1066
ШОҚАН ЖӘНЕ ШЫҒЫС ӘЙЕЛДЕРI
ШОҚАН ЖӘНЕ ШЫҒЫС ӘЙЕЛДЕРI
Ұлы ғалым, жалынды демократ Ш.Уәлиханов шығыс халықтары, соның iшiнде қазақ әйелдерi тағдырын бiрiншi болып жазған едi. Ол өзiнiң қысқа да жарқын өмiрiнде әйел теңдiгiне белсене араласып, барлық шығармаларында әйелдер басындағы ауыртпалықты өткiр тiлмен, демократ көзбен ашына суреттедi. Тарихи дәлелге жүгiнсек, Шоқан әйелдер басындағы теңсiздiктi балалық шағынан көрiп өскен екен, сол сәттен бұл мәселеге ерекше назар бөлген. Әрине, бұған әкесi Шыңғыстың тигiзген көп ықпалы бар, себебi ол Шоқанды жасынан ел iшiндегi саяси жағдайды бiлуге баулыған.
Қазақстан тарихына ерекше көп еңбек сiңiрген майталман ғалым Мәриям Сүлейменқызы Тұрсынованың Қазақ КСР Орталық архивiнен алып жинаған мына бiр материалдарды мұқият қарауға мiндеттiмiз. «… 1843 жылы Құсмұрын округiне қарасты Сыбан-Керей болысының бастығы Есеней Естiмесов көп жыл отасқан бұрынғы әйелiн қуып, жас әйел (Ұлпан) алады. Ал оның әйелi Қаныкей болса, Көкшетау округiне қарасты Аңдағұл-Ораз Байымбет болысының бастығы подполковник Зiлғара Байтокиннiң қызы едi. Подполковник 3. Байтокин Омбы басшыларына шағым жазады. Қызын Есенейге ұзатқанда көп мал мен қыруар жасау бергенiн дәлелдейдi. 1844 жылдың 14 наурызында Есеней мен Зiлғараны Қызылжарға шақыртып, кездестiредi. Зiлғара Байтокин: – Есеней әйелi Қаныкейдi алып кетсiн. Әйтпесе мен берген мал мен жасауды, дүние-мүлiктi өзiме түгелдей қайтарып берсiн, – деп үзiлдi-кесiлдi талап етедi. Бұл кезде Есенейдiң болыс болғанына екi жыл өткен едi. Алайда Есеней Естiмесов Зiлғарадан алған қыруар мал мен дүние-мүлiктi қайтып бергiсi келмей, Қаныкейдi қайтып алатынын айтады. Сонымен олар келiсiмге келедi. Есеней Қаныкейдi 10 күн iшiнде алып кететiндiгi туралы қолхат жазып берiп кетедi. Арада он күн емес, бiраз уақыт өтедi. Ұлпан сынды сұлуды тоқалдыққа алған Есеней Қаныкейдiң артынан бара қоймайды. Тек, 1844 жылдың қараша айында, Қаныкейдiң артынан өзi бармай, бiр топ зиялы адамдарды жiбередi. Олардың iшiнде мына адамдар бар екен: Аманқарағай округiнiң аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың 9 жасар баласы Шоқан, сол округтiң заседателiнiң бiрi Төбей Барлыбаевтың әйелi, Есенейдiң қарындасы т.б. Бұл оқиға бұдан кейiн де ұзаққа созылады. Алайда бұл жерде бiз ерекше көңiл бөлетiн тарихи дерек, осынау жесiр дауына 9 жасар Шоқанның қатысуы. Шыңғыс пен Есеней өмiр бойы қарсылас болған адамдар, әйтседе, ел iшiндегi барлық iстердi таныстыру мақсатымен Есенейге қатысты болса да, жесiр дауына бала Шоқанды әдейi жiбередi. Мiне, осындай тарихи деректер Шоқанның әйел тағдырына жас кезiнен-ақ араласқанын көрсетедi. Шоқан 21 жасында Ыстықкөлге, яғни Қырғызстанға жасаған саяхатында қырғыз әйелдерiнiң тағдырына да көп тоқталған. Ол заманда қырғыз елiнде қазақтардағы сияқты қыздар түгелдей қалың малдың құрбаны болған және жастай күйеуге берiледi. Оны Шоқан: «… 18 лет девицы считаются уже засидевшимися. 15 лет есть возраст возмужалости девиц. Я сам видел много молодых аяч — матерей семейства, которым было только 15 лет. Разумеется, что от такого раннего брака женщины стареют скоро. В 30 лет уже они старушки. Калым у богачей безграничен; 100 лошадей, 20 рабов, 10 беркутов и 10 ружей. Приданное не совсем соответствует калыму: 1 ямба, 100 халатов, сто одеял – это высший дар. Случаи такие бывают редко. Простой же народ продает дочерей по умеренной цене: 20, много 30 голов скота…» – деп сол замандағы әлеуметтiк жағдайдың қырғыз әйелдерiне қатысты барлық шындығын өткiр тiлмен түйрей жазады. Шоқан қырғыздың бiр ауылына келгенде, оның төре тұқымынан екенiн есiткен ел адамдары алдына ауру жас келiншектi әкелiп: – Мына бақытсыз әйелдiң iшiне жын толып кеткен. Соны қуып, аластау сiз секiлдi ақсүйектiң ғана қолынан келедi, – дейдi. – Қалайша мен оны қуамын? – дегенде: – Қамшымен аямай сабайсың, – деп ауыл адамдары кәрi-жасы түгелдей өтiнiш жасайды. Шоқан бұндай келiссiз iстен бас тартқанда, бәрi өкпелейдi. Бұған қатты қиналған ол: – Менiң орныма басқа бiр жiгiт ұрсын, – деп бiреудi көрсетiп, өзi зорға құтылады. Бақытсыз келiншектi бiрнеше әйел мықтап ұстап тұрады, әлгi жiгiт оны қамшымен ұра бастайды. Жиналған жұрт: «Ұр», «Ұр», – деп айқайлайды. Келiншек босанып қаша жөнеледi. Оны ұстап, қайтадан ұрғызады… Мына сұмдыққа шыдамаған Шоқан жүгiрiп барып жiгiттiң қолындағы қамшыны жұлып алады. «… Бәрi бiткен соң мен әлгi ауру келiншекке қарадым. Қос бұрымы оның тұрмысқа шыққанын айғақтағанмен, жасы 15-тен аспайды. Өзi бiр өте әдемi жаратылған жан екен. Қайғыға бата қос жанарынан жас сорғалай қорыққан ол жан-жағына қарайды, жанашыр адам табылар ма екен деп үмiттенетiн сияқты, жүзi тым жүдеу, алайда көрiктi жан екенi байқалып тұр. Үстiнде жыртылған халаттан басқа ешқандай киiмi де жоқ… Содан соң сұрастыра жүрiп атын және шыққан ауылын бiлдiм. Күйеуге ұзатылғанына бiр жылға таяпты, ал күйеуi жас қырғыз жiгiтi. Кейiн бәрi түсiнiктi болды. Күйеуi оны ұрып-соғыпты, жүзiн қарайтын айнасын сындырыпты, көйлегiн жыртыпты. Өзi әке-шешесiнiң жалғыз қызы. Сондықтан әкесiнiң сүйiктiсi болып бұлғақтап, еркiн өскен қыз екен. Келiн болып түскен жерi мен күйеуiнiң қаталдығынан бұрынғы еркiн әрi бақытты күндерiн аңсап, ауруға шалдығыпты. «Егер әйелiңдi дертiнен айықсын десең көйлегiн жыртып, айнасын сындырып, қорлық көрсетпе», – деп күйеуiне айттық. Содан соң туыстарына, өзiне: «Ендi аурудан жазыласың,– деп сендiрiп, iлгерi жүрiп кеттiк» – деп жазады Шоқан. Мұндай көрiнiстi ол талай ауылдан кезiктiрген. Дарынды ғалым, революцияшыл демократ Азия халықтарының басындағы ауыртпалықты, надандықпен бiрге қалыптасқан ел iшiндегi озбырлықты көркем тiлмен толғай жүрiп, келешекте солардың бақытты өмiр сүруiн армандайды. 21 жастағы жас ғалымға қырғыз ауылдары өз ауылындай әсер еткен. Ол әрбiр ауылдың тiршiлiгiн бай тiлiмен мәнерлеп жазып, өзiнiң сүйiспеншiлiгiн ерекше көрсетедi. Мысал үшiн айтсақ, Шоқан: «… Внутри аула, в середине его, были привязаны жеребята и дойные кобыла, там же бродили коровы и бараны…», (261) «… Около юрт сидели несколько женщин и варили курт…» – деп суреттейдi қызықты ауыл өмiрiн. Құрт қайнатқандар туған елiн елестетедi. Ол әйелдерге шын мәнiнде риялықпен, әсiресе үлкен кiсiлерге өз шешесi мен әжесi Айғанымды көргендей қарайды: «… Одна старушка принесла мне в чашке кумысу. В взоре и в словах ее было так много истинной доброты и участия, что я разом осушил чашу, чтобы только сделать ее довольной», – дейдi тебiренiп. Ғалым қырғыз әйелдерiне деген барлық ықыласын қыл қалам құдыретiмен де бейнелейдi. «Ыстықкөлдiк қырғыз әйелдер», «Үш аяш, «Қырғыздар көшi» атты құнды суреттерiнде олардың киiмдерiн, тұрмыс-салтын, көшiп бара жатқанда түйенiң, аттың, сиырдың үстiнде отырған сұлу сәтiн әдемi өрнектейдi. Тiптi, пәк, кiршiксiз таза көңiлдi жандар екенiн де айқын айғақтай бiлген. Шоқан Құлжа және Қашғария саяхаттарында да шығыс әйелдерi тағдырына көп көңiл бөлген. Бұл өлкеде Орта Азия мен Қазақстанға қарағанда, әйелдер құқығының әлдеқайда артықшылығын ғалым: «Всего лучше кашкарская умеренность выражается выгодным положением женщин в домашнем и общественном быту. Женщины в Малой Бухарии занимают почетное место и многие из них приобрели историческую известность… Жена может оставить мужа, когда ей угодно; если жена желает развода, то не может взять ничего из дому; если же муж, то он должен обеспечить ее существование. Замечательно также одно уклонение от мусульманских обычаев – это временные браки»,– деп жазады. Әрине, әйел басындағы еркiндiк жақсы, алайда материалдық қиындыққа байланысты кез келген баймен әлде саудагермен уақытша некеге тұратындығы ғалымды көп қынжылтады. Әйелдердi бұзық жолға түсуге душар ететiн тұрмыстың нашарлығын ол: «В предместьях городов существует много публичных домов, в которых женщины предаются грязному распутству. Причины значительной цифры павших нравственно женщин в Кашгаре происходят всего более от бедности и нужды…» – деп бар шындықпен суреттейдi. Ұлы ғалым қазақ әйелдерiнiң тағдыры туралы да көп жазып қалдырған. Оны ең алдымен қатты күйзелткен мұсылман дiнiнiң келуi және қазақ әйелiнiң басынан ерiк кетуi… Негiзiнен қазақ қыздарының өз еркiнсiз жастай қалың мал құрбаны болып, сүймеген адамына берiлуi, одан ары қарай өмiр бойы сол үйдiң отымен кiрiп, күлiмен шығып, күңнiң күнiн кешуiн тасқа таңба басқандай ете: «… дело о браках и разводах предоставить муллам, был грубый обычай казахов отдавать дочерей своих в замужество в слишком юных летах и большей частью без их согласия. Казахи сговоривали детей своих иногда в колыбели…» – деп айыптаған Шоқан патша әкiмшiлiгiнен жоғарыдағы мәселелердi молданың қатысуынсыз шешуiн әрi қыздарды жастай күйеуге беруге тыйым салуды өтiнедi. Сондай-ақ, қазақ байларының көп әйел алатын шектен шыққан әдетiн: «Некоторые султаны и богатые казахи запирают жен своих в отдельные юрты, как в гаремы» – деп әшкереледi. Ел iшiнде мұсылман дiнiн жамылған сауатсыз, медицинадан ешқандай хабары жоқ тәуiп-балгерлер көбейiп кеткенiне, Құранда осылай жазылған деп ауру әйелдердi қорлап, босана алмай ұзақ толғатқандарды ұрып-соғып, қорқытып, тiлiнен тартатынына күйзеле отырып: «… при таких диких пытках и, наконец, при совершенном отсутствий акушерок и бабок много беременных женщин умирает от родов или побоев», – деп қазақ даласына дәрiгерлiк жәрдемнiң өте-мөте қажеттiгiн баяндайды. Ал, Шоқанның бiр естелiгiнде: «.. . Я очень люблю и восхищаюсь Аягузом; может быть поэтическая легенда о любви прекрасной Баян к золотоволосому Козу-Корпеч, действия которой происходили на этой реке, есть немаловажная к тому причина…» – деп жазуында мән бар. Өйткенi «Қозы Көрпеш – Баян Сұлумен» салыстырғанда мыңдаған қазақ боздақтарының басынан өткен ауыр жағдай зардабының шет жағасы өзiне де тиген едi. … Шоқан 1861 жылдың жазында Петербургтен келген бойда әке-шешесi айттырып қойған қызға үйленуге тиiстi болатын. Ол қыз да оқыған, сауатты жан екен… Оның әкесi Ахмет Жантөрин – Торғай қазақтарының аға сұлтаны, өз заманының көрнектi адамы. Шоқан бұл қызға некелесуден бас тартқанда әке-шешесi қатты наразы болады. Кейiннен ол Петербургтегi досы, ақын А. Н. Майковке жiберген хатында: «… предназначенная мне невеста была влюблена в брата моего и писала к нему в это самое время часто нежные послания…» – деп ақталады. Әрине, Шоқанның iргесiн аулақтатуында бұдан басқа да сыр бар едi. 1861 жылы Петербургтен оралғанда Шоқан мен достарына арнап бiр-бiрден отау тiгiледi. Сонда Ажар атты қызметшi қыз Шоқан отауына бекiтiледi. Ұлы ғалым оған жан-тәнiмен ғашық болады. Өзiнiң және замандастарының естелiктерiне қарағанда, қыз керемет сұлу әрi ақылды екен. Осы оқиғаның бәрiн көзiмен көрген Шоқанның досы Н. И. Ибрагимовтың қалам тербеуiнде Ажардың керемет сұлулығы соншалық, онымен салыстырғанда соңғы әйелi Айсара көрiктi еместiгiн тiлге тиек етiледi. … Шешесi Шоқанға кездесуге тыйым салып, әлгi қызметшi қызды бiр төлеңгiтке атастырады да, Шепенiң (Шыңғыстың ағасы) ауылына көшiрiп жiбередi. Одан ары Баянауылға – Муса Шормановтың ауылына жөнелтедi. Бұл күндер Шоқан мен әке-шешесi үшiн ең ауыр күндерге ұласты. Сүйiктi ұлының құйрық-бауыр жесуге уәделескен құрметтi ата-ананың қызынан бас тартуы, онымен тұрмай қызметшi қызға көз салып, үйленем деуi Шыңғыс пен Зейнептiң түсiнiгiнше ақылға сыймайтын мәселе. Алайда, Шоқан көп қиыншылықпен жүрiп арманына жетедi. Достары мен iнiлерiнiң көмегi арқасында Ажарға қосылып, қысқа өмiрiндегi ең бақытты кезiн Көкшетауда өткiзедi. Бiрақ, олардың тәттi сәтi ұзаққа бармай- ды. Шоқан Ажардан оқыс айрылады. Өлiдей не тiрiлей айрылғаны туралы ешқандай мәлiмет жоқ. Кейiн ол Әулиеатаны қоқандықтардан босатқан 1864 жылғы жазда Тезек төренiң қарындасы Айсарамен некеге тұрады. Бұл Шоқанның үшiншi рет үйленуi едi. Шоқан ауылында жүрген кезiнде көптеген қазақ әйелдерiне бас бостандығын алып берген, сүйген адамына қосылуына жағдай жасаған. Айталық, 1862 жылдың 6 ақпанында К.К. Гутковскийге жазған хатында Малтабаров деген саудагерге бiр бақытсыз әйелдi құтқару үшiн 200 сом ақша мен бiр ат бергенiн сөз етедi. Әлгi Малтабаровтың өлген ағасы- ның әйелi екен, бiрақ оған тұрмысқа шыққысы келмеген, соны пайдаланған Шоқан бейтаныс жанның бақыты үшiн ақшасын да аямаған. Өмiрiнiң соңғы кезiнде Тезек сұлтан ауылында жүрген кезiнде де Шоқан әйел теңдiгiне назар аударуды жадынан шығармаған. Шоқанның бұрынғы 5 томдық жинағына (1961–1970ж.ж.) Г.А. Колпаковскийге жазған екi хаты кездейсоқ себептермен кiрмей қалған едi. Ал, ол хаттарды 1957 жылы архивтен Әлкей Марғұлан тапқан болатын. Кейiннен Шоқанның соңғы мерекелiк жинағына енгiзiлдi (1985). Сол хаттардың бiрiнде (1 желтоқсан, 1864 ж.) Шоқан мынандай оқиғаны хабарлайды. …Бiр қазақтың 13 жасар әдемi қызы Уваш деген байдың баласына айттырылып қойылған. Сол байдың қолында Тауасар атты iскер, пысық құлы бар. Әлгi қызды сол құлына әпермекшi болған бай оның әке-шешесiн орыс отрядтарының атымен қорқытып, қалың малға 1 сиыр, 13 ешкi бередi де алып алады. Қыздың әке-шешесi қызымызды құлға қоса көрмеңiз деп жалынады. Оның үстiне, қызға Тауасар құл тiптi ұнамайды. Осы кезде бұл мәселеге Шоқан араласады да, жас қызды Тауасардың қармағынан құтқарады. Осындай тарихи материалдарға қарағанда, қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов шығыс әйелдерiнiң тағдырын жазып қана қоймай, олардың бас бостандығын арашалауға қолынан келгенiнше тiкелей көмек керсеткен. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың ұлы ғалымы қысқа өмiрiнде үш рет үйленген. Бәрiнде де өз халқының қыздарына некелесiп, соларды бақытты еттi. Оның осы бiр қасиетi туралы Ресейдiң талай алдыңғы қатарлы адамдары жазып қалдырыпты. Мысалы, Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцевтердiң естелiктерiн қарайық. Шоқан секiлдi жiгiттiң сұлтанына жүрген жерiнiң бәрiнде ниетi аумаған қыз-келiншек жоқтың қасы деп айтарлық. Әсiресе, Омбы мен Петербургте талай генералдар мен жоғары шендегi князьдардың қыздарының көбi ғашық болғаны рас… Тiптi, патшаның қарындасы, әйгiлi сұлу Елена Павловнаның (Федерика Шарлотта) өзiмен достық қатынаста болды. Ал, осы Федерика Шарлоттаның қолын бiр сүюге талай генералдар мен маршалдардың қолы жетпей жүрдi. Осынау Қысқы сарайдағы әйелдiң Шоқанға көмегi аз тиген жоқ. Мысалы, ұстазы әрi Омбыдағы өз әкесiндей құрметтейтiн К. К. Гутковский қызметiнен қуылып, Петербургке барғанда Шоқан Федерика Шарлоттаға хат жазып, оған көмек беруiн өтiнедi. Ол К. К. Гутковскийдi жақсы орынға орналастырады және генерал дәрежесiн бергiзедi. Сондай-ақ, Г. Н. Потанин Шоқанның орыс қыздарына қарым-қатынасын: «. . . Любил ли Чокан, не знаю. В Омске у него были увлечения, но они далеко не заходили, и окончивалось дело тем только, что он более обыкновенного декламировал стихи Полонского и Майкова. Он говорил, что он не может жениться на русской девушке, потому что хочет служить своему казахскому народу, а для этого должен остаться мусульманином. В действительности в религиозных вопросах он был рационалист. В характере Чокана были черты напоминающие черты характера Пушкина или Лермонтова…» – деп сыр ақтарған. Азамат өмiрiнде үйлену мәселесi ең басты рөл атқарады. Шоқан өмiрiн мысалға алып үйлену мәселесiне былай деп айтар едiк: «…Егер махаббат деп түсiнiп, үйленудi махаббат деп есептесек, әрбiр елдiң нағыз азаматының жүрегiнде үш ұлы махаббат болуға тиiстi. Бiрiншiсi, халқымызға, елiмiзге арналған махаббат. Себебi әрбiр азамат өз халқы үшiн құрбан болуы керек. Сол үшiн өмiр бойы қызмет етiп, азаматтық борышын орындауға мiндеттi. Сондықтан халқымызда «Атаңның ұлы болма, халықтың ұлы бол», – деген қанатты сөз бар. Екiншi махаббат — әрбiр азаматтың өз ата-анасына, бауырларына, туыстарына арналады. Бiздiң халық «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пiшер», – деп айтқан. Ананың ақ сүтiн ақтау дегенiмiз мiне, осы махаббатқа арналған сөз. Ал, үшiншi махаббат – ол әрбiр азаматтың құдай қосқан қосағына, қалыңдығына, ғашық қызына арналған сүйiспеншiлiк, яғни араб тiлiмен айтқанда – махаббат. Азамат осы соңғы махаббат арқылы ұрпақ сүйiп, халқының санын көбейтiп, азаматтық борышын орындайды. Мiне, осы үш ұлы махаббатқа жүрегiнен орын бермеген азамат ешқашан дұрыс азамат бола алмайды. Сондықтан халқымыз «Сүйiспеншiлiк (махаббат) адамға құдайдың берген байлығы», – деп әдiл бағалаған. Демек, нағыз жiгiт үшiн бiрiншi – халқы, екiншi – ата-анасы, туыстары, үшiншi – сүйген жарына деген ұлы махаббаттың иесi болуы керек. Бұл айтылған үш ұлы махаббат бiрiмен-бiрi тығыз байланысты. Мысалы, азамат халқы үшiн қанша көп қызмет етсе де, үйленгеңде басқа бiр халықтың қызына үйленсе, ол өз халқына жасаған қиянат екенiн бiлуге тиiстi. Демек, қазiргi қазақ азаматтары жеке өмiрiнде де Шоқаннан үлгi алу керек..» Шоқанның әрбiр iсi бүгiнгi ұрпағымызға үлгi-өнеге. Әсiресе, бiздiң халықтың арасында басқа ұлттан әйел алғандар толып жатыр. Олар өз халқына жасаған қиянатын түсiне ме екен? Қазақтың бiр қызын бақытты етсе болмас па едi? Шоқанның өз халқын қаншалықты сүйгенi және тек өз елiнiң қызына ғана үйленгенi нағыз азаматтық екенi туралы талай ұлы адамдар жазып кеттi. Мысалы, Ф. Р. Остен-Сакен: «… Валиханов сохранил глубокую преданность своей стране, он любил казахскую жизнь, но вместе с тем умел высоко ценить западную цивилизацию…» – деп тебiрендi. Еуропа тәрбиесiн алған белгiлi бiлiмдi адамдардың көп бөлiгi Шоқанмен салыстырғанда, өз халқы үшiн ештеңеге тұрмайтынын Н. М. Ядринцев: «… Разные обрусевшие переводчики, канцеляристы и усваивающие комфорт правители, инородцы султаны, таиши явились первыми врагами и эксплуатировали своих соплеменников чуть ли не хуже, чем русские эксплуататоры. Исключения были незначительны, да и они кончили жизнь печально, как Чокан Валиханов, Доржи Банзаров», – деп айтқан едi. Г.Н. Потанин Шоқанның кадет корпусындағы оқып жүрген шәкiрт кезiндегi жалынды күндерiн «Чокан с либеральным образом мыслей и свободомыслием в религиозных вопросах соединил искренную любовь к своему народу и мечтал о служении ему» – деп оның максаты мен арманының тек өз халқының мүддесiне ғана қызмет ету екенiн көрсетедi. Ал Шоқанның соңғы әйелiнiң де қазақ қызы болғаны туралы Ресейдiң көптеген демократтары мақтанышпен жазды. Мысалы: «… Возвращение в юрту даровитого и образованного инородца есть что-то драматическое. Цивилизация и культурный блеск для Чокана Валиханова, человека чуткого и наблюдательного, имели свою острую и больную сторону. . . . Джентльмен, денди женится на казахской девушке, как будто он ищет простого детского чувства после всевозможных обольщений столицы и света, в которых он много видел. . . … Старая среда, привычки, привязанности, дом, старое отечество не отрывается от сердца легко. Чокан оставался любящим свой народ, свое племя. В его мечтах было совместить европейское просвещение и сохранить свою народность», – деп Н. М. Ядринцев Шоқанның толық мiнездемесiн берген. Шоқанның асыл қасиеттерiн ұлы демократтар бағалап қана қойған жоқ, өздерiнiң ойын келешек ұрпақ үшiн тасқа таңба басқандай етiп жазып қалдырды. Шоқан өмiрi мен ғылыми мұрасын зерттеу аса қызықты әрi игiлiктi iс болса, оның жалындаған жарқын өмiрi бүгiнгi ұрпағымызға үлгi етiп көрсету және таза ұғындыру негiзгi мақсатымыз. Жалпы, әйел баласын табиғат ерекше жаратады. Сұлулық пен көркемдiктi тек әйелге ғана үйiп-төгiп бередi. Қай халықта болмасын, сөздiң төресi өлең, сазгерлiк шығарма көбiне әйелге, сол бiр ерекше жаратылған жандарға арналады. Әйелдiң сұлулығын жырлау барлық халықта бар. Азамат тарихында небiр адамдардың сол бiр ерекше жаратылған жандарды сүймей, ғашық болмай және оларға сөздiң ең жақсысын арнамай кеткендерi жоқ. Сондай-ақ, Ш. Уәлиханов та осынау табиғат барлық сұлулықты үйiп-төгiп берген жандарға өзiнiң бай әрi өткiр тiлiмен әсем сөздердi арнапты. Мысалы, прекрасный пол, разрушительницы городов, нежное существо, безыскусственные дети природы, разрушительница сердец, сердца похитительница, ночная красавица, женщина красавица, похитительницы сердец, — деп әйелдердi суреттеуге керемет сездердi пайдаланса, оған деген құмарлыкты «весенняя мысль» деп әдемi жазады және суреттейдi. Бiздiң бұл жерде айтпағымыз, Шоқан да басқа ұлы адамдар сияқты табиғат сұлулығының алдында бас иген. Сол бiр ерекше жаратылған жандарды суреттеуде қазақ ғалымы талай жаңа қанатты сөздердi тапқан. Әттең бәрi орыс тiлiнде. Ал, Ш. Уәлихановтың жiгiтшiлiгi туралы әңгiме ететiн болсақ, ол өз алдына жатқан бiр дастан. Табиғат барлық талант пен сұлулықты Шоқанға үйiп-төгiп ұсынса, әрине, жiгiтшiлiктi де аямай берген. Барлық еркек армандайтын жiгiтшiлiктен де өз қатарының алды болған. Ол мәселе, басқа зерттеуiмiздiң үлесi. Ш. Уәлиханов шығыс халықтарының тарихын, этнографиясын, тiлiн зерттей жүрiп, әйелдерiн бақытқа жеткiзудi армандап едi. Ұлы ғалым көксеген әйел басындағы бақыт бiздiң халықтар үшiн кешегi кеңес өкiметi заманында да, орнамады. Кеңес өкiметi әйелдерге еркiндiк берсе де, шаруа жұмысын iстейтiн етiп бұрынғы күйiнен айырды. Сонау 30-жылдары мыңдаған әйелдер Орта Азияның 40 градус аптабында ұзақты күн атызда егiн кетпендейтiн болды. Сол кездегi газет-журналдар мәлiметiне қарағанда, егiн кетпендейтiндердiң негiзгi күшi әйелдерде болған. Норманы артық атқарғандарды мақтаудан газеттер де жалықпапты. Әйелдер бұрын үйiнде тек бала тәрбиелесе, кейiн олардың мiндеттерiн көбейткен. Әрине, қазiр бiздiң өмiрiмiзде әйелдер негiзгi күш. Ғылым, техника, өндiрiс, ауыл шаруашылығы, медицина, яғни өмiрiмiздiң барлық саласында араласпайтын жерi жоқ. Қазақ әйелдерi қазiр ғылым мен өндiрiсте де алдыңғы шепте жүр. Алайда мақтан тұтқан артықшылық оларды бақытқа жеткiздi ме? Әрине Шоқан армандаған бақытты өмiрге бiздiң әйелдерiмiз де, елiмiз де келешекте жететiн болар, негiзгi бақытымыз елiмiздiң егемендiгi…
Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
тарихшы