ЖҮЙКЕ ЖЕГЕН ЖҮЙКЕ ДЕРТІ

ЖҮЙКЕ ЖЕГЕН ЖҮЙКЕ ДЕРТІ

ЖҮЙКЕ ЖЕГЕН ЖҮЙКЕ ДЕРТІ
ашық дереккөзі
1232

Аурудың iшiнде де айтуға ауыры бар. Бұл әсiресе жазылмайтын науқастарға қатысты айтылады. Сондай қиын аурулардың бiрi – қазiргi қоғамның өзектi тақырыбына айналып отырған жүйке ауруы. Халқымыздың құс келгенде, құс қайтқанда, шiлде басталғанда ерекше қоза түседi дейтiн бұл дерт бүгiндерi тiптi, өршiп тұр.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) деректеріне сенсек, бүгіндері әлемде 450 миллионнан астам адам жүйке дертіне ұшыраған. Әр жыл са-йын 1 миллионнан астам адам өз-өзіне қол салса, 10-20 миллион адам өзін-өзі өлтіруге әрекет жасайтын көрінеді. 1990 жылы жүйке дертіне шалдыққандар барлық аурулардың 10 пайызына тең болса, 2000 жылы 12,3 пайызға жеткен. Мамандардың пайымдауынша, 2020 жылы 15 пайызға арта түсуі де кәдік. ДСҰ әлемнің көптеген елдері осы дертке қатысты түйткілмен айналыс­пайтынын, мемлекеттердің 41 пайызында психикалық ауруды емдеу, алдын алу атүсті қаралатындығын, ал елдердің 25 пайызында арнайы заңның жоқтығын алға тартады. Ал өз еліміздегі жағдайға келсек, атал­мыш аурумен науқастанғандардың тір­келген саны 300 мыңнан асып жығылады екен. Дерті дендеп кеткенше жасырынып, дәрігерге көрінуге намыстанатындар мен өзінің ауруға шалдыққанын білмей жүргендерді қосар болсақ, 300 мыңнан анағұрлым көп екенін батыл түрде айтуға болады. Өкінішке қарай, біздің елде жүйке дертіне шалдыққандардың нақты, ресми санын білу мүмкін емес, өйткені әр ұйым әрқилы деректер береді. Сондай-ақ, халық арасында кейбір отбасылар жүйке ауруына шалдыққан немесе өз өзіне қол жұмсап қаза болған жақындарын ресми есепке тіркетпейді. Халқының көптігімен, этникалық саналуандығымен ерекшеленетін Оңтүстік Қазақстан облысында бүгіндері ресми түрде 32230 жан психикалық науқас ретінде есепте тұрады. Бұл елдегі әрбір оныншы жүйкесі жұқарған науқастың немесе 10 пайызының оңтүстікте тұратынын көрсетсе керек. Оның ішінде аймақтарға бөліп қарайтын болсақ, Шымкент қаласында – 10796, Түркістанда – 2637, Сайрамда – 2880 науқас тіркеліпті. Аталмыш дерттің өңіріміздегі ахуалы және онымен қалай күресуге болатынын, алдын алу және емдеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын білу мақсатында Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансері Бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Нұрлан Талдахметов мырзаға жолыққан едік. – Нұрлан Шардарбекұлы, жүйкесі жұқарғандардың, әсіресе созылмалы түрге көшкендердің науқасы жазылуы өте қиын дегенді жиі естиміз. Расында да, бұл солай ма? – Менің айтарым, кез келген дерт енді басталып келе жатқан, ерте кезеңде анықталатын болса, онда оны емдеу мен науқасты қалыпты ортаға қайта қосудың үлкен мүмкіндігі бар. Өзіңіз білесіз, халық дәрігерге көбіне ауруы асқынған кезде бірақ келеді. Сосын оны емдеу қиынға түсіп жатады. Мәселен жүйке ауруы да уақытылы қаралып, ем қабылдамаса, уақыт өте келе асқынып, созылмалы түрге көшіп, толыққанды жазылып кетуі екіталай болып қалады. Сол үшін де халық өзінің де, туыстарының да ауруын жасырмай, дерт енді басталып келе жатқан кезде тәуіп, бақсы-балгерге жүгірмей, бізге келер болса, тиісті ем жасап, науқастың жағдайын түзеуге қауқарымыз жетер еді деп ойлаймын. Ел ішінде бізге қатысты аталмыш дертке шалдыққандарды емдеуге шамалары жетпейді дейтін түсінік барын білеміз. Алайда ол қате пікір дер едім. Бүгіндері медицина қарқынды дамып келеді. Біз бұрынғы ескі емдеу әдістерін толықтай дерлік жаңа технологиялармен алмастырдық. Қазіргі таңда небір күшті дәрілік препараттар баршылық. Кез келген науқастық деңгейдегі пациенттерді сапалы түрде емдеуге шамамыз жетеді. – Қазір несие алып, басы бәлеге қалғандардың арасында жүйкесі жұқарғандар көбейді. Кепілге қойған пәтерінен айрылып, басы шарадай болғандардың ішінде жүйке аурулары ауруханасынан бір-ақ шыққандары бар. Бұрынырақта «жүйкесі жұқарған» деген диагноз екінің біріне қойыла бермейтін. Бүгінде бұл аурумен бесіктен белі шықпаған баладан бастап, асарын асап, жасарын жасаған қарияларға дейін арпалысып жүр. Мектеп жасындағы балаларды тексеріп қалса, араларында ауыздарынан ақ көбік атқан эпилепсиктер мен «ә» десең «мә» деген агрессивті жеткіншектер. Мұның бәріне не себеп? – Психикалық бұзылу саны тек өзіндік психикалық бұзылу есебінен ғана көбеймейді, ол негізінде экологиялық фактор мен психологиялық титықтауға жататын “психосоматикалық аурулар” деп аталатын жағдаяттар есебінен де көбейіп келеді. Қоғамдық-экономикалық формацияның өтпелі кезеңінде бұл факторлар саны еселеніп келеді (көші-қон, кәсібінің өзгеруі және т.б.). Өзіндік психикалық аурулармен қатар психикалық белсенді заттарды қолданушылар саны да өсе түсуде, мұның өзі олардың ұрпағында да із қалдырады. Сондықтан депрессияға шалдыққандар күннен күнге көбеюде. Енді жүйке ауруы неге көбейіп барады дегенге келейік. Ең алдымен, қоғамдағы өзгерістер, әсіресе әлеуметтік саланың нашарлауы жүйкесі жұқа адамдарға қатты әсер етті. Жұмыссыздық, халық тұрмысының төмендеуі, жетіспеушілік, тағы басқа себептер. Депрессия жас талғамайды. Жастарымызға ақылы білім алу, ертеңгі күніне деген сенімсіздік өз салқынын тигізді. Азаматтарымыз үйде жұмыссыз отырып қалды, оған үйрену оңай шаруа емес. Ал мұндай жағдай кез келген адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Ең өкініштісі, жастар арасында нашақорлар, токсикомандар көбейді. Ал нашақорлық – жүйке ауруының ең ауыр түрі. Жүйке жұқару қазір қоғам проблемасына айналды. Олардың арасында өз-өздеріне қол жұмсап, өмірімен қоштасып жатқандары да көп. Қала сыртындағы мекемеде дүниеге сау келіп, тағдырдың талай соққысын басынан өткергендер ұзақ мерзімдік ем қабылдап жатыр. Жабық мекеме саналатындықтан біз науқастар туралы мәлімет беруге құқымыз жоқ. Ауыр күйзеліске ұшырап өзін өлімге байлағандарды есепке алмағанда, жүйкесі жұқарудың салдарынан түрлі дерттерге шалдығып өмірден озғандардың саны, рактан, қантты несеп ауруы мен жүрек ауруларына шалдығып өлушілердің санымен бірдей екендігі дәлелденген. Жүйке дертіне шалдыққандардың жүрек ауруына шалдығу қаупі сау адамдарға қарағанда екі есе жоғары болады. Жүйке жүйесі аурулары адам ғұмырын қысқартып, тез қартайтады. Жалпы, жүйке ауруларының пайда болуы психологиялық фактордан және психологиялық емес фактордан деп екі үлкен топқа бөлінеді. Жүйке ауруларының көмескі түріне шалдығушылардың қатарына мінез-құлқы ақ жарқын, есесін елге жібермейтін, іштен тынғыш, намысшыл адамдар жиі шалдығады. Олар қашанда ішкі күйзелісін басқалар алдында ашпайды, жабыққан көңіл күйін үнемі жасырады. Мұндай науқастар ауырып жүрсе де жұмысы мен қалыпты тұрмысын жалғастыра береді. Бірақ бұл қаншалықты ұзаққа созылса, соншалықты зиян әкеледі. Жүйке жүйесінің сыр беруі әйелдерде етеккірдің тоқтауы кезінде көп байқалады. Әсіресе етеккір келер алдында көп әйелдерде көңіл күйдің бұзылуы жиі қайталанады. Бұдан тыс әйелдер босанғаннан кейін нәрестесі 1-6 айға толған кезде жүйке жүйесі тез сыр беруі мүмкін. Бұл босану гормонының өзгеруінің нәтижесі. Жүктіліктен сақтандыру дәрілерінің де жүйке жүйесіне кері әсері көп. Қорқыныштысы сол, олардың көбі дерті дендеп кеткенше жасырынып, дәрігерге көрінуге намыстанып жүр. Тағы бір айта кетерлігі, науқастардың басым бөлігі өзіміздің қаракөз қандастарымыз. Денсаулығы сыр бергенімен депрессияда жүргендер уақытында мән бермей, ауруды асқындырып алатын жағдайлар да жиілеп кетті. – Тағы бір мәселе, әрі қорқыныш тудыратыны өз-өзіне қол салушылық фактілер көбейіп кетті. Күнде болмаса да асылып қапты дегенді жиі еститін болдық. Осы құбылыс неліктен соншалықты өршіп кетті? – Бұған тек қазір пайда болған құбылыс деп қарамау керек. Бұл – бұрыннан бар әлеуметтік өткір әрі қиын мәселе. Кез келген уақыттарда өз-өзін өлімге қию фактілері жиі орын алып тұрған. Аталмыш дерттің басты себебі мынау деп көрсету өте қиын. Ол әртүрлі факторлардан орын алуы мүмкін. Орыстың атақты психологы Н.Бердяевтің пікірінше, адамның суицидалды шешім қабылдауы күйзеліс немесе с­­тресстік ауыр жағдайдағы сәттерінде болады. Мұндай жағдайда тек жүйкесі әлсіз адам ғана сыр береді екен. Психикасы бұзылып, өзін-өзі кінәлап, галлюцинацияға ұшырайды. Ал жүйке жүйесі қалыпты адам өзіне-өзі қол салуға әрекеттенбейді, керісінше тығырықтан шығатын жолды іздестіреді. Сол себепті де жүйке ауруымен ауыратын науқастардың ішінде суицидке баратындары өте сирек кездеседі. Жасөспірімдерде суицидтік әрекеттер көбінесе шынайы емес, жариялылық сипатта болады. Көбіне әлеуметтік жағдайының төмендігінен, қатарынан қалып қоюынан бала дағдарысқа ұшырайды. Жеке қалып, өзімен-өзі болуға, ортадан алыстау жүруге тырысады. Біреуден зәбір көрсе, не болмаса өзі бір қателік істеп қойса олар үшін өлім біреуден кек алу, біреуді жазалау, өзінің дұрыстығын дәлелдеу, жазалаудан қашу болып есептеледі. Қорыта айтқанда, бізде балалар невропотолог дәрігерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіріп, невралогиялық сырқатқа шалдыққан балалардың емін соңына дейін жеткізуді және осы сырқатқа дауа болатын дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қарастыру керек. Бала бір жасқа толғаннан кейін медициналық тексеруден өткен соң, оның бойында анықталған сырқаты жазылды ма, жоқ па, оған дәрігер де, медбике де басын ауыртпайды. Жүйке жүйесі уақытында емделмеген баланың өсе келе дыз етпе ашуланшақ, күйгелек, уайымшыл болып қалыптасатыны бесенеден белгілі. «Елемеген ауру жаман» демекші, осы топтағы балалар күйзеліске ұшырағанда, дүниеден баз кешіп кетуі ықтимал. – Халық арасында психоневрол­огия­лық емдеу мекемелеріне деген сенімсіздік бар, жақсылап емдемейді, аурухана ішінде науқастарды мекеменің кейбір қызметкерлері ұрып-соғады деген секілді. Расында да, сондай күш қолдану болатыны рас па? – Сенімсіздік дегенге келер болсақ, бізге келіп қаралып, емделетіндердің саны арта түсуде. Бұл бізге деген сенімділіктің белгісі дер едім. Ем-домды да жүйелі түрде, әр аурудың ерекшелігіне қарап жасаймыз. Ал енді науқастарды ұрып-соғады деу әбестік болар. Біз жабық мекеме болған соң, көпшілік қауым тордың, қамалдың арғы шетінде не болмай жатыр дейсің деп ойлайды. Бірақ бізге үмітпен келіп, емделсем, қоғамға қайта оралсам деген, тағдырдың талқысына түсіп келіп отырған науқасқа қарсы қалайша күш қолданбақпыз? Мен сізге айтайын, жүйке ауруымен емделіп жатқандардың көпшілігі қайта бізді жақсы көреді, барлық ішкі жағдайын көбіне туыстарына емес, бізге ашып айтады. Себебі осы саланың маманы болғаннан кейін олардың ішкі жан дүниесін біз жақсы түсінеміз. Ешқайсымыз да аурудан сақтандырылмағанбыз. Ертең тағдырының не болатынын ешкім де білмейді. Халық бізге деген осындай көзқарасын өзгертсе дейміз. – Қателеспесем, алдыңғы жылы осы сіздердің мекемелеріңіздің бір дәрігері сау адамды науқас деп жалған құжат жасап, сол қызметі үшін пара алып жатқан жерінде қолға түскенін бүкіл арналардан көрсетіп, ел біраз шулаған еді. Ол дәрігердің тағдыры қалай шешілді? – Расында, ондай оқиға тіркелген болатын. Алайда ол дәрігер өзін-өзі ақтап, қылмыстық жауапкершіліктен толықтай арылып шықты. Бүгіндері қызметіне қайта келіп, өз жұмысын әрі қарай жалғастыруда. – Жаңа сіз біз жабық мекемеміз деп қалдыңыз. Мұның басты себебі неде? – Иә, біз расында да жабық мекеме болып есептелеміз. Себебі жүйке ауруына деген халықтың көзқарасы басқаша. Біреу бізге келіп қаралса, емделсе, оны ел ішінде есі ауысыпты, жынданып кетіпті деп әңгіме қылып, қоғамнан шеттететіні белгілі. Сол себепті де біз науқастың анонимділігін сақтауға тиіспіз. – Елімізде психолог, психотерапевт, психиатр қызметіне кез келген ерекше мән беретін секілді. Бірақ халық әлі де болса осы мамандардың көмегіне жүгінуге аса мән бермейді немесе жүректері дауа­ла­майтын сықылды. Халықтың бетін бері қарату үшін не істеу керек? – Жоғарыда айтып өткенімдей, халық­тың бізге деген сенімі артып келеді. Ел тәуіп пен бақсы-балгерден гөрі дәрігерге көрініп, емделгеннің пайдалырақ екенін ұғынуда. Дегенмен, жалпылап алар болсақ, бұқара халық әлі де болса күйзеліске ұшыраса, ауруханаға келуге аса бейіл емес. Психикалық денсаулық – ұлтымыздың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін құрастыратын ең бір маңызды ұғым. “Психикалық ауру” – адамның күндегі іс-әрекет қабілетін бұзатын, көптеген нақтамалық күйлерді көрсететін жиынтық термин болып табылады. Психологтар қызметіне ерекше мән беретін уақыт жетті. Денсаулығы сыр берген адамдардың 25 пайызы депрессияға ұшырадым екен деп ойламайды. Бірден кардиолог, терапевт мамандарына барады. Сөйтіп жүргенде уақытты да өткізіп алады, қалтасы да қағылады. Мәселен бізде 49 дәрігер болса, соның 11-і жоғары, 20-ы бірінші, 10-ы екінші санатты дәрігерлер. Бұлардың барлығы дерлік өз ісінің нағыз мамандары. Біз халықпен етене жұмыс істеу үшін ашық есік күндерін өткізудеміз. Сосын, елдің бізге келіп қаралып, емделуі үшін насихат жасауымыз керек. Бұл істе әсіресе сіздердің қолдау, көмектеріңіз аса қажет болып тұр. Елге ауруды жасырмау керектігін түсіндіруіміз керек, жүйке ауруы үкім емес, оның жазылуы әбден мүмкін екенін ашық айту керек. Кеңес өкіметі кезінде психиатрия және наркология саласы жетім баланың күйін кешкен. Қаржы да қажетінше бөлінбеді, қажетті қолдау да көрсетілмеді. Қазір тек қана біздің салаға емес, медицинаның басқа да салаларына, яғни халықтың денсаулығын жақсартуға айрықша көңіл бөлінуде. Психиатрия мен наркология саласы басты назарда. Ортаға қауіпті, ақыл-есі кем, бұл аурудан айықпайды дейтін науқастар өз ісіне жауап бере алмайды. Олар қылмыскер емес, науқастар. Өкінішке қарай, елімізде мұндай адамдар көбейіп келеді. Түйін. Ел, ұлт салауатты адамдардан құралса қандай жақсы! Ол үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Әрине, ол үшін ең негізгі басымдықты қоғам саулығы ісіне бұра түсу қажет. Мемлекетіміз де бұл жолда аянып қалып жатқан жоқ. Тек айтарымыз, бұқара халық адасып, дәрігерге қаралудан кеш қалып коймаса екен. Себебі өтіп кеткен аурудың жазылуы да, емге бой беруі де қиынның қиыны. Өзіңіздің, туысыңыздың денсаулығы сіз үшін қымбат болса, дертіңізден қымсынбай дәрігерге барыңызшы…
Сұхбаттасқан Дәурен ӘБДІРАМАНОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілші

Серіктес жаңалықтары