Киевте өткен «Ажал матчы»

Киевте өткен «Ажал матчы»

Киевте өткен «Ажал матчы»
ашық дереккөзі
132

Ендi бiр айдан кейiн Лондон қаласында халықаралық спорт додасы жұмысын бастайды. Олимпиадалық қозғалыстың белсендi қайраткерi Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен – түгел ғаламсың» деп айтып кеткенiндей, 27 шiлде мен 12 тамыз аралығында төрткүл дүниенiң спорт шеберлерi бәсекенiң барлық түрiнен өзара күш сынасады. Мейлiнше еркiн және бейбiт жағдайда. Ал осыдан жетпiс жыл бұрын украин және немiс «теңбiл доп» шеберлерi ту сыртынан қару кезелген ахуалда кездескен-дi…

…1941 жылы Украинаның астанасы – Киев қаласында жаңа стадион салынып, оны пайдалануға беру шілде айына жоспарланған. Алайда соғыс басталып кетті. Жаңа стадион иесіз қалды. Киевті бомбалау да, зеңбірекпен атқылау да спорт ғимаратына еш зиянын тигізбеген. Неміс басқыншылары қаланы алысымен, стадионды тиесілі мақсатында пайдалануға көшті… Соғысқа дейін Киевтің «Динамо» футбол командасы тек республика емес, бүкіл бұрынғы Одақ бойынша атағы дүрілдеп тұрған спорт ұжымы болатын. Тіпті олар отызыншы жылдары шыққан «Қақпашы» фильміне түгел құрамымен түскен екен. Ал маусым айында одақтық футбол чемпионатына белсене қатысып, үлкен жеңістерден үмітті болды. Өкініштісі сол, басталған соғыс оны да тоқтатты. …Алғашқы жау бомбалары жарылғаннан кейін команда мүшелері: Клименко, Кузьменко, Трусевич, Комаров майданға аттанды. Ал Шиловский, Виньковатов, Глазков,тағы басқалары ебін тауып, тылға кетті. Жараланып, жау қолына түскен Трусевич пен Кузьменко дұшпан басып алған Киевтің управасы Александр Оглоблинге хат жазып, Украинаның таңдаулы спорт шеберлері 8 адамды (ішінде өздері де бар)» тұтқыннан босатуды сұраған. Бір қызығы сол, әншейінде қыңыр нацистер қала әкімінің өтінішін құп алып, тұтқындардан қолхат алып, босатты. Бірақ оларды төртінші санат, «күдіктілер» қатарына жатқызды. Көп ұзамай азат етілгендер, қаладан өзге футболшылар: Свиридовский, Тютчев, Путистин, Голимбиевский және басқаларын тауып, қауышты. 1942 жылдың 27 мамырында нан зауытында жұмыс істейтін спортшылар «Ерікті футбол командасы «Старт» дегенді құрды. Оның құрамына «Динамоның» бұрынғы мүшелері –Трусевич, Клименко, Комаровтар енді. Команда мүшелері ара-арасында жаттығуға кірісті. Сыбыс басқыншылардың да құлағына тиді. Олар да қарап жатпады. Неміс нацистері жаңа стадионда футболдан жарыстар ұйымдастыруды ұйғарды. Мұндағы мақсат – ең таңдаулы неміс футболшыларының қатысуымен жергілікті ойыншылардың сағын сындыру, сөйтіп, «арийліктердің» жергілікті «кембағалдардан артықшылығын» дәлелдеу. Қала тұрғындарының стадионға келуіне рұқсат берілуі де екінші мақсаттан туындаған. Яғни жерлестерінің «жеңілгенін» көздеріне көрсету. Алайда мұның бірі де іс жүзіне аспады. Ең әуелі «Старт» «Рухпен» (украин ұлтшылдарының командасы) 7 маусым күні кездесті. Ойыншыларға алдын ала тіз киім, қызыл түсті футболка, бутсы, гетра, доп және қақпа үшін торлар берілген. Алғашқы ойыннан-ақ, «Старт» күшті екенін танытып, қарсыластарын жеңіп шықты. Сонан кейінгі немістің белсенді одақтасы – венгрлерге кезек келді. Олар да 6:2 есебімен ұтылып қалды. Бұған шамданған дұшпан немістің түрлі әскери құрамасынан жасақталған ойыншыларды алаңға шығарды. Нәтиже бұрынғыдай, жеңіс – «Старттың» еншісінде. Тіпті немістің «RSG» командасын бұрынғы кеңестік футболшылар 6:0 есебімен ұтып, алаңдағы киевтіктердің ду қол шапалағының астында ойынды аяқтады… …1942 жылдың 22 маусымы. Бұрынғы «динамолықтар» енді жаудың ұшқыштарынан құралған «Кондор» командасымен кездеспек. Бұл жолы дұшпан өздерінің украиндық «дос­тары» арқылы ойыншыларға «дұрыс әрекет жасауды» ұсыныпты. Бірақ адами ар-намысы күшті, рухы мықты ойыншылар нацистердің «қалжыңдамайтынын» біле тұра, әдеттегіше ойнап, тағы да жеңісті қанжығасына байлады. Бұл туралы «Мосфильм» киностудиясы 1962 жылы шығарған «Үшінші тайм» фильмінде тамаша бейнеленген. Кинода танымал актерлер: Л. Куравлев, В.Кашпур, В.Невинный және басқалары ойнайды. Барлық кездесулерде де кеңестік ойыншылар қарсыластарын «Физкульт-сәлем!» деп құттықтаса, немістер «Хайль!» деп жауап қайтарған. Ойындарға обер-лейтенант Эрвин атты неміс төрешілік етіпті. Оның әділ болғандығы соншалық, арада көп жыл өткеннен кейін де аман қалған футболшылар есімін құрметпен атаған. «Аман қалған» деп, бекер ауызға алып отырғанымыз жоқ. Осы кезге дейін оқиғаны зерттеушілер немістердің ойыншыларды дәл сол 22 маусым күні матчтан соң жинап алып, атып тастағанына күмән келтіреді. Жоғарыда аталған кеңестік фильмде оқиға солай көрсетілген. Ал өзге зерттеушілердің уәжі бойынша соңғы матчтар 6-9 тамыз күндері де өткізіліпті. Қос кездесуде де немістер тиісінше 5:1, 5:3 есебімен ұтылып қалған. Сонан кейін зығырданы қайнаған басқыншылар қолына қару алыпты… Соңғы ойындар кезінде команда құра­мында Н.Трусевич, А.Клименко, М.Свиридовский, В.Сухарев, В.Балакин, Л.Гундарев, М.Гончаренко, Ю.Чернега, П.Комаров, Н.Коротких және басқалары болған. Ойын алдында футболшыларға келген неміс полковнигі олардың жеңілуін тікелей талап етіпті. Әйтпесе, ойыншылардың атылатынын немесе өлім лагеріне жөнелтілетінін ескертсе керек. Бірақ отаншылдық және спорттық намысын жоғары қойғандар қатаң ескертуге қарамады. Ал 18 тамыз күні жау ең әуелі 9 футболшыны тұтқындапты. Қалғанын сонан соң жинады. Бәрі де түрмеге қамалды, кейбіреуі Киевтегі Сыроецк өлім лагеріне жіберілген. Көп ұзамай, НКВД-ның бұрынғы қызметкері Н.Коротких гестапода ерлікпен қаза тапты. Көбі лагерде және түрмеде атылса, Свиридовский, Гончаренко, Мельниктер қашып кетіп, ажалдан аман қалды… Соғыстан кейін украин журналисі Александр Борщеговский «Ажал матчы» атты киноповесть жазып, ол жоғарыдағы фильмнің негізіне алынды. 1964 жылы қыркүйекте бұрынғы КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Николай Трусевич, А.Клименко, Игорь Кузьменко, Николай Коротких (өлімнен кейін) «Ерлігі үшін» өңірге тағар белгісімен марапатталды.1971 жылы 19 маусымда Киевтің «Динамо» стадионында ержүрек футболшыларға ескерткіш орнатылды. 1999 жылы Киевтің Щусев пен академик Греков көшелерінің қиылысындағы бұрынғы Сыроецк лагерінің орнынан футбол бутсылары табылған жерге мәрмәр футбол добы орнатылған гранитті куб-ескерткіш белгі қойылды. Айтпақшы, тап осындай «Ажал матчы» 1941 жылы 31 қазанда Қара теңіз жағалауындағы украинның екінші бір қаласы-Мариупольда өтіпті. Мұнда да басқыншыларды жергілікті спортшылар 3:1 есебімен ұтқан. Нацистер ойын бітер-бітпестен, футболшыларды көлікке тиеп, «соңғы сапарға» аттандырды… Мариупольдық футболшылардың ерлігі онша көп елге танылмаса да, жалпы алғанда, кеңестік спортшылардың Отан намысы үшін жандарын шүберекке түйіп, қала берді өлімге тайсалмай баруы қашанда құрметке лайық. P.S. Осы тарихи оқиға бүгiнгi заман киношеберлерiнiң назарынан да тыс қалмады. Арада жетпiс жылдай уақыт өткен соң, орыстың «Рекун-синема» компаниясы «Матч» атты көркем фильм шығарып, көрерменге ұсынды. Басты рольдерде танымал орыс актерлерi:Сергей Безруков, Елизавета Боярская және басқалары ойнайды. Фильм украинның Киев және Харьков қалаларында түсiрiлiп, жаппай көрiнiстерге 25 мың адам қатысқан. Рас, Украин Радасы осы кинолентаға байланысты шу шығарып, онда оқиғалардың бұрмаланғанын тiлге тиек етiп, елiнде көрсетуге тыйым салуға шақырған. «Эхо планеты» журналынан. №41,2012 жыл.
Серік ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары