СӘБИЛЕРІМІЗ ЖАТҚА КЕТІП, ЖӘУТЕҢДЕМЕСІНШІ...

СӘБИЛЕРІМІЗ ЖАТҚА КЕТІП, ЖӘУТЕҢДЕМЕСІНШІ...

СӘБИЛЕРІМІЗ ЖАТҚА КЕТІП, ЖӘУТЕҢДЕМЕСІНШІ...
ашық дереккөзі
322

Итен Қарымсақұлы:

Белгілі публицист, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай ол кісі туралы «Өз басым қоңыр сөзін жаныма жақын қабылдаймын. Оны ұғым дейсіз бе, түсінік дейсіз бе, қасиет дейсіз бе, өз қалауыңызға қарай қабылдауға әбден болады, әрине. Осы қасиетті бойына терең сіңірген бір азаматты аса керім көремін. Ол – Қазақстанның құрметті журналисі Итен Қарымсақұлы. Бұл есім қазақ баспасөзі арқылы көзі ашық, көкірегі ояу әрбір оқырманға жақсы таныс. Қоңырлығы басым, қыңырлығы сирек Иекеңнің өмір жолы тұнып тұрған өнеге», – деген екен. Өзіне тән қоңыр әлемі бар Итен Қарымсақұлы ұзақ жылдар қолынан қаламын тастаған жоқ. Бүгін біз белгілі журналист Итен Қарымсақұлының әр жылдары жазған мақалаларынан үзік-үзік ойларын жинақтап, жариялауды жөн көрдік. … Меніңше, адам баласының жаманы жоқ. Бәрі де жақсы. Бірақ, пиғыл тапшылығы бәрін де тұмшалап тастайды. Қызғаныш, көре алмаушылық іштей бұғып жатады. Оны бетке айта алмайды. Адамның жақсы не жаман болуы осындай қордаланған қолайсыз іс-әрекеттен басталып, бірте-бірте әрі қарай тамырын терең жайған соң, өзгеше бір жағымсыз мінез танытады. Ол осылайша қоғамда өзі жайлы біреу біліп, біреу білмейтін, айналасында басқа біреулер жағымпазданып, жалпақтап шауып жүретін орта қалыптастырады. Өмір солай… *** Баяғыдай, Қарынбайдың малы деп бөле-жаратын ештеңе қалмай бара жатыр. Мал басының азаюы – қазақтың болашағына сенімін жоғалтуда. Тіпті, біріне-бірі сенетін, қайырымы мол, аңғал, бейғам қазақтың кейбір отбасылары қолдағы малынан айрылып, заң орындарының табалдырығын тоздырып жүргені де жасырын емес. Себебі, ұрылардың көбі малдың құнын қайтарып беруге қабілетсіз, кезінде сатып, ақшасын жұмсап жіберген. Оны айтасыз, бірнеше рет сотталып, босанып келген көптеген «тюремщиктердің» қазақтың малын ұрлап жан сақтап жүргені ешкімге құпия болмай қалды… *** Қала даңғылдары мен үлкен көшелерін аралап келе жатсаңыз, өзіңізді бейнебір шет елде жүргендей сезінесіз. Биік ғимараттардың қабыр­ға­лары да, төбелері де, көшенің қиылыстары мен өткелдері де, жан-жағыңыздың бәрі де ағылшын, латын, тағы басқа тілдерде жазыл­ған жарнамаларға тұнып тұр. Бұл қалай? Бұған тікелей жауапты­ «Алматы жарнама» коммуналды­ мемлекеттік кәсіпорын директоры М.Ерманның сөзіне құлақ түрсең, бәрі де тап-тұйнақтай тәрізді. Шындығында жағдай басқаша. Сондықтан кәсіпорын құбылып шықты. Кәсіпорын директорының орынбасары Б.Жәнібеков жарнамаларды орналастыруға байланысты орын алған кемшіліктердің жігін жазып айтып бере алмады. Өйткені, мұнда көрнекі ақпараттар туралы шешімді жарнама иелерінің қалай орындайтыны мұқият тексерілмейді. Рұқсат қағазда жарнамалардың қазақша мәтіндері айқын көрсетілсе де, көп жағдайда қалғандарға жазылмай қалады. *** Мемлекеттік органдар актілерінің, құжаттама жүргізудің, азаматтардың өтініштеріне қайтарылатын жауаптың, статистикалық есептің, деректемелер мен көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде орындалуына тексеру жүргізу барысында жоғары органдардан төменгі буындарға берілетін нұсқаулар, тапсырмалар, басқа да қатынас қағаздар құлаш-құлаш орыс тілінде түсетіні айқын байқалды. Тіпті қалалық әкімшіліктің де, оның тиісті бөлімдерінің де солай істейтіні белгілі болып отыр. Мәселен, әкім аппаратының денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі А.Ким 2002 жылғы 15 қаңтарға дейінгі мерзімге қаланың тоғыз мекемесінен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын шығару үшін жоспарлардың орындалу нәтижелері жөніндегі проблемалық мәселелер мен ұсыныстар жасап, талдау материалдарын сұрап орыс тілінде қатынас жолдаған. Бұл күндері жоғары ведомстволық және басқару органдарынан жергілікті мекемелерге түскен қатынастардың бәрі де осылайша орыс тілінде жіберілетіні мемлекеттік тілдің еңсесін басып, адымын аштырмай тұр. *** Иә, сіз бен біз – тәуелсіз, егемен елдің азаматтарымыз. Ата Заңымызда баян етілгендей, біз – қоғамның басты байлығымыз. Біздің денсаулығымызды сақтау және нығайту үшін мемлекет үнемі қамқорлық жасап келеді. Адамға жылылық шуағы жоқ кейбір шенеуніктердің кінәсінен сіз бен бізге мемлекет көмегінің жетпей жатқан ақ халатты абзал жандардың санасын ақша жайлап алғандай. Халықтың денсаулық жағдайын талдау осыны аңғартады. Демек, біз құқымыздың заңмен қорғалатынын естен екі елі шығармауымыз керек. *** Жайылым тарылды, отыратын жердің бәрі қазылып тасталды. Ол аз дегендей әрлі-берлі ауыр салмақты жүк машиналары жүріп, онсыз да шөбі аз жердің ақ топырағын аспанға шығарып берекесін алды. Бір сәт жүріп өткен машинаның ақ шаңы бүкіл ауыл сүтіне тұман да төніп, көпке дейін сейілмейді. Бұл не? Жерді, жайылымды бұлай қорлауға бола ма? Бір емес, екі емес, күн сайын ерсілі-қарсылы ағылған автомашиналар боз даладағы қойдың құмартып жейтін шөбі – жусан, бұйырғын, бидайық, қоңырбас, раңын басып-жаншып рәсуә етуде. Қойдың жейтін қорегі табылатын емес. Бұл малшылардың жанына қатты батуда. Бір кездері атадан ауысқан шопанның ақ таяғын ұстаған жастар көбейді. Олардың мал өсіруге деген ынтасы бар. Бірақ, жазғы жайлаудың бүгінгі сұрқай көрінісі көңіліне реніш ұялатады. *** Қазақ қайтсе көбейеді, қайтсек қабырғалы ел боламыз деп жүрген бізге ең үлкен шаруа осындай Батыр-Аналарға, көпбалалы отбасына ұдайы қамқорлық, көмек жасау болса керек. Ал жергілікті кеңестердің бұл жөніндегі қабылдап жатқан шаралары әлі мардымсыз, сөз етуге тұрмайды. Тіпті, көбіне-көп Батыр-Аналарға оң көзқарас байқалмайды. Олардың балаларының еңбекке орналасуы жөнінде атқарылып жатқан істер де көзге көрінбейді. Экологиялық апат аймағында тұрған ардақты және көпбалалы аналарға қандай қамқорлық жасаса да артық болмайды. Мәселен, Прибалтика республикасында бес баласы бар аналар артықшылықтарды пайдаланады. Ал он баласы барларға «Рафик» автомашинасы бөлінеді. Бізде ше? Көзі жәутеңдеп, арып-ашып, абыржып барған аналарға мекеме басшыларының есігінің өзі барлық уақытта бірдей ашық тұра бермейді. «Ертең кел, жағдайды түсінсейші, мүмкіндік болмай жатыр» деген келте жауаппен кері қайтарылады. *** Құрлық асып, алыс жол жүріп келіп, бөгде елдің, басқа ұлттың ұрпағын асырап алудағы мақсат не? Өткен жылдың қыс айында жол жүрмек болып Алматы әуежайына келгенімде орындықта отырған дамыған елдің түр-түсі бөлек ерлі-зайыптыларының қолынан құндақталған сәбиді көріп, тілмаш арқылы тілдестім. Екеуінің де мінезі жайдары, ашық екен. Жарқылдай сөйледі. Көңілдерінен қуаныш лебі есіп тұр. «Қазақтың қаны бөлек» деді америкалық жігіт. Өзге ел азаматтарының қанымызға қызығып тұрғаны бірден сезілді. Соны біле тұрып, біз жарық дүниеге шыр етіп келген нәрестелерімізді шырылдатып, бөтен елге өз қолымызбен жөнелтіп жатырмыз. Қайран өмір-ай, тағдыр-ай! Америкалық жігіт ашық сөйлес­ті. Мінезі жібектей екен. «Отау құрға­ны­мызға он бес жыл болды. Бізде бәрі бар, жетпейтіні – бала ғана. Мен әкеден жалғызбын. Ұрпақсыз қаламын ба деп қорықтым. Ал осылай мен сияқты күй кешіп жүргендер де баршылық. Олардың бірқатары қазақстандық балаларды асырап алып өсіріп, отының басы думанға айналды. Мен де сондай сәттерді аңсаймын, асыға күтіп жүрмін», – деді ол. *** …Жастай жетім қалған бала да, жылап-еңіреп жесір қалған әйел де уақыт ағысына ілесіп, әйтеуір бір күнін көрер. Олар өлмейді. Қайта қиыншылықтың тауқыметін тартып өмірде ерте есейеді, ертеңіне нық қадам басады. Ал балалы үйдің – баласыз үйден мың есе артық екенін терең ойлау үшін уақыт керек. Бүгінгі сәбилер де солай. Оларды ертең еліміздің қорғаны, ұлтымыздың мақтанышы болу үшін қатарын сиретпей алақанда аялап ұстау қажет. Олардың өзге елдің босағасына таңылып, сағы сынып, жат жұртта жетімсіреп, жылап жүргені бүгінде ат арқасына мінген азаматтарға да, зиялы қауымға да, қоғамға да үлкен сын. Дайындаған Г.БЕКТАС «Өз әлеміңді қорға – вакцинация ал!» Ағымдағы жылдың 22-27 сәуірі аралығында Еуропалық егу апталығы өтуде. Осыған орай Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық экспертиза және мониторинг ғылыми-практикалық орталығында баспасөз конференциясы өтті. Конференцияға Қазақстан Респуб­ли­касының денсаулық сақтау және иммунизация саласындағы ғалымдар қатысты. «Өз әлеміңді қорға – вакцинация ал!» Бұл – әлемдік денсаулық сақтау ұйымының ұраны. Алматы қалалық санитарлық-эпи­де­мио­логиялық экспертиза және мониторинг ғылыми-практикалық орталығында ұйымдастырылған шара да осындай ұранмен өтті. Жұқпалы аурулардың таралуына кедергі келтіретін вакциналарды егу – денсаулық сақтаудағы өзекті мәселе. Елімізде жасалған егу жұмыстары әсерінен жұқпалы аурулардың қаупі жылдан-жылға азайып келеді. Мамандардың деректеріне сүйенсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық егу кес­те­сінде негізгі 11 жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация қарастырылған. Атап айтар болсақ, В вирус­ты гепатит, туберкулез, дифте­рия, күл, көкжөтел, сіреспе, сал, қызылша, қызамық, эпидпа­ро­тит және ХИБ жұқпасы, тағы басқа ауруларға қарсы егу жұ­мыс­тары жүргізіледі. Аталған егу жұмыстары мемлекетімізде ақы­сыз түрде көрсетілетін көмек болып есептеледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы бойынша әр аумақта егу жұмыстарының жүргізілу деңгейі 95 пайыздан кем болмауы керек. Алайда, кейбір ата-аналар балаларына екпе салдыруға қарсылық білдіретін көрінеді. Өткен жылдың соңында Қазақстан бойынша 900 ата-ана балаларына вакцинация салдырудан бас тартқан. Ал қазір олардың 90 пайызына егу жұмыстары жүргізілген көрінеді. Конференцияға қатысқан ғалымдардың бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Каральник Борис: «Біздің елімізде тіркелген вакциналардың қарсы айғақтары өте аз, олардың құрамында тірі бактериялар мен вирустар жоқ. Вакциналар ауру шақырмайды және қауіпсіз», – дейді.
Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары