АНА ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ

АНА ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ

АНА ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
204

Алматылық дәрiгерлер некеге тұруға мүдделi азаматтарды мәжбүрлi түрде медициналық тексеруден өткiзудi көздеп отыр. Бұл дүниеге келетiн шақалақтардың саулығына сеп болмақ.

Алматы қаласының тұрғындарын некеге отырмас бұрын медициналық тексеруден өтуге мәжбүрлемек. Бұл дүниеге келетiн сәбилердiң келешегi жарқын, денi сау болуына сеп. Алматы қаласы денсаулық сақтау департаментiнiң бастығы Роза Қуанышбекованың айтуынша, соңғы кездерi ауру нәрестелер саны артқан: «Статистика бойынша Алматыда туылған 10 баланың төртеуiнiң денсаулығында айтарлықтай ақау бар. Бала өлiмiне қатысты көрсеткiштерде де бiз алдыңғы қатардамыз. Оның себебi шараналар көбiнесе даму кедергiлерiмен дүниеге келедi. Бұл жерде анасының iшiнде жатып жан тапсыратын шақалақтар жайлы да айтпау мүмкiн емес. Жыл басынан берi 300 бала жарық дүние есiгiн аша алмады. Бiз аяғы ауыр әйелдермен белсендi түрде жұмыс iстеуге тырысқанмен кейде жағдайды өзгертуге тым кеш қаламыз».

Бала туу мәселесiнде жасөспiрiм қыздардың, яғни ұрпақ жалғастыратын болашақ аналардың денсаулығы да аса маңызды. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәлiмдеуiнше, жасөспiрiм қыздардың 40 пайызы ауру, елiмiздегi жұптардың 16 пайызы бедеу не белсiз. Осы себептi алматылық дәрiгерлер қаладағы АХАЖ бөлiмдерiне некеге тұрғысы келетiндерден медициналық тексеруден өтудi талап ету туралы өтiнiш айтыпты. Ол үшiн арнайы ашылған «Денсаулық бөлмелерi» бар. Бiр аптадан асқан бұл бөлмелерге келуге 200 шақырылушының 6-уы ғана тексеруден өтуге мүдделiлiк танытыпты. Есесiне, елiмiзде отбасын құрмай жатып ажырасуға асығатындар саны артып барады. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, биыл жыл басынан берi 2648 жұп ажырасып кетiптi. Үй iшiнде «ыдыс-аяқ» сылдырағанда ерлi-зайыптыларды сабасына түсiретiн ортадағы дәнекер – бала. Баланың болмауы талай шаңырақтың ортасына түсуiне себеп. Мiнездерi жараспаумен қатар дүниеге келген шараналарының ауру болуынан да әйел мен күйеудiң жүйкелерi сыр берген. Мұның соңы – тағы да ажырасу.

Отбасын құру, дүниеге денi сау бала әкелуде «қызға – қырық үйден тыйым» деген қазақы қағиданың да рөлi зор. Бүгiнде жыл сайын елiмiздегi 10 мыңнан астам жасөспiрiм қыздар бала туатын көрiнедi. Тағы бiр қиындық, «көлденең көк аттыны менсiнбей, көк етiктiнi кездестiре алмай» дымы құрыған кәрi қыздар проблемасы. Халықаралық UNFPA ұйымының Қазақстандағы өкiлi Александр Косухиннiң айтуынша, 1999 жылмен салыстырғанда отбасын құруға деген қажеттiлiктерге көңiлi толмайтындар саны төрт есеге көбейген. Осы себептi бала тууға қабiлеттi бола тұра, мансап мен жайлы өмiрдi қалайтындықтан, ұрпақ жалғастыруға немқұрайды қарайды. Олардың арасында жасанды жолмен түсiк жасайтындары да көп екен.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары