ҚАЗАҚТЫҢ КӨК ТУЫ ЖЕЛБІРЕГЕНІ
ҚАЗАҚТЫҢ КӨК ТУЫ ЖЕЛБІРЕГЕНІ
Қасиеттi Рамазан айында басталған Лондон Олимпиадасы қазақ спортшылары үшiн аса табысты өтуде. Олимпиаданың алғашқы күнi Александр Винокуров қанжығамызға салған алтын жүлде сәттiлiктiң бастауы болғандай. Онан кейiн шынашақтай ғана Зүлфия қыздың бұрын-соңды ешкiмнiң жүрегi дауаламайтын салмақты көтерiп, рекордты жаңартуы да Алаш үшiн асқан абырой болды. Әрине, Зүлфияның бұған дейiн де Әлем чемпионаттарындағы көрсеткiштерi бiр төбе болса, Олимп шыңын бағындырудағы ерлiгi бiр төбе. Әрiптестерiнiң жеңiстi жолын жалғаған Майя Манезаның алтыны да нағыз ерлiкпен пара-пар. Қазақстаннан барған қос бiрдей ауыр атлеттiң араға күн аралатып алған алтын жүлделерi өзге спорт саңлақтарын да жеңiске бастаған едi.
Света қыз
Светлана Подобедова Лондон Олимпиадасына ерекше дайындалып жүргенiн ешқашан жасырмайтын. Оның Олимп шыңын бағындыруға деген құлшынысының артуына Пекин Олимпиадасына қатыса алмауы себеп болған. Оның себебi, 2008 жылы Пекин Олимпиадасы қарсаңында Ресей ауыр атлетика федерациясы Светлана Подобедованың Қазақстанның атынан Олимпиадаға қатысуына қарсылық бiлдiрген болатын. Спорттық ереже бойынша, бiр спортшы екiншi елге ауысқан кезде екi жылға дейiн үлкен жарысқа қатысуына болмайтын едi. Сондықтан Пекин Олимпиадасына барудың Светаға сәтi түскен жоқ. Сол жолы Олимпиадаға қатыса алмағаны үшiн Света талай түндердi жылаумен өткiзгенiн баспасөз беттерiне берген сұхбаттарында жиi айтып жүрдi. Әрине, Светлананың талантты спортшы екенiн қазақ жұрты жақсы бiлетiн. Оның екi дүркiн әлем чемпионы атануы да осы талантының арқасында
Сондықтан болар, Лондон Олимпиадасына Светлана Подобедованың үлкен дайындықпен келгенi әуелден-ақ көзге ұрды. Светаның басты қарсыластары әрқашанғысындай ресейлiк ауыр атлеттер болатын. Көгiлдiр экранға көз тiккен жанкүйерлердiң көбi ресейлiк атлеттердiң қарқынынан iштей сескенген. Бiрақ Светаға басты қарсылас саналатын ресейлiк ауыр атлет Надежда Евстюхинаның Лондонда жолы болмады. Жұлқа көтеруде үш рет талпынса да, 125 келi салмақ Надежданың ырқына бағынбай қойғаны. Сөйтiп, ресейлiк ауыр атлет жарыс жолынан шығып қалды. Ал бiздiң ауыр атлетiмiз үшiн ендiгi басты қарсылас Наталья Заболотная ғана. Наталья жұлқа көтеру кезiнде 131 келi салмақты көтерiп, бiздiң қызымыздан алға шығып кеттi. Осылайша, негiзгi тартыс Светлана Подобедова мен Наталья Заболотная арасында өрбiдi.
Ал шешушi сәт серпе көтеру жарысында болатыны белгiлi. Дүбiрлi додаға қатысқан ауыр атлеттердiң бәрi осы соңғы тартысқа көбiрек күш салатыны белгiлi. Ауыр салмақтағы зiлтемiрдi бiр-бiрiнен асырып көтеру үшiн, ауыр атлеттердiң жан берiп, жан алысатын қиын сәтi де осы. Серпе көтеруде Света қыздың басты қарсыласы Заболотная алдымен 147 келi салмақты ойланбай еңсерiп кеттi. Бiздiң Света болса, 150 келi салмаққа тапсырыс берген. Осылайша, екi елдiң ауыр атлетiнiң арасында өткен тартыс тең ұпаймен аяқталды. Екi спортшының қоссайыс бойынша алған ұпайлары – 291 келi. Спорт ережесi бойынша, бұл жағдайда спортшының салмағы шешушi роль атқарары белгiлi. Ал Светлана Подобедованың салмағы қарсыласына қарағанда жеңiлдеу. Осылайша, көптен күткен, көп болып күткен алтынның да төбесi көрiндi. Бiздiң қыздың қуанышында шек жоқ. Ағыл-тегiл егiлген Светланамен бiрге барша көрермен қосыла жылады. Бұл – Света қыздың жеңiсiне деген қуаныш жасы болатын.
Алтын алған күннiң ертесiне Светлана Подобедова мен ұлттық құраманың бапкерлерi баспасөз-мәслихатын өткiзген едi. Баспасөз-мәслихаты барысында Света: «Басты мақсат – әлемдiк рекорд емес, олимпиада алтыны болды. Барлығы ауыр тидi. Қатты толқыдым. Дегенмен күшiме сендiм. Дайындығымыз өте жоғары деңгейде өттi. Соңғы шешушi салмақты көтеру кезiнде төрешiлер жымиып, көтерiп тұрған штанганы жерге тастауға рұқсат бердi. Осы сәтте чемпион болғанымды түсiндiм», – деп ағынан жарылған екен. Светлана Подобедова Қазақстан қоржынына осылайша төртiншi алтынды салған едi. Подобедованың айтулы жеңiсi туралы бүкiл әлем баспасөзi жарыса жазып жатты. Тiптi ресейлiк «Спорт-экспресс» басылымының журналистерi Подобедованың жеңiсiнен кейiн эксклюзивтi сұхбат алған екен. Ол сұхбатында Светлана өзiнiң «Ресейге қайта оралмайтынын» айтқан екен. Ауыр атлеттердiң бәсекесiнде Қазақстан елiнен келген үш спортшының бiрдей алтын алғаны, алтын алып қана қоймай, рекордты жаңғыртқаны жұртшылықты қайран қалдыруда. Аталмыш сұхбатта ресейлiк әрiптестерiмiз Светаға «Ресейге өкпелiсiз бе?» деп сауал тастаған екен.
« – Қазiр өкпе жоқ. Алты жыл өттi. Барлық жара жазылды. Ресейге алғыс шексiз. Менi өсiрдi, мамандық бердi. Оқыдым. Бiрақ мен ол елге қарызымды қайтардым, барлығын өтедiм.
– Сiздiң Пекиндегi олимпиада ойындарына қатысуыңызға Ресей қарсы болды. Бұл жайтқа да өкпелi емессiз бе?
– Өкпе бар. Бiрақ тағдырдың аты тағдыр. Мен Ресейден кеттiм. Қайта оралмаймын. Пекиндегi ойындарды ұтуға күшiм жететiн едi. Жарысты теледидардан қарап, талай күн жыладым.
– Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан үш алтын алды. Бiрақ алтын алғандардың барлығы Қазақстанға шеттен келген. Бұл Сiзге қалай әсер етедi?
– Менi бұл ойландырмайды. Не айтса да, бiз қазiр Қазақстаннанбыз. Жақсы адамдар мұны жақсы түсiнедi. Ал жаман адамдар қызғана қарайды» деп жауап берiптi.
Әрине, Светлана Подобедованың бұл толағай табысына тамсанбаған жан кемде-кем шығар. Барша қазақ халқы бөркiн аспанға атып қуанып, Светаның жеңiсiн тойлауда.
Сыр саңлағы
жылқы етiн сүйедi
Илья Ильин әлемдегi теңдессiз спорт саңлағы десек, артық айтқандық емес. Ильяның талантты спортшы екенiн бүгiнде барша әлем жұрты мойындады. Үш дүркiн әлем чемпионы болу кез келгеннiң қолынан келе беретiн шаруа емес. Ал Олимп шыңын екi мәрте бағындыру – әзiрге Қазақстанда Ильяның ғана қолынан келдi. Пекин Олимпиадасындағы жеңiсiнен кейiн-ақ барша қазақ Ильяның талантын мойындаған едi. Жиырма жасында жасындай жарқыраған Сыр елiнiң сырбаз жiгiтiнiң алар асулары әлi алда екенiн сезген едi қазақ жұрты. «Лондонда да бас жүлде алып, екi дүркiн Олимпиада жеңiмпазы атанамын» деп Бейжiң Олимпиадасынан кейiн Елбасымыздың өзiне уәде берген Илья өзiнiң уәдесiнде тұрды. Лондон Олимпиадасында 4 тамызда Илья Ильин жарысқа шығады деген сәттен бастап, жұртшылық оның тартысын асыға күттi. Спорт саңлағының жеңiмпаз болатынын iштей сезгендер де бар. Әртүрлi тартысты додаларда толағай табыстарға жетiп жүрген Ильяның бұл жолы да сол биiктен көрiнетiнiне сенiмдi едi.
Расында да, батыр ұл қазақ халқының сенiмiн ақтай бiлдi. «Ильин «вампирлер» секiлдi. Жаттығулар кезiнде екi қолын бос қойып, еркiн жүрсе де, турнир кезiнде бiрден бойын тiктеп алады. Көрермендердiң қамшылауынан қуат алатын сияқты», – деп ұлттық құраманың бас бапкерi Алексей Ни Ильяның басты артықшылығын атап өткен екен. Бас бапкердiң айтқаны айдай келдi. Әрбiр тартысқа шығар сәтте Ильяның жүзiнен өзiне деген сенiмдi байқау қиын емес. Өзге елдiң ауыр атлеттерi қиналып, өздерi тапсырысқа берген салмақтарын қиындықпен көтерiп жатқан сәтте, бiздiң ауыр атлеттiң бойынан еркелiк, еркiндiк байқалады.
Өзiнiң қарсыластарын таңғалдырып, әлем рекордын жаңартқан Илья Ильиннiң қос сайыста 418 ұпай жинауы да осы сенiмнен туса керек. Тау көтерген толағай ұлдың табысына қуанбаған, жеңiсiне шаттанбаған қазақ жоқ шығар. Сыр елiнiң перзентiне барша қазақ халқы жанкүйер болды. Тiптi Лондон жерiнде оқып жүрген студенттер де, Лондон жерiнде тұратын қандастарымыз да Илья Ильиннiң жарысқа шыққан сәтiн бiрге тамашалады. Ильяның жеңiстi сәтiн батыр ұлмен бiрге қуанды. Алғашқы жұлқа көтеру сынында 177 келi салмақты көтерген Илья сұқ саусағын шошайтып тұрып, «бiз бiрiншiмiз» деген сәтi де көз алдымызда. Батыр ұл елдiң үкiлеген үмiтi болатын. Ол елдiң үмiтiн ақтады.
«Жеңiс оңайлықпен келмейдi, – деген екен Илья Ильин баспасөз мәслихатында.
– Қатты қуанғаным, бапкерлерiммен мың рет ойланып, ойға тоқыған жоспар, жаттығудағы ауыр еңбегiм жүз пайыз жемiсiн бердi. Бәрiнiң де Олимпиада чемпионы болғысы келетiнiн адам ретiнде түсiнемiн. Ал менiң жақсы қасиетiм, шын қарсылас көрсем күшiм екi еселенiп кетедi. Бұл жiгiттерге рахмет. Менi қамшыламаса, босаң тартып, былқылдап қалған болар ма едiм. Бiреуге ұнар, бiреуге ұнамас, менiң бүкiл жан-дүнием, өмiрдi тануым, азаматтық қалпым осы. Мен жеңiс үшiн жаратылғанмын. Ауыр атлетика – менiң өмiрiм. Жақсы көргеннен кейiн, жаным қалағаннан кейiн күнде жаттығуға келемiн. Менiң жұмысым – жаттығу жасау. Ал көп жұрт түсiне бермейтiн мiнезiм ата-тегiмнен, бала кезден қалыптасқан. Алдын ала жеңемiн деп айтады деп айыптайтындар болады. Алайда өзiмнiң күшiме өзiмнiң көзiм жетiп тұрса, неге айтпауым керек? Менiң жеңiстерiме жұрттың қуанғаны маған ұнайды. Бүгiнде Қазақстаннан менi қолдап, қалың жанкүйер келдi. Олар маған сенiп үйренген. Отандастарымның қолдауы күшiме күш қосады. Осы жеңiсiмде барлық тiлеулестерiмнiң үлесi бар дер едiм».
Ильяның толағай табысы бүкiл спортшыларымыздың жеңiске деген сенiмiн оятты. Әрi өзiнiң теңдесi жоқ ауырт атлетшi екенiн әлемге мойындата бiлдi. Жылқы етi мен тауық етiне құштар екенiн айтқан едi саңлағымыз. Ильяның жеңiмпаздығының қыры осында жатыр екен десiп, бүкiл батыс баспасөзi жарыса жазып жатты. Әлем баспасөзi қалай талқыласа да өзi бiлсiн, ең бастысы – бiздiң Илья үлкен таланттың, дарынның иесi. Екi күн бұрын қазақ жанкүйерлерi Ильяның аяғын жерге тигiзбей, Алматы әуежайынан күтiп алды.
Жеңiл атлетикадан Ольга Шишигинаның жеңiстi жолын жалғастырған Ольга Рыпакова болды. Лондондағы олимпиадалық стадионға жиналған сексен мың жанкүйердi қазақстандық спортшы шеберлiгiмен тәнтi еттi. Рыпакова алғашқы мүмкiндiгiнде 14 метр 54 сантиметрге секiрiп, екiншi орынға шықты. Ал екiншi мүмкiндiгiнде белгiленген сызықты басып кетiп, нәтижесi есепке алынбай қалды. Үшiншi мүмкiндiгiнде 14 метр 98 сантиметрге секiрiп, өзiнiң нәтижесiн жоғарылата түстi. Ольганың бұл көрсеткiшiн байқаған жанкүйерлер тағы бiр медальдың шетi көрiндi деп қуанған едi.
Соңғы мүмкiндiктерiне дейiн Рыпакованың басты қарсыластарының барлығы алтын алар нәтижеге секiре алмай қиналған. Сабырлылық пен төзiмдiлiктi серiк еткен Рыпакова соңғы сәтке дейiн көш басына ешкiмдi жолатқан жоқ. Күмiс жүлде колумбиялық Катерина Ибаргенге бұйырса, қола жүлде украиналық Ольга Саладуханың еншiсiнде кеттi.
Айта кетейiк, Ольга Рыпакова ағымдағы жылы Нью-Йоркте өткен «Брилиантты лиганың» алтыншы кезеңiнде бiрiншi талпыныстан-ақ 14,71 метрге секiрiп, рекорд жаңартып, алтын медаль алған едi. Сондай-ақ, осы лиганың Дохада өткен бастапқы кезеңiнде де 14,33 метр нәтижеге қол жеткiзген болатын.
Қазақстандық ауыр атлеттi жеңiсiмен құттықтап, Елбасы жеделхат жолдаған болатын. Жеделхатта: «Қазақстандықтар сен жарысқа шыққан кезде ерекше толғаныста болды. Сен олардың үмiтi мен сенiмiн толықтай ақтап, бiздiң атлеттерiмiз әлемнiң күштi спортшыларының қатарына енгенiн тағы да дәлелдедiң.
Сенiң жеңiсiң елiмiздiң көптеген жас спортшылары үшiн үлгi-өнегеге айналатынына және мыңдаған балалар мен жасөспiрiмдердiң жеңiл атлетикамен шұғылдануына ықпал ететiнiне сенемiн», – делiнген. Расында да, Ольга Рыпакова өрiмдей жас жеткiншектердiң келешекте жеңiл атлетикамен шұғылдануына мүмкiндiк алып келдi. 80 мың жанкүйердiң алдында өзiнiң талантын көрсеткен жеңiл атлет қыздың бұл жеңiсi – көпке үлгi болары сөзсiз. 80 мың жанкүйердiң алдында көк байрағымызды иығына жамылып, стадион айнала жүгiрген Оля Рыпакованың сүйкiмдi жүзi әлем көрермендерiнiң көз алдынан талай жылдар кетпейтiнi күмәнсiз.
ХХХ жазғы ойындар барысында грек-рим күресiнен Даниял Гаджиев Олимпиада қоласын иемдендi. Олимпиаданың қола медалi үшiн өткен тартысты белдесуде бiздiң саңлағымыз грузиялық Владимир Гегешидзеден 2:1 есебiмен басым түстi. Гаджиевтiң шаршы алаңға шығып, өз қарсыласынан басым түскен сәтiн тамашалаған спорт жанкүйерлерi балуанның жан алысып, жан берiскен тартысына куә болды. Балуанға қола медальге қол жеткiзу оңай соққан жоқ. Қарсыласы да осал емес.
84 келi салмақ санатында жарыс жолына шыққан саңлағымыз болгариялық Христо Диянов Мариновты тiзе бүктiрген едi. Алайда ширек финалда ресейлiк Алан Хугаевке есе жiберiп алған жерлесiмiз жүлделi орыннан қағылып қалды. Бiрақ соңғы сәттерде бiздiң балуанымызға жұбаныш белдесуiне шығу мүмкiндiгi туды. Сөйтiп, балуанымыз беларусь Алим Селимовтi ұтып, Олимпиада қоласы үшiн күресiп, грек-рим күресiнiң алғашқы жүлдесiне қолы жеттi.
Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында дүниеге келген балуан жастайынан Дәулет Тұрлыхановтың күрес мектебiнде жаттықты. Қазақстан қоржынына алғашқы қоланы салған спортшының алар асуы әлi алда деп бiлемiз.
P.S. Лондон Олимпиадасы әлi мәресiне жеткен жоқ. Бiздiң толағайларымызды әлi де тартысты күндер күтiп тұр. Жұмыр жұдырықтың иелерi де тартысты бәсекелерiн аяқтаған жоқ. Былғары қолғап шеберлерiнен жанкүйерлер жеңiстi күндердi күтерi белгiлi. Алғашқы күннен-ақ Қазақстан үшiн сәттi басталған дүбiрлi дода жанкүйерлерiн әлi де қуанышқа бөлейдi деген сенiмдемiз. Жеңiс жалғаса берсiн! Қазақстан қоржыны жүлделi орындармен толсын!
Гүлзина Бектасова