КӘСIПКЕРЛIККЕ – КӨМЕК
КӘСIПКЕРЛIККЕ – КӨМЕК
Жаңа заң мен жеңiлдiктерге қол жеткiзетiн кәсiпкерлер отандық бизнестi дамытуда белсендi болуға және салықты уақтылы төлеуге мiндеттi. Ал әлемдiк дағдарыстың жаңа толқыны әлемдiк нарыққа тасымалдайтын шикiзатқа тәуелдi қазақстандық экономикаға сын болмақ. Министрлер кабинетiне жаңа нұсқау берген Президент кәсiпкерлiктiң кедергiлерi туралы ашық әңгiме өткiздi.
Отандық шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылау барысында өткізілген кеңесте ҚР Президенті Н.Назарбаев бизнесмендермен бірге талқылауды тапсырды. Елбасының пікірінше, «үшінші өнеркәсіптік төңкеріс жақын қалды» және «мұндай дағдарыстарда, мұндай өзгерістерде экономиканың жаңа қабаты түзіледі». «Біз адамдарды орасан зор зауыттарға тартуға үйренгенбіз, біз 20-30 мың адам жұмыс істейтін «алпауыттарды» салуға үйренгенбіз. Алайда мұның бәрі келмеске кеткен, қазір – жаңа дәуір. Жаңа дәуір бізге жаңа міндеттерді жүктейді» деген Н.Назарбаев Қазақстандағы табиғи қорлардың көптігі отандық кәсіпкерліктің дамуына кедергі жасап отырғанын жасырмады: «Мұнай мен газдың, металдың көп болғаны жақсы. Бірақ басқа қырынан алғанда, кәсіпкерліктің дамуына қысым жасап отыр». Мемлекет басшысы бизнестің болашағына бекер алаңдап отырған жоқ. Өйткені кез келген елдегі тұрақтылық, тіпті саяси тұрақтылық кәсіпкерліктің дамуына тәуелді. Өйткені халқының тұрмыс деңгейі жақсы мемлекетте әлеуметтік ахуал да жоғары. Осыны тілге тиек еткен Президент: «Кәсіпкерлікпен айналысатын адам қолдағы барын жоғалтпас үшін бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатты қолдайды. Оның үстіне бұл адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету ғой», – деді.
Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин, Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, «Атамекен» Одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы (ҚҰЭП) президиумының төрағасы, ««КаzEnergy» мұнайгаз және энергетикалық кешендер ұйымдары қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев және «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП-ның өзге де өкілдері қатысқан кеңесте Елбасы Үкіметке отандық кәсіпкерлерге арналған жаңа заңды түзіп, жаңа салық түрі мен жаңа жеңілдіктер қарастыруға тапсырма берді. Негізі кәсіпкерлер қауымы билік тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінбейтіндігін айтып, жиі шағынады. Астанадағы кездесуде Президент оларға мәселені төтесінен қойған: «Шағымдана бергенді қойып, іске кірісу керек. Осылайша мемлекеттен көріп жатқан көмектің қайтарымы ретінде елге үлес қосқан жөн. Тағы не істеу керек, айтыңдаршы? Неге барлық жерде кәсіпкерлік кеңінен дамымай жатыр? Тіпті егер 5 адам жұмыспен қамтылсын, 10 адам не 20 адам. Қазақстан бойынша мұндай кәсіпорындардың 500 мың, не 600 мың, миллионы жұмыс істеуі керек». Президент айтып, аузын жиғанша кәсіпкерлер қауымы несиелерге қолжетімділікті арттырып, лицензиялау жүйесін жеңілдетуді сұраған. Олардың өтінішін жерге тастамаған Н.Назарбаев Мәсімовтің командасына сол жерде-ақ нұсқау берді. Сонымен, 2013 жылы кәсіпкерлерге арналған жаңа заң күшіне енбек. Алдын ала талқыға түсетін заң жобасын кәсіпкерлер мақұлдамаса, құжат қабылданбайды. Есесіне, бизнесмендер салықты уақтылы төлеп отыруға міндеті. Салық мәселесінде жергілікті бюджеттің де жүгін жеңілдету қарастырылмақ. Яғни салықтан түсетін кірістің 50 пайызы орталыққа жөнелтілмей, сол жердің қазынасына құйылады. 2007-2008 жылдарда басталған әлемдік қаржылық дағдарыстың екінші толқыны әлемдік нарықтағы көмірсутегілер бағасына кері әсер ететіні сөзсіз. «Егер Еуропадағы қазіргі жағдай жақсармаса, барлық мемлекетте өндіріс қарқыны бәсеңдей берсе, бұл біз сататын энергоқорларды тұтыну деңгейін төмендетеді. Демек күрделі мәселелерді шешуге тура келетіні анық» деп мәлімдеген Н.Назарбаев алдағы қиындықтарға тас-түйін дайын болуға шақырды. Бүгінде бір баррель «қара алтынның» құны – 89 доллар. Шілде айынан бастап бұл баға 50 долларға дейін арзандайды деген болжам бар. Мәсімовтің командасына әлемдік экономиканың 2012 жылы ең жағымсыз жағдайда дамуын жан-жақты талқыға салуды тапсырған мемлекет басшысы оқиғаның өрбуін әртүрлі бағытта қарастыру керектігін көлденең тартты.
Өткен аптада Мексикада кездескен G20 («Үлкен жиырмалық») мүшелерінің көпшілігі әлемдік экономиканың халі мүшкіл тартатыны жайлы пікірлер басым болған. Еуроаймақтағы рецессия, дефолт проблемалары дүние жүзіндегі дамыған және дамушы мемлекеттерінің экономикасына түгел әсер етті. Еуропалық одақ пен Халықаралық қаржы қорынан қарыз сұраған Грециядан кейін экономикалық ахуалы мен саяси тұрақтылығы шатқаяқтаған Испанияда жаппай наразылық шаралары басталды. Батыстағы берекесіздік ел экономикасына кері әсер етпеу үшін Қазақ үкіметі жаңа жоспар құрып, бірнеше бағытты қарастыруға көшті.
Ресми деректерге сүйенсек, отандық шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімге қосатын үлесі 2011 жылы 17 пайыздан 21 пайызға өскен. Бірақ бизнестің белсенділігі әлі де болса төмен. Аталған көрсеткішті 2020 жылға қарай 40 пайызға дейін өсіруді міндеттеген Н.Назарбаев: «Қазақстан Бүкіләлемдік банктің «Doing Business» рейтингісіндегі 2008 жылы 64-ші орында болса, 2011 жылы 47-ші орынға көтерілді. Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша Қазақстан бизнесті ашу, меншікті тіркеу, инвесторларды қорғау, салық салу, келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету, кәсіпорынды тарату тәрізді рейтингі өлшемдері бойынша көшбастаушы елдердің қатарына қосылды. Үкімет жұмысы бүгінде шағын және орта бизнес үшін дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығуына мүмкіндік беретін маңызды үш бағытқа тоғыстырылды. Бұл – әкімшілік кедергіні азайту, салық және кеден әкімшілігін жетілдіру және қаржылық құрылымдарды кеңейту», – деді. Жыл соңына дейін жаңа заң жобасын дайындауға міндетті Үкімет кәсіпкерлер арасында соны пікірлер жинауға мүдделі.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ