ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЛАРЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЛАРЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЛАРЫ
ашық дереккөзі
669

Бұл – тәуелсiздiктiң жырлары! Тәуелсiздiктi ту еткен бабаларымыздың арман-мақсатын жырға қосқан ұрпақтарының асқақ намысты аталарымен Өлең арқылы тiлдесуi, мұңдасуы. «Поэзиямен егiз, поэзиясына егiз» ақындардың жан сыры… Бұрынғы Өлеңнiң бойында тәуелсiздiктi аңсау болса, бүгiнгi Өлеңнiң бойында өлмес рух жатыр…

Ұларбек ДӘЛЕЙ

Мен – аршамын!

Менiң ием көк арша,

Тау төсiнен көктеп шыққам соларша.

Күлгiн бүрден тұмар тағып алатын,

Көкбөрi ұлдар күн астына жол алса.

Көк аршамен көмкерiлген бесiктен,

Көкжал жайлы көне аңызды есiткем.

…Арқыраған айғыр дауысы кiретiн,

Ақпан желi ұрғылаған есiктен.

Ай күзеткен апанынан безiнген,

Арлан тектi тарихым бұл көз iлген.

Көкбөрi анам омырауымен ып-ыстық,

Көк аршаның нiлiн қосып емiзген.

Қайғылы Алтай —

Менiң ғазиз жөргегiм,

Жерошаққа кiндiгiмдi көмгемiн.

Мизам желi маңдайымды мұздатып,

Арқар қаны менiң алғаш көргенiм…

Жортуылдан жанын толғақ қысып кеп,

Айбұлақтан арша рухын iшiп тек.

Жатыр әне, тым жәнсебiл сыңарым,

Көк аршалар арасында күшiктеп!

Орман жырын бiздiң қаншық –

Ай-қыздар,

Қар бетiне қанмен жазып айғыздар.

Бiздiң жалғыз қормалымыз қара түн,

Бiздi жалғыз түсiнедi байғыздар.

Желкесiнде жұлдыз құрттар жамырап,

Мынау орман қалады ертең қаңырап.

Жалқы туған бөлтiрiгiмдi иiскелеп,

Жатам жалғыз апанымда аңырап.

… … … …

Мен аршамын!

Арша, Бөрi – бiр ұғым,

Көк аршамен жуады анам бұрымын.

Көкжал қандас үйiрiмдi шақырып,

Көк жүзiне қарап ұзақ ұлыдым!!!

У – у – у – у – у ….

***

Бақыт БЕДЕЛХАН

Шаңырағым бар едi,

Алты Алашымның айқасып жолы

өрiлген.

Түңлiгiн түрсең, Тәңiрдiң нұры төгiлген.

Кең дүниедей керегем менiң керiлсе,

Жетi қазынам табылатұғын төрiмнен.

Ай менен Күннiң

төбемнен нұры құйылып,

Сыртымнан жау да қарайтын едi

күйiнiп.

Отағасы мен Отанасына сүйiнiп,

Iзет қылатын уықтары да иiлiп.

Құдайы қонағы ат байлайтұғын мамаға,

Адасқан адам түнеп қалмайтын далада.

Қазаны оттан түспеген қазақ едiм ғой,

Тәңiрiм өзiң қалдыра көрме табаға!..

Шаңырағым бар едi,

Шаттығым шайқап, шалқайып жатар

есiгi.

Жерұйықпенен бiрге едi оның көшуi.

Кәсiбi менен нәсiбi сондай ел едiм,

Ержүрек ұлды есейткен алтын бесiгi.

Азаматтарым, қазанаттарым – атандай.

Бүгiнде, сiрә, жiгiт қалды ма заты он-

дай?..

Табалдырығын басқызбайтұғын ешкiмге

Алдымен анау қара шаңырақтан бата

алмай…

Сол шаңырақты…

Бүгiнде қағып тастапты жерге сыналап.

Дөңгелек үйге сыймады ма екен,

Сiрә, бақ…

Батасын емес, жапасын айтып жылайды,

Терезесiнен телмiрiп бiр көз сығалап;

«Шаңырағым қайда, шаңырағым?»

дейдi, сұрайды…

Мына заманда… сұрағы шалдың сұрақ-

ақ!

***

Тобыр түбi – топалаң.

Тобылғы түбi – сап қамшы.

Топ жылқым қайтты жотадан,

Торысын бөлек баптап бақсамшы.

Тәбәрiк боп қалған едi ғой атадан,

Төбелiне қара күйе жақсамшы.

Қазан-қазан ет астым,

Бастан жақты айырып бөлек салсамшы.

Көмейiне от тыққанша ошақтың,

Бойына сiңбей көбiгiн ерте алсамшы!..

Табақ тартып қазанымды босаттым,

Жауырынын жаныма сақтап қалсамшы.

Бақытын ойлап ем басқа ұлттың,

Басым бақбақтай гүлдедi.

Жел тұрмасына бәс тiктiм,

Анық-ты оны заманның желi үрлерi.

…Асығып жүрiп тас жұттым,

жаналқымдап жаһандану дүрмегi.

Алты малта ас едi,

Алты айшылық жолға шықсам да.

Тұғырым – алтын ердiң қасы едi,

Алтауды асқақ тұтсам да.

Намысым әр кез ар алдындағы бәс едi,

Сол үшiн басымды көрге тықсам да.

Тәңiрiм бағын қиған күн,

Еңсемдi тiктеп, ес жидым,

…Табалдырығы құйма алтын,

Есiгiнен еңкейiп кiрер ескi үйдiң,

Еңсесiн жығып, жиған күн…

Мен неге байғыздың үнiн естимiн?

***

Сағыныш НАМАЗШАМОВА

АЙҒАЙҚҰМ

Шарпып өткенде таныс бiр жалын,

Шақырдың бiздi, Айғайқұм.

Шыңыңа апарып табыстырғаның

Шимайы шығар маңдайдың.

Алға ұмтыламыз, алаңдамаймыз,

Ажырамастан қолымыз.

Артымызда әне, айғыз да айғыз

Айғайлап жатыр жолымыз.

Сеземiз iштей, жүректер жақын,

Жол алыс (мейлi, дұрыс-ақ).

Бiрiнiң бiрi ту еткен атын,

Ұмытылмайтын ұлы шақ.

Төбеге жеттiк сыңар үндi ойлап,

Қуанып құм да салды әнiн.

Сол ғана тұрды құлағымда ойнап,

Естiген жоқпын қалғанын.

Қатуланбай-ақ Қатудың тауы,

Күлiмдеп бiздi қарсы алған.

Құм емес, сөйтсем ақылдың шамы –

Жүрегiм екен ән салған.

***

Тыныштықбек ӘБДIКӘКIМ

ҚҰС ҚАНАТЫ

Жапалақтап жауып тұр құс қанаты…

Ұлы Түзге дарытып ақыл-айбын,

Жасыл-жасыл желкiлдер кекiл ай – бұл.

Мен өзiңе ұрлана қарай жүрiп,

Көзiңдегi әлемдi бақылаймын.

Әттең, әттең, далбаса – дүр қызтану,

Көз әлемi – дәмеден тым тысқары!..

Үр санамды өртейдi, жанып түсiп,

Үмiтiмнiң құйрықты жұлдыздары!..

Ғұмыр сол-ау – сәт сайын қысқаратын…

Жапалақтап жауып тұр құс қанаты.

Сенiң нұрлы жүзiңнен жүзi қайтып

Қалған ба өзi мендегi ұстара-тiл?!

Қиын рас – сөз айту қызға батыл,

Ал өлеңiм – қалың жұрт құштар әтiр.

Менен өзге бiреуге жымиғаның –

Менi ұрыға бiр емес, жүз тонату!..

Айнам-ау сол!..

Аңқыған қошың – маңдай,

Кемпiрқосақ ойнатқан шашың қандай!..

Жанай өтсем қасыңнан, жарқ етемiн,

Жаның келiп Жаныма қосылғандай!..

Сөнбесiн деп iштегi қызыл таң нұр,

Құштарлықтың қызғышын ұшырғанмын.

Сен қай жаққа қозғалсаң,

Қағбасы да

Солай қарай қозғалар «мұсылманмын»…

Қыз кейпiнде көрiнген обал-елiк,

Өзiң десе өлердей – тамам ерiк.

Мен Аңсармын, мың нөкер мақсаты бар,

Бәрiмiз де кетпекпiз саған ерiп!

Ендi, ертеңнiң елесiн Түз боратып,

Жер көрiнсе ед, тәу ете бiз баратын…

Ал, бүгiнгi көрiнiс, ол да ғажап:

Қыс соңғы рет түлеуде!..

Құс қанаты!..

***

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ

Тастан да тасқа секiрiп,

Тауда бiр ойнар кекiлiк.

Бiздiң елде… жалғыз ғана жетiм ұлт,

Сен ешкiмге айтпа, кекiлiк!

Кекiлiн самал сүйген құс,

Тау тұғырында билер құс.

Бұратаналар – хан ұлындай шiренген,

Мен Қазақ боп қалдым – именгiш.

Қанатың барда қағылмас,

Тағдырың таумен тамырлас.

Бүгiнде мен де, сен де бiр – айнақатесiз,

Жорға жүрiстен жаңылмас.

Өмiрiң өтер өкiнiп,

Қауырсын қайта жетiлiп.

Бескүндiктегi тiрлiгiң жарқын бiр күнгi,

Әйтпесе… өмiрдiң өзi өтiрiк.

Кекiлiк кербез тауда жүр,

Жайқалған жасыл бауда жүр.

Қамсыздығың-ай, мәнсiз ғұмыр-ай,

Дәл менiң тiрлiгiмнен аумағыр!

Алмас ТЕМIРБАЙ

ҚАЗАҚ

Мен баяғыда…

Он бiрiншi ғасырдың аяғында…

туыппын,

Атағын атан көтермес атамның жолын

қуыппын.

Қасарысқан қас жауға қарсы шауып

қасқырдай,

Қасқалдақтай қанымен қылышымды

жуыппын!

Бестi асауға бел артып, бес қаруды

асынып,

Бес-алты күндiк жерлерге бiр күнде

жетiп асығып.

Жаһаннамға жөнелткем жанын жауыз

жауымның,

Аттандаған дауысымды алты қырдан

асырып!

Ерлiгiме сүйсiнген жасап ойын –

тойды жұрт,

Туғалы құрық тимеген ту биенi сой

дырып,

Бабалар бата берiптi: «Аруағыңды асыр

– деп –

Ойпаң жердi қыр қылып, қырат жердi

ой қылып!»

Бәрi әлi есiмде… бөрiдей түн қатқаным,

Тәттiлiгiн сезiмнiң тұңғыш рет

татқаным.

Ауыл итiн шулатып, алып қашып

аулаққа,

Бұраң белдi бауырыма ап,

Бұрымын иiскеп жатқаным…

Сол кез кiрдi түсiме: тiлiмдi құр

тiстедiм,

Бұрынғы өмiр өң едi, бүгiнгi өмiр түс…

дедiм.

Айтпадым не, айттым не, айналдым

ғой аңызға…

Қазiр кiммiн, қандаймын?! Оһ, ол

кезде күштi едiм!!!

Мен баяғыда, он бiрiншi ғасырдың

аяғында…

Ай, өткiншi өмiр-ай!..

P.S. Бәлкiм, бұл түс: Арыстандары

адамның

айналуға жақын деп заманның зәрлi

шаянына

Абылай хан атамның Алашқа айтқан

аяны ма?!

…Ақырзаман таяды ма?..

***

ЕСКI ЖҰРТ

Омбының бергi бетiнде,

Көкшенiң арғы шетiнде.

Бар едi бiздiң ескi ауыл

Жар едi жесiр-жетiмге.

Өлтiрер жан жоқ о, менi,

(Көзiне iлмес көненi).

Келдiм бүгiн еске түсiп ескi жұрт,

Келмей-ақ қойған жөн едi.

Құрғыр-ай, құрғыр, кiм бiлген,

Құбылады деп күн мүлдем.

Құрдымға кеткен күндi ойлап қырдың басында

Құлпытас құсап тұрмын мен…

Шертедi шеңгел бiр күйдi,

Шау тартқан шалғын мүлгидi.

Жусаған жуас жылқыдай

Жусан шөп басын шұлғиды…

Аяқ астында жаншылып,

Арманда кеттi-ай қанша үмiт?!

Жолаушы көзiн шұқиды

Жолда өскен жалғыз тал шыбық.

«Орны бар нәрсе оңалар»,

Оңалар, сонсоң, жоғалар.

Орнына киiз үйлердiң

Орнапты кiрпiш молалар…

Омбының бергi бетiнде,

Көкшенiң арғы шетiнде.

…Бар едi бiздiң ескi ауыл

Жоқ қазiр жердiң бетiнде…

***

Жанар ӘБСАДЫҚ

АУЫЛ-АНАМ

Жапырағын желге тосып бұйралы,

Жаздың түнi майысатын сәмбi талдар…

Үй маңы..

Жалғыз аяқ соқпақ бар-ды, сол соқпақ

Ойларымды жетелеген бүлдiршiн,

Ұлы Жолдың басы екенiн кiм бiлсiн?!

Тiршiлiк ап тегеурiндi тамырдан,

Осы жерде қаланған-ды

қара берiш қабырғам.

Ауыл-анам, жан анам ед, түсiнетiн жанымды,

Жаралғаннан жалғыздықпен ауырған.

Керуен түзiп келмеске,

Күндер көштi өрнегiн ап зер кесте.

Сол анамды тастап шықтым бiр күнi,

Алыс жолға шарам қалмай ермеске.

Қатыгез деп налымай-ақ баласын,

Ұлы жолға ұзатып сап Анашым,

Қала берген…

күздiгүнi күбiрлеп,

Бұлтты аспаны бүркей алмай жарасын.

Бағзы Жолдың сый-азабы қас-қабат,

Содан кейiн…

бас-кеудеге билiк еттi басқа бақ.

Асығам деп ащы таяқ жеп тынды,

Асау көңiл ашқарақ.

Жылдар салып араға,

Неше оралам сортаң басқан,

қартаң жүздi далама.

Баяғыдай ызың қағып сары жел,

Әр түн сайын айы туған шарана…

…Қала сiңiп қабырғама кетпесiн,

Бауырыңа басшы қайтып, жан-Ана!

***

Алмат ИСӘДIЛ

КӨҢIЛАЛАҢ

Есiмде балауса кез, балапан шақ,

Жүретiн өрiк-мейiз, науат аңсап.

Алайда бәрiмiзге ұнамайтын,

Апамыз ұйқымыздан оятар сәт.

Ойын түгiл, тоймаушы ек ұйқыға да.

Үлкендерден дәметтiк сый-сыбаға…

Қонақ келсе «танабау» тағушы едi,

«Жарайсың» — деп, «өлеңшi, күйшi

бала!»

Үйдегiлер сөздерiн мың шығындап,

Жөнiн айтса — балалар күлкi қылмақ.

Ерлiк жасап жүремiз ара-тұра,

Көршi әжейдiң кеппеген құртын ұрлап.

Есiме алып отырмын бүгiн бәрiн,

Қандай едi балалық түрiң, дәмiң?!

Келiн боп қай жерде жүр құрбы қыздар,

Байлап кеткен партаға бұрымдарын.

Оралмас беймаза кез, балдырған шақ,

Шiркiн-ай сол күнгiдей мөлдiр болсақ!

Әжемiз бәйек болып жүрушi едi,

Дастарханға құрт пен май, тандыр нан

сап.

Есейдiк бiз де өзiнше ес кiргендей,

Ата жолдан адастық ешкiмге ермей.

Жаңа күннiң қызықтық жылтырына,

Кешегi естелiктер ескiргендей.

Бұл күнде құбылып тұр жегi заман,

Мазасыз күй кешуде мезi қоғам.

«Қорқамын кейiнгi жас балалардан», —

Өмiр аман болғанмен, көңiл — алаң…

***

Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ

ҚОБЫЗ ҮНI

Ез тiрлiкке кететiндей есем дүр,

Көңiлiмде секең қағып секем жүр.

Екi кештiң арасында, япыр-ау,

Есi кетiп еңiреген не екен бұл?

Не екен бұл?

Сұмдық айтқан сұңқылдап,

Тұңғиықпен тiлдесiптi мұңшыл бақ.

Өзегiнiң өзегiне өрт кетiп,

Жатыр екен кiм тыңдап?!

Бара жатыр шырқымды ап.

Жұмыр жердiң дiрiлдеткен жүрегiн,

Бұл қобыз ба?

Иә, қобыз… бiлемiн.

Көрiн қазып жатырмысың бiреудiң,

О, ұлы өлiм, ұлы өлiм?!

Сүркей үннен сұрқы қашып бақтардың,

Қара таудың қабағында қатпар мұң.

Жұлым-жұлым жүрегiмдi жұлмалап,

Бұл қобызды тартқан кiм?!

…Айтшы досым,

Оу, iзгi,

Боздатқан кiм мынау боздақ қобызды?

Бұл жалғаннан мiнiп келмес кемеге,

Қанша жандар қапияда қол үздi?

Әлде мынау қобызы ма Қорқыттың,

Қуғындаудан құтылған ба ол тұтқын?

Ол емес қой, ендеше мен несiне,

Көңiлiмдi толқыттым?

Нәлет айтып замананың зарына,

Өрт кеткендей көңiлiмнiң бағына.

Сол бiр әуен сұңқылдайды тағы да,

Үрей келiп ұялайды жаныма.

Желмаясын мiнiп алып тайпалған,

Сыбыр естiп сиқыры мол сайтаннан.

Қорқыт қашып құтылмаған ажалдан,

Ал мен қашып құтылам деп айта алман…

…Кемем әне шайқалған…

Серіктес жаңалықтары