ХАЛЫҚТЫҢ – ҒАБЕҢІ, ӘДЕБИЕТТІҢ – ҒАБИТІ

ХАЛЫҚТЫҢ – ҒАБЕҢІ, ӘДЕБИЕТТІҢ – ҒАБИТІ

ХАЛЫҚТЫҢ – ҒАБЕҢІ, ӘДЕБИЕТТІҢ – ҒАБИТІ
ашық дереккөзі

Өмiрдiң әр кезеңiнде қызығып, құмартып оқитын шығармалар туатыны бiр заңдылық сияқты. Бiздiң ұрпақ бұл жағынан келгенде бақытты екен деп қаласың. Ол кезде көркем әдебиеттi оқу аса бiр ғанибет едi десем артық сөз емес. Бас алмай шығармаларын оқитын жазушыларымыз, негiзiнен, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин едi. Батырлар жырларынан, лиро-эпостық шығармалардан, ертегiлерден, аңыз-әңгiмелерден нәр алған құлшынысымызды, құмарта оқитынымызды одан әр өршiткен солардың жазғандары. Олар зор мақтанышымыз болып, үлкен құрметке бөлендi.

Әрқайсысының әдебиет өлкесіне қадам басып келуі әрқалай. Өмірден өткенше сан түрлі аса жоғары атақ-дәрежелерге жеткен Ғабит Мүсірепов – жазушылыққа кібіртіктей келіп, аңдап басып, бара-бара өз орнын ортасынан ойып алған талант. Оның ой-зердесінен, сабырлы да жаймашуақ жан толғанысынан, асықпай-аптықпай сөз маржандарын төгілткен қаламгерлігінен туған «Тулаған толқында», «Ұлпан» по­вестерін, «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», оның жалғасы «Жат қолында» романдарын қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туындылар деп жүруіміз тегін емес. Ал «Кездеспей кеткен бір бейне» деген шығармасының да орны бөлек. Бұл шығармаларды кезінде бас алмай оқысақ, олардың көркем тілмен жазылуы ғана емес, оқиғалар желісінің тартымды жазылуы, сюжет, штрих белгілерінің сәтті құрылуы, әсіресе белгісіз тарихи жағдайлар, кейіпкерлер бейнелері көркем де тартысты көріністе суреттелуі де тартып әкететін белгілер.

Ғ.Мүсірепов әдебиет қана емес, қазақ өнерін жандандырып, дамытуға да зор үлес қосты дегенде, оның «Қыз Жібек» операсының либреттосы мен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесасын еске алмай өте алмаймыз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының бас кезінде музыкалық театр ашылды. Оған мұрындық болған адам – Ғ.Мүсірепов. Театрдың алғаш шымылдығының ашылуына М.Әуезов «Айман – Шолпан», Б.Майлин «Шұға», Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» пьесаларын жазып, сахнада көрсетіліп жүрді. Алайда театрға Мұқаң тез жазып берді де, «Айман – Шолпан» қойылымымен ашылды. Ал Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» либреттосы 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігі (декада) кезінде көрсетіліп, зор құрмет-қошаметке бөленді. «Ақан сері – Ақтоқты» драмасының жұртқа ерекше ұнағаны да есімізде. Тағы бір еске сала кететін нәрсе, Ғабеңнің ал­ғаш­қы көркем кинофильмі «Амангелді» сценарийін Б.Майлинмен бірлесе жазуы. Жазған шығармалары бұдан әлдеқайда көп. Жазушылық дарынынан басқа қандай қасиеттері болған деп ойлансақ, бұл жерде де байқағанымыз аз емес. Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген даналық сөзін білсек те, Ғабеңнің қырлары көп екендігіне көз жеткізгендейміз. Асықпай-аптықпай, сабырлы, сырбаз жүруінің өзі кімді болса да қайран қалдыратын. Барлық қырларын таратып көрсету бір мақаланың деңгейіне сия қоймас, сондықтан кейбіріне тоқталу керек-ақ. Әсіресе, ерлігі мен адамгершілік тұстарына назар аудармақпыз. Өзіне дөң-айбат жасалып, қауіп-қатер төнген кездерде де сол қасиеттерінен айнымай, сатқындыққа, алдап-арбауға бармай, өзін берік ұстауы асқан адамгершіліктің белгісі.

Жиырмасыншы-отызыншы жылдарда әдебиет төңірегінде қызу айтыс болып, бір-бірін аяқтан шалып, тобықтан қағып, тілдерін түйреп жатқанда ол да пайдасыз дүрбелеңге қосылып кетпей, ешкімді жамандауға бармай, өзін сабырлы ұстауы басқаларға үлгі болса керек еді. Бірақ өзеуреген үн өше қоймады. Содан болар әділетсіз сын семсеріне ілінгендерді қорғауға бет бұрады. «Қисық сынға әділ төре», «ҚазАПП жаңа дәуірде» деген мақалаларын жазып, сабырлы мінез көрсете отырып, жөнсіз сыналған жазушыларды қорғап, пікірін білдіреді. Бірер мысал. «Қисық сынға әділ төре» мақаласында «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 24 наурызда жариялатқан, Темірбай дегеннің С.Сейфуллинді жаманатты етіп көрсетпек болғанына қарсы шығып, араша түседі, қара басының дұшпандығын білдіргеніне, ұнатпай бет тырнауға барғанына күйініп, әділ, салиқалы ойын бүкпесіз айтады. «Темірбайдың бар ойы Сәкенді жұртқа жаманатты көрсетіп өту, одан басқа түгі жоқ» деп, Сәкеннің өмірін, қызметін талдай отырып, ерекше тұлға екенін дәлелдеп береді. Тегі Ғабең «Сахара сұңқары» Сәкенді қорғап жүрген. Жоғарыдағы мақалаларында негізінен танымдық, тарихилық, маңызды тақырыптық мәселелеріне тоқталғанда, біреуді жамандау, жоққа шығару, арандату жағына ойысып, тіл беземеген.

1935 жылғы 25 мамырда «Социалды Қазақстан» газетінде жарық көрген «Мұхтардың хаты туралы» деген мақаласында Ғабең сол кездегі театрға, М.Әуезовке күйе жағушыларға қарсы шығып, қорғап, әділетсіздікті ашып көрсеткен. «Соңғы екі жылдың ішінде Мұхтар театрымыз бен әдебиетімізде ең салмақты орын алып отырғанына ешкім таласа алмайды. Ән-күй театрының шымылдығын ашқан «Айман – Шолпан», «Тартыс», «Түнгі сарын» секілді пьесаларын көре отырып, Мұхтарға адыра қалған ескі дүниемен байланысты ескі толқуларын еске сала берудің өзі көргенсіздік. Оның үстіне бар өнерін еңбекші жұрттың пайдасына жаратуға жан-тәнімен күресіп жүрген Мұхтарға сенбеушілік көрсету тұп-тура қылмыс», – деп қатқылдау кетуі бекер емес. Осындай адамгершілік бағытты ұстанған қасиетін 1932 жылы Қазақстан кеңес жазушыларының ұйымдастыру комитетінің бірінші пленумында жасаған баяндамасынан да, 1954 жылғы «Қазақстандағы әдебиет сынының жайы мен міндеттері», «Қазақ совет прозасы туралы», 1959 жылғы «Қазақ совет әдебиетінің қазіргі жайы мен міндеттері туралы», 1962 жылғы «Кино өнерінің келелі мәселелері» мақалаларынан аңдамау мүмкін емес. Әдебиетіміздің, тіліміздің жанашырлары, олардың пайдалы шығармалары, істері жөнінде, әрқайсысының орынды бейнелері туралы жазғандары мол-ақ. Шетел әдебиеттері жайында айшықты толғаныстары да бағалы мұра. Тек шығарма жазу ғана емес, сонша қыруар жұмыспен шұғылдануға күш-қуатты қайдан алды десек, ол елінің, оның әдебиетінің, өнерінің, тілінің ертеңгі күйі, болашағы не болады деген қам-қарекет екен оған қуат беріп отырған.

Сондықтан ол ерлікке пара-пар іске де барған. Ғабең екі көзсіз ерлік жасады деген пікір бар. Бірі – отызыншы жылдардың басында болған Қазақстандағы алапат ашаршылық кезінде елдің наразы көңіл-күйін ашына жазған «Бесеудің хаты». Төрт белді, беделді азаматты тартып, өзі де, олар да қол қойған хат үшін республика басшысы Ф.Голощекин қуғын ұйымдастырып, Ғабеңді жіберілген қателіктерді түзет деп алыстағы Қостанайға қуып жіберді. Ол жақта алты ай жүрді, тек Голощекин кеткеннен кейін оралды. Егер ол басшы істей бергенде Ғабең аман қалар ма еді, қалмас па еді…

Екінші ерлігі – Б.Майлиннің басына қара бұлт үйірілгенде оны қызғыштай қорғағаны. Бұл өз басы кететін аса қатерлі күндер еді. Одан бұрын Б.Майлиннің қай жағынан болсын қандай жан екендігін жақсы біліп алған. Белгілі жазушымыз С.Омаровтың «Жазушы болады-ау» деген жастан жанын аямайтын болмысы арқылы көптеген жас таланттарды қанаттандырып, ақыл-кеңес, жәрдем берген. Ол «ұядан жаңа ұшқан көк қанат балапан қандай болса, қолына жаңа қалам ұстаған жас та сондай, арғы жағында өнері болса, ондай жасты қолдап, көтермелеп жіберу керек. Тырнақалды шығармасын ерінбей өңдеп, қырнап, сырлап жіберсем, ендігі жолы өзі ары қарай тәй-тәй басып жүріп кетеді», – дейді екен», – деп Б.Майлин ойын аша көрсетіп жазғанын оқығанбыз («Ұшқан ұя» мақаласы, «Қазақ әдебиеті» газеті, 1974 жыл, 11 қаңтар). С.Сейфуллиннің шақыруымен келіп, 1922-1923 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде хатшылық қызмет атқарғаннан бастап Б.Майлин көптеген жас талапкерлерге жәрдем беріп, көмектескені жайында әлденеше рет мен де жазғанмын. Оның сондай қамқорлығында болып, қаламгерлік қанаты қатайып, буыны бекіп, айтулы жазушылардың қатарына қосылғандардың бірі Ғ.Мүсірепов еді. Ол үлкен әңгіменің арқауы, ол жағына тоқталмай-ақ, Бейімбетті қорғауына назар аударайық.

Әрине, аты кең танымал болып қалған Бейімбетпен жүздескен, сөйлескен сәттері әсер етпей қоймаған сияқты. Жылы жүзді Бейімбеттің «Жазуға ыңғайың бар екен», «Үзбей жазып көрші» деуі, алып келген бір материалын «Шашауша» деген маңдайша қойып, газетке бастыруы, әрине, Ғабеңнің көңілін тасытқанына сөз жоқ. Оның әр қадамын бақылап жүрген Биағаң оны жатақханадан іздеп тауып, «қалай, жігіт, тағы да жазғаның жоқ па?», қабырға газетінен «Тулаған толқында» деген әңгімесін оқып, «жаман емес екен» деген сөздері қанаттандырған, әсер берген. Әлгі әңгімесін көп кешікпей повестке айналдырып бастырып шығарады. Үн қатпай қала алмаған Бейімбет бұл жолы хат жазып, «алғашқы адымыңа қатты қуандым» деп ақтарылған ғой. Содан олардың араласып-құраласуы көбейе берді, Биағаңды жан-жақты танып білді, ұстазындай көріп кетеді. Бара-бара Б.Майлиннің адамгершілік болмысына, сирек дарындылығына, шығармашылық шабытына, асқан еңбекқорлығына, маңызды да мазмұнды туындыларына тәнті болып, аса жоғары бағалаған ой-пікірін, сыр-сұхбатын бүкпесіз жария етті. Өзі өмірден озғанша ұстазындай көрген Б.Майлиннің кім екендігін үнемі айтып жүрді. «Шұғаның белгісі» повесінің құрсағынан шығып, етегіне оранып өскендейміз», «Бейімбет бұл кезде әрі үлкен жазушы, әрі маңдайалды журналист», «көркем сөздің көп қырлы зергері», «әдебиетіміздің жарық жұлдызы», «Бейімбет Майлин есімі аса талантты, соншалық мол дарын дарыған адамдардың шоқ жұлдызындай жарқыраған тобында тұр» дегендері зор бағалағаны емес пе? Сондай-ақ Ғабең оның бойындағы баға жетпес адамгершілік және азаматтық бейнесін де көріп бағалай білген. Ендеше Б.Майлиннің басына күн туғанда оны қорғамауға дәті қалай барсын, ары қалай шыдасын. Бір кереметі, бір өзі ғана қорғаудан тайсалмады. Басқалардың дәті бұған шыдамады. Ең сорақысы, қамқор көрсеткендердің біразы Бейімбетті әрі түрлі сынға алып, түптің түбінде оны «халық жауы» дегенге дейін барды.

С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровке 1937 жылы өте-мөте қатты шүйлікті. Басында кейбір қате-кемшіліктерін дабырайтып келіп, халық жаулары етіп жалаулатып кеткеннен кейін үшеуін де бірінен соң бірін түрмеге отырғызды. Соңы болып 6 қазан күні Б.Майлин қамалды. Ғабең Орталық парткомитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметінде, Бейімбет жөнінде сын мақала болса алдырып, кейбірін түзетеді, кейбірін газетке бастыртпайды екен. Алайда арқасы қозғандарға басу болмай, «ұлтшыл, фашист, халық жаулары» деп дүркіреген жиналыстар да көбейді. Тек Ғ.Мүсірепов қана Б.Майлинді қорғаған бетінен қайтпады. Бүге-шігені соза бермей, оның ашулы да тұрақты бейнесін білдіретін бір ғана сөзін келтірейін. Оны да қармаққа ілмек болған әрекет басталып, халық жауының сыбайласы деп сынап, ақыры 8 қазан күні өткен партия жиналысында оны партиядан шығарған. Бұған итермелеген Б.Майлинді қаралаған жиналыста айтқан мына сөзі. «Би-ағаң халық жауы болса, мені де сол кісінің нақақ жаладан опық жеген тобында деп есептеңдер, жарандар! Бүкіл өмірін туған халқы үшін сарп етіп, қаршадайынан соның мұң-мұқтажын жоқтап, даналық сөзін сұрыптап хатқа түсіріп, әдебиетінің іргесін қаласып, бүкіл Қазақстан жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленген азаматты «халық жауы» деп қаралауға қалайша ауыздарың барады, ар-инабат, намыс деген қайда? Бүгін Бейімбет Майлинді қаралап, оның адал еңбегіне күйе жағып, ғажап дарынын қызғаныштан қаралап отырғандардың ертең-ақ халық алдында, иә тарих өткелінде қарабет болмасына кім кепіл?! Қысқасы, мен өзім Би-ағаңның жау екеніне сенбеймін! Мына жиын да – ортамызда қой терісін жамылып, шынында да бұғынып жүрген халық жауларының зиянды әрекеті…», – деп ашық та ашына сөйлеуі батылдықтың аса бір көрінісі. Бұл сөзі ұшқыр қаламды жазушы М.Сәрсекеевтің «Жұлдыз» журналының 1992 жылғы №11 санында жарияланған «Ғабит Мүсірепов туралы эсселер» мақаласында келтірілген. Бір осы сөзінің өзі басқалардың мазасын алғаны сонша, Ғабеңді сынау өрши түсті. Оны қорғайтын Орталық комитетте де дәрмен болмады. Қауіп-қатердің таянғанын сезген Ғ.Мүсірепов амалын тауып Мәскеуге тартып кетеді.

Ал жазушылар арасы ушыға түсіп, енді бірін-бірі халық жауларының сыбайласы деп дүрлігіп, өз бастарына қара бұлт үйіртіп алды. 1938 жылғы ақпан айынан «халық жаулары» дегендерді жаппай ату басталды да, басқалармен бірге Сәкен, Бейімбет, Ілияс та мерт етілгеннен кейін сыбайлас дегендер түрмеге тоғытылып, көп жыл айдауға кетті. Тек бір жылдан кейін елге оралды да, Ғ.Мүсірепов шығармашылық ісіне кірісті. Халқының мақтаулы перзенті тәңір сақтап аман қалды.

Ғабеңнің өте маңызды бір қыры – ана тілімізге бей-жай қарай алмауы, әсіресе, әдебиет тіліне.

Қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық, жазушылық қыр-сырларын әр жиындарда жасаған баяндамаларын, сөйлеген сөздерін, жазған мақалаларын оқысаңыз жан-жақты байқай аласыз. Ол үшін «Суреткер парызы» және «Заман және әдебиет» атты кітаптарына зер салып көріңіз. «Майданнан соққан жаңа леп», «Алып ақын атамыз», «Халқымыз таныған жазушы», «Жоғары идеялы көркем әдебиет жасайық», «Ақын туралы сөз», «Қазақ совет прозасы туралы» деген және басқа «Суреткер парызы» кітабына кірген мақалаларында шығарма көркемдігін, тартымдылығын арттыруды әдеби тілді қолдану мәселесіне де көңіл аударған. Ал осыған орай «Әдебиет тілі жайында» атты мақаласын арнайы жазған. Бұдан байқайтынымыз, Ғабеңнің өте-мөте көңіл бөлген үлкен мәселесі – әдеби тіліміздің қандай дәрежеде екендігін үнемі қадағалап, байқаған жетістіктерді, сөз қолданудағы кемістіктерді талдап-таразылап, ақыл-кеңесін, талап-тілегін жайып салып отыруы еді. Осы орайда оның «Ана тілін анамыздай ардақтайық» деген кең де ұзақ саралау мақаласы (1985) еске түседі. Ол алдымен тіліміздің арғы шығу, даму тарихына тоқталып, мол мағлұмат береді, ана тілімізді қастерлеп, оны құртып алмай, сақтауымыз керектігіне назар аудартады. Өзі айтқандай, «тіл мәселесін этимология, синтаксис деңгейлерінде» көтеріп, наданға қадірсіз болып бара жатқанына ашынады. Білемін деушілер көбейгенмен, «ана тілін менсінбейтін, қалай болса солай бұрмалай беретін жауапсыздықтарын жасырмайтынына» қынжылады. Бұл жағдай көркем әдебиетте де аз ұшыраспайтынына нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдеген.

Мақаланы әзірлеу, жазу барысында көне заманнан өзіне дейінгі мерзім тарихына, әдебиетіне байланысты мұраларды, 60-80 жылдардағы ақын-жазушылардың прозалық, поэзиялық, драмалық шығармаларын оқып, саралап, талдап ойларын ортаға салуы, әрине, қыруар еңбек. Оны игеру жан-жүрегіне де, жүйкесіне, ойлауына да түскен салмақ тым ауыр-ақ. Қанша кітап оқып, көз майын тауысқан деп қайран қаласың. Дегенмен келешекте ескерілсе деген адал пікірін, ақ тілегін айтты. Мақтауға тұратындарды мақтады, тілді орнымен қолданбайтын кемістіктерді де жасырмады. Аттарын атап, нақты мысалдар келтіре отырып көз жеткізді. Бұл әдебиеттің кейінгі толқынына арналған өсиеттей сөзі еді. Үміт артқан Ғабең «әдебиет тілі бір халықтың тіл байлығын ғана көрсетпейді, сонымен бірге сол халықтың елдік дәрежесін, ой-кемерін сезіну тереңдігі мен таяздығын да көрсетіп тұрады. Ең ауыры – ана тілін білмеген ақын, жазушы ел-жұртының ескілі-жаңалы тіршілігімен ажырасқанын да көрсетеді», – десе, ең алдымен халқының қамын ойлағандығы. «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады», – деп жаны әрі тебіреніп, әрі күйініп сыр шерткен. Біз мән бере бермейміз, шынтуайтына келгенде, ана тілі мәселесі мәңгі, оны сақтау, дамыту жайы ешқашан ойдан шықпауы тиіс. Сол жолдан тайып, тіліне мән бермей, басқа тілде шатып-бұтып сандырақтайтындарды көріп-білген Ғабең өгейлерге жатқызып, ішіндегі ренішін жасырмай жария еткен. Әттең онысына ақыл тоқтата бермейміз. Сондықтан ғой өгейлер көбеймесе, азайған жоқ, тіліміздің жайы бұрынғыдан да мүшкіл.

«Қазақ тілі – бай тіл. Оралымды, ырғақты, теңеу, бейнелеулері ерте туған тіл», – деген мақтаныш сезімін өгейсіп кеткендер түсіне алады дегенге сенбейсің де. Сөз түйініне келсек, ол көп қырлы азамат дегеніміз еш артық емес екеніне көзіміз жеткендіктен айтылды.

Кейде Ғ.Мүсіреповтей атақ-даңқы шарықтап, құрмет-қошеметке жеткен жазушы жоқ-ау деп ойлап та қаласың. Істеген қызметтерін тізбелемей-ақ, төмендегі алған атақтарын атап кетпесек, айтарымыз толық бола қоймас. Оған 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1977 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы кеңестерінің әлденеше рет депутаты болып сайланды. Тіпті 1974-1975 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы болып сайланып басқарды. 2002 жылы оның 100 жасқа толуын ЮНЕСКО атап өтіп, кеңінен тойлады. КСРО Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Бүкілодақтық комитеттің мүшесі болғаны өз алдына бір ерекше құбылыс. Ғ.Мүсірепов 22 наурыз күні 110 жасқа толды. Құрметті халайық, осы тұста асыл азаматыңды еске алып, қадір тұт!

Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ