КҮРЕСКЕР АҚЫННЫҢ ҚАЙРАҚТАЙ ФОРМУЛАСЫ
КҮРЕСКЕР АҚЫННЫҢ ҚАЙРАҚТАЙ ФОРМУЛАСЫ
Қазаққа Мұхтар Шахановтың қандай ақын, қандай қайраткер екенiн айтып жатудың өзi артық. Айтқанмен – жеткiзуiң, жазғанмен – дөп басуың және екiталай. Өйткенi Мұхтар Шаханов ешкiмге ұқсай бермейтiн, ешкiм оған ұқсай алмайтын күрделi тұлға. Күрделi болғандықтан Ол күрмеуi оп-оңай шешiле салатын түйiн де емес, жеп-жеңiл шағыла салатын жаңғақ та емес. Мұндай тұлғалардың соңында жақсылы-жаманды сөз жүруi де, әртүрлi пiкiрлердiң қатар өрбуi де – заңды. Бiрақ кiм не десе, о десiн, бүгiнге дейiнгi 70 жыл ғұмырында үнемi iс-әрекетпен, тынымсыз қозғалыспен, жалықпас жазумен келе жатқан Мұқаң – Мұхтар Шахановтың әдебиеттегi еңбегi ерек, қоғамдық өмiрдегi орны бөлек.
Адамның сөзi – Оның өзi! Ендеше Мұқаңның өз сөзiн бере отырып, Өзiне тағы бiр үңiлiп көрейiкшi.
«…Анам марқұм Ұмсын Айтбайқызы, 13 құрсақ көтерген, сол перзенттерiнiң менен өзгесi түгел о дүниелiк болып кетсе де, рухы мен үмiтiн құлатпаған дархан әрi қайсар адам едi. «Неше перзентiңiз бар?» – деп сұрағандарға: «Ұлым үшеу, үлкенi – Шәмшi Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кiшiсi – Мұхтар Шаханов», – дер едi. Бiрде үйде қонақта отырғанда Дiнмұхамед Қонаев: «Жеңеше, қазақтың үш мықтысын дүниеге бiр өзiңiз әкелген екенсiз ғой», – деп әзiлдегенде: «Екеуiнiң мықты екенi рас, үшiншiсiнiң ол шынайы биiкке көтерiлуi үшiн әлi көп тер төгуiне тура келедi», – деп жауап бергенi есiмде қалыпты».
***
«…Қазақта туған күндi тойлау дәстүрi болмағандықтан ба, жиырмаға толған кезiмде ғана туған күнiмдi бiрiншi рет атап өттiк. Ол ұсынысты жасаған Төлеген Айбергенов едi. Мен «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде «жiтiкөз» (подчитчик) болып қызмет атқарамын. 50 сом айлық аламын. Бұл сол кездегi ең төменгi жалақы болғандықтан, салық та төлемейдi екенсiң. Тiптi бойдақ салық та ұстамайды. Сол тұста қойдың үйітiлген басы дүкенде сықап тұратын. Бiр киләсi 12 тиын ғана. Бiр килә ұн 14 тиын. 50 сом айлықтың 18 сомын бiр өзбек ағайынның екi бөлмелi жер үйiн жалға алғандықтан, соған төлеймiз. Қалған 32 сом қонақ шақыруға, тiлектес, ниеттес, рухтас адамдармен бас қосуға артығымен жететiн. Туған күнiме Төлеген Айбергенов «Тасбақаның түрлерi», «Iле Алатауының құстары» атты екi кiтап сыйлады.
– Неге бүркiт 100 жыл, тасбақа 300 жыл өмiр сүредi? Неге есек парлап барғанда 25-30 жыл ғана ғұмыр кешедi? Неге жолбарыс көзiне тура қараған адамнан қаймығып, бойын үрей мен қорқынышқа жеңдiрген адамды лезде паршалап тастайды? Өзiңдi қоршаған табиғатты және оны мекендеген тiршiлiк иелерiн толық зерттемейiнше, үлкен ақын бола алмайсың, – дедi ол. Шәмшi Қалдаяқов та орнынан тұрып, газетке оралған, ұшының бiр шетi ғана шiрiмей қалған қанжар мен құмыра сынығын туған күнiме сыйлық ретiнде ұсынды.
– Екеумiз де Александриядан кейiнгi әлемдегi ең бай кiтап қорын иеленген Отырар өлкесiнiң перзентiмiз, – дедi толғана. – Мына екi естелiк Шыңғыс хан басқыншыларына алты ай бойы қарсы күрес жүргiзген бабалар қанжарының жұрнағы, су iшкен құмырасының сынығы болуы әбден мүмкiн. Ендеше, өз туған жерiңнiң кешегi, бүгiнгi тағдырына, сол арқылы әлем тарихына терең үңiлмей, әдiлеттi және әдiлетсiз өткен күрестердi сараламай үлкен, әрi шыншыл ақын бола алмайсың!
Содан кейiнгi өткен отыз жылға жуық туған күнiмнiң тойларында тiлектес, ниеттес адамдарымнан сан түрлi сыйлық алған екенмiн. Бiрақ олардың бiрде-бiрi сонау жиырма жасымда Төлеген Айбергенов пен Шәмшi Қалдаяқов ұсынған сыйлықтай әсер етпептi».
***
«…Иә, бұл мүдденiң арғы жағында ұлтсыздандыру, орыстандыру саясаты жатқанын жақсы бiлесiз, – дедiм мен. – Өзiңiз де алғашында қырғыз тiлiнде жазғаныңызбен кейiннен орыс тiлiнде бүкiл әлем мойындаған тамаша туындылар бердiңiз. Жалпы, әдебиетiмiздi өзге халықтарға танытуда орыс тiлi өлшеусiз зор қызмет атқарды. Әрине, игiлiгiмiздiң бұл саласын бiз ешқашан ұмытуға тиiстi емеспiз. Бiрақ ғасырдан ғасыр асып келе жатқан, бүгiнде бейшара жағдайға түскен ана тiлiмiздi қайтемiз? Ана тiлiн сыйламау, оған менсiнбей, мұрын шүйiре қарау, туған анасын жерге қаратумен бiрдей емес пе? Ана тiлiнде сөйлемеу мен ойламаудың үлкен залалы, тiптi қасiретi болатынын әлгiнде өзiңiз аттарын атаған классиктерiмiз де терең түсiнген жоқ. Мұхтар Әуезов те, Сәбит Мұқанов та, Ғабит Мүсiрепов те, Ғабиден Мұстафин де, Әбдiлда Тәжiбаев та, Iлияс Есенберлин де перзенттерiн тек орыс тiлiнде тәрбиеледi. Ұлттық дәстүрден, салт-санадан тысқарылау ғұмыр кешкендiктен көпшiлiгi әкелерiнiң ана тiлiнде жазған кiтаптарын оқымақ түгiлi, басқа тiлдiң мүддесiн қолдап, басқа тiлдiң сойылын соқты. Тiптi кейбiреулерi ұлттық дәстүр iзiмен әкелерiн ара-тұра еске алып, Құран оқытып тұруы былай тұрсын, өзге дiнге ауысып кеттi…».
***
«…Сол кезгi нән тракторды екi артқы дөңгелегiнен көтерiп, жүргiзбей қоятын, 15-20 еркек жабылып майыстыра алмайтын ұзынша жуан темiрдi мойнына галстук етiп орай салатын, күш өрiсiн әлi күнге дейiн бiрде-бiр қазақ қайталай алмаған, құлагер рухты даламыздың ұлы палуаны Қажымұқан бiздiң үйге келгенде, әкем өзiнiң бес жасар перзентiне, яғни маған сауын етiп отырған жалғыз ешкiнi атып ұрып, ауыл қарияларын түгел жинап, қонақасы бердi.
Тым ерке әрi тентектеу болғандықтан ба, төрде жамбастап жатқан, 215 килолық “тау адам” – Қажымұқанның үстiне шығып сырғанақ ойнағаным есiмде. Сонда бетiнен оты шыға ұялып, “Түс, ойбай, мұның не?” деп ренжiген анама Қажекең “Баланың батыл қиялына тосқауыл болмалық” деп, менiң қимыл-харекетiмдi денесiне шыбын қонған құрлы көрмей, кеңк-кеңк күлiп, ауыл қарияларымен әңгiмесiн жалғай бергенi санамда тасқа басылғандай жазылып қалыпты.
Кешкiлiк Қажымұқанды шығарып салған соң, әкем анама ризалықпен бұрылып: “Басқа әйел болса, жалғыз ұлға талшық етiп отырған ешкiнi сойғаның қалай?” деп қарсыласар едi. Кез келген пенде айта алатын сол сөздiң сенiң аузыңнан шықпағанына бақыттымын. Елдегi iзгi даралықты мойындамаған адамның бәрi де өз ұлтының өсуiне кедергi келтiредi”, – дедi.
***
«Қай кезде де талғамыңа байланысты
кеңiсiң,
Шындық… әлде сатқындықпен ұлғайды
ма өрiсiң?
Қатал уақыт қатал сұрақ әзiрледi сен
үшiн:
«ертең жеңiс санала ма бүгiнгi үлкен
жеңiсiң?
қызмет еттiң қалай,
қайтiп,
кiмге
және не үшiн?»
***
«Ғаламдық жаһандану үрдiсiнiң
қалқасында
Бiр өзi бiр мемлекеттi асырай алатын
байлардың,
Билiкке бас ұрған елiккiш адами
қойлардың
Және оған ашынған қоғами ойлардың
ортасында
Ұлттық болмысын қорғауға намыстанған,
Басынан бақайшағына дейiн орыстанған
Кейбiр космополит басшыларымыздың
арқасында
Тоқтай ма қазақтың ТIЛДIК-АНАЛЫҚ-
РУХИ пойызы?..»
***
«Қай тiлде қайнап,
Қай тiлде ойлап,
Қай тiлмен ақса перзенттiк түйсiк, өрiсiң
Сол тiлдiң үнi, сол тiлдiң қайраткерiсiң!
Мысалы орыстың Максим Горький деген жазушысының ұлты мордвин болғанымен, орыс тiлiнде ойлап, жазғаны үшiн орыстың классигi атанды. Сол сияқты ұлты украин Гоголь де шығармаларын орыс тiлiнде жазғандықтан орыс әдебиетiнiң классигi саналады. Тарихта мұндай жайлар аз кездеспейдi. Үндiстердiң тарихын ағылшын тiлiнде жазған көптеген жазушылар ағылшын әдебиетiнiң өкiлi боп қалды. Оларды ешкiм үңдiлердiң жазушысы деп айтпайды. Сондықтан Олжасты да қазақ ақыны, қазақ тiлiнiң жоқтаушысы деп айта алмасақ керек».
***
«Тағдырыңды тамырсыздық iндетiнен
қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға
келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгi астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдiреттi төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРI – түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТIЛI – мәңгi өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЫ, САЛТ-ДӘСТҮРI – тiрегi,
Қадамына шуақ шашар үнемi,
Және ТУҒАН ТАРИХЫ,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрi қасiреттi болса да.
Құдiрет жоқ төрт анаға тең келер,
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсiнбеген пенделер.
Төрт анадан сенiм таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиеттi бұл төрт ана – тағдырыңның
тынысы,
Төрт ана үшiн болған күрес – күрестердiң
ұлысы!»
***
«… Жақында В. И. Лениннiң Сталин, Каганович, Ордженикидзе жайында айтқан «Орыстанған басқа ұлт өкiлдерi орыс халқына өз орысынан артық қызмет етедi» деген анықтамасын оқыдым. Олар орыс халқына жағымпазданып «Кеңес Одағында бiр ғана тiл болу керек. Ол –орыс тiлi. Бiр ғана ұлт өмiр сүруi тиiс, ол – орыс халқы» деген идеяны ту етiп көтерушiлер. Бұдан шығатын қорытынды, космополиттер ұлтқа үлкен қауiп. Дарақтың тамырсыз болмайтыны сияқты, адам баласы да ата-бабаларымен генетикалық-ақпараттық қозғалыс арқылы байланысқан. Әркiм өз тiлiнде ойлауды, сөйлеудi тоқтатқан кезде сол байланыс үзiлiп, мүлдем басқа тағдырға айналады. Сол үшiн әрбiр адам мiндеттi түрде өзiнiң тамырын мойындап, соны сақтау жолында жұмыс iстеуi тиiс. Ал, ендi космополит деген сөз «әлем азаматы» деген ұғымды бiлдiредi. Бұл – үлкен қауiп. Қытай әдебиетiнде қазақтан шыққан Дауүке, Дадидос, Зсан сияқты классик ақындар болған. Зсан – қазақтың Сәрсен деген есімiнiң қытайланған түрi. Бұлар қалайша қытайланды? Бiр кездерi Қытай керамикалық ыдыс-аяқ пен жiбек матаның түр-түрiн шығарған озық ел атанып, бiрден жұрттың назарын өзiне аударды. Жақын жердегi елдер қытайға қыз берiп, қыз алып, түбiнде қытайға айналып кеткендерiн өздерi де аңғармай қалды. Қытайда у-хуан деген ұлыс бар. Осы ұлыстың барлығы да түрiк тайпаларынан шығып, қытайға айналғандар. Марқұм Райымбек Сейтмет сахналаған Түркiстан қаласы сазды-драма театрының паспорты iспеттес Б.Вахабзаденiң «Көк-Түрiктер» тарихи трагедиясы нақ осы оқиғаға құрылған. Осы у-хуан ұлысының үлкен бөлiгi қазақтың қаңлы, қыпшақ сияқты руларынан шыққан. Әлгiндей қазақтан шығып, қытай боп кеткен ақындар Қытайда аз емес. Солардың барлығы да қытай әдебиетiн дамытуға еңбек сiңiрiп, елдiң классик ақыны боп қалды. Олардан қазақ әдебиетiне ешқандай пайда келген жоқ».
***
«…Бiз адами жағынан үлкен ұтылысқа түстiк. Қазiргi кезде адамды қиратудың, оның негiзгi тетiктерiн iстен шығарудың мыңнан астам қиямпұрыс түрлерi ойлап табылды. Кезiнде Гитлерден «Шығыстағы жаулап алған елдерге қандай саясат қолдану керек?» деп сұрағанда «Олардың ойлануға, кiтап оқуға мұршасын келтiрмей, ертеден кешке дейiн есiрiк музыка тыңдата берген жөн. Өйткенi, рухани жағынан саяз адам қашанда өзiн бақытты сезiнедi» деп жауап қайтарған екен. Гитлер — өте ақылды адам, бiрақ ол зұлым ой данышпандығы биiгiне шыққан адам. «Жазагер жады космоформуласы» атты романымда «Адам баласының 97 пайызы елiктеумен өмiр сүредi, тек 3 пайызы ғана өзiнiң ақылымен жүредi» деген ой айттым. Сол 3 пайызыңыздың өзi iзгiлiкке және зұлымдыққа құрылған топ деп екiге бөлiнедi. Мына мәселеге назар аударған жөн. Кезiнде тирандардың соңынан халқы iлесiп, дүрлiктi. Бiр Гитлердiң соңынан миллиондаған халық ердi. Демократияның заңы бойынша азшылық көпшiлiкке бағынады. Осының өзi дұрыс таңдау ма? Адамзат демократиядан озық ештеңе ойлап тапқан жоқ, әрине. Кезiнде академик Андрей Дмитриевич Сахаровпен осы жайында пiкiрлестiм. Ол кiсi маған «Бiз қазiр жаңа қоғамның концепциясын жасауымыз қажет. Капитализм де, социализм де өзiн-өзi ақтамады» дедi. Негiзiнен социализмнiң кейбiр бағыттары дұрыс. Мысалы «Бәрiмiз — бiрiмiз үшiн, бiрiмiз — бәрiмiз үшiн» деген теорияны айтуға болады. Шынында да, құс екеш құстың өзi топтанып ұшады. Аңдар да топтанып жүредi, өйткенi жеке жүрсе қауiп-қатерге кезiгедi. Ал, капитализмнiң негiзгi тұжырымдамасы бойынша адам жеке салтанат құруға күш салады. Сахаров «Социализмнiң де, капитализмнiң де озық жақтарын алып, жаңадан үшiншi бiр модель жасалық» деп едi. Мiне, қоғам әлi қорытып үлгермеген, күрмеуi қиын осындай мәселелер бар бiзде».
***
«…Өзiм көрiп, куәсi болған екi жайт өмiр бойы есiмде қалыпты. Грузиндерде ата-бабасынан бермен қарай келе жатқан, күнi бүгiнге дейiн маңызын жоймаған мынадай бiр жақсы дәстүр бар екен. Кiмде-кiм қыз ұзатса, оның басты жасауы ғып Шота Руставелидiң «Жолбарыс терiсiн жамылған батыр» дастанын сыйға тартатын көрiнедi. Осы заманға сай небiр жиһаздың iшiнде дастанның алар орны ерекше. Өйткенi ол – туған жер қасиетiн, оның азамат ұлдарының ерлiгi мен намысын жырлайтын ұлы шығарма. Сондықтан да әр грузин отбасының ең қымбат мүлкi боп саналады. Егерде өзге жасаудың бәрi бар да, бiр ғана «Жолбарыс терiсiн жамылған батыр» дастаны жоқ болса, онда ол толыққанды жасау боп есептелмейдi. Бұл – ата-анаға ауыр сын. Мәселен, Канадада кәрi теректердiң конкурсы өтiп, ең көп жасағандарын арнайы медальмен марапаттайтын дәстүр бар. Сол медальдар нешеме дәуiрдiң көзiн көрген теректерге бекiтiлiп қойылады екен. Дәстүр сабақтастығын бағалау мен табиғатқа деген жанашырлыққа ерiксiз тәнтi боласың. Ал Эстония мен Латвияда барлық кәрi ағаштар жыл сайын есепке алынады.
Қайбiр жылы Эстонияның Муху аралын аралап жүрiп, ағаш тұғырлардың үстiнде төңкерiлiп жатқан қураған, арса-арса боп шiрiген қайықтарды көрiп, таңғалдым. Себебiн сұрағанымда:
– Бұл қайықтардың әрқайсысына кемi жүз, жүз елу, екi жүз жыл болған. Кезiнде ата-бабаларымызға адал қызмет еткен. Олар осы қайықтармен ғашығына жолықты, бала-шағасын өрбiттi, өз ұлты үшiн еңбек еттi. Яғни бабаларымыз бұл қайықтардан тек жақсылық көрдi. Ал жақсылық ұмытылмауға тиiс, – деп жауап бердi.
Әр елдiң үлкен адамгершiлiкке байланған ата дәстүрiнiң болуы қандай ғанибет!»
***
«…Отан – бiздiң ең үлкен анамыз. Әр адам Отанына көрсеткен қызметiне жылу дәметпеуi тиiс. Ол – оның азаматтық борышы. Бiрақ Отан да өзiнiң дараланған перзенттерiн әдiлеттi түрде марапаттап отыруы шарт. Алайда нақ осы жерден үлкен проблема туындап жатады. Себебi бүгiнде ұрының да екi орден, үш медалi бар. Мен жиырмадан астам мемлекеттiң сый-сияпатына ие болған адаммын. Түрiк халықтары арасындағы ең үздiк әлем ақыны атандым. Калифорния академиясының академигiмiн және «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармамда әдебиет пен ғылымды ұштастыра бiлгенiм үшiн Эйнштейннiң алтын медалiн алдым. Бұл марапатқа менен бұрын 17 адам ие болған екен… Ал өз елiмнен сыйлық алудан бас тарттым әрi осы үшiн өте қуаныштымын. Өйткенi бiздiң зиялы қауым сыйлық десе қызыл кеңiрдек болып айтысып, өлiп кете жаздайды. Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды да сыйлыққа таластырып қойды… Өзiмнiң осының барлығынан биiк тұрғаныма қуанамын».
***
«Тек ол өлiм – өнегелi өр өлiм.
Өр өлiмнен шын ғашықтың құдiретiн
көремiн.
Неге бiзде еркiн, ұзақ ғұмыр сүрген
нар жоқ?
Нар жоқтығы – Нарды жығар сен
секiлдi жар көп.
Қалың жұртты мен екiге бөлемiн:
Сүйе алатындар деп,
Сүйе алмайтындар деп,
Сүйе алмайтынына
Ұялмайтындар деп.
Сәтсiз бiттi пенделiкпен күресiң,
Сен, әрине, соңғы топқа кipeciң.
Сүйе алмаудың зор қасiрет екенiн
Пенделердiң есiне сап жүресiң.
Қарлы Кавказ артып саған ұлы айып,
Аянышпен қарап тұрар мұңайып.
Шын сүюге қабiлетi жетпеген
Әpбip адам мүсiркеуге лайық»
***
«…1960 жылдардың бас кезiнде Қазақстанда Семей облысы, Шұбартау ауданының комсомол жастары бастама көтерiп, бүкiл республикадағы мектеп бiтiрушiлердi мал бағуға үндедi. Шымкент облыстық газетiнде корректор болып iстеп жүрген кезiм. Үндеудi қуаттап, мал шаруашылығына барамыз дескен бiр мектептiң шәкiрттерi жайында мақала жазғанмын.
Облыстық шығармашылық жастар клубын ашуға мұрындық та болғаным бар. Осы тұста қаламызға Ғабит Мүсiрепов келе қалды. Облыстық комсомол комитетiнiң хатшысы екеумiз классик жазушыға барып сәлемдестiк. Аман-саулықтан соң:
– Иә, не жаңалық бар? – деп Ғабең сұрақ қойды. Обком хатшысы пысық жiгiт едi: – Облыс бойынша екi мың жас шұбартаулықтардың үндеуiн қолдап, мектептен соң комсомолдық жолдамамен тiкелей мал шаруашылығына баруға әзiр отыр. Оның тең жарымынан астамы қыздар, – дедi. Осы кезде Ғабең (маңғаз адам едi ғой) қабағын шытып:
– Мүйiздерiң шықса, ата-бабаларыңнан берi қарай қой бағып келе жатқан жоқсыңдар ма? Ал әйелге ердiң жүгiн арту – бiздiң қоғамның басты парықсыздығы, – деп жақтырмай қарады. Партияның үндеуiне Ғабеңнiң тосын мiнезi менi керемет таңғалдырған. Ол кезде партияның саясатына қарсы сөз айту ешкiмнiң түсiне де кiрмейтiн. Мұны кеңестiк әсiре қызыл идеологияның жемiсi дейiк. Ал мына қиын-қыстау күн туып, ер етiгiмен су кешкен, ат ауыздығымен су iшкен заманда да әйел қауымы небiр ауыр бейнетке арқасын тосқан».
***
«Азиядағы ұлтсызданған,
Тiлге, рухқа құнтсызданған
Бағынымпаз, ең жағымпаз елге айнал
ды қазақ.
Күшi зорға табынудан,
Үш жүз жылдық бағынудан,
Ұлттығы өшкен бұл халықты ояту бiр
азап.
Ұят сөнiп намысында,
Жағымпаздар жарысында
Әншiлерi той қуалап әннен мадақ өрген.
Ақын, жыршы, ғалымдары,
Кейбiр жазғыш «қарындары»,
Тайталаса, қаумаласа орын алып
төрден,
Ұлт мүддесi былай қалып,
Атақ үшiн ылайланып,
Басшысының қолын сүйiп, рухани
«өлген».
Телеарна мен баспасөз беттерiнде,
Адами болмысын сататын теп-тегiнге,
Жастар көп жағымпаздықты алдына
мақсат қып қойған.
Намысын тойға,
Арнаған қойдай,
Бетi бүлк етпестен қасқайта бауыздап
сойған.
Болар ма ендi ұлтымызға олардан
қайран?
«Тисiн» –деп – «қызметтегi ұлыма,
қызыма пайдам»
Әр сөзiн жағымпаздық жiбiмен
сабақтайтын,
Басшысын құдайға жеткiзе
мадақтайтын
Қарттар тым көбейдi рухани дiңгегiн
жойған.
Жағымпаздық бәйгесi бұл күнде ең
басты майдан…»
***
«Өлең құрау – ақындықтың көп
қырының бiр түрi.
Тек сол үшiн оны ардақтау, жөнсiздеу
һәм күлкiлi.
Дәуiрi мен билiгiне саналғанмен
алымды
Ұлтын сатқан ақындар бар, бiрақ жыры
дарынды…
Ерлiгi жоқ, елдiгi жоқ, аузы ғана бел
сенер,
Сөзден iсi алшақ жатса, оған қалай ел
сенер?
Неге бүгiн ұлт мүддесi науқас жандай
теңселер?..
Мұндай шақта ақындық күш тек
шындықпен өлшенер.
Нағыз ақын әр кезеңде өзiн қағып
үлестен,
Ұлттық рухи мүдде шыңы – шындық
үшiн күрескен.
Шындық кәусар ақындыққа болу
керек асыл ән,
Шындықты айтып ер Махамбет
айырылған басынан.
«Ақындар аз сын сағатта сөзден iсi
зорайған»,
Десек-дағы «Абай қашан жол iздептi
оңайдан?!
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биiк тұрғанымен,
Iсi үшiн мен Махамбеттi биiк қоям
Абайдан!
Бұл – адамдық ұстанымым қалыптасқан
талайдан.
Кiм таныса Махамбеттi шындығынан
танысын.
Халқын мұңға қалдырғанмен,
Сатқынға бас алдырғанмен,
Еңкейтпестен сақтай бiлдi ол ұлтының
өр намысын.
Жұрт сондықтан пiр тұтады
Махамбеттей арысын!..»
***
«Тiл – рухи күре тамыр, тiлден үлкен
ана жоқ,
Тiл шегiнсе, ұлт мүлде жоқ,
әрi ұлттық сана жоқ.
Өз анасын шетке тебу, рухсызға бақ
па екен,
Бұл ғасырлық зұлымдықты қай қу
ойлап тапты екен?
Өз перзентiн тек орысша оқытса
ата-анасы,
Ана тiлiн ардақтауға жетпегенi шамасы.
Егер тамыр жая алмаса бала ана тiлiнде,
Туған тiлiн тұңғыш тұғыр ете
алмаса бiлiмге,
Ол, әрине, орысша ойлап, тек
орысша түс көрер,
Оны баба табиғатқа бұру қиын
күшпенен.
Ана тiлсiз дамыған соң сезiм, ойы,
санасы,
Түрi қазақ болғанымен, ол – орыстың
баласы.
Өмiрiнен ана парқын шегергеннiң бәрi
де,
Яғни ана тiлсiз өнiп, көгергеннiң бәрi
де,
Басқа анаға, басқа ұлтқа кеткен
жандар бала боп,
Өз халқына олар ендi жарытпайды
пана боп…»
Гүлзина БЕКТАСОВА