ДАЛА ҚОСЫНЫҢ ДҮБІРІ

ДАЛА ҚОСЫНЫҢ ДҮБІРІ

ДАЛА ҚОСЫНЫҢ ДҮБІРІ
ашық дереккөзі
378

Егіншілік мәдениеті суармалы жүйеге негізделген Сыр елінде биылғы жылы алтын алқаптардан жинайтын несібе кемшін болмаса керек. Қазіргі таңда бірқатар дақылдарды жинау шаралары қызу жүруде. Енді тамыз айының соңын ала күрішке де орақ түсе бастайды. Мамандардың болжамына қарағанда, басты дақылдан ойдағыдай өнім жиналуы тиіс. Күн қабағы қарасып берсе, диқандар діттеген межеден табылады.

Шешуші науқаннан мол ырыс күтіп отырған ауыл еңбеккерлері, жалпы биыл қандай мүмкіндіктермен шаруа қамына кірісті? Алдымен осы жағын тарқатып көрсек.

– Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 8,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,7 пайызды құрады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Өмірхан Пашкенов.

Сала өкілінің айтуынша, мемлекет тарапынан еңбекші қауымға беріліп отырған қолдау үлкен қомақты. Биыл облысқа 3,7 млрд. теңге бөлінсе, оның 2 млрд. 518 млн. теңгесі егін шаруашылығын, 726,4 млн. теңгесі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ветеринарлық іс-шараларды жүргізуге 442,6 млн. теңге бөлінген. Осы кезеңде ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 542 млн. теңге несие қаражатын игерсе, оның 328,4 млн. теңгесі «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры»АҚ арқылы, қалғаны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы игеріліп отыр.

Жыл басында облыстағы шаруа­шылықтардың барлық нысандары бойынша 157,5 мың гектар алқапқа егіс егу межеленген болатын. Десе де аймақ диқандары межені асыра орындап, биылғы егістіктің көлемі 161,1 мың гектарға жетті. Оның ішінде дәнді дақылдар 84,1 мың гектар болса, күріштің көлемі – 75,6 мың гектарды құрады. Шаруашылықтар қажетті уақытында тұқыммен толық қамтамасыз етіліп, Сыр салысының барлығы себу кондициясына жеткізілді. Демек, енді санаулы күндерде өнім бере бастайтын күріштің түсімі осы тұқым деңгейіне тікелей байланысты.

Егінші үшін ең бір қажетті зат, бұл – жанар-жағар май. Жылма жыл мемлекет тарапынан қарастырылып отырған жеңілдік шаруалар үшін үлкен демеу болып отыр. Облысқа дақылдарды егіп, күтіп-баптауды уақытылы жүргізу үшін 16 мың тонна дизель отыны, 3,2 мың тонна бензин, 950 тонна қою май сатып алынған. Енді егін жинау науқанына бөлінген 16 мың тонна дизель отынын зауыттардан жеткізуге операторлар жұмыс жасауда.

– Қазіргі уақытта егілген дақылдарды күтіп-баптау шаралары аяқталды. 43,7 мың гектар күріш (барлық күріштің 58 пайызы) азотты тыңайтқышпен үстеп қоректендірілсе, 58 пайызы арам шөптерге қарсы, 7,2 мың гектары өсімдік ауруларына қарсы өңделді. Жоңышқаның екінші орымы қызу жүруде.Ал аудандардан түскен мәліметті саралай келгенде, биыл егілген күріштің 78 пайызын жақсы, 17,6 пайызын орташа, 4,5 пайызын нашар деп бағалауға болады, – дейді басқарма бастығының орынбасары.

Тіршілігі түгелдей Сырдария өзеніне тәуелді облыс диқандарын әдепкіде су тапшылығы сезілуі мүмкін деген күдік те алаңдатпай қойған жоқ. Білікті мамандардың алдын ала ойластырған қам-қарекеті сол күдікті сейілтіп, егіс судан тапшылық көрмеді. Осының нәтижесінде мал азығы қоры да өз деңгейінде жасақталу үстінде. Қазіргі таңда бұл жұмыс жаппай қарқын алуда. Шаруалар межеленген 642 мың тонна шөптің жарымына жуығын жинап үлгерді. Оның 61,8 мың тоннасы құнарлы жоңышқа.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы алдында тұрған үлкен мақсаттың бірі – түліктердің тұқымын асылдандырып, өнімділікті өсіру. Тиісінше осы бағытта бөлінген қаржы да ұлғайып отыр. Мәселен өткен жылмен салыстырғанда биыл бөлінген қаржы 58 пайызға өскен немесе 726,1 млн. теңгеге көбейген. Мұның ішінде жергілікті қазынадан бөлінгені 82 пайызға артық.

2011-2015 жылдарға арналған «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында облыс бойынша 2 репродуктор шаруашылық, 2 мал бордақылау алаңы және 80 фермерлік шаруашылық ұйымдастыру жоспарланған. Бүгінгі күнге осы фермерлік мақсатта өңірге 1683 бас сиыр сатып алынса, меже – 2400 бас. Бұл дегеніңіз, өнімділікті өсіруге бағытталған шаруаның бел алғанын көрсетеді. Дегенмен шешуін күткен мәселе де аз емес. Қазір облыста мал азығы дақылдарының көлемін арттыруға баса мән берілуде. Сондай-ақ, биыл қуаттылығы 80 тонналық жем шығаратын екі зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жайылымсыз жайы болмайтын түлік үшін өріс аясын тиімді пайдаланудың қыр-сырын ойлас­тыруда мамандар.

Қуат ШАРАБИДИНОВ

Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары