ЕЛ ҚОНДЫРҒАН «УКАЗ МОЛДА»

ЕЛ ҚОНДЫРҒАН «УКАЗ МОЛДА»

ЕЛ ҚОНДЫРҒАН «УКАЗ МОЛДА»
ашық дереккөзі
456

Көкенай атамның қолынан газет-журнал, кітаптар түспейді. Үнемі әлденені оқып отырғанын көремін. Жуықта атам мен әжеме амандасуға бардым. ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырғанымды айтып, қуантпақ ойда болдым. Атам жеті жүз бетке жуық қалың кітапты оқып отыр екен. «Ата, оқып отырған кітабыңыз не туралы жазылған?», – деп сұрадым. «Балам, бұл кітап әжеңнің жездесі, атақты тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов туралы ғұмырнама. Жазған белгілі жазушы Сәрсеке Медеу. Балам, саған түсіндіріп айтайын» деп, атам өз әңгімесін бастады.

– «Ермұхан Бекмахановтың жұбайы Қалима Адамбекқызы Бекмұханбетова сенің әжең Панаттың немере апайы. Қалима апай қазір 87 жаста. Филология ғылымының кандидаты, доцент. ҚазПИ, қазіргі Абай атындағы университетте көп жылдар сабақ берген. Екі ұл, бір қызы бар, немере, шөбере сүйіп отыр. Ал енді Бекмұхамбет кім? Ол кісі туралы кеңірек айтайын. Бекмұхамбет 1861 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туған. 1884 жылдары Зайсаннан Ташкенге барып, жеті жыл діни медреседе оқып, білім алады. Ташкенттен Уфа қаласына келіп, мұсылман руханиятының басшысы – муфтиге жеті жыл оқыған діни білімінен сынақ тапсырып, «указный молла» деген құжат алады. Бұл патша жарлығымен бекітілген діни лауазым, қатаң тәртіп бойынша берілетін ресми құжат. Бекмұхамбет Зайсанға келген соң, мешіт салуды қолға алады. Мешіт – Алланың үйі. Бекмұхамбеттің негізгі мақсаты – халықты Алла жолына, имандылыққа тәрбиелеу. Екінші халық үшін істеген еңбегі – ол өз ауылында мектеп салдырып, ағартушылық жолында қызмет жасайды. Болашақ жастарды ғылым-білімді меңгеріп, халқы үшін еңбек етуге тәрбиелейді. Алаштың ардақты көсемдерінің бірі – Міржақып Дулатұлы Бекмұхамбет ашқан мектепте үш жыл сабақ берген. 1904 жылдан 1907 жылға дейін Міржақып Бекмұхамбет мектебінде сабақ бере жүріп, Алаш партиясының Зайсанда «Теңдік» бөлімшесін құрады. Бекмұхамбеттің баласы Адамбек сол Алаштың атты әскерінің командирі болып қызмет етеді. Қазіргі 87 жастағы Кәлетай анаңның әкесі. Кеңес өкіметі Адамбекті Семейдің түрмесіне жауып, 1930 жылы сол түрмеде қайтыс болады. Бекмұхамбеттің халқы үшін істеген үшінші еңбегі – Зайсан өңіріне Ресейден келген қарашекпендер қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, елді мекен, қоныстар сала бастаған. Сол кезде Бекмұхамбет Семейге дейін барып, рұқсат алып, 1909 жылы қоныс салып беріп, халықты отырықшылыққа тәрбиелеп, бау-бақша салуға үйретті. Бұл ауыл қазір – Қуаныш деп аталады. (Сол ауылдағы мектепте Көкенай атам 1975-1977 жылдары директор болыпты.) Бекмұхамбетті халық әлі күнге дейін «Указ молда» деп еске түсіреді. 1925 жылы қайтыс болған. Өзі туып-өскен атамекені «Бәйгекөк» деген жерде жерленген. «Биыл Бекмұхамбеттің туылғанына 150 жыл толуына байланысты ас бермекпіз. Ауылдағы мектеп қабырғасына ескерткіш тақта қоймақпыз», – деп атам өз әңгімесін аяқтады.
Іңкәр МАТЖАНОВА, Абай атындағы республикалық мектеп-интернатының түлегі
Алматы қаласы  

Серіктес жаңалықтары