ҚАУIПСIЗДIК ҚЫЗМЕТI «АКУЛАЛАРҒА» АУЫЗ САЛДЫ

ҚАУIПСIЗДIК ҚЫЗМЕТI «АКУЛАЛАРҒА» АУЫЗ САЛДЫ

ҚАУIПСIЗДIК ҚЫЗМЕТI «АКУЛАЛАРҒА» АУЫЗ САЛДЫ
ашық дереккөзі

Өткен аптада Қырғызстанның әлеуметтік дамыту министрі Равшан Сабиров пара алды деген айыппен Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік қызметіне (ҰҚМҚ) қарасты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу қызметі тарапынан қамауға алынып, алдымен екі тәулікке, сосын екі айлық мерзімге тергеу изоляторына қамалды. Ол дереу Премьер-министр Өмірбек Бабановтың бұйрығымен «тергеу ісі аяқталғанша қызметінен босатылсын» деген түсініктемемен жұмысынан шеттетілді.

4 шілдеде қауіпсіздік қызметкерлері 10 мың доллар пара алып жатқан жерінен министрдің жәрдемшісін ұстаған. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, министрдің жәрдемшісі Қырғызстан аумағында балаларды бағып алумен айналысатын шетелдік халықаралық компанияны тіркеу үшін олардан 20 мың доллар сұрап, 10 мың долларын алу үстінде қолға түсірілген. Пара беріп жатқанын ҰҚМҚ-ға компанияның өкілі өзі хабарлаған. Министрдің жәрдемшісі тергеу барысында «параны министрдің тапсырмасымен алдым» деп көрсеткен. Сонымен бірге ол 30 маусымда да осындай іске байланысты министрге 5 мың доллар ақша алып бергенін айтқан.

Бұл оқиға жұртшылықты біраз дүрліктірді. Әдеттегідей, туған-туысқандары және Ош облысының Қарасу ауданындағы Жаңа Арық ауылында тұратын жерлестері мен Қырғызстандағы тәжік диаспорасының өкілдері наразылықтарын білдірді. Қырғыз­стан халық ассамблеясының құрамына кірген Фирдауси атындағы тәжік ұйымын құрған Равшан Сабиров ұйымның ардақты төрағасы да болатын. Әсіресе, бұл жағдай Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешіндегі «Ата Мекен» партиясының депутаттарын абыржытып тастады. Өйткені осы партиядан сайланып, депутат болған Равшан Сабиров өткен жылдың аяғында жаңа үкімет жасақталған кезде фракцияның ұсынысымен министрлік қызметке барған.

Партияластары әріптесін «пара алғандыға» қимай-ақ отыр, партияның кезектен тыс өткен отырысы «істің анық-қанығын сот әділ шешсін» деген бітімге келіп, үкімет басшысына Равшан Сабировты үй қамағынан босату бойынша қолдау көрсетуді сұраған хат жөнелтті.

Шетелдік азаматтардың Қырғызстаннан бала бағып алуы көмескі «бизнеске» айналып барады делініп, бірнеше жыл бұрын бұған тыйым салынған еді. Жақында қайтадан рұқсат берілген бұл «халықаралық қамқорлық» келеңсіз оқиғамен басталып, қырғыздың мақалында айтылғандай, «Үйренген әдет қала ма, уйға (сиырға) жүген сала ма?» болып отыр. Бала бағуға сұраныс көбінесе АҚШ-тың азаматтарынан түседі. АҚШ-та бала бағып алушылар жалпы алғанда жылына 1 миллиардтан көп долларды жұмсайтыны белгілі.

Министрдің оқиғасымен тұспа-тұс уақытта Бішкек қаласының Бірінші Май аудандық соты Қырғызстанның ішкі істер министрлігінің қылмысты іздестіру бас басқармасының бастығы полковник Тілекбай Әлібаевты және оның орынбасары полковник Базарбек Әбдірайымовты қамауға алу жөнінде шешім шығарған. Олар қазір екі айлық мерзіммен тергеу изоляторында отыр. Сәуір айында аталған басқарма қызметкері полковник Марс Зейналов есірткі пакеттерін тасып бара жатқан жерінен қамауға алынып, тергеліп жатқан. Енді тағы екі полковникке «есірткі саудасына қатысы бар» деген айып тағылып отыр.

Екі полковниктің кенеттен қамалғанына байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Мелис Тұрғынбаев журналисттерге: «Соңғы екеуінің күнәсі бар екеніне күмәнім бар, олар жедел әрекеттердің құжаттарын әзірлеуде қателікке жол берген», – деп мәлімдеме жасады. Мелис Тұрғынбаев жақында қылмысты істерге араласқан лауазымды адамдардың аттарын жариялайтынын да мәлімдеп жіберді.

Фемиданың ауына түскен «акулалар» бұлар ғана емес. Осы шілде айының басында ҰҚМҚ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Бішкек-Ош жолы мемлекеттік дирекциясының бас директоры Шабдан Иманқұловты қамауға алды. Оған жол салуға бөлінген қаражаттардан «22,5 миллион сомды қымқырып қойды» деген айып тағылуда.

Өткен айда қамалған Бішкек қаласының бұрынғы мэрі, Жоғарғы Кеңештің қазіргі депутаты Нариман Түлеевтің үстінен қазіргі күндері тергеу амалдары жүруде. Экс-мэр тергеушіге егер айыбымды мойныма тапжылтпай қойсаңдар, мемлекеттік қазынаға сол «жеп қойған» 1 миллион 400 мың долларды қайтарып берейін деген көрінеді. Бұл сөз елдің құлағына тиген соң, «ішіп-жемесе, ондай ақшаны қалай жинаған» деген кәуесет тарады.

Жыл басында Президент Алмазбек Атамбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяу­сыз күрес жариялап, үкімет бұл ба­ғыт­та арнайы бағдарлама қабылдаған. Жоғарыдағы оқиғалар ҰҚМҚ-ның сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес қызметінің және құқық қорғау органдарының қазіргі кезде жақсы әрекеттеніп жатқандығын дәйектейді. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу қызметі көктемде жемқорларды ұстап беруге қатысқан адамдарға жемқордың мемлекетке қайтарған ақшасының 20 пайызын төлеу жөнінде шешім шығарған. Бірақ бұл бойынша факт әлі тіркелген жоқ.

Осындай ию-қию оқиғалармен қатар маусым айында басталған «Құмтөр» алтын кенінің дауы да басылмай тұр. Өткен сенбі күні Премьер-министр Өмірбек Бабанов «Құмтөр» кеніне барып, ол жердің ахуалын өз көзімен көріп қайтты. Үкімет басшысын кен орнындағы экологиялық қауіпсіздік қанағаттандырған жоқ. Кеннің иесі «Центерра Голд Инк» компаниясымен 1 қазаннан бас­тап жаңа келісім жасалатын болды.

Қырғызстандағы екі революцияны ұйым­дастырушылардың бірі – Құрманбек Бакиевтың билігі кезінде Асқар Ақаев және оның айналасындағы адамдар меншіктеген мү­ліктердің толық тізімін жасап, оны БАҚ-тарда жариялатып, барлығын мемлекет­ке қайтартып беремін деп міндеттеме ал­ған, бірақ уәдесінің үдесінен шықпаған экс-бас прокурор, кейінгі сәуір уақытша үкі­ме­тінің белді мүшесі, соңғы бір жарым жылда қызметсіз жүріп, көрінбей қалған Әзімбек Бекназаров «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясат үшін ғана жүргізіліп жатқанын», билік жақсы істеп, өзінің іскерлігін көрсетпесе, күзде үшінші революцияны жасайтынын айтып басын көтерді.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның»

Қырғызстандағы тілшісі