«ИНОСТРАННЫЙ АГЕНТ»

«ИНОСТРАННЫЙ АГЕНТ»

«ИНОСТРАННЫЙ АГЕНТ»
ашық дереккөзі
192

Ресей депутаттары шетелдiктер қаржыландыратын бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды күшейтпек. «Жатжұрттық тыңшы» деген «айдар» тағылатындар заң күшiне енсе, мұндай құрылымдар ақшаны кiмнен алғанын және қайда жұмсағанын ашық көрсетуге мiндеттi.

РФ Мемлекеттік Думасына «Единая Россия» фракциясынан сайланған депутат Евгений Федоров шетелдіктерден грант алған немесе қаржыландырылатын ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына «жатжұрттық тыңшы» мәртебесін бекіту туралы заң жобасын ұсынды. «Ресейдегі көптеген БАҚ шекара сыртынан алатын қаржыны пайдалана отырып, елдегі саяси ахуалға үстемдік еткісі келеді. Сондықтан бұл мәселе тыйым салу емес, елді құлақтандыру мақсатында қажет. Әрі бұл өзгеріс шетелдіктерден ақша алатын баспасөзді реттеуге де қосымша мүмкіндік», – деп түсіндірген жоба авторы РФ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға енгізілуі тиіс өзгертуде шет мемлекеттердің үкіметтерінен немесе мемлекеттік органдардан, халықаралық немесе шетелдік ұйымдардан, шетелдік азаматтардан қаржы алғандар ғана емес, сондай-ақ мүліктерді иемденгендерге де «жатжұрттық тыңшы» («иностранный агент») таңбасы таңылатынын айтады. Бір ерекшелігі, ресейлік жеке тұлғалардан кез келген көлемде (ірі не ұсақ мөлшерде) ақша алған БАҚ-қа да осы ұғым қолданылатын болады.

Жуырда ғана Ресейдің Мемлекеттік Думасы қабылдаған үкіметтік емес ұйымдарға қатысты жаңа заңда жатжұрттықтардың көмегімен қаржыландырылатын және саяси қызметпен айналысатын мақсаттарын ашық көрсету міндеттелген. Сарапшылар қауымының кейбірі бұл құжатты азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосатын үкіметтік емес ұйымдарды құрықтауға арналған жаңа құрал ретінде бағалады. Ал Е.Федоров ұсынған құжатта «БАҚ – шетелдік тыңшылар» арнайы реестерді қалыптастыра отырып, оларды тіркеуден өткізуді көздейді. Аталған тізімнен табылған БАҚ өз өнімдерін «БАҚ – шетелдік тыңшы» арқылы өндіріліп, таратылатыны жайлы деректі айқындауға міндетті. Алайда мұндай таңбаны ақпарат құралдары қалай көрсететіні белгісіз. Өйткені аталған заң жобасында бұл туралы айтылмаған. Е.Федоровтың мәлімдеуінше, басылымдар – әр шығарылымында, радио арналар – сайттарында, телеарналар – лицензиялық құжаттарында. Маңыздысы, егер заң жобасы қабылданса, БАҚ өкілдері шетелдіктерден алған қаражаттары мен мүліктерін қандай мақсатқа пайдаланғаны жайлы Баспасөз және қоғамдық байланыс жөніндегі агенттікке есеп беруі шарт. Бірақ жарнама немесе басқа да келісімшартқа сәйкес ақша алғандар міндетті емес. Федоровтың пікірінше, саяси қызмет пен коммерциялық мүдденің аражігін ажыратып алуға мүмкіндік бар. Осылайша шетелдік өнімдерді жарнамалауға кедергі жасалмайды. Әрі шетелдіктерге тиесілі БАҚ-қа да қатысы болмайды. Ал қазіргі заңда БАҚ-қа қаржылық есеп беру туралы талап қойылмаған.

«Былтыр АҚШ конгресінде Хиллари Клинтон қатысқан бір жиында ол Ресейдегі үкіметке қарсы жүргізілетін ақпараттық соғысқа ақша сұрады. Клинтонның бұл ұсынысын конгрессмендер қолдап, бюджеттен қаржы бөлді. Біз америкалық бюджеттен ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына грант түрінде бағытталатын саяси ақшаның Ресейдегі БАҚ-та көрсетілгенін қалаймыз», – деп мәлімдеген Федоров кез келген ақпарат кімнің мүддесіне сай таратылып жатқанын көпшілік біліп отырады деген сенімде. Ресейдегі «Радио Свобода» арнасын мысалға келтірген депутат «негізі мұндай БАҚ біздің есебімізше, бірнеше мың» дейді. Шет елдерден қаржыландырылатын немесе мүліктік көмек алатын баспасөздің «шетелдік тыңшы» мәртебесін алудан бас тартуы, қаржыландыру көзін жасыруы сияқты әрекеттерге баруы қалай жазаланатыны әзір белгісіз. Белгілісі, заң бұзғандарға қомақты көлемде айыппұл салынатын көрінеді. Бүгінде оның жолдары қарастырылып жатыр.

Өткен аптада Евгений Федоров заң жобасын Мемлекеттік Думадан кері қайтарып алғанын айтты: «Заң жобасы үкіметтің қарауына жолданған болатын. Қысымға келсек, бұл тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. БАҚ саласындағы саны өте көп шетелдік гранттарды иеленушілер аталған құжатқа қарсы келмейді деп ойлайсыздар ма?». Сонымен, алдымыздағы күзде думалықтар БАҚ-қа «шетелдік тыңшы» таңбасын баса ма, жоқ па, әзір белгісіз. Белгілісі, пікірі екіге жарылған орыс қоғамы қызу сөзсайысқа көшкен бүгінде. Заңгерлердің айтуынша, шетелдіктерден қаржыландырылатын БАҚ-тың көпшілігі ресейлік саясатқа белсене араласып, шетелдіктердің насихат құралына айналған.

Әріптесінің «шетелдік тыңшыға» қатысты ұсынысын іліп әкеткен тағы бір депутат Илья Пономарев Мемлекеттік Думаға жаңа заң жобасын ұсынатынын айтты. Құжаттың мәтіні жиған-тергендерінің жартысынан көбін шетелдік банктерде сақтаған шенеуніктерге қатысты. «Шенеуніктер мен депутаттарға шет елдерге жұмыс істемейтіндіктерін дәлелдеуді талап ететін заң жобасын ұсынамын», – деп мәлімдеген депутат басты мақсатын шетелдіктердің ықпалынан қорғанумен байланыстырды. Қолындағы қаражатының жартысынан астамын өзінің немесе отбасы мүшелерінің атына шекара сыртында сақтағысы келетін мемлекеттік қызметкер немесе Мемлекеттік Дума депутаттарын Федералдық қауіпсіздік қызметінің арнайы тексеруінен өткізуді көздейтін бұл құжатты құптауға әзір көпшілік құлшынып отырған жоқ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары