ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШI

ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШI

ҚОҒАМНЫҢ  ҚОЗҒАУШЫ  КҮШI
ашық дереккөзі
248

Қазақ журналистерiнiң кәсiби мерекесi қазiр

«Байланыс және ақпарат қызметкерлерiнiң күнi» деп аталып жүр. Базбiреулер журналистика күнiнiң қайта-қайта ауысуынан да саясат iздейтiнi рас. Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн журналистика күнi 10 мамырға белгiлендi. Бұл күнi – қазақ баспасөзiнiң алғашқы қарлығаштарының бiрi – «Түркiстан уәлаяты» газетiнiң жарыққа шыға бастаған күнi болатын. Алайда 1997 жылдан бастап журналистердiң кәсiби мерекесi 28 маусымға ауыстырылды.

Бұл – ҚазССР-iндегi «БАҚ туралы» алғашқы заңның қабылданған күнi едi.

Әйтсе де, журналистер мерекесi маусым айының соңғы жексенбiсiне ауыстырылғаны да күнi кеше.

Ал ендi академик Сағымбай Қозыбаев бастаған ардагер журналистер журналистика күнiн қайтадан 10 мамырға ауыстыру туралы мәселе көтерiп жүр.

Кәсiби мерекенi қайта-қайта ауыстырғаннан не ұтамыз?

Мұның «нәтижесiн» биыл көрдiк. Жаңалық атаулыға құлағы түрiк жүретiн журналистердiң өзi биылғы кәсiби мерекесiнiң әлде 24 маусым (маусымның соңғы жексенбiсi), әлде 28 маусым екенiн айыра алмай дал.

Бір айта кетерлігі, бізден басқа кешегі кеңестік елдерде журналистердің төл күні тұрақты сияқты. Жанымыздағы Өзбекстан 1994 жылдан бері Баспасөз бен БАҚ қызметкерлері күнін 27 маусымда тойлап келеді. Жыл са-йын ел президенті Ислам Кәрімов журналист қауымды құттықтап, сөз сөйлейді. Биыл да Ислам-ака «Алла берген талантын, еңбегін бағалай отырып, журналистерге ерекше кәсіп иелері деп қарау керек деп санаймын» деген мазмұнда пікір білдірді.

Ал Украинада БАҚ қызметкерлері күні – журналистер күні 6 маусымға белгіленген. Сонау 1994 жылдан бері солай. Украина журналистерінің Ұлттық одағы жылдағы әдетінше журналистер жұмысына кедергі келтіріп жүрген шенеуніктердің «қара тізімін» жариялады. Егер мұндай тізімді Қазақстан Журналистер одағы да жариялайтын болса, онда тізімде кімдер болар екен?

Украина журналистерінің ұлттық одағы төрағасы Игорь Лубченко журналистердің мемлекеттегі ролі туралы былай деген: «Украина тәуелсіз ел болғанын жариялағанда, украиндық басылымдар ауадай қажет болды. Тап сол кезде журналистер қайта құрылған мемлекетте саясаткерлерді билік басына әкелуге еңбек етті. Ал ол саясаткерлер билікке жетіп алған соң, осынысы үшін кімге қарыздар екенін ұмытқан сәттен қайшылық туды. Ал, шындығында, олар журналистерге рахмет айтулары керек, олар қазір де олар туралы ақпарат таратып жүр, журналистермен тәжікелесу – ақылдылық емес. Журналистерге қысым көрсетіп, оларға нұсқау беретін емес, олармен достық қарым-қатынаста болған адамды ғана ақылды, болашағы бар саясаткер деуге болады».

Бұл сөздерді қазақ журналистері қазір билік басында жүрген саяасткерлерге қаратып айтса да, артық емес сияқты.

Ал Украинаның экс-премьері Юлия Тимо­шен­коның ресми сайтында жарияланған журналистерді құттықтау сөзін қазіргі қазақ журналистеріне қаратып айтса артық емес.

«…Мен­ сіздерді күнделікті жұмыстарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Саясаткерлердің ұдайы тынышын алатындарыңыз үшін, Украи­наның жаулары мен қастарының ұйқы­сын бұзатындарыңыз үшін. Біздің тілімізді, демократиялық бағытымызды, еуропалық келешегімізді барлық саяси партияларды қосқанда олардан артық қорғайтындарыңыз үшін. Өздеріңізді құрбан етуге және романтикалық идеалдарды тіпті оппозицияның өзінен артық қорғауға дайын екендіктеріңіз үшін. Бүгінгі таңдағы бостандықтың соңғы тынысын қорғап жүргендеріңіз үшін. Жалпы алғанда, әйтеуір үнсіз қалмағандарыңыз үшін рахмет, ал мұның өзі біздің елде батырлыққа пара-пар» деген Тимошенко ханым.

Тілді қорғағандары үшін, ұлттық тәу­ел­сіздікті ту еткендері үшін, үнсіз қал­ма­ған­дары үшін… тағы да басқа ерлікке пара-пар еңбектері үшін қазақ журналистерінің бар­лы­ғы­на алғыс жарияласа, артық емес.

Ал жоғарғы билік тарапынан еңбегі ескеріліп, аты аталған әріптестерімізді біз де құттықтаймыз.

Осымен 16-шы рет журналистика сала­сын­­дағы ірі сыйлық – ҚР Президентінің сый­лықтары мен гранттары тапсырылды.

Осы салада алдыңғы шепте көзге түсіп, еңбегі еленген журналистер қатарында «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Қайсар Әлім, «Шалқар» радиосының бас редакторы Көпен Әмірбек, «Экспресс К» газетінің бас редакторының орынбасары Илья Гук, «Огни Алатау» газетінің бас редакторының орынбасары Атсалим Идигов, «Нұр Астана» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп ҚР Президентінің сыйлығына ие болды.

Ал ҚР Президентінің гранттары «Хабар» телеарнасының ақпараттық бағдарламалар бөлімінің бас редакторы Зейін Әліпбек, «Қазақ радиосы» шолушысы Маралтай Ыбыраевқа, «Астана ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі Раушан Мырзахмет, «Дала мен Қала» газетінің бас редакторы Сапарбай Парманқұловқа, «Bnews.kz» ақпарат агенттігінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Анжелика Чуднецова, «Астана» телеарнасының «Гүлжан Мұқышеваның күнделігі» атты телехабарының шығармашылық ұжымы марапатталды.

Сондай-ақ «ҚР президентінің телера­дио­ке­ше­ні» АҚ редакторы Әділ Дүйсенбек, «Джихан» ақпараттық агенттігінің Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Йылдыз Доган, «Деловой Казахстан» газетінің тілшісі Ирина Лис, «Алаш айнасы» газеті мен «Индустриалды Қарағанды» газеттерінің шығармашылық ұжымдары ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталды.

Бұл сыйлықтарды өз қолымен тапсырған мем­лекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Жур­налистер мемлекеттік барлық жетістіктері мен жеңістеріне айтарлықтай үлес қосып, ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға айтарлықтай үлес қосып келеді», – деді.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары