СӘУКЕЛЕЛІ САНДЫҚ
СӘУКЕЛЕЛІ САНДЫҚ
Газетiмiздiң №26 санында жарияланған «Қалыңдықтың бәрi әдемi, тек ашық-шашық көйлегi болмаса…» деген мақалаға қатысты редакцияға бiр топ хат келiп түстi. Көзi қарақты оқырманның бұл мәселеге қатысты пiкiрi сан алуан. Назарларыңызға сол хаттар легiн ұсынып отырмыз.
«Газеттеріңіздің №26 санында жарияланған «Қалыңдықтың бәрі әдемі, тек ашық-шашық көйлегі болмаса…» деген мақала көңілде жүрген көптеген ойды қозғап кетті. Тәуелсіздік алғалы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінің ескіргені жаңарып, салтанатты жиын-той жүргізуіне де айтарлықтай жағымды өзгерістер ене бастады. Атам заманнан келе жатқан шілдехана, бесік той, бала сүндеттеу тәрізді өлмес салтымызға қызға белгі тағу, бүгінгі күннің тілімен айтсақ, сырға салу, қыз ұзату сынды дәстүрлеріміз қосылғаны және жаңаша түр-сипатқа ие болып жатқаны халқымыздың мәдени бай мұрасын толықтырып отырғаны қуаныш.
Қазақта «жиған-тергенің тойға шашылсын» деген жақсы тілек бар. Шаршасақ, тойдан шаршайық. Менің қолыма қалам алғаным, жақында қаладағы көркем сарайлардың бірінде қыз ұзату тойының куәсі болдым. Қыз ұзатылды, қыздың төсек-орны келді. Үлкен әжесі сөз алып: «Мынау төсек-орнының басы – жарығымның сәукелесі, шашбауы, шолпысы, алтын жалатылған қыз белбеуі, қос етек қызыл көйлегі», – деп алғашқы сандықты ашып, ел алдына жайды. Шынымды айтсам, қатты толқыдым. Бұрын-соңды мұндай көріністі көрмеппін. Әрине, қызының төсегінен бастап, тұрмысқа қажетті дүниелерін түгендеп жататын қазақи тірліктің мына үрдісі маған ерекше әсер етті.
Қызылорда қаласы