ҚАҒАЗДАН ҚҰРАЛҒАН ҚАЗЫНА

ҚАҒАЗДАН ҚҰРАЛҒАН ҚАЗЫНА

ҚАҒАЗДАН ҚҰРАЛҒАН ҚАЗЫНА
ашық дереккөзі
219

Қазақстан кiтап палатасы – ақпарат әлемiндегi рухани басылымдардың жарыққа шығуына бағыт-бағдар берiп, халықаралық стандарт талабына сай тiркеуге алып, баспа және баспасөз өнiмдерiн жинақтап, сақтайтын, статистикасын жүргiзетiн ғылыми-библиографиялық орталық. Бүгiнде Кiтап палатасының баспасөз мұрағатында 5 миллионға жуық баспа, оның iшiнде 400 мыңнан аса кiтап өнiмдерi бар. Тiптi мұнда ХIХ ғасырда жарық көрген құнды дүниелердiң бар екендiгiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмес.

Тамыры тым әрiден бастау алатын Ұлттық мемлекеттiк Кiтап палатасының құрылғанына 75 жыл толуына орай, «Елiмiздiң ұлттық мәдени-тарихи мұрасын сақтау мен дамытудағы Қазақстан Кiтап палатасының рөлi» атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция болып өттi. Шараны салтанатты түрде ашқан Ұлттық мемлекеттiк Кiтап палатасының директоры, Қазақстан баспагерлерi мен кiтап таратушылар қауымдастығының президентi

Жанат Сейдуманов: «Бiз конференция қатысушыларымен бiрге елiмiздiң мәдениет және ақпарат менеджментiн реформалау жүйесiндегi кiлтипандарды шеше отырып, кiтап шығару және оқылым мәселелерiн қолданбалы салааралық зерттеу бойынша, ақпараттық – библиография кешенiнiң технологиялық және инновациялық дамуын жетiлдiрiлген бағдарламалар арқылы халықаралық негiзге сай етуге күш саламыз. Яғни халықаралық стандарт ережелерiн сақтау – Қазақстанның дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiруiне бастайтын бiрден бiр жол», – деп атап өттi.

Кiтап палатасы каталогтарды ұйым­дас­тыру мен баспасөз статистикасын жүргiзу iсiн 1957 жылы бастапты. Каталогтар мен карто­те­ка жүйесi палата қорында сақталып отырған рес­пуб­лика баспасөз өнiмдерiнiң барлық түрiне және де мерзiмдi баспасөз бетiнде жарық көрген мақалалар мен рецензиялар негiзiнде құ­рас­тырылады. Бұл каталогтар­дың түрi – алфавиттiк, систе­ма­лық, хронологиялық, сондай-ақ бас­па­лар бойынша жеке-жеке ка­та­лог­тар болып ұйымдасты­ры­лады.

Жыл сайын Кiтап палатасында 70-75 мың дана баспа өнiмдерi тiркелiп, библиографиялық өңдеуден өткiзiлiп, Баспасөз мұрағатына сақтауға жiберiледi. Қазiргi кезде мұрағатта 169 мың кiтап, 3850 мың газет болса, ал сирек кездесетiн қорда Н.И. Ильинскийдiң «Самоучитель русской грамоты для киргизов» (1874 жылы), Ыбырай Алтынсариннiң қазақ тiлiндегi «Мактубат» Хрестоматиясы (1899 жылы), Ахмет Байтұрсыновтың шыққан «Әлiппесi» (1926 жылы), Халел Досмұхамедовтің «Жануарлар» (1922 жылы) сынды құнды дүниелерi жинақталған. Сондай-ақ Кiтап палатасының қорында 1911 жылы Оралда басылған «Қазақстан» газетiнiң фотокөшiрмелерi мен 1914 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ» газетiнiң түпнұсқасы да бар.

Бүгiнде Кiтап палатасы кiтап iсiнiң әлемдiк деңгейде беделiн көтеру мақсатында елiмiздiң, сондай-ақ қазақстандық кiтаптарды шетелдiк нарықта насихаттау бойынша жүйелi жұмыстар жүргiзуде. Тiптi осы мақсатта ұлттық мекеме қазақстандық баспагерлердiң Франкфурт, Мәскеу, Каирдағы халықаралық көрме-жәрмеңкелерiне қатысып, «Ұлы Жiбек жолымен» және «Книга и скрепка» халықаралық кiтап жәрмеңке-көрмесiн ұйымдастырушылардың бiрi болды. Соның арқасында елiмiздiң кiтап iсi туралы мақалалар Германия, Египет, Иранның iрi газеттерiнде жарияланды. Мұнымен қоса, Кiтап палатасы әлемнiң алдыңғы қатарлы кiтапханаларына, оның iшiнде АҚШ Конгресiнiң Кiтапханасына Қазақстан туралы кiтап өнiмдерiн жолдап отырады.

«Елiмiздiң ұлттық мәдени-тарихи мұ­ра­сын сақтау мен дамытудағы Қазақстан Кiтап палатасының рөлi» атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрлiгi Ақпарат және мұрағат комитетi төрағасының орынбасары Қуат Борашев Кiтап палатасының кiтап iсi саласындағы баспалар, оқу орталықтары, жеке кәсiпкерлер үшiн әдiстемелiк-кеңестiк орталық екендiгiн атап өттi. «Отандық кiтап саласының көркемдiк және полиграфиялық мәдениетiн көтеру және жас буынды тәрбиелеу мақсатында түрлi шаралар мен басқосулардың маңызы осында», – дедi ол.

Конференцияда баспагерлер мен осы саланың бiлiктi мамандары кiтап шығару және оқылым мәселесiне қатысты жан-жақты пiкiрлерiн ортаға салды. Мәдениет және ақпарат министрлiгi, Ақпарат және мұрағат комитетi, Ресей, Қырғызстан кiтап палаталары, жетекшi баспалар, ЖОО кiтапханалары өкiлдерiнiң қатысуымен өткен шара негiзiнде арнайы қарар қабылданды. Ұлттық библиография, баспасөз статистикасы саласы қызметiн жетiлдiру, Қазақстанның ақпарат және мәдени кеңiстiгiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн қалыптастыру, кiтап iсiнде ұлттық мүдденi алға қою сияқты көптеген мәселелердi талқылаған конференция қонақтары мен қатысушылары тiлге тиек еткен ұсыныстардың бiрқатарына тоқтала кетудi жөн көрдiк.

1. Библиография саласында, баспа қызметiнде заңды-құқықтық базаны құру бойынша жұмысты жетiлдiру, ҚР «Кiтап iсi туралы» Заңын қолданысқа енгiзу жұмыстарын жандандыру;

2. Кәсiби деңгейiн жоғарылату мақсатында библиографтар мен баспа iсi мамандарын дайындау және үздiксiз оқыту, тұтастай алғанда, кiтап мәдениетiн және кiтап шығару, кiтап мәдениетi саласында менеджмент пен маркетинг сапасын жақсарту. жәрдемдесу;

3. «Ұлттың интеллектуалдық деңгейiн көтеру туралы Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ұлттық кiтап шығару iсiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру» кiтап шығару, кiтап тарату, кiтап оқуды дамытуды қолдаудың Салааралық бағдарламасын әзiрлеуге және қатысушыларды белсендi қатысуға тарту және т.б.

Иә, бұрындары шалғайдағы ауылдың өзiнде есiгi айқара ашық тұратын кiтапхананы бүгiнде ертегiдегiдей әңгiме етсек, қазiр қоғамның «кiтап» деген досынан қол үзiп қалғанын айтып, өкiнiш бiлдiремiз. Мұны бәрiмiз мамыражай өмiрiмiздi әп-сәтте өзгерткен нарықтық қоғамнан көрдiк. «Бiрақ та сол алмағайып уақытта кiтапхана мен кiтап дүкендерiн сақтап қалуға болатын едi ғой» дейтiндер де көп арамызда. Жақында редакцияға Ақтөбе қаласынан келген, кiтап мәселесiнен хабары мол оқырманымыз Қалу Тоқтамұратов арнайы соғыпты. Оқырман соңғы кезде газетiмiзде кiтап мәселесiне байланысты жарық көрген мақалалар мен сұхбаттарға өзiндiк ой қосқысы келетiнiн айтып, бiрқатар жайттарды тiзбектеп бердi. Оның айтуынша, оқу орындары үшiн шығарылатын оқулық мәселесiн Жоғары оқу орындары қауымдастығы шеше алмайды. «Қауымдастық ақшаны оқу орындарынан бiр жинап, Үкiметтен бiр сұрап, кiтап шығаруға кiрiсiп кеттi. Кiтап – өзiнше бiр бөлек сала. Оны ешқандай ректор шеше алмайды», – деген Қалу Сейiтұлы бұл салаға басқаша көзқарас керектiгiн айтады. Ал кiтаптары басқа тiлде самсап тұратын кiтап дүкендерiнiң бүгiнгi жағдайына терең үңiлген оқырманның көрген-бiлгенi төмендегiдей.

«… Ақтөбенiң кiтап дүкендерiне кiрген адамдар ренжидi. «Неге кiтаптың 95 пайызы орыс тiлiнде?» деген сауалды төтесiнен қояды. Оқырманның өкпесiнде шындық бар. Бiрақ бiз баспагер емес, кiтап дүкенi екендiгiмiздi айтып, ақталамыз. Ресей мен Қазақстанды салыстырсақ, бұрын Ресейде Кеңес Одағы кезiнде 8 жарым мың кiтап дүкенi болса, қазiр 4 мың кiтап дүкенi бар. Олар кiтап дүкенiнiң 50 пайызын сақтап қалды. Ал бiз 1500 кiтап дүкенiн сақтай алмадық. Мiне, соны қалпына келтiрсе деймiн. Ол үшiн кiтап дүкендерiнен 12 пайыз қосымша құн салығын алып тастау керек. Өйткенi қағаз сататын фирмадан 12 пайыз, баспадан тағы 12 пайыз, баспагерден, дүкеннен де солай ұстайды. Екiншi мәселе – «Қазпоштаның» тарифiн арзандату керек. Мысалы Германияда кiтапты жеткiзу құны үш есе арзан. Халқының болашағын ойлаған немiстер кiтаптың кез келген азаматқа қолжетiмдi болуы үшiн осындай заң қабылдаған. Осы мәселенi бiз де қарастырсақ, орта және шағын кәсiпкерлiк дамиды. Тиражды, қаламақыны көбейтемiз десек әрi негiзгi инвестор – оқырманға кiтап жетуi үшiн 1500 кiтап дүкенiн қайтару керек. Кiтап дүкенiнен жалға беру құнын сұрамай, керiсiнше ол ақша кiтап дүкенi мен баспагерге берiлсе екен. Бас­пагер сол ақшаға жақсы аудармашы, маман ұстасын. Ал қаламақыны авторға төлесiн.

Кейбiреулер кiтап саласындағы ең үлкен мәселенi – елiмiзде қағаздың шықпауынан iздейдi. Керек десеңiз, қағаз Ресейде де шықпайды. Ресейдiң өзi кiтап жасайтын офсеттiк, нейлонды қағазды Финляндиядан, Германиядан импортпен әкеледi. Кiтап саласы өзiн-өзi өтеуi үшiн тираж керек. Кiтап баспагердiң немесе баспаның қоймасында жатпай, сатылуы тиiс. Ал сату үшiн кiтап дүкендерiн қайта қалпына келтiру керек.

Бiзде шамамен «200-300 баспагер бар» дейдi. Бiрақ бiз сол баспагерлердiң бар-жоғы бiлiнбейдi. Олар бар да шығар, Үкiметтен мемлекеттiк тапсырыс алып, кiтап шығаратын да болар. Дегенмен олардың шығарған кiтаптарын дүкендерге жеткiзетiн, насихаттайтын жарнама жоқ. Қазiр «қалай сатып алсаң, солай ал» деп шiренiп отырғаннан еш пайда жоқ. Нарықтық экономика ешқашан күтпейдi. Мәселен бiзге Мәскеудiң баспагерлерi кiтапты тауарлық несиеге бередi. Ақшасын кiтапты сатып болған соң сұрайды. Ал бiздiң баспагерлер «ақшаны қазiр төле, төлемесең кете бер» дейдi. Бұл дұрыс емес. Ресейдiң, Еуропаның кiтап тарихын зерттедiм, оқыдым. Бiр жылдары «Азия, Экономика және Жизнь» атты газетте айдар ашып, баспагер мен автор және оқырманның бiр-бiрiмен байланысы жөнiнде сериялық мақалалар жарияладым. Кiтап мәселесiне жаным ауыратыны да сондықтан».

Расында да, кiтап басып шығару, тарату және оқылым мәселесiн басқосулар мен конференцияларда айту аздық етедi. Оған мемлекет тарапынан жаңаша көзқарас қажет. Әйтпесе, сiз бен бiздiң шыр-пыр болып, күрмеуi қиын мәселенi шешуге деген пiкiрiмiз бен ұсынысымыз белгiлi бiр аудиториядан әрiге шықпай қалуы мүмкiн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары