ТОЙ ӨТТІ, БІРАҚ...

ТОЙ ӨТТІ, БІРАҚ...

ТОЙ ӨТТІ, БІРАҚ...
ашық дереккөзі
325

Оңтүстiк өңiрi өткен жылдың аяғына таман Қажымұқанның туғанына 140 жыл толуын атап өттi. Тағы да сол баяғы 1871 жылы туған деген ескi дерек бойынша.

Біз Қажымұқанды осы уақытқа дейін 1871 жылы туған деп келдік. Тіпті Қазақ КСР энциклопедиясында да солай жазылған. Кейін анықталғанындай, көзі тірі куәлардың растағанындай ол кісі 1883 жылы туған. Басқасын былай қойғанда, ең басты дерек – атақты Мұхамеджан Сералин Троицкіде шығарып тұрған «Айқап» журналы. Осы журналдың 1913 жылғы 1 желтоқсандағы 21-санында сол кездегі есімі елге танылған балуандар жайлы көлемді мақала жарияланған. Авторы – Жиһанша Сейдалин. Ол Мұқан жайында: «Аты – Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Жасы 30-да, мойнында 12 медалі бар» деп жазған. Ендеше 1913 жылы жасы 30-дағы адам өмірге 1883 жылы келмей ме?» Сондықтан жаңадан шыққан «Қазақстан» ұлттық энцик­лопедиясына осылайша түзетіліп берілді. Ал енді балуанның туған жылы неге 1871 жыл деп көрсетілгеніне келетін болсақ, паспортында солай. Оның қай жылы алынғаны, кімнің бергені белгісіз, сурет жапсырылмаған. Тек 1871 жылы туған деп жазыла салған. Ол паспорт белгілі спортшы Маркс Қызыкеновтің қолында сақтаулы. Енді осы жоғарыда айтыл­ған «Айқап» журналында жария­ланған мақаладан толығырақ үзінді келтіруге тура келіп отыр. Мақаланың сол кездің сти­лімен араб қарпімен жазыл­ғанын, терминдері, нүкте, үтір­лері өзгертілмей алынғанын оқыр­манның есіне сала кеткіміз келеді. «Шаһар Троицк. 1 декабрь, 1913 жыл Өткен ноябрьдің 5-нен бермен қарай Троицк шаһарымызда бүкіл Сібірге мәшһүр ойын (цирк) жасаушы Строфетов деген келіп ойын тамаша көрсетіп жатыр. Троицкіде ноябрьдің 15-нен бермен қарай күрес басталды. Телеграммамен, хатпенен хабар алып бүкіл жиһандағы балуандар Троицкіге жиналып жатыр. Қазіргі уақытта келген балуандардың аттары мынау: арқасы жерге тимеген, неше патшалардың алдында күресіп бәйге алған неміс балуаны Шмит. Арқасы жерге тимеген жиһан балуаны француз Пьер Колос. Арқасы жерге тимеген жиһан балуаны Тигене. Сібірдің бас балуаны Петров. Атты казактың бас балуаны Александров Первый. Бұл балуандардың арасында біздің қазақтан да бір ба­луан бар. Бұл бүкіл мұсылманның күштісі деп айтады. Аты Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы. Жасы 30-да. Мойнында 12 медалі бар. Бұл Қажы Мұқан балуанды Кавказиядан телеграмменен Троицкіге шақырды. Троицкіге келген бөтен жұрттан жиылған 18 балуанның арасында түсіп барлығында Қажы Мұқан жықты. Қажы Мұқан балуанның маған келіп айтқан сөздері мынау: «мен Қараөткелге қараған алты бас қыпшақтың 18 жасар баласы едім, күреске жас күнімнен құмар едім. Бір жылы Омскі шаһарына орыстың Злобин деген балуаны келіп ойында жұрттың бәрін жықты. Мен де сол ойынға талаптанып барып Злобинмен күрестім. Ол уақытта 18-де едім. Мені Злобин 18 минутта жықты. Ызам ішіме симай мен жығылғаныма намыстанып қамданып біраз ақша тауып алып күрес үйрену үшін Петерборға кеттім. Петерборда күрестің профессоры Иван Владимирович Левтов (Лебедев – Ғ.Т.) дегенді тауып алдым. Оның күрес үйрететін медресесі (мектебі – Ғ.Т.) бар екен, сол медресеге айына 90 теңгеден төлеп кіріп күрестің әдісін үйрендім. Жыл жарымда әдістің бәрін үйреніп болдым. Болған соң күреске майданға түстім. Баяғы өзімді 18 минутта жыққан Злобинді үш минутта жерге алып ұрдым. Петерборда, Мәскеуде, Варшавада, Венада, Стамбұлда, Лондонда, Парижде күрестім. Орыс балуандары Кикин, неміс балуандары Люрих, Алрих дегендермен ұстасып бірде жығып, бірде жығылып жүрдім. Мұсылманның ең күшті балуаны деген атаққа алындым. Вена деген шаһарда Польскі татардың (польская татарка) Фатима (белорус қызы Надежда Николаевна Чепковская – Ғ.Т.) деген қызы маған ғашық болды. Сол қызды алдым. Төрт жасар балам бар. Әйелімнің некесін һәм баламның туғанын метрикеге тіркеткім келеді, соған не абзал бересіз» деді. Қажы Мұқанның бұл қайратын көрген орыстар айтады: «Мұсылман жұрты нашар халық дейтін едік. Сендерде де балуан бар екен, мұндай французды, орысты, немісті шыдатпай жығып тұрған балуандарды тудырған елден белгілі саудагер, белгілі ақылды данышпандар туса керек» деді…» («Айқап», 1913 жыл 1 жел­тоқсан, №21. 433-435-беттер). Қажымұқан «төрт жасар балам бар» дегенде тұла бойы тұңғышы Қалиолланы айтып отыр. Ол 1910 жылы туған. Қажекеңнің 1883 жылы туғанын ол кісімен шау тартып қалған кезінде белдес­кен, «тоғызқұмалақтың атасы» атанған ағамыз, жасы тоқсанға келіп қайтыс болған Рақымбай Қарымбайұлы да балуанның өз аузынан естігенін және мұны ұлдары Айдархан мен Жанәбіл де растағанын айтқан болатын. Ол кісі Қажымұқан туралы пьеса да жазған. Қолжазбасы менде сақтаулы. Міне, шыны осы. Ендеше, балуанның туған жылын шатас­тыруды қояйық, ағайын. Ұлы балуан 1883 жылы Ақмола өңірінің Қараөткел деген жерінде дүние есігін ашып, 1948 жылы тамыз айының 12-сінде Оңтүстік өңірінің Темірлан ауылында дүниеден өткен. Келесі жылы, яғни 2013 жылы Қажымұқанның туғанына 130 жыл, ал қайтыс болғанына 65 жыл толады.
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, Қазақстанның құрметті журналисі
Алматы  

Серіктес жаңалықтары