Жайдарбек КУНГУЖИНОВ: Қорқынышын жеңбеген адам каскадер болмайды

Жайдарбек КУНГУЖИНОВ: Қорқынышын жеңбеген адам каскадер болмайды

Жайдарбек КУНГУЖИНОВ: Қорқынышын жеңбеген адам  каскадер болмайды
ашық дереккөзі
358

Кино өнерiнде каскадер дейтiн қызық мамандық бар. Бұл дегенiңiз – екiншi пландағы актер деген сөз. Актер жасай алмаған небiр қиын әдiстердi орындайтын да осы мамандықтың иегерлерi. Қазақстанда «Номад» атты каскадерлер тобы бар. Ол топтың құрылғанына да он жылдан астам уақыт өттi. Осы уақыт iшiнде «Номад» тобы әлемнiң көптеген елдерiне танылып та үлгердi. Қазақстандық шеберлердiң әдiс-тәсiлiне тәнтi болған әлемдiк кинорежиссерлер бүгiнде көбiне «Номадтың» көмегiне сүйенгендi жақсы көредi. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Еуропа елдерi де бар. Таяуда «Номад» тобының жетекшiсi Жандарбек Кунгужинов мырзамен қиын мамандықтың қыр-сыры жайлы әңгiмелесудiң сәтi түскен едi…

– Аға, сіз таңдаған кәсіп оңай кәсіп емес. Каскадерлікті таңдауыңызға не себеп болды? – Кеңес Одағының кезінде үлкен кеңестік цирк жұмыс істеді. Сол цирктің құрамында екі ағаммен бірге, мен де Мәскеуде қызмет атқарған едім. Орыс, қазақ, грузин және т.б. ұлт өкілдері бір топта жұмыс атқардық. Кеңес Одағы тарағаннан кейін, әр ұлттың өкілдері өз елдеріне қайтып кетті. Ағаларыммен бірге мен де Отаныма оралдым. Өкініштісі, біз жұмыс жасаған аттардың бәрі Ресейде қалып қойды. – Бала кезіңізден атқа құмар болып өстіңіз бе? – Семей қаласының маңындағы Октябрский ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым сол ауылда өтті. Үйімізде төрт түлік малдың бәрі болды. Жылқының үстінде өстік. Сондықтан жылқы малы бізге таңсық болған жоқ. Кейін екі ағам акробатикаға ауысып, циркте жұмыс істей бастады. 1992 жылы Қазақстанға келгеннен кейін, орталық циркке жұмысқа орналастым. Осында жүріп, ақша тауып, Ресейдегі аттарды сатып алдық. Сөйтіп жүріп, өз жұмысымызды бастадық қой. – Аттарды неге Ресейден сатып алдыңыздар? – Бізге Мәскеуден хабарласып, «қаражат жоқ болған соң, аттарды соямыз» деді. Сол себепті де, қаражат тауып, Ресейге баруға тура келді. Онда бір ай күтіп жүріп, он атты сатып алып қайттық. Алматыда каскадер болып жұмыс жасайтын бір досым болатын. Бұрын қырғыздарда ғана каскадерлер тобы болатын. Ал қазақтарда каскадерлер жоқтың қасы. Анда-санда барып, сол қырғыздар тобымен бірлесіп, жұмыс істеп жүрдім. Цирктің әдістерін меңгере жүріп, алғаш рет 2002 жылы Қазақстанда каскадерлер тобын құрдым. 2003 жылы «Көшпенділер» фильмінде өз тобыммен алғашқы жұмысымызды бастадық. Бір жыл жұмыс істеген соң, біздің еңбегімізді бақылаған ресейліктер бізді өз елдеріне шақыра бастады. Словакияға барып, «Волкодав» деген киноға түсіп қайттық. Сосын «Көшпенділерге» қайта шақырды. 2004 жылы «Көшпенділерді» аяқтадық. Сол жылы күзде Тимур Бекмамбетов өзінің фильміне көрініс қоюға шақырды. Осылайша, біз «Дневной дозор» фильмінде жұмыс істедік. Одан кейінгі кезек, «Моңғол» фильмі болды. Сол фильмнен бізді көрген шетелдіктер өз фильмдеріне шақыра бастады. Ирландияда Натали Портманмен бірлесіп, тарихи фильм­де актер-каскадер болып жұмыс жасадым. Кейінірек «Конан-варвар» атты американдық фильмге түстік. – «Номад» каскадерлер тобын алғаш құрғанда, құрамында қанша адам болды? – Басында 13 адамнан құралды. Жігіттердің бәрі циркте өзіммен бірге жұмыс істейтін. Олардың арасында кейбірі каскадер болып кетті, кейбіреуі циркте қалды. Қазір менің тобымда 35 адам бар. Арасында үшеуі қыз бала. – Аттарды түрлі қимылдарға үйрету қиын емес пе? – Алғашқы жұмысымызды Ресейден әкелген 10 атпен бастағанбыз. Қазір 25-30-дай ат бар. Оларды әрбір әдіске дайындаймыз. Аттарды дайындаудың да өз қиыншылығы бар. Аттар да адам сияқты. Бірде көл, бірде шөл. Кей кездері жақсы жұмыс жасаса, кей күндері қозғалмай қалады. Кей аттар құлай алмай жатады. Олардың да қозғалысына, шыдамына қарап жұмыс жасаймыз. Әдіс-тәсілге бейім келетін ат аз. Біз оларды ауыл-ауылды аралап жүріп іздейміз. Аттардың тұқымына да қараймыз. Мысалы асыл тұқымды ат, ақалтеке сияқты аттар әдіс-тәсілге үйренбейді. Олар тек жүріп-тұруға жарамды. Сондықтан ондай аттарды таңдамаймын. – Түрлі жағдайда, өрт ішінде, апатты жерлерде жүресіздер, құлайсыздар. Бұл сіздер үшін қиын емес пе? – Әрине, қиын жұмыс. Жаралану, дене мүшелерінің сынуы болады. Біз жақында «Неудержимый» фильмінде жұмыс жасап қайттық. Онда бізбен қатар Қытайдың, Болгарияның, Американың, Тайландтың каскадерлер тобы болды. Ең көбі 10 адамдық құраммен біздің тобымыз болды. Түсірілім барысында жарылыстан Қытайдың бір каскадері қаза болды. Американың бір каскадері қатты жараланды. Оған Германияда операция жасалды. Қазір ақырындап жүріп жүр. Статистикаға сүйенсек, әлем бойынша жылына 3-4 каскадер қайтыс болады екен. Қауіпті жұмыс. Дегенмен бұл жұмыс – өміріміздің мәні болып кеткен. Үнемі бірнәрсе жасауға үйреніп қалғанбыз. – Қазіргі жастар сіздің ойындарыңызды көріп, үйренуге талпына ма? – Каскадер боламыз деп көп адам келеді. Жан-жақтан спортшылар келеді. Бірақ көпшілігі шыдай алмайды. Бізде кейде жұмыс бар, кейде жоқ. Біз аптасына 5 күн дайындаламыз. Бос уақытымыз өте аз. Үнемі дайындықта боламыз. Дұрыс жаттықпасаң, бір жеріңді сындыруың мүмкін. Бұл ережелермен келісе алмайтын жастар кетіп қалады. – Каскадерлердің спортшы болуы міндетті ме? – Жоқ, бұл міндетті емес. Менің тобымда ауылдан келген қарапайым 2-3 бала бар. Қалалық жігіттерге қарағанда, ауылдың топырағында өскен жігіттер мықты болып келеді. Бізге каскадер боламыз деп спорт шеберлері де келді. Жүрегінде қорқыныш сезімі бар адамнан, тіпті ол спорт шебері болса да, каскадер шықпайды. Қорқынышын жеңбеген адам жұмыс жасай алмайды. – Сіз шетелге қандай оймен, мақсатпен барасыз? – Біздің Қазақстандағы каска­дерлерді алғашында ешкім білген жоқ. Сондықтан шет елге шығудағы басты мақсатым – өзімнің қазақ екенімді көрсету. Басында барлығы қырғыздың каскадерлер тобын білеміз дейтін еді. Ресейліктер Үсенді білеміз деп жүретін еді. Мен қазақтың каскадерлерін шетелге танытқым келді. «Жаужүрек мың бала» фильмінің түсіріліміне дайындалып жатқан кезде бізге Англиядан фильмге түсу үшін шақырту келді. Өз елімде түсіріліп жатқан қазақ киносына дайындалып жатқанымды айтып, бас тарттым. Өзім қазақ болған соң, түсірілім алаңын тас­тап кете алмадым. Англияға 20 шақты жігіттерді жібердім де, өзім осында қалдым. «Жаужүрек мың бала» фильміне топтағы жақсы өнер көрсететін жігіттерді өзіммен бірге алып қалдым. – Голливудтағы түсірілімде сіздерге қаламақыны жақсы төлей ме? – Әрине, ол жақтың қаламақысы жақсы. Жағдайың да жақсы болады. Бізде кино түсірер кезде түсірілім алаңында жігіттер бос жүреді. Тапсырманы орындайды да, алаңда отырады. Ал Голливудта ондай жоқ. Ол жақта қатаң тәртіпке бағынады. Уақытынан кешігу деген жоқ. Сағат 3-те болатын түсірілімге актерлер жарты сағат бұрын келіп, дайын отырады. Бізде сәл бостау. Біздің топ та қазір қатаң тәртіппен жұмыс жасайды. Бос жүріс деген болмайды. Алаңда ешкім темекі шекпейді. – Тәжірибе бойынша, қай елдің кино мамандары мықты? – Маған Голливудтың кино мамандарымен жұмыс жасаған ұнайды. Олар түсірілетін фильмде еңбек ететін адамдардың барлығын – гример, актер, каскадер деп бөлмейді. Барлығына бірдей жағдай жасайды. Ал біздің елімізде бізге онша көңіл бөлмейді. Бізге жай қосымша адам ретінде қарайды. Ермек Аманшаев «Қазақфильмге» келгелі, қазақ киносында біраз өрге басу байқалды. Алғашында біраз жыл жұмыссыз отырып қалған едік. Соңғы 4-5 жылда кино саласы дамып, тоқтаусыз жұмыс істей бастадық. – Топтың атын «Номад» деп өзіңіз таңдадыңыз ба? – Өзбекстаннан келген каскадер досым болған. Сол кісі «Номад» деп ата деген ұсыныс айтты. Әрі «Номад» сөзі «Көшпенділер» деген мағынаны білдіреді. Бүгінде осы атау Қазақстанның атын шығаруда. Бұрын бізді орыс, қырғыз деп шатастыратын. Қазір «Номадтың» қазақстандық топ екенін біраз ел біліп қалды. Мен осы үшін өте қуаныштымын. – Голливудтағы танымал режиссерлер, актерлер Қазақстанды қаншалықты біледі? – «Қазақстаннан каскадерлер келеді» деген соң, олар интернетті ашып Қазақстан туралы іздеп, оқиды екен. «Ол қандай мемлекет, қанша халқы бар?» деп қызық көріп, іздейтін көрінеді. Қазір бізді таниды, біледі. – Естуімізше, сіздің жұбайыңыз да каскадер екен. Әйел адамға кас­кадер болу қорқынышты емес пе? – Жұбайым – Альфия Кунгужинова. Ресейден келіп, циркте жұмыс істеп жүргенімде, Альфия училищеде оқып жүр екен. Менен сегіз жас кіші. Он бес жасынан аттарды жақсы көріп, бізбен бірге жұмыс жасап, үйрене бастады. Содан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Жас кезімізде қорқыныш дегенді білмей жүре бердік. Альфия да біраз фильмдерде дублер болды. Қазір оған «бұл жұмысты тоқтат», – дедім. Екі баламыз бар. Қазір енді қорқамыз. Біраз жасқа келдік. Әрі бұрын алған жарақаттары бар. Аяғын да шығарып алған еді. Қазір оған құлау, секіру қиындау. Сондықтан енді бұл жұмысты қоятын шығар. – Балаларыңызды каскадерлікке үйретіп жүрсіз бе? – Ұлым Темірлан он төрт жаста. Бес жасында «Көшпенділерде» ойнады. Бірқатар фильмдерде дублер болды. Менің жолыммен жүрер болса, ұлым үшін қорқамын. Қызым – 6 жаста. Гимнастикамен айналысып жүр. Біраз жетістіктері бар. – Голливудта, «Қазақфильмде» жүріп, фильмге түскен кезіңізде қатты қиналған сәттеріңіз болды ма? – Ондай тосын оқиғалар көп болады. Өйткені біздің жұмысымыз қиындау. Кейде ұйымдастыру жұмыстары дұрыс жүрмейді. Түсірілім алаңы дайын болмай қалады. Уақыт тығыз болып қалады. Бес күн ішінде «мынадай әдіс жасайсыңдар» деп тапсырма береді. Жігіттер дұрыс ұйықтамайды. Киноға түскен соң, қиыншылықсыз болмайды. – Шақырту болмай, жұмыссыз отырып қалған кездеріңіз бола ма? – Иә, ондай сәттер болады. Қарашаның аяғы мен наурыз-сәуір айларына дейін бізде «өлі маусым» болады. Сол кезде жұмыссыз отырамыз. – Жұмыссыз сәттерде қалай күн көресіздер? – Біздің қосымша істейтін жұмыстарымыз бар. Циркте жұмыс істейміз. Көктемге дейін қосымша жұмыстарымызды істейміз де, көк­темде шақырту ала бастаймыз. – Шетелдік киностудиялардан қанша қаламақы аласыз? – Ол жағын құпия сақтайын. Ең жоғарғы қаламақымды Ирландияда актер-каскадер болып 3 ай қызмет жасағанда алдым. «Universal pictures» компаниясы жақсы қаламақы төледі. – Әлемнің қанша мемлекетінде болдыңыз? – Бірқатар елдерде болдым. Франция, Италия, Ирландия, Словакия, Англия, Америка сынды біраз мемлекеттерде жұмыс істедік. – Неше тіл білесіз? – Қазір ағылшын тілін оқып жатырмын. Қазақ, орыс тілдерін білемін. – Балаларыңыз ше? – Ұлым қазақ, орыс, ағылшын тілін біледі. Балаларым өз ана тілдерінде таза сөйлейді. Кішкене кездерінен мен олармен тек қазақ тілінде сөйлесемін. Мен шынайы патриотпын. Жүрген жерімде Қазақстанды мақтан тұтып, айтып жүремін. Еуропада жүргенде байқағаным, олар қонақжай емес. Мен оларға қазақтың қонақжай халық екендігін айтамын. Шетелге барғанда Қазақстанда түскен суреттерімді өзіммен бірге алып жүремін. Футболкама арнайы тапсырыспен «Қазақстан» деп жаздырып, шетелде соны киіп жүремін. Қазақстанды біліп жүрсін деп шетелдік актерлер мен режиссерлерге сыйға тартатыным да бар. Жуырда жаттықтырушы ретінде Францияға барғалы отырмын. – Ең атақты қай актердің дублері болдыңыз? – Қытайдың атақты актері Сун Хун Лайдың рөліне дублер болдым. «Конан-варварда» танымал Америка актерлері болды. Біраз танымал актерлермен жұмыс жасадым. «Неудержимый» фильмінде Шварцнегердің рөлі болды. Ол көліктің есігін жұлып алатын, сол кезде Шварцнегермен бірге есікті тартып алдық. Осындай актерлермен жұмыс жасағаныма ризамын. – Әлемнің сізді танығанына ризасыз ғой… – Өте қуаныштымын. Қазақ­стандағы каскадерлер тобын барлығы мойындап жатыр. Дегенмен біз актерлердің алдына шықпаймыз. Бізді ешкім білмейді. Өзіміздің әдіс-тәсілдерімізді жасап жүре береміз. 2007 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ берді. – Қазіргі жобаларыңыз қандай? – Қазір екі фильмде жұмыс жасау­дамыз. Ақан Сатаевтың «Құрбылар» сериалында және «Парыз» телесериа­лында. Төбелес қоямыз, пиротехникамен жұмыс жасаймыз. Шілде айынан бастап, шетелдік бір киностудиямен жұмыс істейтін боламыз. Олар 5 ай бойы павильонда түсіреді екен. Бізге қиын болып тұрғаны – бір орында түсірілетіні. Бұл фильм Болгарияда түсірілетін Голливудтық картина. – Шетелдік киностудиялардың шақыртуынан бас тартқан кезіңіз болды ма? – «Жаужүрек мың бала» фильмі түсіріліп жатқанда, Ресейге шақырды. Мен Ақан Сатаевпен сөйлестім. Ол кісі «кетпе» деген соң, бас тарттым. Енді қазір Францияға кетерде, олар тағы шақырып жатыр. – Сыртта сіздерді тануға мүмкіндік беретін белгілеріңіз бар ма? – «Номад» каскадерлер тобының белгісімен, жазуымен дайындалған киіміміз бар. Өзіміздің сайтымыз, ассоциациямыз бар. – Тобыңыздағы жастардың жұмыс істемеймін деп бас тартқандары бар ма? – Жоқ, ондайлар болған жоқ. Барлығы өз кәсіптерін жақсы көреді. Бір-екі жігіт болды, үйленіп, балалы-шағалы болған соң, ата-аналары балалары үшін қорқып, бұл жұмысқа қарсы болды. Бірақ кеткен екі жігітіміз қайтып келді. – Ауыр жарақат алғандар бар ма? – Бар. Мен «Дневной дозорда» белімді сындырдым. Нұрлан Алтаев деген орынбасарым «Моңғолда» аяғын сындырды. Бауыржан Әбішев белін сындырып алды. Ондай жағдайлар көп болады. Аттың астында қалып кететін кездер де болады. Біз мұндай жағдайда да жұмысты тоқтатпаймыз. – «Номадтың» болашақтағы жоспары қандай? – Продюсерлік орталық ашып, өзіміз бір кино түсірсек дейміз. Қазір бір кино түсірдік, соны Астанада өтетін Тимур Бекмамбетовтің экшн фестиваліне жібердік. Сосын каскадерлер мектебін ашсақ деген де ойымыз бар. – Каскадерлікті неше жастан бастаған жөн? – Он сегіз жастан. Он сегіз жасқа толмағандардың денесі дайын болмайды. Олар жауапкершілікті аз сезінеді. Кәмелетке толмағандар каскадерлік жұмыс жасай алмайды. – Сізді тәрбиелеген қырғыз каскадері екен. Ал сіз өзге ұлт өкілдерін тәрбиеледіңіз бе? – Ресейден келген екі жігітті тәрбиеледім. Қырғызстаннан үш жігіт келді. Осы жігіттерді каскадерлікке баулыдым. – Шетел каскадерлерінен не үйренуге болады? – Олардың каскадерлері де бізге ұқсайды. Шетел каскадерлерінің ат үстіндегі трюктерді жасайтындары, төбелес қоятындары, құлайтындары, жанатындары бөлек болады. Әрқайсысын жеке дайындайды. Ал біздің артықшылығымыз – біз барлығын бірге алып жүреміз.Шетелде кино көп. Сондықтан оларды бөліп жібереді. Ал бізде таңдау жоқ. Барлығын бірдей меңгеруіміз керек. Біздің топтағы қыз-жігіттердің ішінде 15-16 жігіт барлығын меңгерген. – Неше жасқа дейін каскадер болып жүруге болады? – Менің ойымша, 40–45 жасқа дейін. Одан кейін қиын болады. Олар қиын әдістерді жасай алмайды. 40-45 жастағылар ат үстіндегі қимылдарды жасайды, бірақ құлауға оларды жібермейміз. Бұл оларға ауыр болады. – Егер өміріңізді қайта бастасаңыз, каскадер болар ма едіңіз? – Мен бәрібір каскадер болар едім. Бірақ алдымен бір спорт түрін меңгеріп, шыңдалып, жастайымнан дайындалып барып келетін едім. – Жылқыны қаншалықты жақсы көресіз? – Жылқы да адам сияқты ғой. Бірақ жылқыда кей адамдардағыдай қулық болмайды. – Қартайған жылқыларды не істейсіздер? – Менің бір жылқы ұстайтын досым бар. Соған беремін. Біз оларды сойдырмаймыз, сатпаймыз. Себебі олар бізбен бірге жұмыс жасады. Біздің досымыздай болып кетті. Мен екі жылқыны өз қолыма алдым. Күтіп-баптап жүрмін. Осы күнге дейін жасы келген үш жылқымыз өлді. – Өзіңіздің серігіңізге айналған жылқыңыз бар ма? – Иә, бар. Голландиядан алып келген жылқым бар. Есімі – Эп. Қазір төрт жаста. Өте ақылды, тыңдайды, бәрін істейді. – Аттарды қай жерде дайындайсыздар? – Циркте өнер көрсететін аттарды циркте дайындаймыз. Ал өзге әдіс жасайтын аттарды Есік жақтағы ипподромда даярлаймыз. – 25 аттың барлығының есімдері бар ма? – Әрине, есімдері, құжаттары бар. – Шетелдегі түсірілімдерге аттарды өздеріңізбен алып барасыздар ма? – Жоқ, сол жақтағы аттармен жұмыс жасай береміз. Испаниядан, Болгариядан әкеледі. Ресейге, Қытайға өзімізбен бірге алып барамыз. – Үйренбеген атқа отыру да қиын шығар? – Жоқ, кез келген атты қарап, мінезін байқап көреміз. Қызмет болған соң, кез келген атпен жұмыс істеп үйренгенбіз. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары