ҚАЗАЛЫНЫҢ ҚАЛАТАҢБАСЫ

ҚАЗАЛЫНЫҢ ҚАЛАТАҢБАСЫ

ҚАЗАЛЫНЫҢ ҚАЛАТАҢБАСЫ
ашық дереккөзі
1000

Негізгі тіршілік көзі жайлау мен мал шаруашылығы болып табылатын қазақтардың жайылым, ата қонысының шекара белгісі – қыстау, ата-бабасының бейіті, қорым; малға келгенде – таңба. Бұлар еншіге, меншікке басылған мөр, әлдеқандай дау-жанжалдың тығырық тоқтауы. Даулы жағдайларда бұл ата бейіті мен таңбасын ешкім аттап кете алмайды.

«Герб» сөзінің түп-төркіні жаңа латын, «hezaldos – герольд» сөзінен бастау алады. Бұл герб мекеннің сипаты мен тарихы деген мағынада. Қазақша таңба. Герб поляк тіліндегі «herb». Мемлекетке, қалаға немесе атақты руға, үрім-бұтаққа белгіленетін шартты бейне, белгі, герб, елтаңба немесе қалатаңба ХVII-XVIII ғасырлардан бері Еуропада қалыптасқан дәстүр. Қазақта «орыс орамы» деген сөз бар. Бұл бүкіл қазақ даласының сыртқы қорғаныс тұрғысынан түйткілді де маңызды жерлерге бекіністер салып, жаңа жерді ішке алу, қазақ жерін сырттан орап тастау деген мән. Ресей қазақ жері – шекаралық аймаққа бекініс салуды 1823 жылы бастады. Ішкерілей келе-келе 1834 жылы орыс шекарасы Іле мен Сырдарияға да жетті. Біздің тұстағы бекіністер Ақтөбе, Ырғыз, Райым, Қазалы, Қармақшы, Ақмешіт болып бірте-бірте ішкерілей берді. 1853 жылы В.А.Перовский Ақмештті алған соң Райым бекінісі іште қалып, өзінің стратегиялық-қорғаныстық маңызын жойды. Ежелден керуен өткелі Қаратөбе маңындағы қылта – №1 бекініс фортты салу сол жылы патшаның шешіміне қарамастан бірден-ақ қолға алынды. Пайымдағы құрылыстар бұзылып, Қазалыға тасыла бастады. ІІ Александр патша болса бұл бекіністі салуға үш жыл кейін, 1856 жылдың 23 наурызында жарлық шығарды. Сөйтіп №1, кейін №2 форттар арқылы дарияның бергі беті бекітілді. Хиуа, Қоқан тараптарынан жиі-жиі бола беретін шапқыншылықтың беті қайтып, саябырсыды. Орта Азия мен Еуропаның сауда қатынасына қолайлы тұрмыстық тауарлар мен бұйымдарға қол созды. Сауда-сатыққа қолайлы жағдай туған соң ұлы керуен жолының өткеліне орналасқан Қазалы қысқа мерзімде айтарлықтай өркендеп кетті. Тәжік, өзбек, жәбірейіл, татар, басым көбі орыстар келіп саудамен айналысты, егін екті, балық аулады. Арнайы әскери мақсатта соғылған бумен жүретін «Перовский», «Обручев» баркастары 1853 жылы теңізге түсіріліп, флотилия Қазалы фортына келіп тұрды. Орынбор мен Ташкент, Хиуа, Бұқар жаққа жалпы Орта Азия мен Еуропаны байланыстыратын керуен әрлі-берлі осы Қазалыдан өтетін. 1861 жылы қалада – 47, 1862 жылы 54 отбасы болды. Келесі жылы 90 қазыналық үй болған. 1867 жылдың 2 маусымынан бас­тап №1 форт емес, уездік қала. Бір мәліметте дәл осы кезде қала тұрғыны 12 142 адам деп көрсетілген. Уез бүгінгі Арал, Қармақшы, Қазалы аудандарын қамтиды, оның орталығы Қазалы қаласы. Бұл жайт та қаланың жедел өркендеуіне ерекше қарқын берді. 1868 жылы қала бюджеті 3500 рубльге жетті, 1869 жылы көшелер пайда бола бастады. 1870 жылдың наурызында пошта бөлімшесі ашылды. 1905 жылы аяқжолдарға ташкенттік үлгідегі кірпіш төселе бастаған. 1897 жылы қаланың тұрғылықты халқы – 7588, 1900 жылы – 12 247, 1907 жылы қала көлемі – 16 222 десятина. Көпес Иванов арақ, шарап, сыра шығара бастады. Қазалы қаласының өркендеуіне татарлардың үлесі ерекше қомақты болғандығы мағлұматтардан көрініп тұр. Қазалыға 1862 жылы ағайынды үш Хұсайыновтар келіп, сауданы жандандырды. Олардың үлкені Ахмет бастаған сауда қарқындап, Қазалы түгілі Ақмешіт уездерін де еншілеп алды. Тіпті орыс көпестерін де ысырды. «Айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал» демекші, бұлардың Ресейден алып келетіндері көшпелі жұрттың зәру тұрмыстық бұйымдары болатын. Қарызға берген заттарының құнын он есе өсіріп өндіріп алатын. Бес-алты жылда-ақ бұлардың табыстары 1 млн.рубльге жеткен. 1870 жылдары татар мектебі де ашылды. Төрт жылдық мектепте 100 бала оқыса, оның 83 пайызы татар, 10 пайызы сарт, 5 пайызы қазақ, 2 пайызы татар қыздары. 1900 жылдың 21 қарашасында контр-адмирал А.И.Бутаковтың атындағы қоғамдық кітапхана ашылды. Приход мектебінің мұғалімі А.П.Кондратьев 1903 жалғыз өзі ғана істейтін баспахана ашқан. Қазалыдағы бірінші мешітті 1872 жылы бұқаралық Әлібаев ашты. 1894 жылы қазақша Ғанибай (Ғани Ғалиұлы Хұсайынов) жиырма мың рубльге мешіт салдырды. 1898 жылы 15 баптан тұратын қала тұрғындарына міндетті ереже қабылданды. Ереже бойынша көшелер таңғы сағат тоғызға дейін тазаланып, су себіледі, жазда арық екі рет тазаланады, арыққа жуынды төгуге, үйрек, қаз жіберіп, мал сұғаруға қатаң тыйым салынды, жуынды төгетін шұңқырдың тереңдігі екі аршын, беті қақпақпен жабылады. Түнде әр орамда бір кісі күзетте, барлығы он үш адам. Сонда қала он үш квартал. Арбакеш 16 жасқа толған тек орыс не түземдік. Орыс тілін білмейтін кісі бұл жұмысқа қабылданбайды, жолаушы алып келе жатқанда темекі шегуге болмайды, жегілген атты иесіз қалдырмайды. Тағысын тағы. Қазалы қаласының қалатаңбасы бекініс қала атанған соң, 42 жыл кейін, 1909 жылдың 21 көкегінде бекіген. Ортада түйе. Түйе орыстарға таңсық түлік. Бұл түлік қазақ даласының сол кездегі сипатын береді. Негізгі көлік. Өлкеге шұбырған қалың әскердің қару-жарағы, азық-түлігі, Аралға түсірілген кеме, барлық жүк негізінен түйе арқылы жеткізілді. Түйенің табан асты сары түсті. Бұл – қазақтың сары даласы. Төбеде тәж, демек меншік иесі патша. Тәж шақпақталып, Кремль қамалы үлгісінде салынған. Бұны шатырлап бөлгені – Кремльді мегзегені. 1382 жылдың 23 шілдесінде Тоқтамыс хан қызыл кірпіштен салынып біткеніне он жыл да болмаған, алынбастай көрінген осы Кремльді қоршады. Орыстар бар қару-жарақтарымен атып, төбелерінен қайнаған май құйып берілмеуге тырысты. Тоқтамыс Кремльдің ішін көремін де кетемін деген сылтаумен қақпаны алдап аштырған соң қанды қырғынды бастап кетті. 26 шілдеде болған осы бір ғана қырғында 24 000 орыс қылыштың жүзінен өтті. Алынбас қорған Кремль түгілі Мәскеу түгел өртенді. 1812 жылы Наполеон да Кремльге қоса бүкіл Москваны өртеген. Алайда орыстар үшін Кремль алынбас қамалдың бейнесі. Сол жақ шетте Сырдария облысының гербі. Қала осы облыстың құзырында. Ортада үш ашалы айыр. Бұл бізге шабуылдағандардың ажалы айырдан болады деген сес. Орыс­тар үшін айыр аюға, аңға, балыққа шығатын ата қару, күштің белгісі. Ауыз әдебиетінде бұрыннан бар. Айырды айдаһарға, демек Қытайға шаншып тұрған батыр бейнесі молынан қолданылып келген. Қалатаңбаның жиегі жүзіммен көмкерілген. Жүзім Александр лентасымен оралған. Бұл Сырдарияның жеміс пен бау-бақшаға бай өлке екендігін меңзейді. Онысы бұл­тартпайтын шындық. Шынында да сол кезде Сыр аймағы үйрек ұшып, қаз қонған, береке дарыған мәуелі бай өлке болатын. Бұл таңба бар болғаны алты-жеті жыл ғана өмір сүрді. 1917 жылы Қазан төңкерісі келді. Төңкеріс жылдарында патшаға байланысты белгілердің бәрі де төңкерілген болатын. Қалатаңба Қазалы қаласының қалыптасу кезеңінің бір белгісі ретінде мәнді. Өткен де кеткен бір кезең.
Молдахмет ҚАНАЗ

Серіктес жаңалықтары