ТЕРIСКЕЙДЕ НАНОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ

ТЕРIСКЕЙДЕ НАНОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ

ТЕРIСКЕЙДЕ НАНОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ
ашық дереккөзі

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Серiк Бiләлов Материалтану және нанотехнологиялар ассоциациясының төрағасымен өзара ынтымақтастық жөнiндегi меморандумға қол қойды. Бұл өңiрiмiзге жаңа нанотехнологиялық әдiстердi енгiзуге және жұмыс орындарын ашуға септiгiн тигiзбек. Қауымдастық ұсынған жобалардың тиiмдiлiгi облыстық әкiмдiкте өткен жиында талқыланды.

Материалтану және нанотехнологиялар ассоциациясы бүгінгі күні 7 елдегі 24 компанияны біріктіріп отыр. Қауымдастық біздің облыста төрт жобаны жүзеге асыруды ұсыныпты. Оның алғашқысы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған.

– Бірінші жобамызды шалғай елді мекендердің тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесіне арнадық. Әсіресе мектептерді, ауруханаларды, балабақшаларды сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Бағдарламаларды жүзеге асыруда біз ғылыми-техникалық қолдау көрсетеміз, – дейді материалтану және нанотехнологиялар ассоциациясының басқарма төрағасы Серік Қожахметов.

Сонымен қатар Серік Қожахметов қаржыландырудың негізгі көзі «Ақ бұлақ» бағдарламасы болуы мүмкін дегенді атап өтті. Келесі жоба Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық саласындағы есептеу жүйелерін жаңғыртуды көздейді. Бұл арқылы жылу мен су шығынын 20-25 пайызға азайтуға болады екен. Үшінші жоба бойынша Петропавл қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін орын ашу жоспарланған. Ал соңғысы облыстағы жылу станциясының көмір қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын құруға бағытталған. Мұны жүзеге асыру қоршаған ортаға оң әсерін тигізіп қана қоймай, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға септеспек.

– Біз сараптама жасап, бұл жобаның пайдасын зерттедік. Жобаға шамамен 50 млн. доллар қаржы құйғанда 48,7 пайызға жуық пайдаға кенелуіміз мүмкін. Яғни оның жүзеге асуы өте тиімді, – дейді «Қазмеханобр» мемлекеттік ғылыми-өндірістік бірлестігі директорының орынбасары Александр Қосмұхамбетов.

Жобамен жете танысқан өңір бас­шысы тиімді ұсыныс жасаған қауым­дастықтың төрағасы Серік Қожах­ме­тов­пен меморандумға қол қойды.

– Бұл жаңа нанотехнологиялық жобаны облысымызға енгізу қажет. Әсіресе күлді қайта өңдеу арқылы мол пайдаға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Өйткені бұл іс табыс көзіне айналуы әбден мүмкін, – деді облыс әкімі Серік Біләлов.

Аталған жобаларды өңірімізде жүзеге асыру инвесторларды тартуға да жол ашпақшы.

Айгүл ЫСҚАҚОВА

Солтүстік Қазақстан облысы