ЖАҒДАЙ ҚАШАН ЖАҚСАРАДЫ?
ЖАҒДАЙ ҚАШАН ЖАҚСАРАДЫ?
Қазақ халқының көшпенді болғаны рас. Қыс қыстауға келгенше бірнеше жерге көшіп отырған. Қарап отырсақ, қоныс аударудың өзі туризмнің бір түрі. Қазақ халқының қазіргі кезде қолдарының жетпей жатқан жері де осы – туризм. Батыс Еуропаға, Түркияға, Жапонияға т.б. шет елдерге барсаң, тарихи орындарын өте жақсы сақтаған, барын туристерге көрсете біледі.Сол туризмнің арқасында күн көріп отыр. Кең байтақ қазақ жерінде туризм дамымады дегеніміз дұрыс болмас. Таяуда Мыңбай Рәш ағамыз «Алакөл» жайында жанайқайын жазды. Менде оған қосыламын, жағажайда адам демалатындай жағдай жасалынбаған. Біріншіден, көлік жүретін, олар тоқтайтындай жол жоқ. Тәртіп, тазалық жайлы айту қиын. Сусын, тамақ, тағы басқа да қажетті заттарды таба алмайсың. Болған күнде де олар өз бағасынан бірнеше есе қымбат. Жағадағы сынған шынылардан қорқа-қорқа аяқты әрең басасың. Арнайы демалыс орындары саусақпен санарлық қана. Жағажайдың біраз жері де демалыс орны. Көптеген жерлер жеке меншікке өтіп, қара жер үшін 500-1000 теңгенің арасында ақы сұрайды. Жабайы демалушылар дем алған жерлерін жинап та кетпейді. Ең жаман нәрсе, құтылардың сынығы, шыны ешқашан шірімейді. Күннің қатты қызуынан, шыны қатты қызады да, соның салдарынан өрт те шығып кетеді. Жазда, аптап ыстық кезінде суға шомыламын дегендердің саны көбейіп, аквапарктердің бағасы аспандайды. Бұған шамалары келмегендер, қалаған жерге барып суға түседі. Мәселен Қапшағайдың өзінде арнайы шомылатын орындар аз. 500-ден астам демалыс базасы жұмыс жасайды екен. Ал бұл жерлерде қауіпсіздік аймақтары жақсы белгіленбеген. «Бізден басқа адамдар да келіп дем алады-ау» деп ешқашан ойламайтындар осындай жабайы жағажайға келіп сайрандайды. Балқаш көлін үш облыс қоршайды екен. Сол үш облыс өз жерлеріне дем алатын бірнеше орындар салып, жағадан қашық болса да жағдай жасап қоймай ма? Былтыр «Көлсайға» бардық. Бізді «Жалаңаш» деген жерге әкеліп, үйді-үйге орналастырды. «Қайыңды» деген жерге бару үшін көлік таппадық. Әркімдерге жалынып жүріп, УАЗ көлігімен барып қайттық. Атқа отыру үшін 1000 теңгеге дейін ақша төледік. Ер тоқымы кір-кір. Ат иелерінің өздері де қалай болсын солай киініп, ауыздарына не келсе соны айтады. Оның алдында ғана Түркияның Стамбул қаласының жанындағы аралдарға саяхат жасап келгенбіз. Онда атқа мінудің өзі есте қалар оқиға. Әдемі әшекеймен, баулармен көркемделген ат пен арбаларға ынтамен мінесің. Кез келген жерде тамақ. Тап-таза жағажайдан шыққың келмейді. Көлікке мінер кезде аяғыңды суға шайып, құмын түсіресің. Бұл – заңдылық. Қырғыздарды «Ыстықкөл» асырап отыр емес пе? Оңтүстік Қазақстан жерінің барлығы нағыз көркем жерлер, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары да таңдай қақтырады. Туризм үшін сұранып-ақ тұр. Тек қолда барымызды ұқсата алмай-ақ келеміз. Мен өз елімнің туризмі кең дамып, халқымыз бай болса екен деп тілеймін.