АЛТЫН КЕНІ ҮШІН «АЙТЫС» НЕМЕН БІТЕРІ БЕЛГІСІЗ
АЛТЫН КЕНІ ҮШІН «АЙТЫС» НЕМЕН БІТЕРІ БЕЛГІСІЗ
Өткен аптада республиканың парламентiнде Қырғызстанның экономикасының маңдайалды нысандарының бiрi «Құмтөр» алтын кенiнiң төңiрегiнде тағы да талас-тартыс өрбiдi. Тағы да дегенiмiз, соңғы жылдары «Құмтөрдiң» iсiн әртүрлi дәрежедегi комиссиялар 21 рет тексерген. Жоғарғы Кеңештiң қазiргi және бұрынғы шақырылымдарындағы депутаты Қубанышбек Исабеков өз тексерулерiн кiтап етiп те шығарды. Ал ендi биыл 15 ақпанда Жоғарғы Кеңеш «Құмтөрдiң» iсiн тексеру бойынша депутаттық комиссия құрған болатын. Комиссияға парламенттегi 5 партиялық фракцияның әрбiрiнен екiден депутат кiрiп, оны басқару оппозициялық «Атажұрт» партиясының лидерi Садыр Жапаровқа жүктелген. Сарапшы мамандарды тапқанша екi ай өтiп, сосын екi ай тексеру жүргiзiп, комиссия зерттеудiң жиынтығын парламенттiң жиынына 20 маусымда алып шықты.
Комиссия төрағасының баяндамасына қарағанда, «Құмтөрде» қаржылық көзбояушылыққа жол берілген және экологиялық қауіпсіздік ережелері өрескел бұзылған. Мысалы, өнеркәсіп орнына 180 тонна улы қалдық сақтауға құжат берілсе, 5 млн. 814 мың тонна улы қалдықтың көмілгені анықталған. Бұл рұқсат берілгеннен 31 мың есе көп. Комиссия кен орнының төменгі жағындағы Нарын өзенінің суын Қазақстанның ұлттық ядролық орталығында зерттеуден өткізді. Нәтижесінде судың құрамында сынап және қорғасын қалыпты мөлшерден екі есе көп екендігі белгілі болған. Кен маңайындағы топырақта күшән бар екені байқалған. Алдын ала есептеулер бойынша, «Құмтөр» кені өзі орналасқан аймақтың экологиясына 300 миллион доллар көлемінде зиян келтіріп отыр.
Жиырма жылды Қырғызстанның Үкіметі мен «Құмтөр оперейтинг компани» жабық акционерлік компаниясының арасында алтын кенін өңдеу туралы жиырма жыл аралығында үш рет келісім түзіліп, құжаттарда 208 тонна алтын қоры бар деп жазылған. Іс жүзінде алтын қоры 953 тонна. Бұл дүние жүзі бойынша жетінші орында деген сөз. Кәсіпорынды құруға 250 миллион доллар жоспарланса, 400 миллион доллар жұмсалған. Бүгінгі күнге дейін кеннен 258 тонна алтын, 78 тонна күміс өндірілген.
Әу баста Қырғызстан түскен пайданың үштен бір бөлігіне ие болуы қаралса да, бұл келісім атқарылған емес. Сосын 67 пайыздық үлесті Қырғызстан 2003 жылдан бастап ала бастайды деп мақұлдасып, бұл да іске аспады. Сол жылы “Центерра голд инк” кәсіпорны құрылып, өлкенің үлесі 30 пайыз болып қалған. «Құмтөр» бойынша келісімдер тікелей Асқар Ақаевтың қатысуымен жүргізілген. Одан кейінгі президент Құрманбек Бакиев те істі оңдырған емес. Қырғызстан 33 пайыз пайдаға иелік ете бастаған, оның үстіне сол кездегі Данияр Үсенов басқарған Қырғыз Үкіметі кәсіпорынға қосымша 16 мың гектар жерді бөліп берген. Анау-мынау жер емес, тоғайларында қырғыз барыстары – ілбістері мекендеген қорықты. Садыр Жапаров баяндамасында ақша үшін канадалық компанияға қызмет еткен қырғызстандық шенеуніктердің аты-жөндерін тегіс атап шықты. Олардың арасында әр жылдардағы премьер-министрлер Тұрсынбек Чыңғышев, Николай Танаев, Игорь Чудиновтың есімдерімен қатар қырғыздың қазіргі белгілі адамдарының да аттары бар.
Комиссия төрағасы өзінің қырық минуттық баяндамасында көптеген сыбайластық жемқорлықтың мысалдарын келтірді. Ол «Құмтөрдің» қожайыны “Центерра Голд” компаниясымен жасалған келісімді бұзып, тіпті қылмыстық іс қозғау керек деген ұсынысын айтты. Депутаттық комиссияның төрағасы Жоғарғы Кеңештен комиссияның құзыретін тағы үш айға ұзартуды, комиссияның құрамына қылмыстық әрекеттерді тексеру құқығына ие әлеуетті органдардың қызметкерлерін қосып беруді, Үкіметтен «Құмтөрдің» есеп-қисабын 10 қыркүйекке дейін тексеруді аяқтайтын мемлекеттік комиссия құруды сұрады.
Жоғарғы Кеңештің жиынына Премьер-министр Өмірбек Бабанов бастаған Үкімет мүшелері, кәсіпорын өкілдері, мамандар шақырылған болатын. Үкімет басшысы мәселені «жеті өлшеп, бір кесу керек» деп депутаттарды сабырға шақырды. «Біз бір қарармен келісімді бұзсақ, іс сөзсіз халықаралық сотқа өтеді. Кейбіреулер айтып жатқандай, бізден 2 миллиард доллар емес, 5 миллиард доллар өтемақы талап етуі мүмкін», – деп ол өзінің қаупін білдірді. Премьер-министр депутаттардың есіне «Құмтөр» кені биылғы жылдың бюджетіне 6 миллиард 800 миллион сом салық төлейтінін еске салып, ашу-ызаның жетегінде кетпеуді өтінді. Сондай-ақ, ол биыл компаниядан 1 миллиард 350 миллион сом дивиденд, 10 миллион доллар грант алынғанын және олардың салықтарынан түскен 1 миллиард сом қаражат диқандарға жылдық 7 пайыздық өлшеммен несиеге беріліп жатқанын қосымшалады.
Өткен аптада «Құмтөр» мәселесі парламентте екінші рет қаралып жатқан жұма күні кеніш акцияларының құны Канаданың Торонто қаласындағы биржада 30 пайызға түсіп кетті. Бұл Қырғызстан бір күнде 300 миллион доллар ақшадан айрылып қалғанын айғақтады.
«Құмтөр» алтын кенін мемлекеттің қарамағына алу керек деп жүрген оппозициялық «Атажұрт» партиясынан Жоғарғы Кеңештегі депутат Қамшыбек Ташиевтың есебі бойынша, «Құмтөр» жұмысын бастағаннан бергі алынған таза пайда 4 миллиард 800 миллион долларды құрайды екен.Оның 130 миллион доллары ғана республиканың қазынасына түскен.
Санкт-Петербург қаласында экономикалық форумда жүрген Президент Алмазбек Атамбаевтың елге оралғаннан кейін, дүйсенбі күні «Құмтөрге» байланысты көзқарасын оның баспасөз хатшысы Қадыр Тоқтағұлов жария етті. «Құмтөр» мәселесі қолданудағы заңнамалар аясында шешілуі және мұнда инвесторлардың құқықтары сақталуы керек. Қазіргі уақытта «Құмтөрді» нәтижелі істетіп, өлкемізге пайда әкелуге барлық тетіктер бар», – деген мемлекет басшысы.
Қырғыздың жаңа тарихында «Құмтөрге» қатысты делінген бір жайсыз оқиға бар. 1991 жылдың 30 қарашасында тәуелсіз Қырғызстанның тұңғыш премьер-министрі Исанов жол апатынан қайтыс болған. Ел арасында Насирдин Исанов канадалық алпауыттардың «Құмтөр» кені бойынша ұсынысына келіспей қойған екен деген сөз әлі күнге дейін айтылып келеді. Марқұмның жұбайы Бүзейне апай да осындай күдікпен күн кешуде. Исанов «алтынды көріп, жолдан таймаған» адам ретінде елдің есінде қалды.
Парламенттің 20 және 22 маусым күндеріндегі «Құмтөр» мәселесін қараған отырыстарының аралығында 21 маусымда Жоғарғы Кеңештің депутаты Нариман Түлеевті республиканың бас прокуратурасының пәрменімен ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік қызметінің (ҰҚМҚ) қызметкерлері қамаққа алған (Заңнамада сыбайлас жемқорлық статьясы бойынша депутатты қамауға рұқсат берілген ). Депутаттардың бір тобы ҰҚМҚ-ыға барып, оны күшпен босатқан. Бұл бойынша да Жоғарғы Кеңештің 22 маусымдағы жиналысында біраз айтыс, ұрыс-керіс болды. Депутатқа, ол Бішкек қаласының мэрі болып тұрғанда Қытайдан 200 автобусты жалған құжат арқылы қымбат бағаға сатып алып, мемлекетке 1 миллион 400 мың доллар зиян келтірді деген айып тағылып отыр. Демалыс күндерін үйінде өткізген депутат, дүйсенбі күнгі тергеу амалдарынан соң, екі айлық мерзімге тергеу изоляторына қамалды.
Қырғызстанда 2005 жылғы жауқазын революциясынан кейін біреу түрмеге қамалып қалса не қызметінен түсірілсе, оның туысқандары, жерлестері, жақтастары қарсылық акциясын ұйымдастыратын әдет пайда болған. Бұл жолы да солай болды. Нариман Түлеевтің туған жері Нарын облысының орталығы Нарын қаласында мыңдаған адамдардың қатысуында Нариман Түлеевті қолдаған шеру болып өтті.
Қырғызстандағы тілшісі