«АЛТЫН ҚЫРАН» ТІЛШІЛЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

«АЛТЫН ҚЫРАН» ТІЛШІЛЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

«АЛТЫН ҚЫРАН» ТІЛШІЛЕРДІ МАРАПАТТАДЫ
ашық дереккөзі

Халықтың көзi, құлағы һәм тiлi болып саналатын БАҚ-та қызмет ететiн журналистердiң кәсiби мерекесi басталып-ақ кеттi. Сондай игi шараның бiрiн Астана қаласында Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Тiл комитетiнiң тiлдердi дамытудың Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталығы ұйымдастырды. Аталмыш жиынға Президент Әкiмшiлiгi жетекшiсiнiң орынбасары Бағлан Майлыбаев, Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбай, Парламент депутаттары және журналистика саласының майталмандары қатысты.

«RIXOS Президент Астана» қонақ үйінің «Жерұйық» залында өткен осы кеште Тіл комитетінің мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту мақсатында ұйымдастырған арнайы байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Бәйгеге іліккен журналис­тер­дің арасында елімізге белгілі журна­лис­теріміз бар. Атап айтар болсақ, «Ана тілі» газетінің Бас редакторының орынбасары Нұрперзент Домбай, «КТК» телеарнасының тілшісі Жадыра Сейдеш, «Астана» арнасының тілшісі Әйгерім Сейфолла, «Қазақ радиосының» тілшісі Жылбек Сембекұлы, Есенгүл Кәпқызы сияқты танымал журналис­тер бар. Озық шыққандардың арасында газетіміздің белсенді тілшісі, белгілі журналист Динара Мыңжасарқызы да бар. Қаламы жүйрік, ойы озық әріп­те­сі­міздің жүлделі орыннан көрінуі – барша түркістандықтардың да мерейін асырды. Қазақ тілінің жоқтаушысы болып жүрген 16 тілші арнайы дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сондай-ақ осы күні бір топ БАҚ өкілдерін «Алтын қыран» компаниялар тобының президенті Исламбек Салжанов құттықтады. Қай кезде де қазақ руханиятына қатысты шараларға демеушілік танытып жүрген ұлтшыл азамат бұл жолы да сырт қалмапты. Қоғамдағы түрлі мәселелерді жеріне жеткізе жазып жүрген, әрі оқиғаны дер кезінде халыққа жеткізе білетін дарынды журналистерге арнап, өзінің сый-сияпатын әзірлеп алып келген екен. Еліміздегі айтулы басылымдарда, телеарна мен радиода қызмет атқарып жүрген 30-ға жуық тілшілеріміз Исланбек Салжановтың арнайы сыйлығына ие болды. «Алтын қыран» басшысы журналист қауымға iPad, iPhone, нетбук сияқты тарту-таралғысын табыс етті. Исламбек Салжановтың арнайы сыйлығына ие болғандардың қата­рын­­да «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Абай.кз ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат, «Қазақстан» телеарнасының продюсері Серік Абас-шах, ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі Оксана Петерс, «Қазақстан» телеарнасының қызметкерлері Әлімжан Сабыржанұлы мен Әуесбайдың Қанаты, Егемен Қазақстан тілшісі Дастан Кенжалин, белгілі журналистер – Жандос Бәделұлы, Төлен Тілеубай, Кәмшат Тасболат, Айбын Шағалақов т.б БАҚ өкілдері бар.

Марғұлан НҰРЛАНҰЛЫ