КӨШЕЛЕРДІ ҚАЗАҚШАЛАҒАН ҚҰРДАС
КӨШЕЛЕРДІ ҚАЗАҚШАЛАҒАН ҚҰРДАС
Шеңгелі мен жыңғылы, ара-тұра сексеуілі көзімізге ыстық көрінетін Құттыбай құмындағы ауылда балдәурен балалық шақты бірге өткізіп, бірге ойнаған, көше дегеннің не екенін білмей өскен сары бала кейін көше атауларының нағыз зерттеушісіне айналды.
Қазақта «көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген сөз бар. Сәбит Иманғалиев оқу мен ізденудің, ыждағаттылығы мен еңбекқорлығының нәтижесінде қатарластарының алды болды. Жасынан оқуға зерек, өзіне де өзгеге де талап қоя білетін, пысық та тиянақты бала болып өсті. Ұстаз отбасынан тәрбие алған Сәбиттің өнегелі, тәрбиелі болып өспеуіне құқығы да жоқ еді. Сондықтан да болар, Сәбит өзіне сенімді, ойындағысын батыл айта алатын азамат болып қалыптасты.
Сәбит Иманғалиевпен 1950-1951 жылдары Жаңаталап топырағында танысқанымның, аралас-құралас болғанымның өзіне 60 жылдың бедері болуы көп нәрсені аңғартса керек. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына бір жыл толған кезде өмірге келген Сәбит бүгінде қариялық жасқа жақсы жетіп отыр. Оның осынау өмір жолдарында Жаңаталап колхозындағы дәрігерлік пунктте фельдшер, Аққыр ауылындағы ауруханада бас дәрігер болғаны бар. Кейін осындағы мектепте мұғалім, мектеп директорының орынбасары, Мәдениет совхозындағы орта мектеп директоры, 1980-1981 жылдары Қызылорда қаласына көшіп келіп, он жылдай қаладағы кешкі жастар мектебінде ұстаздық етті.
С.Иманғалиев 1990 жылдың басында Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы кезінен қалада қазақ тілінің дамуына айрықша назар аудара бастады. Ең алдымен мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда қазақша әрпі бар мәшине жоқ десе де болғандай. Іздеп жүріп мәшинкелерді Украинадан алдырды. Бұл тұста талай жерге ат шалдырып, табан тоздырған кездері де болмай қалған жоқ. Қашанғы ыждағатшыл әдетімен Украина зауытынан 250 жазу мәшинкесін алдырып, қала мекемелеріне таратып беріп, онымен қоса, олардың қазақша дұрыс жұмыс істеуін бақылауында ұстады. Одан кейін Қызылорда қаласы әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің ономастика бойынша бөлімшесіне қызметке ауысқанда, қаладағы Гагарин, Титов, Шанқай мөлтек аудандарындағы көшелер атауын қазақыландыру ісіне белсене араласты. Осы тұстары З. Қыстаубаевамен бірлесіп «Орысша-қазақша сөздікті» шығарды. Аталған сөздікте 30 түрлі кеңсе іс-қағаздарының үлгілері (арыз, тілхат, хаттама, т б.) берілген. Кітапша сол жылдары қазақша іс-қағаздарын жүргізу үшін таптырмас көмекші құрал болды. Шынында Сәбиттің: «Қазақ тілі үшін сөз жүзінде емес, іс жүзінде күресетін кез жетті», – деуі көп нәрсені аңғартса керек.
Сәбит Иманғалиев 90-жылдары қызметтің сәті түсіп Алматыға көшті. Экономика және статистика академиясында оқытушы болып, зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. Бұл жерде де әркез тіл мәселесін көтеріп, академиядағы тіл мерекесі, наурыз, жеңіс күніне байланысты іс-шараларды өз деңгейінде жүргізуге мұрындық болып, ұжымның алғысына бөленді.
Сәбит Иманғалиев зайыбы ұстаз Зүбәйра Қыстаубаевамен бірігіп, «Қызылорда көшелері» атты жинақты құрастырып, толықтыра отырып, қайта шығарып Қызылорда қаласының 190 жылдығына тарту етті. Көше атауларын зерттеп-зерделеуге үйренген ол, Алматы қаласы әкімшілігінің тіл басқармасының маманы Бақытжан Тобаяқпен бірге «Алматы көшелері» атты үш тілдегі анықтамалық кітапты жазды.
Осылайша бала кезінде көшенің не екенін білмей өскен досым бүгінде Қызылорда, Алматы қалаларының көше атауларын зерттеуге қомақты үлесін қосып отырған ел танитын азамат.
Ұстаздық еңбек жолы ізденіске толы С. Иманғалиев бұл жолда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Ғылым мен білімді жан-жақты меңгеріп, халқымыздың салт-дәстүрін дамытуға ерекше қайрат-жігер жұмсады. Өзінің жолын қуған тәрбиелі ұрпағы – үш баласы ғылым кандидаты болса, жан жары ҚР білім беру ісінің үздігі. Нақтырақ айтсақ, ғалымдар отбасы. 2008 жылы «Қазақстан-Заман» газеті ұйымдастырған «Ең үлгілі отбасы» байқауының жеңімпазы. 2011 жылы республикада қазақ тілін дамытуға қосқан үлесі үшін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрмет грамотасымен марапатталды. Қызылорда қалалық, облыстық әкімдіктерінің мерекелік медальдарын иеленді.
«Жас алаш» газеті: «Бұл кітаптың пайдасын әлі күнге қала көшелерінің атауларын дұрыс жаза алмай жүргендер көрмек», – деп жазды.
Біз де өз кезегімізде бүгінде сары шалға айналған бір кездегі сары балаға «тіл жанашыры», «қала көшелерін қазақша сөйлеткен азамат» тұрғысынан қараймыз.
зерттеуші, этнограф