КЕҢЕСТIК ЕСКЕРТКIШТЕРДI СЫПЫРҒАН АЛТЫНКҮРЕК

КЕҢЕСТIК ЕСКЕРТКIШТЕРДI СЫПЫРҒАН АЛТЫНКҮРЕК

КЕҢЕСТIК ЕСКЕРТКIШТЕРДI СЫПЫРҒАН АЛТЫНКҮРЕК
ашық дереккөзі
251

Алматы шаһарының кейбiр тұрғындары үшiн қала әкiмдiгiнiң 35 ескерткiштi тарихи және мәдени нысан есебiнен, яғни мемлекет қамқорлығынан шығару туралы шешiмi тосын оқиға сынды көрiнген. Бiреулер бұл арқылы өзiнiң өткенiн көзден де, көңiлден де кетiру керектiгiн түсiнсе, ендi бiрi бұл ескерткiштердiң орны бәзбiр шенеунiктердiң сауда және бизнес орталық салуына ауадай қажет болған шығар деп пайымдайды.

Қалай десек те, бұл шара былтырғы жылдың 30 желтоқсанында қабылданған Үкіметтің «Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру және оларды жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастау туралы» №1672 Қаулысы бойынша жүзеге асуда. Оған сәйкес, жергілікті аумақта мәдени және тарихи нысан болып табылатын 35 ескерткіш мемлекет тізімінен шығарылды. Оның 11-і архитектуралық ескерткіштер: бұрынғы әуежай, «Медеу» қонақүйі, көпес Муровтың үйі, София шіркеуі, Ходжаев үйі, генерал-губернатордың канцеляриясы, «Алматы-1» теміржол вокзалы, т.б. болса, ал 9-ы монументалді өнер ескерткіштері, бұлар: Лениннің екі ескерткіші, Кировтың ескерткіші, Емелев пен Виноградовтың бюсті, Фрунзенің ескерткіші мен Калининнің бюсті мен ескерткіші. Сондай-ақ «Ұлжан», «Көкқайнар» сияқты шағын аудандардағы 15 археологиялық ескерткіш те мемлекет қадағалауынан босамақшы. Мұны жергілікті билік Алматы қаласындағы тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін реттеу үшін жасалып отырғандығын айтады. Есептен шығарылған ескерткішті жою үшін әрқайсысына шамамен 200-300 мың теңге бөлінсе, Алматы қаласының әкімшілігі шамамен 4 млн. теңгені Райымбек және Пушкин көшелерінің қиылысындағы Қазан төңкерісі күрескерлеріне арналған ескерткішті бұзуға жұмсапты. Алайда осы көріністі интернет сайттарында жариялаған қолданушылардың бірқатары мұны вандализмге жатқызған көрінеді. Осындай дүрдараздық пікір туындатқан мәселеге қатысты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов мырза: «Ескерткіштің орындарына ешқандай да коммерциялық нысан салынбайды. Кейбір босаған жер келешекте басқа да ескерткіштер үшін пайдаланылуы мүмкін», – деп жауап берген.

Ал «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов кез келген тарихи нысан мемлекеттің мәңгі қадағалауында болуы керек деп есептейді. «Ол ескерткіш идеологиялық жағынан төңкерісшілерге арналса да, бәрібір. Қалай десек те, бұл адамдар өзінің идеясы үшін күресті. Меніңше, әкімдік билік осы ескерткіштердің орнына ертеңгі күні жер сілкінісіне төтеп бермейтін «әйнек» үйлер салу үшін осыған барып отыр. Ескерткіштерді қиратқанша, оларға күтім жасау керек қой. Біз еліміздің төрт облысында акция ұйымдастырдық. Еріктілер ескерткіштер мен монументтерді жалтыратып жуып шықты. Ал өзім батыр қыздарымыз – Мәншүк пен Әлияға арналған ескерткішті жууға қатысқанымда, қатпарлы кірін әрең кетірдік», – дейді еліміздің бас экологы.

Дәл осы мәселе орыстілді интернет сайттарында да қызу талқыға түсуде. Мәселен, «Русские в Казахстане» сайтында жариялаған «Подтирают историю?.. Русские и советские памятники исключены в Алма-Ате из спис­ков наследия истории и культуры» атты мақалада қаланың атын «Алма-Ата» деп жазғаны былай тұрсын, кеңестік кезеңнен қалған ескерткіштерді құрту – тарихыңды өшірумен бірдей дегенді астарлап жеткізеді. Сайт қолданушыларының да пікірі екіге жарылған. Бірі қолдайды, екіншісі қарсы. Айталық, бір оқырман: «Қазақтар өте дұрыс жолмен келесіңдер» десе, екінші оқырман: «Қазақтарға орыстан басқа ешбір ұлт жан-тәнімен көмектескен жоқ. Ал мына істеп отырғандары адамгершілікке жата ма?» – деп көлгірсиді.

Бұл Үкіметтің қаулысы бойынша шешілген мәселе. Алайда қазірдің өзінде кеңестік кезеңнен қалған ескерткіштердің есептен шығып қалуына наразылық танытушылар да баршылық. Оның ішінде бұған өткен өмірінен қалған із ретінде қарайтындары да көп. Сірә, бұл топтағылар қазақ жастарының патриоттық рухын асқақтататын тарихи ескерткіштердің бой көтеруіне бастарын қатырмайтын да сияқты.

Біз осы мәселе жайында ҚР Пре­зидентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, саясаттанушы Нұрлан Сейдін мырзаның пікірін білген едік.

– Алматы қаласындағы немесе жалпы Қазақстан аумағы бойынша кеңестік кезеңдегі ескерткіштерді алып тастауға қарсы даурығудың ешбір қажеті жоқ деп есептеймін. Әрбір тәуелсіз мемлекеттің өзіндік дербес идеологиясы болады, біздің бүгінгі идеологиямыздың басты мақсаты тәуелсіздігімізді баянды ету. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде, мәдениетті, білімді дамытуда, күнделікті тұрмыс-тіршілікте елдің егемендігі үшін басын бәйгеге тіккен ата-бабаларымыздың рухын насихаттауға басымдық бергеніміз абзал.

Қазақстанда тұратын әрбір азамат немесе елімізге келген кез-келген қонақ Қазақстанның қай аумағына бармасын, қазақ елінде жүргендігін үнемі сезінуі тиіс. Ол үшін ата-бабаларымыздан мирас ретінде сақталып келе жатқан тарихи ескерткіштерді сақтап, ұрпақ тәрбиесінде кеңінен пайдалана білуіміз қажет. Тәуелсіздік жолында құрбан болған немесе еңбегі сіңген жеке тұлғалар мен тарихи оқиғаларға тарихи тұрғыда обективті түрде баға бере отырып, ескерткіштер орнатуымыз қажет.

«Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында бірқатар тарихи жәдігерлеріміз бен ескерткіштерімізді қалпына келтірудеміз. Егемендігіміздің 20 жылдан астам уақытында бірқатар ескерткіштер қойылды, бірақ оларға қатысты айтылып жатқан сын да аз емес. Біз осы мәселені бір ретке келтіріп, жүйеге қоюымыз қажет. Еліміздің әлеуетінің жылдан-жылға артуы арқылы біз елдің ішіндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп қана қоймай, мүмкіндігінше ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы мен басқа елдердегі қабірлерінің басына да тарихи ескерткіштер тұрғызуымыз қажет. Бұл арқылы бір жағынан сол тұлғалардың ерлігі мен даналығына тағзым етсек, екіншіден тарихымызды, мәдениетімізді, өнерімізді сол елдерде кеңінен насихаттауға жол ашады.

Алматы қаласында бұзылып жатқан ескерткіштер, біріншіден, қазақ елі үшін тарихи маңызы жоқ ескерткіштер, екіншіден, олар шаһардағы орталық саябақтар мен басты көшелердің бойына орналасқан. Әрине Кеңестік кезеңді жоққа шығаруға болмайды, ол біздің тарихи дамуымыздағы негізгі кезеңдердің бірі, бірақ сол кезеңде қазақ халқының тарих сахнасынан жойылып кетуіне әрекеттер жасалынғаны, тұтастай бір халықты күйретуге қастандықтардың ұйымдастырылғаны белгілі. Сондықтан ол біздің халықтың қаралы кезеңі деп айтсақ та болады. Ол ескерткіштер біздің бүгінгі алға қойып отырған мақсаттарымызға да, бағыт-бағдарларымызға да сәйкес келмейді. Сондықтан олардың орны қаланың шетіндегі арнайы тарихи ескерткіштердің қатарында деп білемін. Кеңестік кезеңнің тарихымен, ескерткіштерімен, тұлғаларымен танысқысы келген азаматтар сол арнайы бөлінген орынға барып, арнайы танысуларына жағдай жасалынған.

Біз тарихымызды, төл мәдениетіміз бен өнерімізді, ата-бабаларымыздың ерлігін насихаттауда еш тартынбауымыз қажет. Қазақстанның тәуелсіздігі бізге өзімізді кеңінен танып білуге, жүріп өткен жолымызды қысылмай-қымтырылмай жас ұрпаққа таныстыруға, жігерлендіруге, тәрбиелеуге және алдағы уақытқа үлкен жоспарлар құруға, оларға басымдық беруге мол мүмкіндіктер туғызуда.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары