ӘКІМ ЖҰМЫСЫ ҚАЙТСЕ КӨРІНЕДІ?

ӘКІМ ЖҰМЫСЫ ҚАЙТСЕ КӨРІНЕДІ?

ӘКІМ ЖҰМЫСЫ ҚАЙТСЕ КӨРІНЕДІ?
ашық дереккөзі
166

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға қатысты заң жобасын талқылаған депутаттар әкімдердің жұмыс көрсеткіші қандай болуы керек деген мәселе бойынша бір ұстанымға келген жоқ. Өйткені Үкіметтен сәуір айының басында ғана келіп түскен заң жобасында да бұл мәселе қарастырылмаған екен. Шындығында, аудан, кенттер мен ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесін қолға алар тұста, олардың құзыретін кеңейту қажеттігі даусыз. Бірақ, сонымен қатар, әкімдердің жұмысына баға беру жүйесі әлі де нақтылауды қажет етеді.

Кеше Парламент Мәжілісінде қаралған заң жобаларының ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға қатысты екі бірдей құжаттың маңызы ерекше. Себебі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жергілікті тұрғындардың жиын арқылы маңызды мәселелер бойынша шешім шығаруға атсалысуын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент, ауыл әкімдерін сайлауды енгізу де осы заң жобасы аясында қарастырылған. Оның үстіне, ауыл мен елдімекендер әкімдеріне кейбір мәселелерді шешу үшін қаржылық дербестік беру мәселесі де жүзеге аспақ. Заң жобасына қатысты депутаттар алдында баяндама жасаған премьер-министрдің бірінші орынбасары – өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бұдан былай жергілікті әкімдерге табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік берілмек. «Бұл ретте әкімдердің қарамағындағы мүлікті жалға беруден түсетін кірістер, ерікті алымдар, қайырымдылық және демеушілік жарналар, айыппұлдың жекелеген түрлері, сыртқы жарнаманы орналас­тыру үшін төлемдер, сонымен бірге, заңнамаға қайшы келмейтін өзге де түсімдерді әкімдердің өздеріне қалыптастыру құқығы беріледі» деді министр. Басқаша айтқанда, ауыл әкімдері аймақтардағы мәдениет үйлерін, бала бақшалар, спорт нысандары арқылы қосымша табыс табуға құқылы болмақ.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығ­ма­туллин заң жобасы арқылы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу керектігіне баса назар аударды. «Табыс көзін қалыптастыру мәселесі ерікті жарна немесе демеушілік көрсету арқылы жүзеге асатыны түсінікті, бірақ осындай жолмен сол жерде жұмыс істеп жатқан адамдарды жоғалтып алмауымыз керек. Заң жобасында осының алдын алатын нормаларды түгел қарауымыз керек», – деді.

Бұдан соң «ҚР кейбір заңна­ма­лық актілеріне мемлекеттік бас­қару органдары өкілеттіктердің ара­жігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы ҚР Заңының жобасын бірінші оқылымында экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев таныстырды. Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруді көз­Өдеген заң жобасы жергілікті ат­қа­­рушы органдарды күшейтуге әсер етуі тиіс.

Осы заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева әкім-қараларға деген өкпе-реніші бар екенін айтып қалды. «Бұл заң жобасы елімізге керек. Бәріміз жергілікті өзін-өзі басқару органдары өз бетінше әрекет ету мүмкіндік алып, олардың құзыреті кеңеюіне, өздігінше шешім қабылдап, аймақты дамытуда экономикалық белсенділік танытуына, инвестиция тарту саласында жемісті жұмыс істеуіне мүдделіміз. Экономикалық форумдар мен симпозиумдарға қатысу, болашақ инвесторлармен кездесу… Әзірге бұл жұмысты бәріміз үшін Елбасы атқарып отыр. Ол қай елге бармасын, ерінбей, инвесторлармен, олигархтармен кездесіп, оларға біздің елдің инвестициялық жағынан артықшылықтарын әңгімелеп, сол инвесторлардың елімізге келіп, қаржысын салуын, оның құқығының қорғалуын өзі қадағалап отырады. Жергілікті әкімдер осылай жұмыс істеуі керек. Біз мұны көріп отырған жоқпыз. Басқаларды қайдам, мен өз басым мұндай тәжірибені байқамадым. Егер біз құзыреттердің ара-жігін ажырату туралы айтатын болсақ, онда осы заң жобасы әкімдерді экономикалық белсенділікке ұмтылдыратындай болуы керек. Олар өздері басқаратын аймақтың экономикалық ахуалына жауапкершілікті сезінуі керек. Ал шын мәнінде олар өз орындарында отырып, бөлінген қаржыны әйтеуір игеріп отыр», – деді. Әкімдердің жұмыс істемейтіндігінің мысалы ретінде Дариға Назарбаева Оңтүстік Қазақстан облысына барған сапарында сол аймақтағы ескі мектепті көруге жергілікті әкімшіліктің кедергі жасап баққанын айтты. «Бұл қабырғаны бұзып шығу мүмкін емес», – деп қынжылды депутат. «Әрине, олар көбірек өздеріне құқық беріп, Орталық тарапынан азырақ қадағалау болғанын қалайды. Бұл заң жобасы аттың алдына қойылған арба сияқты», – деді ол.

Осы мәселені Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин одан әрі қаузады: «Осы заң жобалары арқылы жергілікті әкімдерге қосымша құзыреттер беріледі… Енді жергілікті атқарушы органдар осыған дайын ба деген мәселені анықтап алуымыз керек… Бүгін министрдің баяндамасында Үкімет қалай қадағалау жасамақ деген мәселе айтылмады. Егер оны әкімдердің рейтингісін түзу арқылы жүргізетін болсақ, онда олар күн сайын өз клубтарында халық алдына шығып жиналыс ашуы мүмкін, бірақ… егер ол басқарып отырған аймақта жаңа жұмыс орындары ашылмаса, сәби өлімі артса, егер шағын мен орта кәсіпкерлік дамуына жағдай жасалмаса… Міне, жұмыс көрсеткіші осылар. Бүгін бұл туралы айтылмады».

Осылайша, әкімдердің жұмыс көрсеткішінен мағұлмат беретін рейтинг түзудің ереже-тәртібін анықтау мәселесі әлі алда. Мәжіліс төрағасы осы мәселе бойынша заң жобасының екінші оқылымында тиісті норма енгізу қажеттігін айтты.

Екі заң жобасы да мақұлданып, екінші оқылымға жіберілді.

АСТАНА

Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН,

Мәжіліс төрағасы:

– Жергілікті атқарушы органдар осыған дайын ба деген мәселені анықтап алуымыз керек.

Дариға НАЗАРБАЕВА, Мәжіліс депутаты:

– Бұл жұмысты бәріміз үшін Елбасы атқарып отыр…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары