ҚАЗАҚ КСЕРОКӨШІРМЕГЕ АЙНАЛДЫ

ҚАЗАҚ КСЕРОКӨШІРМЕГЕ АЙНАЛДЫ

ҚАЗАҚ КСЕРОКӨШІРМЕГЕ АЙНАЛДЫ
ашық дереккөзі

Бүгінде еліміздегі қазақтардың сөзі, яғни тілі орысшаның көшірмесіне айналып болып қалды. Осылай боларын жоғарыдағы қолында билігі бар кейбіреулер бұдан 20 жыл бұрын білген сияқты. Олар бұл сырғақ саясатты жүзеге асыру үшін бар-жоғы екі-ақ тәсіл жеткілікті екенін де бірлесіп ойлас­тырып қойған ба деген қаупіміз бар. Ол екі тәсілдің біріншісі – қазақ тіліне қағаз жүзінде мемлекеттік деген атақ беріп, содан кейін оған көшуге асықпау керек деп жұртты алдарқата беру. Әуелі 4-5 жыл деп белгіленген бұл алдарқату міне, 21 жылға созылды. Екінші және ең қауіпті тәсіл – Қазақстанның бүкіл телеарнасын күндіз-түні орысша сайратып қою. Міне, қазір оған да 21 жыл болды. Қазақты қазақы бет-бейнесінен, ұлттық намысынан айырып, анаған да мынаған да «братан», «брат» дегізіп санасыздандыру үшін әлгі екі тәсіл молынан жететінін де сол кезде білгендер жоғарғы жақта әлі жүр. Оларды қу десеңіз де, ең ақылды данышпан десеңіз де өз еркіңізде. Солар жүргізген өрескел саясаттың салдарынан бүгінгі қазақтың арасында ұлттық намыс­тан айрылып қалғандар орасан көп. Әрине, физиканың заңы бойынша бір дене екінші денеге қандай күшпен әсер етсе, ол дәл сондай қарсылыққа тап болады. Сірә, бір зарлы ақынның тілімен айтқанда осы күні:

Ең киелі кітабым бар, ол – Құран,

Ата-дәстүр – сарқылмайтын мол мұрам.

«Қазақстан деген елдің Иесі –

Тек Қазақ!»– деп күмбірлейді домбы­рам, – деп ар-намысты ат қып мінген азаматтары да, әлі де құлмінезден құтыла алмай, құтылуды ойлауға парық-парасаты жетпей жатқан ұлтының ертеңіне ерекше бір ерендікпен қарайтын қатепті қара нардай қазақ жастары да жетерлік. Олар алты алаштың бірі боп саналатын қазағының соңғы жиырма бір жылда тілінің де, ділінің де баяғы жалы күдірейген көк бөрі кейпіне қайтып келе алмай, жығылған жонын тіктей алмағанын да, қарны тойғанына мәз шибөрі қалпында қалып бара жатқанын да біледі. Білсе де, «бөрі арығын білдірместің» мысалымен онысын сыртқа сездіргісі келмейді. Олар өз елінің Қазақ Елі немесе Қазақ Республикасы атанбай, Қазақстан Республикасы атануының да аржағында қазаққа ту сыртын беріп тұрған бір сырғақ саясат жатқанын да сезеді. Олар ертеңгі күнге үздіккен бір үрзада үмітпен қарайды. Және олар елде жүргізіліп отырған мынадай саясат жағдайында ондай күн тек Жаратушы Иеміздің ғана құдіретімен келуі мүмкін екенін де жақсы біледі. Бұл – киелі Ислам дінінің «Тек шайтан ғана үмітсіз» деген даналық қағидасына негізделген үміт.

Енді бір қазақтар бар. Оларды осы заманның Асан Қайғысы десе де болады. Бұлар кешегі Мәскеу басқарған Кеңес заманында қазақтың басына үйіріліп тұрған қара бұлттың әлі де сейіле қоймағанын, әлі де Мәскеудің сояудай жез тырнақтары бір бүйіріне қадалып тұрғанын анық сезінеді. Оларды тыңдасаң да, қарасаң да көңіліңе қаяу кіріп, қара заман қазаққа таяу екен деп қаласың. Ол Асан Қайғылар қазақтың тәуелсіздік алдық деп жиырма жыл бойы шуылдап той-тойлауы да өзін-өзі алдау, алаңғасарлық, Абай ақсақал айтқан бес дұшпанның ішіндегі «Өтірік», «Мақтаншақ», «Бекер мал шашпақ» сияқты үш дұшпанның бір көрінісі дейді.

Олар азаттық алып, үстіме торқа киемін деп ем, жұрқа кидім, баяғы бабалар айтқандай күміспен күптелген көксауырдың орнына жұлығы жыртық көн етік кидім, қызым көрпесін әркім көтерген күң болды, ұлым әркімнің есігін күзеткен құл болды, ата тіліммен сөйлесем сөзімді шонжар ұқпайды, аруанам үлектен емес қоспақтан қайитын болды, аймүйізді ақ қошқарынан айрылған жайлауымды доңыз жайлады:

Құлмінез болған құлыным,

Шаттығын іздеп шет елден,

Сұмырай болды сұлуым,

Көрпесін әркім көтерген.

Қараймын оңға, солға да,

Күңгірттеу боп тұр келешек.

Біз күткен бақыт, сонда да

Дәл мына бақыт емес ед, – деп күңіренеді.

Құдай күңіренгеннен сақтасын! «Үмітсіз – шайтан ғана», – дейікші. Алайда, сырт көз сыншы, сен өз мініңді өзің байқамасаң да, қанша жерден бүркемелеп, жуып-шайсаң да, сенің титімдей мініңді үйіңнен дәм татып кеткен мейманың әп дегеннен аңғарып кетеді. Әнебір жылы Қазақстанға келіп, бір-екі күн жата-жастана кеткен итальяндықтың «әлемдегі мемлекет атаулыны түгелге жуық аралап жүріп, дәл қазақтар сияқты өз тілінен, бүкіл болмыс-бітімінен айрылған халықты көрген емеспін, – деп кеткені туралы талай газет жазды. Қарапайым қитабан қазақ та, қабат-қабат сарай салып, көркіне көз тоймайтын көлік атаулыны мінген көсем қазақ та естіді сол сөзді. Мынауымыз масқара екен, ұйқыдан оянайық демек түгіл, бүкіл қазақ қылп еткен жоқ. Әшейінде, орыстілді қазақтарға «Қазақстаннан орыстар көп кетіп жатыр ғой, бұған не себеп?», «Орыс тілі қағажу көре бастады, бұның арты не болуы мүмкін?» деген сыңайдағы арандатушылық сауалдар қойып машықтанған кейбір орыстілді газеттері бұл туралы ләм деген де жоқ. Бәрінен де жанға бататыны бүгінгі қазақтар бұдан кейін де есімді жинайын демеді. Осындайда баяғы Жан-Жак Руссоның орыстар туралы айтқаны еске түседі. Ол орыс халқы ешқашан өркениетті бола алмайды дей келіп, оның себебін былайша дәлелдемек болады. І Петрдің істеген жақсы істері көп дейді ол. «Бірақ ол ең әуелі орыстарды, орыс ұлтын бастапқы қалпына келтіріп алмай, өйтудің орнына ағылшын, неміс сияқты өзгелердің мәдениетін тықпалағаны, соларды көптеп енгізгені зор қателік болды», – дейді. Егер сол Руссо бүгінгі Қазақстанда жүргізіліп жатқан «өркениеттендіруді» көрсе, не дер еді? Күмәнді «өркениеттің» салқыны ма қайдам, қазір қазақтар баласына қазақша ат қоюдан да қашатын сияқты деген күпірлік ойға кетесің кейде. Әрине, бұл өзі қазақ арасында сонау Кеңес заманында да шаң беріп қалған мәңгүрттік құбылыс болатын. Сол кездердің өзінде-ақ кейбір Ертісбайлар өзін – Егор деп, Мұсалар – Миша, Саудабайлар –Саша, Жақсыбектер – Женя, Зағипалар –Зоя деп таныстыруды дәреже көретін. Олар сол орысша есімдерін қолының сыртына, саусақтарына көкпеңбек қып инемен (татуировка) жазып алатын. Тіпті бір-біріне «Коля», «Алеша» дейтұғын. Ауылдарда Сов­хозбек, Колхозбек, Фермебай деген сияқты «ауылшаруашылық» есімдер, Советхан, Социал, Ауданбек, Коммунар тәрізді «қоғамдық-формациялық» есімдер, Сайлаубай, Съезбек секілді «саяси іс-шаралық» есімдер толып кетті. Ұшар басы қара бұлтты қақ жарып өтіп, оның аржағындағы көк аспанның төсін түрткілеп тұрған өз жеріндегі небір заңғар шыңдарды қомсынып, баласының атын Эверест, Эльбрус қойғандар да болды. Атлант мұхитының арғы бетінен қашып келген Луис Корваланның атымен аталған Корвалан деген жігітті қыздар «Қорболған», «Көрбала» деп мазақтай бергесін, әлгі байғұс талай мекеменің табал­дырығын тоздырып жүріп, әзер дегенде Қорғанбек атанды. Сталиннің қанды қанжар саясаты қылкеңірдекке тақалып тұрған қара заманның өзінде бүкіл мәжіліс, мәслихатты тек қазақ тілінде өткізу керек деп ұрандаған, қазақтың тілін, дінін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбиесін саф күйінде сақтау үшін жан алып, жан беріп арпалысқан, сол үшін халық жауы атанып, атылып кеткен Ұзақбай Құлымбетовпен аттас болып жүрмеймін деп Ұзақбай деген есімін өзгерткен адам да бар дейді. Кейбір дөкейлер баласының атын бірі Эрнст, бірі Тельман қойды. Бұрынғының Төле, Қазбек, Әйтеке, Сартай, Жетес, Майқы, Мөңке секілді билердің атын қою артта қалушылық боп саналды. Олардың орнына Патриспен Титолар туып, бүгінде сақалы жоқ ақсақалдарға айналды. Осыдан бірер жыл бұрын қазақ телеарнасының бірі бір қазақ отбасы баласының есімін Альберт Гор қойыпты деп жаһанға жар салды. Ол кезде Альберт Гор АҚШ-тың вице-президенті болып қызмет істейтін еді. 2000 жылы дүниеге келген Миллениум, Милен, Милена деген қарадомалақ, тәмпіш танаулар қазір шапқылап жүр. Бұл үшін де жалпы қазақты жазғыру – жала, күнә. Егер қаны да, жаны да қазақы азаматтар жөн айтып, сол кезде солар Жаңа мыңжылдық келді деп ұрандатып жатса, ешқайсысы тағынан түсіп қалмас еді ғой. Әлде «Конгрес Холл» деген еуропаша аты бар ғимараттың ішінде қазақша «Жаңа ғасыр», «Жаңа мыңжылдық» деген сөздердің айтылуының өзін жабайылық санады ма, кім білсін, әйтеуір сол кезде «Миллениум Патти» деп екі ай бойы ұлардай шулады.

Иә, тұтас бір ұлтты не жағымпаз, елік­тегіш ұлт деп, не түп-түгел басқыншы, қанау­шы ұлт деп кінәлау ағаттық. Мысалы сонау жылдары тұлабойынан самогон мен махорка мүңкіп, «Я русский!», «Я представитель великого русского народа» деп кеудесін сабалап жүрген мастарды талай көрдік. Бірақ соған қарап, бүкіл халықты алаңғасар деуге болмайды. Өйткені сол тұста Кремльде «Біз ұлы халықпыз!», «Біз басқаларды үйретуші халықпыз» деп есіртіп қоюшылар отырды. Мәскеу ол саясатынан әлі де айни қойған жоқ. Мәскеудегілер бүгінде заман өзгеріп, әлем басқаша жолға түсе бастағасын енді әлгі ашық үстемдік саясатын өзгертіп, жымысқы саясатқа, Қазақстанда орыстарға, орыс тіліне қысым жасалып жатыр, орыстар көшіп кетіп жатыр деген сияқты байбалам саясатқа көшті. Бұл әсіресе, Қазақстандағы орыстілді газеттерде соңғы кезде өте жиі жарияланатын болды. Сол үшін де Қазақстанда орыс мектептері мен орыстілді телеарналардың үлес салмағын басым күйінде ұстауға көп көңіл бөлінуде. ТМД елдерінің ішінде тек Қазақстанда ғана орыс мектептері өте көп, тек Қазақстанда ғана бүкіл телеарна дерлік орыс тілінде сарнап тұр. Міне, қазақтың өзі де, сөзі де, аты да, заты да әлі орысшаның шырмауынан шыға алмауы, шықпақ түгіл шырмалып бара жатқаны осыдан.

Айтпақшы, қазір қазақтардың ішінде есімі орысша, фамилиясы қазақша, ұлты кім екені беймәлімдер өте көп. Мысалы Валерий Құманов немесе Евгений Сақыпжанов дегендер ше? Рас, ондайлардың кейбірі кейде өзін қазақпын деп те атай береді. Бірақ тілі орысша. Егер адам өзін бағзы заманнан бері туған ұлтына тән есіммен емес, орыстың есімімен атаса, онысымен қоймай орысша сөйлеп тұрса, ол ешқашан өз ұлтын, дәлірек айтсақ, қазақты жан-тәнімен, саф сезіммен сүйетін азамат бола алмайтын сияқты. Өйткені миының бір қатпарында қазаққа қарағанда орыс мәдениетті, орыстың тілі құдіретті, орыс күшті деген бір құлмінез түсінік мық­тап орнығып қалады. Кешегі Кеңестік Қазақ Респуб­ликасының әнұранындағы «Зор алғыс айтамыз, ұлы орыс халқына» деген жолдар да сол кездегі Қазақстан басшылығы күштеп қостырған жолдар болатын. Қазіргілерді қайдам бірақ, КСРО заманында ала-бөле Қазақстан басшыларында құлмінез басым болды. Біз соның зардабын әлі тартып келеміз. Осы құлмінездің кесірінен қазіргі қазақтарда ата-бабасының аты-жөнін орысшаға бейімдеп, бұрмалап жазатын әдет әлі қалмай келеді. Мысалы Джанбуршин, Сатувалдыев, Чукаев, Акчалов, Кучуков, Чукуров деген сияқты адам түсінбейтін фамилиялар көптеп шықты. Жақында газеттен Умирьяев деген қазақты көрдік. Қазір қазақтарда Тарғын, Қамбар, Алпамыс, Қобыланды, Абылай, Әбілхайыр, Оразмұхаммед, Құлмұхаммед, Нәдір, Бәкір, Мамай, Тоқтамыс, Сартай, Жәңгір, Махамбет, Исатай сияқты бұрын жиі кездесетін айбынды есімдерді емге табу қиын. Оның орнына не мағынасы, не мәнісі жоқ есімдер көп-ақ. Мысалы бұлан деген жылқы тәрізді, бірақ ашатұяқ жабайы аң. Қазақта «Бұлан, бұлан сан, бұлан санын оқ тесер, Бұлықсып жүрген жігіттің жомарт қолын жоқ кесер» деген жыр жолдары бар. Бұланның орысшасы – лось. Сонда баласын қошақаным, құлыншағым, ботам деп еркелететін қазақ баласын енді ерке бұланым деуге шыққаны ма? Ал зу етіп өмір өте шығып, жетпіске келгенде қазіргі Жасұлан қай ұлан болады?

Қазақтағы құлмінездің өршіп бара жатқаны әсіресе, қазақ қыз-келіншектерінің өз есімдерін бұрмалап айтуынан айқын көрінуде. Қазір Баянымыз өзін Баяна, Шолпан – Шолпана, Қымбат – Кымбата, Айнұр – Айнура, Нұргүл – Нургуля, Әсем – Асема деп атайды. Бұл енді барып тұрған құлмінездің нақты көрінісі. Өйткені бұл қыздар өз есімінің соңына орысша «женский родтың» «а» деген «окончаниесін» жалғап, орысшаға бейімдеп айтады. Сонда неміз қалды, енді? Бүйте берсе, қазақтар енді бір күндері ғылым мен техниканың, қазіргілерше айтқанда «инновацияның» көмегімен көзіміздің қарашығын көгертіп, кірпігімді ағылшындардікіндей аққылшық қып беріңдер деп тапсырыс беруге дейін баруы да мүмкін-ау. Қазір қазақтың қызы – күйеу, жігіті –келіншек табу үшін «КТК» телеарнасындағы «Давай поженимсяға» жүгінетін болды. Оған барған қазақ қыз-жігіттерінің бас жеңгетайы А.Бабаева да, бас құдағиы Н.Ермолова. Мұндай соқыр «өркениеттілік», мұндай соқыр «мәдениеттілік» қазақтан басқа бірде-бір түркітілдес, бірде-бір ислам дінін ұстанған көршілерімізде жоқ. Болмайды да. Ендеше, осының бәріне, М.Мағауинше айтқанда, ұлттың бұлайша ұлтсыздануына жоғарыдағылар кінәлі емес, қазақтың өзі кінәлі дей аласыз ба? Құдайдан қорықсаңыз, дей алмайсыз. Ал «Ағам андай болғанда жеңгем мұндай» демекші, қазақтың аты-жөні өзгеріске ұшырағанда, тілінің өзі орысшаның тұп-тура аудармасына айналды. Бұл енді ұлттың жойылуының ең басты белгісі. Қазақ осы күні біреуі түшкіріп жіберсе «Сау бол!» – дейді. Бұл түшкірген орысқа айтатын «Будь здоровтың» көшірмесі. Әйтпесе, атам қазақ мұндайда бір-біріне «Жә рахым Алла!» дейтін еді ғой. Бір таңданатынымыз – өмір бойы қалың қытайдың ортасында келе жатқан қытай қазақтары бір ауыз қытай сөзін араластырмай сөйлейді. Ал біз бас-аяғы жетпіс жылдың ішінде бір ауыз сөзінің жартысы орысша, не орысшаның аудармасы болып келетін дүбәра ұлтқа айналдық. Өйткені орыс отаршылығының ең басты ерекшелігі сол – орыстар жеріңді, байлығыңды басып алумен ғана қоймай, бірден тілден, ұлттық мәдениеттен, ұлттық санадан айыруға кіріседі. Өз ұлтыңды өзіңе жеккөрінішті етіп көрсететін небір сұрқия саясатты қолданады. Мысалы дәрі-дәрмек қорапшасының ішіндегі түсіндірме қағаздағы сөйлемдерді оқып отырып, өз тіліңнен, өз ұлтыңнан безіп кете жаздайсың. Бұл да билік басындағы толып жүрген мәңгүрттің қазақ тіліне деген жанашырлығы жоқтығынан, орыс тілін төбесіне көтеруден қалыптасқанына сөз жоқ. Сенбесеңіз қараңыз: «Ішке қабылданғаннан кейін асқазан ішек жолына жылдам сіңеді. «Омепразол» қан плазмасындағы қанығу деңгейінің шыңына 0,5-3,5 сағаттың ішінде жетеді. Метаболизмі цитохром Р 450 жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Жартылай шығарылу кезеңі 0,5 – 1 сағатты құрайды. Омепразол осылайша қышқыл түзу үдерісіне тұз қышқылы синтезінің түпкі сатысы деңгейінде араласады, бұл тітіркендіргіш табиғатына қарамастан фермент белсенділігінің тежеуі дозаға тәуелді сипатта болады». Көрдіңіз бе, қанша жерден «братский народ» деп бауырың бітіп, ет-жүрегің езіліп бара жатса да екеуіңнің сөйлеу мәнерің, сөз саптауың бір-біріне арқасын беріп, теріс қарап тұр. Орысша, «пос­ле (немесе при) приема внутрь» дегенді со күйінде «ішке қабылданғаннан кейін» деп, тіліміздің масқарасын шығардық. Қазақша дұрысы «ішкеннен соң» еді ғой! Бұдан кейінгі сөйлемді нағыз қазақ «0,5-3,5 сағатта қанығып болады» дер еді. Одан кейінгі «0,5-1 сағатты құрайды» деген де қазақтың өз тілін орысшадан тәржімалап қана сөйлеуге шыққанын көрсетеді. Әйтпесе, есі дұрыс қазақ «составляет – құрайдыны» алып тастап, «жартылай шығарылу кезеңі 0,5-1 сағат» дей салар еді. Әрі бармай-ақ қоялық. Он жерден бауырлас, ағайын деп емешең езілсе де әр ұлттың сөз саптауы да, тіпті, қуанғандағы – күлкісі де, қайғырғандағы – жылауы да әртүрлі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Миы, санасы 70 жыл емес, 700 жыл отарланса да шын тәуелсіздік, шын азаттық алған ұлт бұлайша, мас адамша ләйліп, алжасып сөйлемейді. Осының өзі-ақ біздің тіліміз әлі де орысшаның отарында екенін көрсетіп тұр емес пе?! Дәрі-дәрмекті айтамыз-ау, астына төрт дөңгелек тигеніне мәз болған қазақтар көлігінің доңғалағын ағыт дегенді «снимай колесо» дегеннен аударып «доңғалақты шеш!» дейтін болыпты. Қайран қазақтың орыстілді шонжарларының көбі «ң» дыбысын айтпайды, не айта алмайды. Соларға еліктей ме, кім білсін, қазір қазақтар арасында «ң» ды «н» қып айтуды дәреже көретіндер өте көбейіп барады. Олар «жана жылынызбен», «мын тенге», «өлен айтыныз» дейтін болды. Қазір көшелердегі «Продаются квартиры» дегеннің қасындағы «Сатылады пәтерлер», сырахана маңдайшасындағы «Пиво холодноеның» тұсындағы «Сыра салқын» дегендерді оқып-ақ қазағыңның өзі де, сөз саптауы да кімнің көшірмесіне айналып бара жатқанын байқау қиын емес. Бұл қазақтың тіліне дейін орысшаға тәуелділігі бұрынғыдан күшейе түскенінің анық айғағы емес дей алмайсыз!

Осыдан бір жыл бұрын кореялық жап-жас профессордың қазақ журналисіне берген сұхбатын оқыдым. Оның әңгімесінің ұзын-ырғасы: «біз – корейлер 60 жылдай жапондардың езгісінде болдық. Бірақ біздің үлкеніміздің де, кішіміздің де кеудемізде жапондарға деген үлкен ашу-ыза бар. Ал қазақтар 300 жылдан астам Ресейдің езгісінде болды. Сөйте тұра, сіздер ылғи орыстардың ығына жығылып сөйлейсіздер. Бұл әлде өз тарихынан хабарсыздық па, не екенін білмеймін» дегенге саяды. Осы сөздің жаны бар. Біздің тәуелсіздік алдық дегеннен кейінгі жазылған мектеп, жоғары оқу орны шәкірттеріне арналған тарихымызда қазақ халқына патшалық және кеңестік Ресейдің көрсеткен шетсіз-шексіз қорлық-зорлығы, қырып-жоюы атүсті ғана айтылады немесе мүлде айтылмайды деуге де болады. Бұл да қазақтың намысын, ұлттық санасын оятпай, ұрпақты мәңгүрт қалпында сақтаудың бір амалы. Ал ұлттық намысы мен ұлттық санасынан айрылған ұрпаққа ана тілінің, ата-баба салт-дәстүрінің құны көк тиын. Қазір автобус, троллейбустың есігінен басын қылқитып «Прямо по Абая до конца», «Вниз по Толе би» деп бақырып-шақырып бара жатқан кондуктор қазақ қыз-жігіттерін көресіз. Өздері сол өміріне дән риза. Оларға «Соны қазақшалап хабарламайсың ба, орыс­тар адасып кететіндей орманда жүрген жоқ қой!» десең, «какая разница?!» деп өзіңе ажырая қарайды. Енді біреуі мұндайда «бізде демократия» дегенде не деріңді білмей қаласың. Сонда ол байғұс Қазақстанның демократиясы, елдегі тыныштық дегеніміз бір-бірімен орысша сөйлесу деп ойлайтын болуы да мүмкін. Ұрпақтың, тұтас ұлттың санасыздануы дегеніміз осы. Ал санасыз адам өзім де, сөзім де орыстың «ксерокопиясына» айналып, біржола жойылып кетпейін деп емес, ұлтшыл атанып кетпесем болар еді деп «уайымдайды». Иә, жер-дүнияны былай қойғанда, кешегі кеңестік кезеңнің өзінде жойылып, орысқа айналып кеткен ұлттар бар. Қазақ дәл сол жойылу сатысына келген сәтте Құдай оңдап, КСРО-ның күлі көкке ұшты. Бірақ Кремль қазақты баяғы отарлау саясатын қазір өзгеше әдіс-тәсілдермен, әртүрлі одақ, бірлестік, ұйым, бірыңғай экономикалық кеңістік дегендей, әсіресе телеарналарды орысшалау арқылы қайтадан емін-еркін жүргізіп жатыр. Ол аз десеңіз, Қазақстандағы орыстілді газеттер «кім шалақазақ, кім нағыз қазақ, кім мәмбет қазақ, олардың қайсысы өркениетті, мәдениетті», «қазақ қай дінді ұстануы керек?» деген сияқты небір арандатушылдық сауалдар қойып, оған ұлттық намыстан бейхабар орысша сөйлейтін қазақтарға жауап бергізіп, қазақ арасында алауыздық туғызуға ашықтан-ашық кірісті. Бұл Мәскеудің тапсырмасы ма, әлде өзіміздің билік басында отырғандардың ішінде осындай іріткіні қоздырып отырғандар бар ма, біз оны білмейміз.

Қалай десеңіз де, бүгінгі қазақтың өзіне де, сөзіне де, яғни тіліне де ешқандай қауіп-қатер жоқ дей алмайсыз. Қысқасы, ұлт болып өзін-өзі аман сақтап қалу үшін жоғарыдағы орыстілді шонжар қазақтың да, қора-қопсы маңындағы қитабан қазақтың да ұлттық намысы мен ұлттық санасына қозғау салатын кез жетті. Бұл мәселеде біз көп жыл кешігіп қалдық. Енді кешіксек, мың өліп, мың тірілген қазақ мың бірінші мәрте тірілмейді.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ