Дүйсенбі, 6 Ақпан, 2023

СПОРТ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚУАНЫШ

Төрткүл дүниенің назарын аудартқан ХХХ Олимпиадалық ойындар аяқталды. Әлемнің ең мықты спортшыларының басын қосқан Лондондағы ойында спортшыларымыз ел намысын абыройлы қорғап, бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Яғни 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медальді ұтып, жалпы командалық есепте 12-орыннан көрінді. Бұл сол спортшыларды баптап, оларға үлкен қолдау көрсеткен қазақ елінің жеңісі десек қателеспейміз.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Олимпиадалық ойындарға дербес мемлекет ретінде үнемі қатысып, талай алтын алқаны олжалап келе жатқаны баршамызға аян. Дегенмен тұманды Альбион төрінде жеті бірдей спортшымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, әнұранымызды ойнатуы тіптен керемет болды. Олимпиадалық ойындардың алғашқы күні ел қоржынына бірінші болып алтын медальді салған велошабандоз Александр Винокуров барша қазақстандықтарға қуаныш сыйлап, өзге спортшыларымыздың жолын ашып берді десек болады. Бұрынғы Олимпиадалық ойындарда спортшыларымыз жарыс аяқталуға санаулы күндер қалған кезде биік тұғырдан көрініп жүрсе, биылғы жарыста Қазақстанның жалауы алғашқы күннен бастап көкке көтерілді. Александрдың жеңісінен кейін зілтемірші қыздарымыз да бірінен кейін бірі күллі әлемді мойындатып, биіктен көріне білді.

Мұндай жеңісті еліміз жақын арада қайталай ала ма, жоқ па, белгісіз, ол тек уақыт еншісінде. Сонымен биылғы Олимпиадалық ойындағы жеңістің басым көпшілігін «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының спортшылары әкелгендігін мақтанышпен айта аламыз. Өйткені еліміздің қоржынындағы 13 медальдің он бірін динамолықтар олжалаған. Алтын алқаны алғашқы болып қанжығасына байлаған велошабандоз Александр Винокуров, зілтемірші Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин, бокстан күміс медальға қол жеткізген Әділбек Ниязымбетов және қола медальді ұтып алған грек-рим күресінің шебері Даниял Гаджиев, боксшы Иван Дычко мен Марина Вольнова, палуандардан Гузель Манюрова, Ақжүрек Таңатаров динамолық спортшылар екендігін айта кеткіміз келеді.

2008 жылы Бейжіңде өткен Олим­пиадалық ойындарда да Қазақ­стандық спортшылар 13 медальді ұтып алса, оның он бірін динамолықтар олжалаған болатын және екі алтын алқа да динамолықтардың еншісінде еді. Лондонда да динамолықтар саны жағынан Бейжіңдегі медальдардің көрсеткішіне қол жеткізгенімен, сапасын арттыра түсті. Тұманды Альбион төріне 64 динамолық спортшы аттанған болатын. Олардың қатарында Нұрмахан Тінәлиев, Алмат Кебісбаев, Дархан Баяхметов, Максим Раков, Элмир Әлімжанов, Дмитрий Алексанин, Юлия Живица сынды халықаралық додаларда топ жарып жүрген талантты спортшылар бар болатын. Дегенмен үміт артқан бірнеше спортшымыз ойын барысында жақсы өнер көрсете алмай, мүлт кеткені белгілі. Жарыс болған соң жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні аян, сондықтан оған бола қапаланудың еш реті жоқ деп ойлаймыз. Олимпиадалық ойындардың қайталанбастығы сол, бұрыннан дүбірлі додаларда топ жарып, атақ-даңқы жер жарған спортшыны көп таныла қоймаған жас спортшының жеңіп кетуі мүмкін. Бұл Олимпиадалық ойындары, сондықтан мұнда бап пен бағы қатар шапқан спортшының ғана чемпион атанатыны белгілі.

Динамолық спортшылар әлі талай дүбірлі додада топ жарып, еліміздің мерейін асқақтататынына сенеміз.

Әділет МҰСАХАЕВ,

«Динамо» ДШСҚ

Баспасөз қызметінің жетекшісі

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button