылдардағы Қорғаныс министрі болған, запастағы-генерал Сәт Тоқпақбаев 2012 жылғы «Айқын» газетіндегі сұхбатында: «1999 жылы Қорғаныс министрі болып тағайындалғаннан кейін ең алдымен, гарнизондарды аралап, жағдайды өз көзіммен көріп қайтқан едім. Содан соң елдің бірінші басшылары қатысқан Қауіпсіздік кеңесінің отырысында арнайы баяндама жасадым. «Қарулы Күштерді реформалау емес, оны қайта жасақтау керек. Қазақстанда Қарулы Күштер жоқ!» дедім. Бәрі тым-тырыс болып қалды. Нұрекең: «Бір министр былай, екіншісі басқаша айтады» деді. Сосын: «Отырысқа қатысып отырған генералдар, штаб басшылары шынайы жағдайды баяндасын» дедім. Егер жауынгерлері екі жылда бір оқ атып көрмесе, бұл қандай әскер?! Солдаттардың жейтін тамақтары жоқ, жататын жерлері 14 градус суық. Әуе Қарулы Күштерінің 99 пайызы ұшпайды. Әскери техниканың басым бөлігі не жүрмейді, не оқ атпайды, бәрі тоқтап тұр. Ал офицерлердің әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Осының барлығын басшылар алдында ашық айттым. Қауіпсіздік кеңесінің осы жиынынан кейін Мемлекет басшысы ІЖӨ-нің 1 па-йызын Қарулы Күштерге жұмсау туралы шешім шығарды. Әскери қызметкерлердің жалақысын ТМД елдеріндегі әскерилердің жалақысынан жоғары еттік» дейді сол кезеңдердегі қиындықтар жайын сөз ете отырып.

Әрине, бүгінгі таңда Қазақ әскері қуатты, ірі күшке айнала алды. Оған шүбә жоқ. Алайда былтырғы Арқанкерген оқиғасы мен террорлық шабуылдар Қазақ армиясының әлі де жетіле түсуі қажеттігін байқатты. Біріншіден, терактілердің жиі қайталануы, оларды ешқандай сотсыз жер жастандыру – «жау жоқ деме, жар астында» деген тәмсілдің әлі де болса өзектілігін айқындап берді.

Екіншіден, ішкі әскердегі дағдарыстың тағы бір шеті қылтиды. Оның өзі екі тармақпен өрілмек, алғашқысы шекарадағы әскердің қамсыздығы, екі күн бойы Арқанкергенмен байланыстың үзілгеніне қарамастан, одан ақпарат алуға асықпаған Сарыбөктер шекара заставасының өз міндетін мүлдем ұмытуы, екіншісі – әскери техникалардың талапқа сай келмеуі. Бір жылдың өзінде бірнеше әскери ұшақтың апатқа ұшырауы, соның салдарынан 50-ге жуық сарбаздың келмеске аттануы да көптеген жайттан хабар берсе керек. Айдың күннің аманында, бір жылдың ішінде талай сарбаздың жер құшуы және оның өзге емес, сатып алған техникаларымыздың сапасыздығы салдарынан орны толмас өкінішке ұрындыруы – қазақ армиясындағы түйткілдің әлі де мол екендігін танытады. Ақпарат құралдарындағы мәліметтер Ресейдің ескі техникаларын сатып алу немесе жөндеуден өткізу барысында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың қылаң бергенін әрі соның салдарынан ұшуға жарамсыз техникалардың Қазақстан Қарулы күштерінде, ішкі әскерде көбейіп кеткенін айтуда. Демек елді жайлаған жемқорлықтың салдары жазықсыз сарбаздардың ажал құшуына жол ашып берді.

ҚАЗАҚЫ ПАТРИОТИЗМ ӘСКЕРИ ИДЕОЛОГИЯДАН КӨРІНІС

ТАБА АЛДЫ МА?

Екінші мәселе, Әскери идеологияны қаншалықты деңгейде қалыптастыра алдық? Посткеңестік елдер секілді Қазақстанның Қарулы күштерінің құрамы аралас принцип­пен толықтырылып келеді. Жедел әскери қызметтің ұзақтығы 18 ай, қазіргі армия негізінен келісім-шартпен әскерге ша­қыры­латындармен толығып отыр.

Армия қатарын келісім-шартпен шақы­ры­латындардың көбейтуі – әлемдік тәжірибе. Десе де, оның кері ықпалдары да көп. Ондай сарбаздардың негізгі көздегені – Отан қорғау емес, ақша болуы да заңдылық. Сол себепті де, сарапшылар келісім-шартпен шақырылатындардың басым көпшілігін бітімгершілік мақсаттағы шетелдік нүктелерге жіберіп, Отан қор­ғау­шылардың қатарын еріктілермен тол­тыр­ған жөн деп есептейді. Әскер қатарына шақырылғандардың арасында өлім-жітімнің көбеюі, өрімдей ұланын әскерге шығарып салып, оның мәйітімен жылап көрісетіндердің қатары көбейген сайын қарапайым халықтың үрейі артып, сенімі азаюда. Отан қорғауға белсеніп, бел шешіп кірісетіндердің саны кемуде. Бүкіл әлемді дірілдеткен КСРО кезінде, әскерге шақырылу да, Отан ал­дын­дағы борышын адал өтеу де абырой болғаны белгілі. Бүгін де сол абыройды тірнектеп жию қажеттігі тұр қазақ әс­ке­рі­нің алдында. Біріншіден, әскери идеология – қазақы патриотизмге негізделуі тиіс. Қазір әскери бұйрықтардың әлі күнге дейін қазақыланбағанын ескерсек, ішкі әскердегі іс-қағаздарының тек орыс тілінде толтырылатынын бағамдасақ, ел әскерінің мұрнына қазақы идеологияның иісі де бармағанын айтуға болады. Қазіргі әскери шерулердегі бұйрықтар қазақ тілінде беріліп жатқанымен, бұл мәселенің бергі беті ғана.

Оның үстіне, КСРО отан қорғау­шыла­ры­ның күні болып келген, бүгінде Ресей отан қорғаушыларының күніне алмасқан 23 ақпанды төл мейрамымыздай қабылдап, КСРО-ның не екенін білмей өскен жас ұрпақтың өзі ұлан асыр тойлап, Парламент төрінен Тәңірберген Бердіоңғаров секілді империялық саясатпен уланған жас буынның бүкіл елді «23 ақпанмен» құттықтауы да, санамыздың әлі де азаттық идеологиямен сусындай алмай жатқанының көрінісі.

Егер бүкіл қазақ үшін ең қасиетті күн – 16 желтоқсан күні бүгінге дейін Жаңа жыл мейрамының тасасында қалып келе жатса, биылдан бастап ресми мерекеге айналған 7 мамыр енді, Жеңіс күнінің тасасында қалып қоятын сынды. Егер 23 ақпанды санамыздан сыза алмай келе жатсақ, тым ежелден жүрегімізді жаулап алған, Жаңа жыл мен Ұлы Жеңіс мейрамының даңқы, Қазақ үшін аса қасиетті – қос мейрамды, Тәуелсіздік күні мен Отан қорғаушылар күнін тұншықтыруы да бек мүмкін. Сол себепті де, жат идеялылардың, бұрынғы империяның төл мейрамдарынан гөрі өзіміздің киелі мерекемізді ұлықтай білейік, ағайын!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары