МӘРТЕБЕСI ТӨМЕНДЕГЕН МӘДЕНИ КЕШЕН

МӘРТЕБЕСI ТӨМЕНДЕГЕН МӘДЕНИ КЕШЕН

МӘРТЕБЕСI ТӨМЕНДЕГЕН МӘДЕНИ КЕШЕН
ашық дереккөзі

Шілдедегі Астана күндеріне орай қалада Құрманғазы Сағырбайұлына арналған ескерткіш ашылады деген қуанышты хабар тарады. Бұл қуанарлық жәйт. Күйлерімен өшпес із қалдырып, азаттықты аңсап, бостандықты жырлап өткен күйші бабамыздың ескерткіші еліміздегі бар қалада тұрса құба-құп.

Бүгінде Ресейдегі Астрахань қаласының 450 жылдығына арналып (2008 ж.) қала ортасына қойылған Құрманғазы ескерткішін біреу білсе, біреу білмейді. Жергілікті халық осы ескерткіш қойылған алаңды екі ел достығының символы ретінде қабылдап, достық алаңы деп атап кеткен.

Атқа мініп қолына домбырасын ұстаған күй атасы алысқа көз тігіп тұр…

Жақында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Шетел қазақтарының фольклоры мен өнері» атты мемлекеттік жобасының аясында экспедиция ұйымдастырылып, Еділдің төменгі жағалауындағы қазақтардың өмірі, мәдениетімен жақын танысып қайтуға мүмкіндік туды. Ресейдің Самара облысынан басталған зерттеу жұмысы Саратов, Волгоград, Астрахань облыс­тарымен жалғасты. Шалғай жатқан қазақ ауылдарына сапар шегіп, алыстағы қандастарымыздың мәдени өмірімен, руханиятымен танысып, ауыз әдебиеті, музыкалық фольклордың сақталған біраз нұсқалары жиналды. Ресейдің жиырмадан астам облысында орналасқан қазақтардың ең көбі Астрахань аймағында (150 мың) болғандықтан біз бұл өңірде ұзағырақ аялдадық. Мұндағы Володар ауданының Алтынжар селосында күй атасы Құрманғазыға орнатылған мавзолей мен аймақтық мәдени орталық бар. Даңқты композитор өмірінің соңғы жылдарын өткізген Сахма селосы да бұл жерден қашық емес. Сондықтан да болар, бұл өлкеде Құрманғазы күйлерін орындаушы қарттар әлі де жиі кездеседі. Орта жастағы қазақтар домбыраны негізінен әнді (қазақ, татар, орыс тілдерінде) сүйемелдеуші аспап ретінде пайдаланса, кейінгі ұрпақ домбырашылықты кәсіби негізде, арнайы оқу орындарында үйренуде.

Жылына әлемнің 25 елінен отыз-отыз бес мың қонақты қабылдайтын орталықтың «Құрманғазы» аталатын қазақтың халық аспаптар ансамблі бар. Жас ұжымның репертуарына халық ән-күйлерінен бастап, бүгінгі заманауи туындылар, қазақ билері енген. Мұнда өтетін барлық мәдени шаралар, кештер, қонақтардың сұрауы бойынша орындалатын концерттер міндетті түрде Құрманғазы күйлерімен басталады екен. Бүгінде ансамбль екі мемлекетте де өнер көрсетіп, репертуарын байытып, тәжірибесін молайтып жүр.

Экспедиция кезінде осы мәдени кешенде болып, директоры Нұржан Медетов мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Нұржан Самиғоллаұлы, оқырман үшін мәдени кешен тарихына қысқаша шолу жасасаңыз?

– 1996 жылы қазақтың дәстүрлі музыкасының классигі Құрманғазы атамызға мавзолей тұрғызылды. Нағыз халықаралық сипатқа ие болған бұл идея Астраханьдағы Н.Ысқақов басқарған қазақ мәдениеті мен тілінің орталығы «Жолдастық» қоғамында туып, үш жылда іске асты. Архитекторы Мақсот Нұрқабаев деген талантты азамат. Мавзолей қа­бырғаларындағы өрнектерді, баба күйлерінің сиқырлы иірімдерін тасқа ойып түсіргендей әсер береді. Осы мавзолей мәдени кешен салдыру шарасына түрткі болып, достығы жарасқан екі ел тарапының қолдауымен 2005 жылы әсем орталығымыз ашылды. Қазақстанның Елбасы Н.Назарбаев жолдаған құттықтауда «Бұл Астрахань облысы Володар ауданының Алтынжар селосында ашылып отырған Құрманғазы Сағырбаев атындағы мемлекетаралық кешен көршілес отырған екі елдің достығы мен мәдени байланысының тағы бір символы болып табылады», – деген еді.

Содан бергі уақытта мәдени-ағартушылық бағытта үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Ол ең алдымен жақын және алыс шетелдерден келген қонақтарға қазақтың салт-дәстүрін, ғұрпын, рухани мәдениетін насихаттау ісі. Қазақ мәдени орталығы болғандықтан келушілер көбіне беташар, бесікке салу, тұсау кесу сияқты дәстүрлерімізбен қатар ұлттық музыка өнерімізге қызығушылық танытып жатады. Сондықтан халық аспаптар ансамблімен қатар биыл жастардың «Атамекен» атты вокалды-аспапты тобын құрып отырмыз. Астанаға барған бір сапарымызда әйгілі «Ұлытау» ансамблін тыңдап, қатты әсерленіп, елге оралғанда соған еліктеп, өзімізде осындай топты құруға бел шештік. «Атамекен» тобы заманауи қазақ эстрадасы бағытында ізденіс жасамақ. Бұл жастар ұжымына үлкен сенім артудамыз.

– Нұржан Самиғоллаұлы, қонақ­тарды қазақ қызы мен орыс қызы ұлттық киімдерін киіп, қолдарына бауырсақ, наны мен тұзын алып бірге қарсы алғанына куә болып жатырмыз. Тосылып қалдық…

– Біз Ресей жеріндегі қазақ орталығымыз ғой. Осылай қарсы алғанымызда қонақтар бұл екі елдің арасындағы тығыз достықтың куәсі болады. Достық – күннен-күнге беки түсетін үлкен мәнді сөз. Кешенімізге жан-жақтан әртүрлі ұлттар, дін өкілдері үздіксіз келіп жатады десем артық айтқаным емес. Біз Қазақстанмен тығыз қатынастамыз, фестивальдер мен конкурстардың тұрақты қатысушысымыз. Мем­ле­кетаралық тығыз мәдени-шығар­машылық байланысымыз үзілмей келеді.

– Осы орталыққа келуге не түрткі болды?

– Бұл жерге келгенге дейін Володар ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болдым. Орталықтың құрылысы жүрген кезде жанұяммен қолымнан келген көмегімді беріп тұрдым. Көңілім осы жаққа алаңдай берді… Бұл менің бала кезімдегі бір оқиғаны есіме түсіреді. Мен тоғыз жасқа дейін қатты ауырдым. Бойыма ас жұқпай, ішкенімді құса беремін, тек сүйегім қалды. Апармаған аурухана қалмады, бірақ дауа қонбады. Халық емшілігінде оны «қой дерті» дейді екен. Масахана ішінде өлім халінде жатқаным әлі есімде, бәрі менен күдер үзе бастады. Содан біздің елде Құрманғазы немересі Құрманғазиев Төлеу деген кісі болды. Ол Сталинград шайқасында болған, соғыс ардагері екен. Ел арасында Төлеуде «Құрманғазы атасының әруағы бар» деп айтатын. Әкем сол кісіге барып, жағдайын айтыпты. Төлеу қарт бұрын-соңды адам емдеп көрмеген. Бірақ мені аяп көмекке келіпті. Сонымен не керек, әжем құрқұлтайдың ұясын жинап, үлкен табаққа сары майды ерітіп, ұяны соған салды. Екі жағымнан ұстап тұрып, Төлеу ақсақал бес тиынды өткір етіп қайрап, басымнан аяғыма дейін тамырларымды кесті. Әжем әлгі майды жағып отырды. Осы оқиғадан соң мен аурухананы көрмедім. Құрдастарымның бар­лығын денсаулығым жағынан басып оздым. Кейін Төлеудің екінің біріне дарымаған бір тылсым күшке ие жан екенін түсіндім.

– Басқаруыңыздағы орта­лықты аралап, мұражайды тамашалап, бүгінгі атқарып жүрген қызметімен танысып көңіліміз көтеріліп отыр. Бұндай игі істермен айналысып жүрген екі елге ортақ кешеннің қандай көкейкесті мәселелері бар?

– Қазақстандық бауырларымыз аман болса, алда әлі талай мәселелер шешімін табар деп үміттенем. Дегенмен біз үшін үлкен бір мәселе бар. Ашылған жылы бұл орталық – халықаралық мәдени кешен мәртебесінде болды. Уақыт өте мемлекетаралық мәдени орталық аталды. Бүгінде статусымыз тағы да өзгеріске ұшырап, аймақтық мәдени орталыққа айналдық. Аймақтық дегенде осы кешеннің құрылуына қызу атсалысқан Қазақстанның үлесі есептелмей қалады ғой. Бұл орталық екі елдің де меншігінде болып табылады, бірақ мұражайымыздағы экспонаттар Қазақстаннан әкелінген, жалпы, орталықтағы дүниенің 65 пайызы Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының меншігі болып табылады. Осы тараптан біздің бұл мәдени орталыққа ең тиімді атау – мемлекетаралық деген мәртебе секілді. Айтып отырған мәртебе келушілердің алдында да мерейімізді көтерер еді.

Орталықты білетін, құрылысын жүргізуге атсалысқан азаматтардан сұрайтыным, бұл сөзіме бей-жай қарамаса екен. Алтынжар селосында орналасқан Құрманғазы Сағырбаев атындағы аймақтық мәдени орта­лыққа бұрынғы мемлекетаралық деген мәртебесін (статусын) қайта алуымызға көмек көрсетсе екен.

– Сонда қазір орталықты кім қаржыландыруда?

– Қазақстандықтар тарапынан бірнеше рет қаржыландырулар болды. Мәселен, 2009 жылы жөндеу жұмысымызға қол ұшын беріп, кейіннен жазғы концерт алаңын салып берді. Бірақ, қазіргі уақытта бізді Қазақстан тарапынан емес, Астрахань облыстық бюджеті қаржыландырып отыр. Құрманғазы мұрасын бүгінге жеткізген, оның атымен есімі бірге аталатын шәкірті, ұлтымыздың талантты домбырашысы Дина анамыз ғой. Биылғы жылы қазақ мәдениеті мен тілінің облыстық қоғамы «Жолдастықтың» құрметті төрағасы Никита Сейітұлы Ысқақовпен бірігіп осы орталықтан Дина Нұрпейісоваға арналған мұражай ашқымыз келеді.

– Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

өнертанушы